Одағайлар – негізінде түрленбейтін сөздер тобы. Одағайлардың өзіне ғана тән жұрнақтары жоқ. Олар субстантивтенгенде ғана болмаса, жалғауды да көп қабылдамайтын сөздер. Кейбір одағайларға -ла/-ле, -шыл/-шіл жұрнақтары жалғанады: ойбайлау, айт-айттап, аһлап-үһлеп.
Ой, тәйір-айшыл кер кесек, қулық, сұмдық не өсек (Абай).
Қасқырды жердің елі айтақшыл (мақал).
Одағайлар бірінен соң бірі дүркін-дүркін қайталанып, қосарланып айтылғанда, сол одағайлар арқылы білдірейін деп отырған сезімнің күштілігін не ишараның, бұйрықтың қаттылығын, қатаңдығын білдіреді. Мысалы: Тек-тек-тек! Бай-бай-бай-бай! Һай-һай-һай-һай! т.б.
Одағайлардың қосарланып, қайталанып айтылуында белгілі бір заңдылық бар. Бір топ одағайлар қосарлап айтуға көнбейді: Тәйірі! Қап! Ту! Бәсе! Астапыралла! т.б.
Енді бір топ одағайлар дара күйінде де, қайталанып та қолданыла береді:
Ойбай! // Ойбай, ойбай!
Тәк! // Тәк, тәк!
Жә! // Жә, жә!
Ырит соқ! // Ырит соқ, ырит соқ!
Әй! // Әй, әй! т.б.
Одағайлардың енді бір тобы тек қана қосар тұлғасында жұмсалады:
Сап-сап! Бай-бай! Әлди-әлди! т.б.
Малға айтылатын одағайлардың басым көпшілігі қосар күйінде айтылады:
Моһ-моһ! Кәуіс-кәуіс! Шөре-шөре! Көс-көс! т.б.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.