Модаль сөздер тілдегі модальдылық және предикаттылық құбылыстарымен тығыз байланысты.
Предикаттылық сөйлем мазмұнының ақиқат шындықпен жалпы арақатыстылығын («соотнесенность») білдіреді. Ал сөйлемде айтылған хабардың ақиқат шындыққа қатынасы модальдық қатынас болып табылады. Яғни сөйлеуші өзінің бұл хабарын қалай түсінеді, өз тарапынан оған қандай сипаттама береді, ақиқат шындыққа қалай қарайды – модальдық қатынастың мәні міне осында. Ал предикаттылық – ең алдымен ойды тіл заңдылықтары мен ережелеріне сәйкес қалыптап көрсетуге («к оформлению») қатысты сипат.
Демек, бұлар өзара тығыз байланысты болғанмен, бір-бірінен елеулі айырмашылығы да бар. Модальдылыққа әдетте сөйлемнің негізгі тұрақты белгілерінің ішінен ойдың тиянақтылығын белгілейтін (анықтайтын) интонация, яғни хабардың айтылу ырғағы, сөйлеушінің тағы басқа модальдық қатынасы тиесілі. Предикаттылыққа келетін болсақ, ол сөйлесу (тілдесу) бірліктерінің («единицы речевого общения») грамматикалық жақтан ұйымдасуын қамтамасыз етеді.
Бұл екі құбылыстың белгілі бір шекаралық жігі предикаттылықты тіл (язык) деңгейінде логикалық-синтаксистік категория, ал модальдықты сөйлеу (речь) деңгейінде коммуникативтік-синтаксистік категория ретінде алып қарағанда ғана біршама айқынырақ көрінуі мүмкін. Өйткені предикаттылықтың қандай бір формасы болмасын, бәрі тікелей тілмен, ал модальдылықтың түрлі формалары сөйлеумен (речь актісімен) байланысты.
Модальдылық ең алдымен сөйлемде көрінеді. Сөйлем модальдылығы тілдің негізгі өзек категорияларына жатады. Ол, біріншіден, барынша айқынырақ түрде және алуан түрлі реңкте интонация әдісімен білдіріледі. Модальдық сондай-ақ етістік райларының синтетикалық және аналитикалық формалары білдіретін барлық мағынасы мен реңкі арқылы да беріледі. Ол және инфинитив пен етістік қосымы, инфинитив пен есім негізді сөздер тіркесі, сөйлемнің модальды қыстырма мүшелері арқылы да білдіріледі.
Қысқасы, модальдылық – тіл мен сөйлеудің (речь актісінің) әр түрлі деңгейлерінде көрініс табатын грамматикалық мағыналардың өз алдына біртұтас саласы («класы»), жүйесі болып табылады. Тіл білімінде модальдылықты кейде субъективті модальдылық және объективті модальдылық деп екіге бөліп қарау тенденциясы да байқалады.
Объективті модальдылықты білдіруде етістіктің рай формаларының қызметі едәуір басым. Себебі етістік райлары неғұрлым көбірек грамматикаланған («грамматикализованная»), тілдің сөз өзгертім форманттарына жақын құбылыс болып табылады. Ал субъективті модальдылық олай емес. Модальдылықтың бұл соңғы түрі негізінен көмекші сөздер арқылы білдіріледі.
Сонымен, сөйлемде айтылған хабардың ақиқат шындыққа қатынасының көрінісі – объективті модальдық та, ал ол хабарға деген сөйлеушінің қатынасының көрінісі субъективті модальдылық болып табылады, Мысалы:
Ол жақта қыс ерте түседі (объективті модальдылық);
Ол жақта қыс ерте түсетін сияқты (субъективті модальдылық).
Модаль сөздер түркі тілдерінің бірқатарында (солардың ішінде қазақ тілінде де) негізінен көмекші сөздер тобына кіреді. Ол сөйлеуші субъектінің айтылған ойдың шындыққа қатынасы (сәйкестігі) жөніндегі көзқарасын айқындайды.
Модаль сөздердің өз алдына бөлек, арнайы бір лексика-семантикалық, грамматикалық топ ретінде сараланып шығу, даму жолдары тілдерде жалпы біркелкі емес. Олар, мысалы, орыс тілінде тек қыстырма («вставные») сөйлемдердің ғана емес, сонымен қоса үстеулер мен ықшамдалған («редуцированных») сөйлемдер негізінде де дамып, дараланып шыққан.
Ал олар түркі тілдерінің көпшілігінде негізінен Кеңес дәуірінде жазба әдеби тілдің қарқынды дамуымен байланысты дербес көмекші сөз табы болып қалыптаса бастады. Жалпы модальдылық, модаль сөздер табиғаты әсіресе осы тілдерде әлі нақтылы танылып болған жоқ. Бұл лексемалардың сандық көлемі оларда сондықтан да қазір әр түрлі болып келеді.
Модаль сөздер мен модаль тіркестердің заттық («вещественная») семантикасы болмайды. Олардың семантикасы модальділікті білдіретін грамматикалық мағынамен астасып жатады. Осы жағынан алғанда модаль сөздер мен райлар жалпы біртектес тіл құбылыстары.
Себебі райлар да әрекеттің ақиқаттығына не ақиқат еместігіне сөйлеуші тарапынан субъективті баға берегудің, яғни сөйлем модальдылығын білдірудің морфологиялық тәсілі болып табылады. Рай категориясы сөйлеушінің «әрекеттің әрекет етушімен байланысы» («связь действия с действующим лицом») туралы көзқарасын білдіреді.
Шынында да, қалау (тілек), болжау, міндеттілік, сенімділік сияқты модальдылық мағыналарды арнаулы жеке сөздер ғана емес, солармен қоса етістіктің рай және кейбір аффикстік формалары да (яғни -ғай//-гей, -ар//-ер, -ғы//-гі, -ғыр//-гір, -са, -са+шы, -са+й, -са+й+шы, -ыпты//-іпті қосымшалы түрлері де) білдіре алады.
Райлар мен модаль сөздердің лексика-грамматикалық мағыналары жағынан тұтастай алғанда өзара біртектес тіл құбылыстары болып табылатыны міне осы жағдайдан келіп шығады. Қазіргі якут, тағы кейбір түркі тілдеріндегі райлар қатарына міндеттілік («долженствование»), мүмкін және болжал мәнді рай түрлерінің кездесуі де осы пікірді жанама түрде болса да дәлелдей түседі.
Қазақ тілінде лексикалық мағынасының өзі таза модальді сөздермен қоса, өз алдына дербес лексикалық мағынаның үстіне модальдық мағына білдіретін де жеке сөздер бар. Ал якут тілінде белгілі бір контексте бұл екеуінің сыртында өтпелі (“переходные”) модаль сөздер деген тағы кездеседі. Модаль сөздер әдетте модальдылықты білдіретін фонологиялық (интонациялық), морфологиялық (етістік райлары және олардың аналитикалық формалары), синтаксистік (әр түрлі сөйлем типтері) сияқты барлық амал-тәсілдермен тығыз байланыста жұмсалады. Олардың кейбірінің сырт тұлғасы тұрақты болады, яғни үнемі өзгеріссіз қолданылады, сөзжасамдық та, сөз өзгертімдік те аффиксті қабылдамайды. Модаль сөздер, басқа барлық көмекші сөз таптары сияқты, ұзақ уақытқы лексика-грамматикалық даму процесінде дербес сөз таптарына дараланып шықты (бұл — үнемі үзіліссіз жүре беретін, тоқтамайтын толассыз процесс). Бұған, мысалы, білем, кім біледі, әлпеті, сияғы (сиқы) сөздерінің мына бір қолданыстарын өзара салыстырып көру арқылы да біршама көз жеткізуге болады: Қарала сырмақтың иесін де білем, ақ киіздің, бәтес көйлектің қайдан шыққанын да білем (Аймауытов); — Осыны өздеріне қолайсыз көремін білем (Сонда); Көбекбайда жүргенде шұбар айғырды кім біледі. Адам да білмейді (Аймауытов); — Мұның арты үлкен дүрбелеңге шаппасын кім біледі... Кім біледі, ол жақтағы елдің не деп жатқанын (Сонда); Сынға толса сияғы, әлпеті шамның шырағы (Ақтамберді) — Сиқы, ешқайсысы бармаған; Сияғы, солар үйде жоқ; Әлпеті, ештеңеге қарар емес.
Модаль сөздер сондай-ақ заттық мәнін және диалогта предикаттық функциясын жоғалтқан бағыныңқы сөйлемнің баяндауышынан да пайда болады. Модаль сөз тіркестері де сол модаль сөздердің жасалу жолымен пайда болды. Модаль сөз тіркестері шартты бағыныңқы сөйлемдердің қысқаруынан (редукциялануынан) өте көп жасалады. Ол қойма (“вставка”) және қыстырма сөйлемдердің редукциялану нәтижесінде да қалыптасады. Мысалы, қырғыз тілінде мынадай бір реестр сөз бар: бейм (би — дейм) | келген бейм он, думаю, пришел; иттер үрүп атат, киши келген бейм — собаки лают, видимо, кто-то пришел; дарыны ішті бейм он, кажется, лекарство принял; кээде байкабай каласыз бейм — вы, я вижу, иногда не замечаете. Қырғыз тіліндегі бұл бейм модаль сөзі әдетте қалау (тілек) мағынасын білдіретін кетсемби деймін конструкциясындағы “би-дейм” бөлігінің ықшамдануынан келіп шыққанға ұқсайды. Сол сияқты қазақ тіліндегі әлпеті модаль сөзі де осылай “сөз әлпетіне қарағанда” дейтін қыстырма сөйлемнің редукциялануынан келіп шыққан деуге болады.
Бұл айтылғаннан шығатын қорытынды: грамматикалық, мысалы, модальдық мағыналардың әр алуан типтерінің пайда болу және жетілу процесін эволюциялық тұрғыда түсіну керек. Себебі модальдылық тілдің коммуникативтік функциясының жемісі, туылымы (“порождениесі”) болып табылады. Осыдан келіп морфологияда модальдылықты білдіретін әр түрлі амал-тәсілдер пайда болады. Олардың ішіндегі ең басты әрі жетекші рөл атқаратын түрі — ол неғұрлым көбірек абстракцияланған және неғұрлым жинақты сипат алған модальдық мағынасы бар рай категориясы. Етістік райлары неғұрлым көбірек грамматикаланған категория болып табылады. Сонымен тілдік модальдылық грамматиканың фонетикадан синтаксиске дейінгі барлық деңгейінен аңғарылады. Тұтастай алғанда модальдылықты білдіру құралдарының дамуынан кенжелеу жазбалы (“младописьменные”) тілдердин грамматикалық құрылысының жетілуінің ең бір сипатты белгілерін көруге болады.
Модальдылықты грамматикалық мағыналардың бір түрі ретінде қарайтын болғандықтан, оны білдірудің тек грамматикалық құралдары ғана (аффикстер, көмекші сөздер, синтаксистік конструкциялар т.б.) негізге алынуы тиіс. Ал номинативті сөздер, өздерінің семантикасында едәуір модальдық реңк жатқанмен, модальдылықты білдіретін құралдар санатына кіре алмайды. Себебі бұлар модальды семантикалық өңдегі дербес мәнді сөз (“знаменательное слово”) ретінде лексикалық деңгейден әрі аса алмайды. Сондықтан полифункционалды (А. Ысқақовша: әр тарап) бар, жоқ сөздері, керек, тәрізді предикаттық есімдер өздерінің номинативтік қолданысында модальды сөздерге жатқызылмайды. Бұлар белгілі бір контекстік байланыста ғана функционалды-модальды сөз ретінде жұмсала алады.
Бұл айтылғандардан айқын аңғарылып тұрған нәрсе: тілдік модальдылық — грамматикалық құбылыс. Демек, тілдік модальдылықты білдіретін құралдар қызметінде фонетика-интонациялық, аффикстік, лексика-грамматикалық (көмекші сөздер), синтаксистік және айтылған хабарға сөйлеушінің қатынасын көрсететін басқа да жекелеген грамматикалық амал-тәсілдер қолданылады. Соның арқасында кейбір жеке мәнді сөздер (әр тарап, қыстырмалар т.б.) сөйлеуде модальдық мәнге ие болады да, ол қасиет сол сөздерде тұрақтала бастайды.
Модальдық мағынасы бар әр алуан грамматикаланған тіркестер тек жеке сөздерден ғана емес, сонымен қоса күрделі құрамды сөздерден де тұратын, тұтастай алғанда көмекші сөз табы ретінде тілдік модальдылықты білдірудің бай құралы саналатын модаль сөздер құрамына кіреді.
Сөз таптарының жалпы категориялық мағынасын жеке сөздин лексикалық семантикасымен шатастыруға болмайды. Өйткені жалпы категориялық мағына — сөз таптарын бір-бірінен ажыратудың, ара жігін, шегін анықтаудың алғы, бас белгісі (“первичный признак”). Модаль сөздерді біраз тілдерде қазір көмекші сөз таптарына жатқызуда да бірден-бір негіз, критерий ретінде оның осы жалпы категориялық мағынасы, яғни сөйлемде айтылған хабарға сөйлеушінің қатынасы алынған. Жалпы қай сөз табын да танып, даралап алуда бірінші орында оның категориялық мағынасы тұруы шарт.
Көмекші сөздерді зерттеу өз алдына толық мағыналы дербес сөздердің грамматикалану (яғни грамматикализациялану) проблемасымен тығыз байланысты. Олай деуіміздің мәнісі: флективті де, жалғамалы да тілдерде аналитизмнің дамуы мен синтаксистің жетіліп шыңдалуы көмекші сөздердің әр түрлі топтарын үнемі байытып отырады және біртіндеп даралай түседі. Тек өзінің заттық (номинативтік) мәнінен ажырап барып модальдық семантикаға ие болған сөздер ғана грамматикалық (модальдық) мағына білдірудің арнайы лексикалық құралы бола алады. Модаль сөздер сөз табы ретінде міне осындай сөздерден ғана құралады. Модаль сөздер осылай толық мағыналы жеке дербес сөздердің біртіндеп грамматикалануы нәтижесінде пайда болады. Сондықтан да бұл грамматикалану процесі — тіл теориясының ең маңызды мәселелерінің бірі болып саналады. Таза модаль сөздерде тек модальді (яғни грамматикаланған) ғана мағына болады. Демек, модаль сөздердің лексика-грамматикалық разряды әдетте тек көмекші сөз табы ретінде ғана қалыптасады. Толық мағыналы дербес сөздердің жеке формалары, сондай-ақ сөйлемнің қыстырма мүшесі ретінде қолданылатын сөздер мен тіркестер де заттық мазмұнынан ажырауына қарай модаль сөздер қатарына өтеді. Осыған байланысты синтаксистік қыстырмалылық (“синтаксическая вводность”) құбылысын модаль сөздердің жасалуының (пайда болуының) басты бір көзі ретінде алып қарауға болады. Өйткені модаль сөздер тобын анықтаудың мұндай тәжірибесі кейбір өзге тіл грамматикаларынан да ұшырасады. Мысалы, орыс тілінің грамматикалық дәстүрінде қыстырмалы-модальды жасалымдардың грамматикалануы және олардың модаль сөздерге айналуы туралы ілім бар. Синтаксистік қыстырмалылық құбылысын модальды сөздер тобын түзетін басты қайнар көзі деп қарау мәселесі мына бір белгілі теориялық қағидаға негізделген: “Морфологические формы — это отстоявшиеся синтаксические формы. Нет ничего в морфологии, чего нет или прежде не было в синтаксисе и лексике. История морфологических элементов и категорий — это история смешения синтаксических границ, история превращения синтаксических пород в морфологические” (В. В. Виноградов).
Модаль сөздердің семантикасында номинативтік мағына және соншалықты бір көрінеу тұрған ап-анық, яғни “сезімді лексикалылық” (“ощутимая лексичность”) болмайды. Оларда өзге көмекші сөздердегі сияқты (сөздікте алынатын реестрлік) мағына грамматикалық мағынаға дәл (дөп) келеді, бұдан да нақтырақ айтсақ: грамматикалық деңгейде модальдік мағына білдіреді. Сондай-ақ модаль сөздердің лексика-грамматикалық мағынасы негізінен айтылған хабардың ақиқат шындыққа қатынасы жөніндегі сөйлеуші субъектінің көзқарасын анықтауға (белгілеуге) барып саяды.
Белгілі бір заттық мағына сондай-ақ көптеген модальды тіркестерде де болмайды. Олардың да семантикасы сол модальділікті білдіретін грамматикалық мағынамен барып астасады. Бұл айтылғандар тұрғысынан келгенде модаль сөздер деп өзінің шығу тегі жағынан есімдермен, етістіктермен және үстеулермен сипаттас, тұлғалық өзгеріске түспейтін, сөйлеушінің айтылған ақиқат шындыққа қатынасын білдіретін көмекші сөздерді айтады.
Тұтастай алғанда өздерінің “жинақты” (“обобщенный”) лексика-грамматикалық мағынасы бойынша модаль сөздер етістік райларымен ұқсас. Сондықтан модальдылықты білдірудің бұл екі құралы сөйлеуде өзара тығыз байланысты. Қазақ тіліндегі модаль сөздердің біразы сөйлемнің қыстырма мүшесі позициясында қолданылады. Бұған қарап оларды қыстырма сөздермен тең дәрежеде алып қарауға болмайды. Бұлар — екі бөлек категория. Себебі модаль сөздер — морфологиялық категория, көмекші сөз табын құрайды. Ал қыстырма сөздер — синтаксистік категория. Бұлар грамматикалануға ұшырамайды. Сөйлемнің қыстырма мүшесі қызметінде қолданылатын көмекші не толық мағыналы дербес сөздер болып табылады.
Модаль сөздердің айрықша бір синтаксистік ерекшелігі — олар диалогта келгенде жеке лексема күйінің өзінде сырт формасы және айтылу интонациясы жағынан өз алдына тұтас бір тиянақты сөйлем қызметін атқарып тұрады. Синтаксистік сипаттағы мұндай модаль сөздер сөйлем мүшелерімен дағдылы грамматикалық байланысқа түспейді, сөз тіркестерін жасауға қатыспайды.
Қазақ тілінде модаль сөздер жеке бір сөйлем мүшесінің мағынасына немесе бүкіл сөйлем мазмұнына модальдық реңк беретін қосалқы мүше, сөйлемнің оңашаланған қыстырма мүшесі ретінде және диалогтық сөйленісте сөйлем түріндегі сөз рөлінде қолданылады.
Модальды сөздер, басқа көмекші сөз таптары сияқты, толық мағыналы дербес сөз таптарының ұзақ замандарғы лексика-грамматикалық даму процесінде өзінің бастапқы мән-мағынасынан оқшаулана-оқшаулана, ақыры біржола ажырап, солардан келіп шыққан. Модаль сөздердің пайда болуына сөйлем құрамындағы кейбір лексикалық құралдардың тұрақты бағыныңқылық қалпы себепкер болды. А. А. Шахматовтың бұл “синтактико-генетикалық” көзқарасы қазақ және өзге түркі тілдеріндегі де модаль сөздердің шығу тегін анықтауға әбден қолданымды. Жеке бір сөз не сөздер тіркесі сөз тіркесіндегі, сөйлем құрамындағы бағыныңқы жағдайына байланысты біртіндеп өзінің заттық я басқа ұғымдық мәнінен және сөйлем мүшелерімен дағдылы синтаксистік байланысынан ажырай-ажырай, ақыры модаль сөзге не модальды тіркеске айналады.
Осы ұзақ тарихи процесте қайсыбір модаль сөздер мен модальды тіркестер белгілі бір морфологиялық тұрпатта әбден “қатып” қалады. Сөйтіп, басқа сөз таптары мен сөз тіркестерінің қолданымдағы типтерінен біржола ажырап қалады да, тілімізде тек модальдық мағынада ғана қолданылады. Ал енді біреулерінің жеке сөз таптары мен сөз тіркестерінің қолданымдағы типтерімен байланысы формальды түрде ғана сақталады. Олар өз бойында контекске қарай модаль сөздер мен модальды тіркестердің мағынасын да, сондай-ақ белгілі бір сөйлем мүшесінің қызметін де — екеуін де сыйыстыра, қоса сақтайды.
Аталмыш тілдік құбылыстың шығу тегінің осы өзіндік ерекшелігін ескеріп, кейбір зерттеушілер генетикалық принцип негізінде модаль сөздерді мынадай төрт топқа бөліп қарайды: өзге сөз таптарынан мүлдем ажырап “қара үзген” сөздер, есім модаль сөздер, үстеу модаль сөздер және етістік модаль сөздер.
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, модаль сөздердің белгілі бір заттық я ұғымдық семантикасы болмайды. Олардың семантикасы әдетте модальдылықты білдіретін грамматикалық мағынамен ұлас, астас жатады. Демек, осынысы үшін де олар — көмекші сөздер. Жалпы көмекші сөздердің жасалуы (пайда болуы) — адам баласы тілінің қалыптасуының ең алғашқы балаң дәуірінде пайда болып, белгілі дәрежеде тіпті бүгінгі күндерге дейін жалғасып келе жатқан грамматикалық құрылыстың даму процесі. Бұл өзі — осындай бір атам заманғы тілдік ескілік. Модальдылық — адамдардың өзара сөйлесу (тіл қатысу) түріндегі аралас-құраластығының (қарым-қатынасының) туылымы (“продолжениесі”) ретінде ең бір көне грамматикалық құбылыс саналады және ол күні бүгінге дейін тілдің жалпы тұтастықта дамуының ең бір құнарлы қуат көзі болып табылады.
Тілдік модальдылық проблемасымен байланысты қазіргі лингвистика ғылымындағы зерттеу еңбектерден жоғарыда келтірілген түрлі теориялық пайымдауларды, ғылыми көзқарастарды шола, саралай қарау нәтижесінде қазіргі біраз түркі тілдерінде модаль сөздер мен модальды тіркестердің негізінен мына төмендегідей нақты жасалу жолдары барын байқауға болады.
Таза (“собственно”) модальды және есім модальды сөздердің, сондай-ақ модальды тіркестердің де қатарында тәуелді формада әбден тұрақтап, қалыпты бір орнықтылық алған лексемалар бар. Бұлар модаль сөздер санатына изафеттік тіркестер арқылы көшкен. Олардың модаль сөздер тобын қалыптастырып дамытудағы шешуші ықпалды факторы — қысқасы, ыңғайы іспеттес жекелеген лексемалардағы үшінші жақтық тәуелдік жалғауының жақсыздығы мен заттық мәнінің мейлінше абстрактылығы. Бұл — қазақ тіліндегі, басқа да біраз түркі тілдеріндегі модаль сөздердің жасалуының неғұрлым өнімдірек жолы.
Модаль сөздер кейбір үстеулер мен үстеу мәнінде қолданылатын зат есімдердің заттық мәнінен айрылу және пысықтауыштық функциясын жоғалту нәтижесінде пайда болады. Мысалы мына бір салыстырулардан соны аңғарамыз: Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленіп, тезірек қолға түседі (Абай) — Ол мәселе туралы, шын, ештеңе білмеймін; Мамандар егер рас айтса, астық өнімі биыл жақсы көрінеді (Газеттен) — Рас, Ділдәні Абай сүйіп қайтып қайтқан жоқ (Әуезов).
Модаль сөздер кейде өзінің предикаттық функциясынан айрылған бағыныңқы сөйлемнің баяндауышынан жасалады, мысалы: Үйдің іші сасық. Әйнек сымақ бір күңгірт тесік көрінеді (Аймауытов) — Бәрін бүлдіріп жүрген Кәрібайдың өзі көрінеді (Мұстафин). Қазақ тілінде дейді, деседі, білем, тағы кейбір модаль сөздер де осы жолмен жасалған.
Модаль сөз сондай-ақ кей жағдайда тіпті модаль тіркестің бір компонентінің түсіп қалуы арқылы да жасалатын сияқты. Мына бір екі мысалды салыстырудан сондай ой туады: Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуі мүмкін (Жұмабаев) — Мүмкін, губернатор келген күні шуламаңдар деп тиып қоюы (Мұқанов).
Сияқты, сықылды, секілді, тәрізді, тақылетті, рәуішті, іспетті, әлпетті модаль сөздері “бет, бейне, пішін, порым, түр” мағынасын білдіретін түбірлерден жасалған.
Тіліміздегі бәлки, бәлкім, бәлкі, әлбетте, зайыры, нәті (нәйәті), лазым (ләзім), ықтимал, мүмкін, рас(т) тағы біраз сөз “дайын күйінде” араб, парсы тілдерінен ауысқан.
Жалпы түркі тілдерінің қай-қайсысында да модаль сөздердің сан жағынан әр түрлі өзіндік жасалу жолдары бар. Бұл жолдар олардың (модаль сөздердің) морфологиялық формасымен, құрылымымен тығыз байланысты. Алайда модаль сөздер тобының қалыптасу мәселелері және олардың этимологиясын айқындау — жалпы алғанда арнайы тарихи-салыстырмалы зерттеуді қажет ететін күрделі де маңызды тақырып.
Бұл ретте есім және етістік негізді біраз модаль сөздердің этимологиясы негізінен айқын деуге болады. Себебі олар этимондарымен, яғни өздері қатысты толық мағыналы дербес лексемалармен әлі байланысын үзе қоймаған. Сондай-ақ модальды тіркестердің де этимологиялық құрамын анықтау онша қиындық тудырмайды. Бірақ тілімізде морфологиялық құрамы, шығу тегі, түп-төркіні, құрылымы күңгірт модаль сөздер де жоқ емес. Ал бұл сала лексемалардың морфологиялық, құрылымдық табиғаты терең ғылыми талдау жүргізу, тарихи-салыстырмалы зерттеу арқылы ғана ашылмақ.
Ортаазиялық түркі халықтарының тіліндегі модаль сөздер тобының қалған басқа түркі тілдеріндегіге қарағанда өзіндік кейбір ерекшелігі бар. Себебі бұл топтағы тілдерде қазір қолданылып жүрген модаль сөздердің біразы араб-иран тілдерінен енген. Бірақ бұған қарап аталмыш аймақ тілдерінде өзіндік модаль сөздер аз я тіпті жоқ екен деген ой тумау керек. Ал сібірлік түркі халықтарының тілінде мұндай текті кірмелер негізінен кездеспейді десе де болады. Оларда бұған керісінше орыс тілінен дайын күйінде ауысқан модаль сөздер көп болмаса да жалпы ұшырасып отырады.
Модаль сөздердің жалпы қалыптасу жолдары және олардың қай-қайсысының да жасалу механизмі модаль сөздердің ауызекі (яғни сөйлеу) түрдегі қарым-қатынас техникасының біртіндеп даму, жетілу процесінде грамматикалану жолымен (тәсілімен) пайда болған көмекші лексемалар екендігін айғақтайды. Нақты тіл материалдарын талдап жинақтаудан келіп шыққан бұл түйін тұжырымды жалпы кез келген тілдің деректері тиянақтай алады. Оның тек модаль сөздердің табиғатын тануда ғана емес, бүкіл тілдік модальдылық проблемасын шешуде де түпқазықтық (“основополагающее”) мәні бар. Модаль сөз, мысалы, толық мағыналы дербес лексеманың грамматикалану (яғни грамматикализациялану) нәтижесінде жасалатын болса, онда ол таза грамматикалық қана мағынасы бар көмекші сөз болып табылады. Демек, модаль сөздер, жеке сөз табы дәрежесіне до дейін қай тілде дамыса да, тек көмекші сөз табы ғана бола алады. Бұл модальдылықтың грамматикалық мазмұндағы әр алуан басқа да құралдармен қоса тұтас сөз таптары арқылы білдірілетін көп қырлы грамматикалық құбылыс екендігi жөніндегі маңызды түйінді ойды қуаттайды. Модальдылықты жалпы тұтас күйі грамматикалық мағыналардың ерекше класы ретінде алып қарау мүмкіндігі туралы мәселе қоюдың бір аргументі міне осы айтылғандардан келіп шығады.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.