Айналада үнемі болып отыратын әр алуан құбылыстар, өмірдегі сан сала болмыс түрлері, белгілі бір заттың сын-қимылы, іс-әрекеті сөйлемде әдетте жалаң хабар түрінде ғана айтыла салынбайды. Сөйлеушінің осы хабар тарапты пікірі, яғни сөйлем мазмұнының ақиқат шындықпен сәйкес-дәлдігі жөніндегі оның көзқарасы әдетте қоса беріліп отырады. Сөйлем мазмұнының бұл ақиқат шындыққа қатынасы лингвистикада предикаттылық аясында түсіндіріледі. Ал сөйлеушінің осы қатынас жайындағы өзіндік баға-байламы, яғни қатынасқа қатынасы (“отношение к отношению”) тіл білімінде модальдылық тұрғысынан сипатталады.

Сөйлемнің модальдылығын тіл ғылымында жалпы объективті модальдылық және субъективті модальдылық деп екі бағытта қарастырады. Мысалы, жоғарыда айтылған сөйлем мазмұнының ақиқат шындықпен сәйкестілігі объективті модальдылық деп аталады. Объективті модальдылық жалпы предикаттылық категориясы деңгейімен, яғни сөйлемнің предикаттылығы деген кең көлемді проблемамен барып астасады. Ал субъективті модальдылық деп сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатынасы (сәйкестілігі) жөніндегі сөйлеушінің көзқарасын, пікірін айтады: объективті модальдылық көбінесе рай формалары арқылы беріледі де, субъективті модальдылық негізінен арнайы жеке сөздер арқылы білдіріледі.

Сөйлемнің модальдылығы басқа да әр алуан, әсіресе экспрессивті және эмоционалдық мағыналармен өте ұқсас, көп жағдайда олар өзара тығыз байланысты болып келеді. Демек, таза модальдық мағына бар да, бұған қоса экспрессивті және эмоционалдық мағына тағы өз алдына. Модаль сөздерінің саны, олардың жалпы құрамы туралы пікірдің осы күнге дейін әр түрлі болып келуі модальдылықтың жоғарыда аталған екі түрін, сондай-ақ таза модальдық мағына мен экспрессивті, эмоционалдық мағыналарды бір-бірінен дәл ажырата алмаудан болса керек.

Сөйлем модальдылығы әдетте әр түрлі жолдар арқылы білдіріледі. Сөйлемнің модальдығын білдіретін морфологиялық тәсілге етістіктің рай категориясы, шақ категориялары да жатады. Бұл ретте әсіресе қалау райдың, -ар, -ер, -р, -с формалы келер шақтың және -ып, -іп, -п қосымшасы арқылы келетін бұрынғы өткен шақтың қызметі айрықша. Рай мен шақтың жалпы етістік категориялары екені белгілі. Ал модальдық етістіксіз сөйлемде де болады. Модальдық реңк сөйлемнің типтік түрлері арқылы да білдіріледі. Бұл — сөйлем модальдылығын білдірудің синтаксистік тәсілі.

Сөйлемнің мазмұны жөніндегі сөйлеуші адамның көзқарасын, пікірін білдіретін жеке сөздер мен кейбір демеуліктер (-ғой, -ау, т.б.), бірді-екілі шылаулар да бар. Модальдық реңк сондай-ақ одағайлардан да, қыстырма сөздерден де, әсіресе сұраулық шылаулардың қай-қайсысынан да айқын аңғарылады. Бірақ сөйлемге модальдық реңк беретін сөздің, шылаудың, одағайдың, қыстырма сөздің т.б. бәрі бірдей модаль сөздер қатарына жата бермейді. Себебі сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатынасы жөніндегі сөйлеушінің пікірін білдіретін арнайы сөздердин модальдық сипаты бұлардан гөрі бөлек.

Сөйлеуші адамның сөйлем мазмұны жөніндегі пікірін білдіру үшін қолданылатын мұндай арнаулы модаль сөздер өздерінің құрамы жағынан түрлі-түрлі болып келеді. Модаль сөздер лексика-грамматикалық белгісіне қарай есім сөз таптарынан да, етістіктерден де, көмекші сөздерден де, басқа да кейбір сөз топтарынан бола береді. Мысалы, мүмкін, шамасы, рас, әрине, зады, тәрізі, әлбетте, сыңайы, сиқы сияқты сөздер өздерінің синтаксистік қызметі жағынан қыстырма сөздер болып келеді. Ал мағыналық ерекшелігі жағынан, яғни сөйлемде айтылған хабар жөнінде сөйлеушінің пікірі (мақұлдау, күмән, болжал, сенім) тұрғысынан бұлар модаль сөздер болып табылады.

Демек, модаль сөздерді морфология тұрғысынан жеке сөз табы деп қарауға негіз болатын тірек белгілер:

семантикалық белгісі — сөздердің грамматикалану сипаты;

түрлену жүйесінің болмауы;

синтаксистік сипаты — айтушының ойға деген өзіндік көзқарасын білдіруі.

Осы жоғарыда айтылғандар тұрғысынан келгенде қазіргі қазақ тіліндегі мұндай модаль сөздер тобына негізінен мына лексемаларды жатқызуға болады:

Модаль сөздер тізімі (топтастырылған):

Сәйкестік, ұқсастық мәнді: сияқты, сықылды, секілді, siqattı, сияқатты, әлпетті, сыңайлы, сынды, тәрізді, рәуішті, іспетті, тақылетті

Болжал мәнді: мүмкін, ықтимал, кәдік, шамасы, түрі, жобасы, қисыны, сыңайы, аңғары

Күмән/шек мәнді: кәдік, шек, зайыр

Растау/анықтық мәнді: рас, расында, шын, шындығында, анығында, шынында, әбден

Эмоционалдық-экспрессивті: әрине, әлбетте, бәлкім, бәлки, бати

Міндет/қажеттілік мәнді: керек, қажет, тиіс, лазым (ләзім)

Басқа модаль тұлғалар: шығар, болар, екен, меңзес, көрінеді, білем, дейді

Синтаксистік құрылымдар:

-са (-се) деймін, -сам (-сем) деймін

-са (-се) керек

-у (-уға) керек

-уы (-уі) керек

-уы (-уі) тиіс, -уға (-уге) тиіс

-уға қажет

-ға (-ге) ұқсайды

сыңайы бар, тәрізі бар, түрі бар (жоқ)

Модаль сөздер қазіргі қазақ тілінде сан жағынан онша көп емес. Диалектілік сипаттағы, жеке тіркес түрінде келетін және дыбыстық вариант түріндегі формаларын қоса алғанда, алпыстан сәл ғана асады. Бірақ бұларды семантикалық сипаты жағынан бірнеше топқа бөлуге болады: болжал мәнді модаль сөздер, міндеттілік мағына білдіретін модаль сөздер, біреудің сөзі не дерек негізінде айтылатын модаль сөздер, қостау (растау) мағынасындағы модаль сөздер, қалау (тілек) мәнді модаль сөздер және күмән (күдік) ұғымын білдіретін модаль сөздер.

1. Бұлардың ішінде сан жағынан ең көбі, басқаларынан гөрі дамыңқырай түскен саласы — болжал мәнділер. Жалпы көпшілік түркі тілдеріндегі сияқты қазақ тіліндегі модаль сөздердің денін осылар құрайды. Бұл топқа, мысалы, сияқты, сыңайлы, сынды, әлпетті, мүмкін, шамасы, сыңайы, аңғары, әлпеті, жобасы, қисыны, тәрізі, сиқы, нәті, бәлки (бәлкім, бәлкі), ықтималы, кәдік, болар, шығар, білем, -ды білем, -ған (-ген) білем, -са (-се) керек, -у керек, -ға (-ге) ұқсайды (ұсайды), -уы (-уі) мүмкін, нәйәті, тәрізі (түрі) бар — осыларға ұқсас тағы біраз лексемалар жатады.

Түрлері бұзық. Бірдеңе пәле іздеп келген әлпетті (Әуезов); Орыс қауымының шын жақсы дана адамдары бәлки жыл мөлшерін де айтар еді (Сонда); Шешен сөйлейтін тәрізі бар (Сонда); Аңғары, Гималайдың сілемі болардай (Сонда); Бәріміздің шарай тобымыздың алдында жауап алатын түрі бар (Сонда); Ақ тайдың асау екенін ұмытып кетсе керек (Сонда); Үш жаның бар еді, екеуі шықса да біреуі қалған шығар (Ер Төстік); Би әкесі тіс жарып, ештеңе айта қойған жоқ білем (Аймауытов); Қазекең жыбырламай тұра ма, біреу Дәрменді көрсете қойса керек (Сонда); Абылай мүмкін білем осы болар (Тарихи жырлар); Қырғыздан біткенге ұқсайды тағдырлы ажал сағатың (Жоқтау); Ішінде бір қуаты барға ұқсайды (Абай); Жаңбыр бар, боран бар дегендей, көлікке обал болар (Мүсірепов); Енді ойласам, қарағым, адасар болдық сыңайы (Алмажан); Таң ата келіп таба алмады, қисыны, біреу ұрлап кеткен сынды (Шәкәрім); Сыңайы, жорналға жазылғаным үшін болу керек (Тиесов); Нәйәті, сары жылан бұл, кісіні шағатын уы жоқ (“Жалын”); Мал бордақылау комплексі, нәйәті, 25 адамнан тұратын (“Парасат”).

2. Қазақ тілінде міндеттілік модальдік мағынаны негізінен керек, қажет, тиіс, лазым сөздерінің қатысуымен жасалатын -у керек, -у қажет, -у лазым; -мақ керек, -маққа керек, -уға тиіс, -уы (-уі) тиіс сияқты аналитикалық форманттар білдіреді. Кейбір зерттеушілер, мысалы, хакас тілінің грамматикасында мұндай конструкцияларды модальдық формалар деп те атайды. -у керек модальдық форманы кейде міндеттілік те, сондай-ақ болжалдық мәнде де алып қарауға болады. Мысалы: Ендігі шара қатал сөгіс болу керек (Мұстафин). Мұндайда аналитикалық болу керек формантының бұл жерде міндеттілік ұғымында ма, жоқ модальдық болжал мәнінде ме — дәл қандай мағына білдіріп тұрғанын тек контекске қарап қана ажыратуға тура келеді.

Сөз шығарушылар сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білуі қажет (Байтұрсынов); Сәулет өнерпазы үй салуға ұсталатын заттардың қасиетін жақсы білуге тиіс (Сонда); Түркістандағы, әсіресе Қазалыдағы хат білетін азаматтардың Базардың сөзін жинаулары тиіс (Жұмабаев); Ондай іс кез болғанда білімділерді жиып кеңесу керек (Шәкәрім); Оқыған нәрсенің ішкі мағынасымен бірге оның сөзін де есінде қалдырарға керек (Міржақып); Естіген нәрсені ұмытпастыққа әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек (Абай).

Жоғарыда аталған лазым лексемасы модальдық міндеттілік мәнінен бөлек кейбір өлеңдік қолданыстарда “парыз, қарыз” мағынасын да білдіреді: Мойнына баласының лазым болар, істемек атасының әр жұмысын (Тарихи жырлар).

3. Сөйлеушінің сөйлемде айтылған хабардың ақиқаттығына әбден көзі жеткендігі модальдық мағынаның тағы бір түрі болып табылады. Қазақ тілінде бұл мағынаны көбінесе көрінеді етістігі, сондай-ақ екен формасы білдіреді: Сол елдегі хан әр жерден сұлу әйел іздеп сұрау салады екен (Ертегілер); Уақ елінің жел жағында алты күншілік жерде Әзімбай деген ханның елі бар екен (Қамбар); Тайынан таңдап мінген Құба атын жаратып қойған екен үйдегілер (Тарихи жырлар); Жарма көктік қылып, қызыл-жасыл жіппен иттің мүйізін қоя мүсіндеп тастаған екен (Аймауытов); Кейбіреулер партияға жазылып, жиылысқа баратын көрінеді (Сонда); Жұрт құрт-май беріп жатқан көрінеді (Сонда).

4. Біреулердің сөзіне сүйену арқылы не бір нақты дерек негізінде білдірілетін модальдық мағына. Бұл мағынаны қазақ тілінде негізінен де формасы атқарады. Ол көбінесе дейді, сондай-ақ деп айтады, деп естиміз, деген сөз бар сияқты құрамдарда қолданылады: Әсіресе жандарал кеңсесі ашулы дейді (Әуезов); Чиң атты шығыс жақта хан бар дейді (Тарихи жырлар); Бәрінің хабары жақсы емес деседі (Әуезов); Алты айдан кейін қайтарады деген сөз бар (Аймауытов); Бір жылда тамам болды деп айтады (Тарихи жырлар); Айтады Қаражан деп атын оның (Сонда); Темучин деп естиміз әуелгі атын (Сонда).

5. Қазақ тіліндегі модаль сөздердің келесі бір семантикалық қыры — сөйлеушінің айтылған ойды өз тарапынан қостау (растау) түріндегі пікірі. Бұл мағынаны рас, расында, шынында, анығында сөздері білдіреді: Арғысын бір-ақ Алла біледі рас (Абай); Рас, тақсыр, сіздің алдыңызға лайық адамымыз жоқ (Қамбар); Расы, Адақ бәсекеге қатыспаған (Сейфуллин); Анығында, Бөжейдің асы талайдан болмаған ас делінді (Әуезов); Шындығында, жаңағы сөз талай түпкірдің үстін басты (Сонда).

6. Жалпы модальдық мағынаның келесі түрі — сөйлеушінің айтылған ой жөніндегі нық сенімімен байланысты. Оны көпшілік түркі тілдеріндегі сияқты қазақ тілінде де негізінен әрине және әлбетте сөздері білдіреді. Алайда бұл екі сөз ауыз әдебиеті үлгілерінде де, ақын-жырау шығармаларында да кездеспейді, тек Абайдан бастап қана ұшырасады: Өзгелер басын изейді, әрине, деп мақұлдап; Әрине, келмесең егер сен бізге, сау болмас па ем, әлбетте.

М. Әуезов бұл сөздерді көбінесе діни мәтіндерде немесе орыс кейіпкерлерінің сөзінде қолданады: Әлбетте, әлбетте, Ибраһим мырза, күмән жоқ... Әрине, Россия патшасының жеңілгені жақсы.

7. Тілек (қалау), ниет-пиғыл мәнді модальдық мағына -са (-се) екен, -са (-се) деймін аналитикалық формалары арқылы білдіреді: Мына жақта кедей Қамбар деген адам бар, сіз соны шақыртып алсаңыз екен (Қамбар батыр); Сорлы баланың ит салпақта жүргенін көрмей өлсем екен (Мүсірепов); Одан гөрі кітапқа ден қойса деймін (Иманжанов); Кітапты сатып алмай тұрып әуелі оқып көрсем деймін (“Жұлдыз”).

8. Қазақ тілінде модальдік мағынаның күдік-күмәнмен байланысты түрі де бар. Мұндай мағынаны -ар ма екен, -са неғылсын, кім біледі сияқты конструкциялар білдіреді: Қазақтың жайын жақсырақ білеміз десек, мақтанған болар ма екеміз (Аймауытов); Кім біледі, тәуірлеу үйдің қалжыңбастары да болады (Сонда); Осы жолы Абай мерт болмаса неғылсын (Әуезов).

Кейде екі модаль сөз қатар қолданылады: Абылай мүмкін білем осы болар (Тарихи жырлар); Жаңа келген қонақтың құрметіне ішу керек шығар (Аймауытов). Мұнда сөйлем модальдылығы көбінесе соңғы компонентке ауысады.

Әдеби тілде кездесетін -ды білем, -а (-е) шығар формалары Түрікменстан қазақтарының тілінде -ар білем, -а-м шығар түрінде де ұшырасады.

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.