Дыбыстардың өзара тіркесуінде әр тілдің өзіне ғана тән белгілі бір қалыптасқан заңдылық, жүйе болады.
Қазіргі қазақ тілінде түбір мен қосымшаның аралығында қатар келген буындар мен дыбыстарға тән негізгі үндестік заңдар мынадай болып келеді:
1. Түбірдің соңғы буыны жуан болса, оған жалғанатын қосымшалар да жуан буынды болады: малшылықта, алдыңырыңдар, институттардың, қалалықтарға, республикамыздың, жылқыларымыз.
2. Түбірдің соңғы буыны жіңішке болса, оған жалғанатын қосымшалар да жіңішке буынды болып келеді: мектептеріңді, келтіріңдер, университетімді, пионерлердің, қателіктерді, мұғалімдерге.
3. Түбірдің соңғы дыбысы дауысты не үнді болса, оған жалғанатын қосымшалар ұяң не үндіден басталады: балалар, балаға, балада, баламен, желдің, желге, желмен.
4. Түбірдің соңғы дыбысы ұяң болса, қосымша ұяңнан басталады: қаздар, қазға, жезге, жезді, мұқтаждық, уәждер, уәжге, уәжді, уәжден.
5. Түбірдің соңғы дыбысы қатаң болса, қосымша тек қатаңнан басталады: мақсатқа, мақсаттан, мақсатпен, университетте, университетпен.
Морфемалардың бірыңғай жуан не жіңішке буынды болып және олардың аралығында қатар келген дыбыстардың біріне-бірі акустика-артикуляциялық жақтан бейімделіп, үйлесіп тұруын дыбыстардың үйлесуі немесе үндестік заңы дейміз.
Дыбыстардың үндесуі немесе үндестік заңы қазақ тілі фонологиясының ең өзекті мәселелерінің біріне жатады. Дыбыстардың акустика-артикуляциялық сипаттарын нақты білгенде ғана бұл заңдылықты жақсы аңғаруға және түсінуге болады.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.