Одағай сөздер басқа сөз таптарымен салыстырғанда әуезділікке, ырғаққа, эмоционалдық құбылмалылыққа, интонацияға өте бай. Олар көркем шығарма тілінде (әсіресе диалогтарда) көп кездеседі. Ал публицистикалық, ғылыми стильде жазылған шығармаларда сирек қолданылады. Одағайлар кейде бір ғана дыбыстан да тұрады. Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың бәрі бірдей одағай мағынасында жұмсала бермейді. Дауысты дыбыстардан тек ә, а, о дыбыстары ғана одағай мәнінде жұмсалады да, ұ, ү, у, ө, і дыбыстары одағай жасай алмайды. Ал ы дыбысы одағай қызметінде сирек кездеседі (Ы-ы-ы, солай де!).

Тіліміздегі көп мәнді одағайлардың әрбіреуі жұмсалатын ыңғайына қарай әр түрлі интонациямен айтылады. Бірде созылыңқы, баяу, біресе жұлып алғандай тез, жылдам айтылады. Бірде одағайдың соңғы буыны жоғары интонациямен көтеріңкі айтылса, бірде басқы буыны ерекше екпінмен айтылып, соңы баяу ырғақпен тынады.

Ойбай! одағайы үрку, шошыну мағынасында жұмсалса, онда екпін бірінші буынға қойылады да, сөздің өзі жұлып алғандай тез, жылдам айтылады. Егер таңырқау, таңдану мәнінде жұмсайтын болсақ, онда екпінді, керісінше, соңғы буынына ауыстырып, соңғы «а» дыбысын мейлінше созып айтамыз (ой-ба-а-ай).

Одағай құрамындағы кейбір дыбыстардың созылыңқы, ерекше интонациямен айтылуы – сол одағайлардың мағынасын күшейту мақсатымен жұмсалады. Мысалы: Әттеген-е-е-е! Бәрекелді-е-е! Сөйтіп, кейбір көп мәнді одағайлардың семантикалық сипатының құбылуы олардың айтылу мелодикасына, интонациялық ырғаққа байланысты болады. Осындай ерекшелік одағайдың сөйлемдегі орын тәртібіне де (сөйлемнің басында ма, ортасында ма, соңында ма) байланысты.

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.