Аккомодация (лат. accommodatio — бейімделу) — морфемалар жігінде қатар келген дауысты және дауыссыз дыбыстардың бір-біріне ықпал етіп, бейімделіп айтылуы.

Мысалы, ат, ет, от, өт деген сөздерде бір ғана т фонемасы дауыстылардың әсерінен төрт түрлі реңкке ие болатынын білеміз. Бұл — буын ішіндегі ықпал.

Аккомодация құбылысында қазақ тілінде негізінен дауыстылар дауыссыздарды дауыс қатысы және айтылуы жағынан өзіне бейімдеп тұрады. Мысалы, тарағы (тарақ-ы), ағешкі (ақ ешкі), қарағой (қара қой) дегендерде дауыстылар дауыс қатысы жағынан дауыссыздарды игеріп тұр.

Ал дауыстылардың артикуляциялық (айтылуы) жақтан әсері дегенде, әсіресе тілдің қалпы жағынан дауыссыздарға етер ықпалын айту керек. Яғни қазақ тілінде дауыссыздардың жуан және жіңішке болып айтылуы көбіне дауыстылармен байланысты.

Керісінше, дауыссыздар да дауыстыларға әсер етіп тұрады. Тек қ, ғ дыбыстары үнемі жуан дауыстылармен, к, г дыбыстары жіңішке дауыстылармен тіркеседі.

Морфемалар жігінде дауыстылар мен дауыссыздар және керісінше, дауыссыздар мен дауыстылар қатар келген кезде әрқашан дауыстылар игеріп тұрады да, аккомодациядағы ықпалдың түрі (прогрессивті, регрессивті) дауыстының орын тәртібімен байланысты болады.
Сондықтан аккомодацияны екіге бөліп қарауға болады:

1. Дауыстылар мен дауыссыздардың үндесуі (прогрессивті аккомодация).
2. Дауыссыздар мен дауыстылардың үндесуі (регрессивті аккомодация).

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.