Қазақ тіліндегі модаль сөздердің қолданылуындағы басты бір ерекшелік: олардың көпшілігі бүгінде әр түрлі модальдық мағынада жұмсалғанымен, өздерінің әуелгі тура мәнінен әлі толық ажырамаған. Олардың көпшілігі қазір сөйлеушінің сөйлемде айтылған хабарға деген қатынасын білдіретін тұрақты тілдік единица ретінде де, сонымен қоса негізгі лексикалық ұғымында да қолданылады. Оны мына бір нақты салыстырма деректерден айқын көруге болады.

Сынды: Мерейі асқан өренім, Кебек сынды таққа бер (Әуезов) — Біреу ұрлап кеткен сынды (Шәкәрім).

Қисыны: Қиуадан шауып, қисынын тауып (Абай) — Таң ата келіп іздеп таба алмады, қисыны, біреу ұрлап кеткен сынды (Шәкәрім).

Сияқты: Күн сияқты ол дағы күреңітіп (Мақатаев) — Құнанбай естіген сияқты, ешбір белгі бермеді (Әуезов).

Рас: Расты рас демей танамыз ба (Байтұрсынов) — Арғысын бір-ақ Алла біледі, рас (Абай).

Көрінеді: Алыста қарауытқан бірдеңелер көрінеді (Аймауытов) — Кейбіреулер жиылысқа баратын көрінеді (Аймауытов).

Білем: Менің қамымды жейтұғынын қайдан білем (Аймауытов) — Болған білем соқтығыс, емес білем аз жұмыс (Абай).

Дейді: “Патша тұрғанда жұмысшының тұрмысы оңбайды” дейді (Аймауытов) — Чиң атты шығыс жақта хан бар дейді (Тарихи жырлар).

Деседі: Енді не, жөні сол ғой — деседі бозбалалар (Аймауытов) — Кейбір көрген адамдар бәйге атынан ұрлап қойған деседі (Аймауытов).

Керек: Жетілсең де, жетсең де керек күні бір бар-ау (Абай) — Қозының аяғын мал басып кетсе керек (Аймауытов).

Екен: Момындық күшті екенін көрсем дағы күтпеймін (Абай) — Сол елдегі хан сұлу әйел іздеп сұрау салады екен (Құламерген).

Сыңайлы: Сенсіз өткен күнім де түн сыңайлы (Әбілдаева) — Ұлттық философияның ірі тақырыптарының бірі ұлттық әдебиет екенін ұмытқан сыңайлымыз (Мендеке).

Сыңайы: Сыңар қанат құстардың сыңайымыз, қарағым (Мақатаев) — Енді ойласам, қарағым, адасар болдық сыңай (Алмажан).

Тәрізі: Шашылған қар тозаңы жаңа шығып келе жатқан күн қызылынан тұтасып барып сөнгендей тәріз беріп тұр (Нәменгенов) — Тәрізі, олар үйде жоқ (Мүсірепов).

Тәрізді: Ақын тетігі осы машина тәрізді (Аймауытов) — Қиястықтан пайда жоқ деп ақыл үйреткен тәрізді (Мағжан).

Сықылды: Қара мұрты қара жібек сықылды (Мағжан) — Бір кәлима сөз жоқ, дем де алмайтын сықылды (Мағжан).

Нәті: Кейбір нәті жұмсақ бастықтардың бір-екі сағатқа босататыны да бар (Құлкенов) — Нәйәті, сары жылан бұл, кісіні шағатын уы жоқ (Әлімқұлов).

Ләзім: Ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білмекке иждиһат ләзім (Абай) — Сіздің де естіп білуіңіз ләзім (Әуезов).

Тақылетті: Желпуіш тақылетті пальмалардың жапырақтары баяу теңселеді (“Бейбітшілік дауысы”) — Сардар қазір қатты жүдеу, ауыратын тақылетті (Қабдолов).

Реуіші: Мынау адамның басы реуіші нәрсе екен (ҚТДС) — Қонақтар кешігетін реуіші (“Парасат”).

Дәл осы сипат қазақ тіліндегі зайыры, мүмкін, болар, шығар, әлпетті, әлпеті, сиқы, іспетті, осы типтес тағы біраз модаль сөздерге де тән. Бұлар да сол жоғарыда салыстырылған лексемалар сияқты қазір де тілімізде әрі модальдық, әрі өзінің әуелгі лексикалық мәнінде қатар қолданылады. Бұлай болуының, бізше, бір себебі: грамматикалану процесі үзбей үнемі жүріп отыратын процесс, бұдан да дәл айтсақ, модальдылық проблемасы жалпы тілдің прагматикалық жағымен, яғни оның “қолданымдық өмірімен” (речьпен) байланысты.

Қазақ тіліндегі модаль сөздерді қолданылу ерекшелігіне қарай үш топқа бөліп қарауға болады. Олар мыналар:

1. Сөйлемде тек синтаксистік қыстырма мүше қызметінде қолданылатын модаль сөздер: әлпеті, ишмасы, тәрізі, зады, сиқы, түрі, аңғары, асылы (әсілі), қисыны, нәті, нәйәті, сыңайы, зайыры, жобасы, расы, кім біледі, шынында, шындығында, анығында, асылында, расында, әрине, әлбетте, бәлки, бәлкі, бәлкім, туасы. Адам да, заман да өзгереді ғой, інім. Туасы, заманды құратын адам (Өтебайұлы).

Бұлар тұтас сөйлем мазмұнына қатысты модаль сөздер болып табылады.

2. Жоғарыдағыдай тұтас сөйлем мазмұнымен байланысты емес, үнемі тек баяндауыштың шылауында көмекші мүше қызметінде ғана жұмсалатын модаль сөздер: -у керек, -уы (-уі) керек, -арға керек, -маққа (-мекке) керек, -са (-се) керек; -у қажет, -уы (-уі) қажет; -уы (-уі) кәдек; -уы (-уі) ықтимал, -уға ықтимал; -уы (-уі) тиіс, -уға (-уге) тиіс; -у ләзім, -у ләзім; білем, -ды (-ді) білем, -ған (-ген) білем, -ар (-ер) білем; шығар, -ем шығар; дейді, deседі; -са (-се) деймін; көрінеді; бар, тәрізі бар, сыңайы бар; екен; сияқты, сыяқты.

Соңғы екі лексема (сияқты, сыяқты) қазақ тілінде етістік баяндауыштың шылауында көмекші мүше ретінде қолданылғанда модальдық болжал мағына білдіреді; сықылды, секілді, тәрізді, тақылетті, сынды, реуішті, мәжбүрлі, іспетті, болар, -са (-се) неғайбыл (күдік мәнді модальдылықты білдіретін конструкция).

Мүмкін. Бұл болжал мәнді модаль сөз қазақ тілінде сөйлемде әрі синтаксистік қыстырма мүше позициясында, әрі қимыл есімді баяндауыштың шылауында көмекші қызметінде қолданылады. Бұл ретте кейде -уы (-уі) мүмкін модальдық конструкцияның соңғы мүмкін бөлігі сыңарынан ажырап, сөйлемнің басында, синтаксистік қыстырма мүше қызметінде қолданылады да, сөйлем оның қосарындағы сол тәуелдік жалғаулы қимыл есімге аяқталады: Мүмкін, олар үйде жоқ (Ғабдуллин); Әзір жасырынып жатуы да мүмкін (Мүсірепов); Мүмкін, губернатор келген күні шуламаңдар деп тиып қоюы (Мұқанов). Мүмкін модаль сөзі кейде анықтауыш мүше қызметінде қолданылса, кей жағдайда тіпті -дік жұрнағын қабылдап, жаңа зат есімдік те мән алып кетеді. Мұндайда одан модальдық мағына байқалмайды, мысалы: Сенуге мүмкін нәрсе емес (Мұқанов); Бұл енді дайындық жұмыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді (Мұстафин).

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.