Одағайларды құрамы жағынан екі топқа бөлуге болады:

1. Түбір, негізгі одағайлар. Бұл топқа әрі қарай бөлшектеуге көнбейтін А!, О!, Ә!, Ой!, Пай!, Қап!, Бәсе!, Мә! сияқты одағайлар жатады.

2. Күрделі одағайлар. Бұл топқа бірнеше сөзден біріккен, қайталанған, қосарланған немесе басқа тілдерден ауысқан сөздер енеді. Мәссаған!, Апырым-ай!, Әттеген-ай!, Бәрекелді! т.б.

Одағайлар өз алдына сөйлем мүшесі бола алмайды, олар диалогта жеке-дара тұрғанда сөз-сөйлем (слово-предложение) қызметін атқарады.

– Ол қай адам?

– Кеше біздің үйде отырған ше!

– Ә-ә-ә! (Сланов).

Мұндағы ә-ә-ә! одағайы «Енді түсіндім, есіме енді түсті» деген сөйлемнің мағынасын аңғартып тұр.

Одағайлар сөйлем ішінде кейде көмекші етістікпен тіркеседі. Ондайда, біріншіден, көмекші етістікпен тіркескен одағай тек айтушының ғана емес, басқа біреудің де көңіл-күйін, сезімін, әсерін т.б. білдіріп, хабарлап, екіншіден, оқшау айтылмай, сөйлемнің белгілі бір күрделі мүшесінің құрамына енеді.

Тынымсыз аһ ұрды. Ол ойбай салды. Ол орман жиегіне әу дейтін жер қалғанда, бізге сөйлегелі тұрған адамдай оң қолын орманға созған бетінде қалқиып тұрып алды (Мұқанов).

Ешкіммен өмір бойы ай-шай деспеген сопы кісі болатын (Мұстафин).

Одағайлардың тіркестік, яғни қатар келу қабілетінде де біраз ерекшеліктер бар. Одағайлардың қатар келіп, я тіркесіп қолданылуын екі топқа бөлуге болады.

1. Одағайлардың өзара тіркесе қатар қолданылуы. Одағайлар жапа-тармағай бір-бірімен тіркесе де, қатар келе де бермейді. Олардың өзара тіркесуінде, я қатар жұмсалуында семантикалық сәйкестік болады. Әдетте, жағымды эмоция, көңіл-күйді білдіретін одағайлар қатар тұрып қолданыла алады. Алақай!, Ура! одағайлары бір-бірімен қатар тұрған күйінде айтылады да, Әттең!, Қап! одағайларымен қатар қолданылмайды.

2. Одағайлардың етістікпен тіркесі. Одағайлар етістікпен тіркескенде олардың бір қатары одағайлы тіркес құрайды да, бір қатары тұрақты тіркес құрайды. Осыған орай бұл тіркестерді екіге бөліп қарастырған жөн.

А) Одағайлы еркін тіркестер

Одағайлар көбіне де етістігімен тіркесе келе, кейбір жағдайда сол етістікпен өзара жымдасып, мағыналық жағынан өзгеріске ұшырап, одағай категориясына ауысып кетеді. Мысалы: я деген!, уа деген!, апырай десейші!, ой де!, бәсе деймін! сияқты тіркестерді мағына жағынан бөлшектеу қиын. Бұл типтес тіркестерді одағайлы тіркес деп атадық.

Ә) Одағайлы тұрақты тіркестер

Бұл топқа жататын тіркестердің ішінде одағайлар болғанмен, бұл тіркестерді түгелімен одағайға жатқызуға болмайды. Бұлар: ай-шай деспей, әу десті, әу дейтін жер, ойбай салды, аһ ұрды, шу дегеннен, ай-шайға қарамай сияқты тұрақты, я түйдекті тіркестер. Олар сөйлеу тілінде оқшауланбай қолданылады.

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.