Дауыстылардың тілдің қызметіне орай бір сөз (сөзформа) көлемінде не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болып ыңғайласып, үйлесіп келуін тіл үндестігі дейді. Түркі тілдерінде, әсіресе қазақ тілінде, сингармонизм заңы алдымен тіл үндестігі түрінде танылып келді. Өйткені бұл заң тіліміздегі байырғы сөздерді түгел қамтиды, ал ерін үндестігі жазудың негізінде елеусіз қалып келді.

Қазіргі қазақ тіліндегі тіл үндестігін екіге бөліп қарау керек болады: түбір тұрғысынан және түбір мен қосымшалардың ара қатысы тұрғысынан.

Тіліміздегі байырғы сөздер (түбірлер) бірыңғай жуан буынды немесе жіңішке буынды болып келеді.

Ертеректе енген араб-парсы сөздерін айтпағанда, орыс тілінен енген сөздердің өзі де аралас буын қалпынан ажырап, бірыңғай (жуан не жіңішке) буынды болып қалыптасты: бәтеңке (ботинка), бөрене (бревно), кәмпит (конфет), көшір (кучер), нөмір (номер), резеңке (резинка), сәтен (сатин).

Бұлай болатыны — аралас буынды сөздер тілдің ілгерінді-кейінді қозғалуын қажет етеді, ал тіл үндестігі сол тілдің неғұрлым аз, үнемді және бірқалыпты қозғалысына негізделген. Жеке сөздер тұрмақ, қатар айтылып қалыптасқан (біріккен) әр түрлі буынды сөздер де тілдің қызметі жағынан үндесіп айтылуы қазақ тіліне тән үндестік. Мұндайда көбіне кейінгі сөз алдыңғыға ықпал етіп, өзіне бейімдейді: бүгін (бұл күн), ышқыр (іш құр), ыштан (іш тон), әкел (алып кел), әпер (алып бер), әкет (алып кет), түрегел (тұра кел), өйтіп (олай етіп), бүйтіп (бұлай етіп), сөйтіп (солай етіп).

Бұл әсіресе жалқы есімдердің айтылуында жиі кездеседі: Әйтбек (Айтбек), Әйімкүл (Айымкүл), Әйкүл, Әйгүл (Айгүл), Шіріңкүл (Шырынкүл), Дәнекүл (Данакүл), Тәшкент (Ташкент), Шімкент (Шымкент), Мәңкент (Манкент), Жәркент (Жаркент).

Сондай-ақ алдыңғы сөздің өзінен соңғы сөзді игеруі де кездеседі. Оған (ілгерінді ықпалға) мысал: белбеу (бел бау), сексен (сегіз он), әрмен (әрі таман), бермен (бері таман).

Қазақ тілінде осы бір байырғы заңға илікпей жүрген (жазудың әсерінен) біраз сөз бар. Оның ішінде: құрмет, құдірет, қошемет, мәслихат, мейрам, рақмет сияқтылар аралас буын қалпын сақтап айтылса, қабілет, қасірет, қауесет, қиямет, қажет, қателік т.б. сөздерде а әрпі а және ә дыбыстарының аралығында дыбысталуға бейім.

Және біраз сөздің екі-үш түрлі айтылатынын (тіпті жазылатынын) байқау қиын емес. Олар: қадір – қадыр – кәдір; қазір – қазыр – кәзір; кәмшат – камшат – кәмшәт; қаріп – қарып – кәріп; қабір – қабыр; қауіп – қауып; қате – қата – кәте; қанден – кәнден; іждағат – ыждағат; қадім – қадым т.б.

Сондай-ақ: қасиет – кәсиет, қапер – кәпер, қатер – кәтер, қорек – көрек түрінде айту да ұшырасады.

Сонымен, тіліміздегі байырғы түбірлер тіл үндестігіне толық бағынады, яғни түбір ішінде жуан дауыстылар бірыңғай, жіңішке дауыстылар өз алдына тіркес құрайды.

Қосымшалардың ішінде түбірдің соңғы буынына тәуелді болмай, өз қалпын әрқашан сақтап тұратын қосымшалар да кездеседі. Олар:

-бан: мейірбан;
-гер: қаламгер, майдангер, саудагер;
-дар: есепдар, білімдар, хабардар, қарыздар, жарадар, гүлдар;
-еке: ағеке, атеке, шешеке, басеке, Қасеке, Асеке, Күнеке;
-жан: ағажан, көкежан, балажан, Сәулежан;
-кент: Құмкент, Сүткент;
-кар: күнәкар, кінәкар;
-кер, -гер: айлакер, даугер, қаламгер, сәулеткер, саудагер, майдангер, іскер, қызметкер;
-кеш: арбакеш, түйекеш, қаракеш, кірекеш;
-қой, -гөй: ақылгөй, қаскөй, батагөй, дұғагөй, дәмегөй, жәдігөй;
-күнем: маскүнем, пайдакүнем, қаскүнем;
-қой: сәнқой, кәсіпқой, әзілқой, жанжалқой, даңққой;
-қор: жемқор, бәлекор, бейнетқор, еңбекқор, дүниекор, есепқор, мансапқор, қамқор;
-мар: тілмар, ділмар;
-маш: тілмаш;
-нікі, -дікі, -тікі: баланікі, менікі, соныкі, колхоздікі, студенттікі, қаланікі, даланікі;
-паз: өнерпаз, әсемпаз, білімпаз, келісімпаз, аспаз;
-пен, -бен, -мен (көмектес септік жалғауы): атпен, қағазбен, қаламмен, дәптермен, әнмен, жырмен;
-стан: Гүлстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан;
-тал: сезімтал, төзімтал, өсімтал;
-уар: сөзуар, тілуар, қонақуар, қазақуар;
-хана: кітапхана, дәмхана, емхана, сүтхана.

Сөздің соңғы буынына бағынбайтын бұл қосымшалардың көбі басқа тілдерден енген немесе әлі қосымшаға айналып болмаған (сөз бен қосымшаның аралығындағы) тілдік элементтер.

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.