Қазақ тілінде прогрессивті ассимиляция өте күшті. Бұл заң бойынша алдыңғы морфеманың соңғы дауыссыз дыбысы кейінгі морфеманың басқы дауыссыз дыбысына акустикалық (дауыс қатысы) жақтан ықпал етіп, игеріп тұрады. Бұл, әсіресе сөз (түбір) бен қосымшаның аралығында жақсы сақталады, яғни қосымшаның басқы дыбысы түбірдің соңғы дыбысына толық тәуелді болып тұрады.
Мұның өзі сөз бен сөздің аралығындағы дауыссыздарға да тікелей қатысты. Дауыссыздардың әр түріне байланысты прогрессивті ассимиляция мынадай болады:
1. Үнді дауыссыздар
Үнді дауыссыздар сөзді аяқтап тұра алады және бұлар дауыстылар сияқты өзінен кейінгі морфеманың (қосымша, сөз) тек ұяң, үндіден басталуын талап етеді: мал-дың, мал-ға, мал-мен, ем-ді, ем-нен, аң-мен, ар-лы, ар-мен, ай-дың, ай-лы, ай-ға, тау-лар, тау-ға т.б.
Қатаң дауыссыздардан ерме с және ш-дан басталатын қосымшалар ғана жалғана алады: мал-шы, мал-сыз, мал-сақ, ал-са, ал-сын, ал-шы, ем-ші, ем-сіз, ай-сыз, ар-сыз, аң-ша, жау-са, жау-сын, жап-са, жан-сын т.б.
Өзгелік етістің қатаң -т жұрнағы да соңы л, н, р, й үнділеріне аяқталған туынды етістіктерге жалғана алады: жөнел-т, айнал-т, қинал-т, ойлан-т, түрлен-т, ағар-т, қызар-т, сарғай-т, қарай-т т.б.
Ал бунақтағы кейінгі сөздің басқы дыбысы қ, к қатаңдарынан басталатын болса, өзінен бұрынғы сөздің соңындағы үнділердің прогрессивті ықпалына ұшырап, ұяңданып кетеді: малғора (мал қора), кітабымғайда (кітабым қайда), таңғалды (таң қалды), біргүлді (бір күлді), айғарады (ай қарады), тауғайда (тау қайда).
Бұл заңға бірер кірме қосымшаның басында кездесетін қ, к қатаңдары бағынбайды. Олар: -қор (жемқор, қамқор), -қой (сәнқой, әзілқой, жанжалқой), -кент (Шымкент, Құмкент, Жаркент). Сондай-ақ әйелдердің есімдерінің құрамында кездесетін күл (гүл) сөзінің басқы дыбысы да ұяңдамайды: Әйкүл, Базаркүл, Тойкүл, Шірінкүл, Шырынкүл.
2. Ұяң дауыссыздар
Қазақ тілінде ұяң дауыссыздардан тек ж, з дыбыстары ғана сөз соңында келеді. Оның өзінде ж дыбысына аяқталған сөздер санаулы-ақ (лаж, мұқтаж, уәж). Әдетте орыс тілінде сөз соңында ұяң дауыссыздар айтылмайды.
Бұл ұяңдарға (ж, з) біткен сөздерге дауыссыздан басталатын қосымшалар тек ұяң дыбыстардан басталады: жаздың, жазға, жазбен; жазған, жазды, жазба; қызбын, қыздың, қызға, қызбен, қыздар; қызып, қызған, қызды; газды, газға, газбен т.б.
Бунақта сөз соңындағы ұяңдардың прогрессивті ықпалынан кейінгі сөздің басқы қ және к қатаңдары ғана ұяңданады: жазгелді (жаз келді), жазгөрдім (жаз көрдім), қағазғалам (қағаз қалам), бізгелдік (біз келдік), стажгерек (стаж керек), блиндажғайда (блиндаж қайда).
Қатаңдардан тек с, ш дыбыстарынан басталатын ерме қосымшалар ғана қосыла алады. Оның өзінде сөз соңындағы ұяңдар (ж, з) регрессивті ассимиляцияға ұшырап, басқа дыбыстармен (с, ш) алмасады: жасса (жазса), жашшы (жазшы), жассын (жазсын), жажжақсы (жаз жақсы), бішше (бізше), біссіз (бізсіз), көссүз (көзсіз).
3. Қатаң дауыссыздар
Қатаң дауыссыздардың бәрі де сөзді аяқтап тұра алады. Сөз соңындағы қатаңдар өзінен кейінгі морфемалардың тек қатаң дауыссыздардан басталуын талап етеді: тасқа, тасты, таспен, тастай, кессе, кескен, кеспе, кесті.
Түбір мен қосымша арасында қатаңның прогрессивті ықпалынан пайда болатын бір-ақ алмасу кездеседі. Соңы қатаң ш-ға аяқталған сөздерге с дыбысынан басталатын қосымша жалғанса, с дыбысы ш-ға алмасады: ашша (ашса), шешше (шешсе), қашша (қашса), кешше (кешсе), ұшша (ұшса), ашшын (ашсын), шешшін (шешсін), кешшін (кешсін), қашшын (қашсын).
Бұл екі дыбыс (ш, с) дауыстың қатысы жағынан бірдей. Артикуляциясы жағынан да жуық. Ерекшелігі – ш қос фокусты. Олай болса, бұл жердегі толық игеру (шш) артикуляциясымен байланысты.
Бунақта қатар келген ш, с дыбыстары алмасуға ұшырамайды: күш салды, көш соңында, іш сезді. Яғни бұлар күшшалды, көшшоңында, ішшезді түрінде айтылмайды.
Сөз жоқ, шс тіркесі заңға (қатаңнан соң қатаң) қайшы болмағанмен, айтуға ауыр. Алайда сөз мағынасы соны қалайды. Олай болса, шс таза дыбыс тіркесі бола алмайды, өйткені тұтастық жоқ.
Әр түрлі позицияда қатар келген тш тіркесі айтуда тч-ға жуықтайды:
1. патча (патша);
2. қатчы (хатшы), айтчы (айтшы), атча (атша), кетчі (кетші), өтчү (өтші), итче (итше), зытчы (зытшы);
3. тортчелек (төрт шелек), төртчалбар (төрт шалбар), әйтчүу (әйт, шүу), атчана (атшана), атчабар (ат шабар).
Бунақ арасында ұшырайтын тж тіркестері де айтылуда тч болады. Мұны былай түсіну керек: т қатаңы ұяң ж-ға ықпал етіп, алдымен ш-ға айналдырады, ал тш → тч болады: итчылы (ит жылы), итчанды (ит жанды), итчеккен (ит жеккен), шетчер (шет жер), атчарыс (ат жарыс), атчалман (ат жалман), шетчақта (шет жақта), отчақ (от жақ), атчабу (ат жабу), атчақты (ат жақты), етче (ет же), қатчазды (хат жазды).
Осыған ұқсас алмасу тс, тз тіркестерінің арасында болады да, олар тц-ға бейім айтылады: атца (атса), кетце (кетсе), атцыз (атсыз), отцыз (отсыз), атцын (атсын), кетцін (кетсін), өтцін (өтсін), итціз (итсіз), төртцом (төрт сом), атцайыс (ат сайыс), төртцаулық (төрт саулық), төртцағат (төрт сағат), отцу (от су), өртцөндіргіш (өрт сөндіргіш), сартцарт (сарт-сарт), сартцүрт (сарт-сүрт), төртцауыт (төрт зауыт), төртцалым (төрт залым), қантцауыт (қант зауыт), төртцыйан (төрт зиян).
Аффрикат ц, ч бөлшектеуге келмейтін, тұтас бір
артикуляциямен айтылатын шұғыл-ызың күрделі дыбыстар (ц = тс, ч = тш). Бұлардың
құрамындағы әнтектес шұғыл т мен ызың с, ш дыбыстарының арасын жымдастырып,
дәнекер қызметін атқарады. Яғни олардың біртұтас артикуляциямен айтылуын
қамтамасыз етеді. Сонымен, тш, тж → тч, ал тс, тз → тц.
Бұдан қазақ тілінде де ц, ч дыбыстары бар екені көрінеді.
Алайда олар морфема (түбір, қосымша) ішінде кездеспейді, тек морфема жігінде
ғана ұшырайды.
Ал бунақтарда қатаңдардың кейбір ұяңдарға азды-көпті
прогрессивті ықпалы болады. Атап айтқанда:
а) бунақтағы сөздердің алдыңғысы қатаңдарға аяқталып,
келесі сөз ұяң б, ғ, г дыбыстарынан басталса, онда олар қатаңданып айтылады:
кешполды (кеш болды), ешқалым (еш ғалым), ашпала (аш бала), ақпота (ақ бота),
көкпет (көк бет), кәппала (кәп бала), беспет (без бет), таспөгет (тас бөгет),
Ақпай, Көкпай, Көппай, Беспай, Тасполат, жасқалым (жас ғалым), бесқасыр (бес
ғасыр), ақкүл (Ақгүл), көккүл (Көкгүл), көпкүл (Көпгүл), жаскүл (Жасгүл), ұзаққұмыр
(ұзақ ғұмыр);
ә) сондай-ақ сд, тд, шд қатар келгенде д қатаңданып, т-ға
жуықтайды: тастәуір (тас дәуір), жаттауыс (жат дауыс), бестыбыс (бес дыбыс),
төрттөңгелек (төрт дөңгелек), атторба (ат дорба), үштөңгелек (үш дөңгелек),
төрттоп (төрт доп), үштос (үш дос), тастүуал (тас дуал), бестәптер (бес
дәптер), төрттәптер (төрт дәптер), үштәптер (үш дәптер), жастәурен (жас
дәурен);
б) қатаң дауыссыздарға аяқталған сөздерден соң де көмекші
етістігі келгенде д қатаңданып айтылады: ақте (ақ де), көкте (көк де), тарақте
(тарақ де), кітапте (кітап де).
Тұр алдымнан кет деді,
Кет деген сөзі кекті еді. («Алпамыс»)
Мұнда кет деді тіркесі айтылуда кеттеді болып айтылады.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.