Одағайлардың семантикалық құбылмалылығы әр түрлі. Олардың бірқатары контексте бір-ақ мәнде қолданылса, енді бірқатары екі-үш, не одан да көп мәнде жұмсалады. Кейде олардың бойынан энантиосемиялық құбылыс та (бір-біріне қарама-қарсы мағынада жұмсалатыны) байқалып отырады. Осыған орай одағайларды екі үлкен топқа бөлуге болады:
1) Бір мағыналы одағайлар
Бұл топқа одағайлар қай ситуацияда айтылмасын, қай контекске түспесін, қандай интонациямен айтылмасын, үнемі бір-ақ мәнде жұмсалады.
Алақай! Ура! сөздері тек шаттану, қуану сезімін білдіру үшін жұмсалса, Қап! Әттең! Әттеген-ай! сөздері әр уақытта өкіну мағынасында жұмсалады.
Жердің жүзін бейне жұмаққа теңейтін, алақай-ау, алақай-ау, жаз келді (Майлин).
— Е, алақай, біздің тайынша! — деп баласы тайыншаның мойнынан құшақтады (Аймауытов).
Әттеген-ай, неғып біз бұлай болып қалдық деген ой әрқайсымызды қинады (Сейфуллин).
Әттең, арбасына сыймай сорлады ғой, әйтпесе мұнысын да Қытайына ала кетер еді (Жармағамбетов).
2) Көп мәнді одағайлар
Бұл топқа екі-үш не одан да көп мәнде жұмсалатын сөздер жатады.
Пәлі//бәлі одағайы үш түрлі мәнде қолданылады:
а) Біреудің іс-әрекетіне не сөзіне риза болып, оны қоштау, қолпаштау, көтермелеу мақсатымен айтылатын, шаттық, қуаныш, таңдану мәнінде жұмсалады.
Уа, пәлі, нағыз әнші мұнан шықты (Нұрпейісов).
— Іс шықса, Баршагүлден шығады демеп пе едім?
— Иә, иә, пәлі, қарағым! (Сәтнов).
ә) Біреудің сөзін жақтырмай, наразылық мағынасында жұмсалады.
— Жарайды, аңшы-ақ екенсің! Осындай тоқ итпен аңға шыға ма екен?!
— Көп тоқ емес-ті!
— Бәлі, мынау не? Бүйірін қарашы (Әуезов).
б) Таңдану, таңырқау мәнінде де жұмсалады.
Бәлі-е, мынау Әсия ма, ей!? (Хұсайынов).
Бұл сөз бәлем тұлғасында қолданылғанда, біреуді қорқыту, қоқан-лоқыға алу мағынасында жұмсалады.
Бәлем, тұра тұр, осының бәрін әкеме айтам.
Кейбір одағайлар (әсіресе бір буындылар) диалогтық сөзде екі-үш қана емес, кейде 7–8 мәнде қолданылады.
Мысалы, ә! (а!) одағайының төмендегі көп мәнділігін байқап көріңіздер:
1) Сұрау мағынасы.
Бұл ретте біреудің сөзін анық естімей не аңғармай қалғанда, қайтып сұрап алу мақсатымен қолданылады.
— Ол орыс композиторларының ең таланттысы, — деді Рахмет.
— Ә? — деді қалың ойда отырған Ықылас (Елубаев).
Ә! одағайы кейде сұрау мағынасының үстіне не ренжу, жекіру мағыналарын да қосып алады.
— Баланы әкесіне беріп кеткенбіз!
— Ә!? Әкесі қайдан кездесті? (Мұстафин).
— Жоқ, Ақтан ағай, ондай берекесіз қиялды ойлайтын біз бала емеспіз?!
— Ә, бала емеспіз? Бала емей сендер кімсіңдер! (Хұсайынов).
2) Біреудің шақырған дауысына жауап беру, үн қату мағынасында.
— Күләнда!
— Ә! — деп қатқан қыз жауабы болды оған әкелгендей бір терең сыр (Саин).
3) Бір нәрсе есінен шығып кетіп, кейін еске түскендігін немесе бір нәрсені алғашқыда түсінбей қалып, кейін түсінгендігін аңғарту мақсатымен қолданылады.
— Хат? Кімнен хат? Ә-ә, бағана мен берген хат екен ғой! (Сланов).
Ә-ә, білдім, білдім, білдім! (Мұқанов).
4) Біреуді өзіне қарату мақсатымен қолданылатын қаратпа сөз мағынасында да жұмсалады.
— Келін, ә, келін! — деді ол шамды тұтатқасын (Мұқанов).
5) Ә! одағайы сөйлем соңында келгенде, әдетте сұрау мағынасында жұмсалады.
Менде тығылып жатқан сұмдық бар екен! Бұл қалай, ә? (Ерубаев).
Сендер ғой елден ай сайын хат алып тұрсыңдар, ә? (Әбішев).
Кейде сөйлем соңында кездесетін ә! одағайының бойында сұрау мағынасымен қатар, әжуа, мысқыл реңкі де байқалады.
Өзің мені әдейі жалғыз жібергің келіп, естімейсің де, енді келіп өкпе айтқан боласың, ә?!
Әй, қусың-ау! (Әбішев).
Осы сен қусың-ау деймін, Асқар, ә? (Мұқанов).
Мұндай көп мәнді қасиет тұрмыс-салт одағайларында жоқ. Ал императивтік одағайларда көп мәнділік сирек кездеседі. Көп мәнді одағайлардың бойында да жоғарыда көрсетілген қыруар көп мәндері сол одағайлардың өзінен шығып отырған жоқ, олар бұл қасиетке сөйлемдегі контекст, сөйлеу тіліндегі ситуация және интонация арқылы ие болып отыр.
Контекстің, ситуацияның және белгілі бір жағдайда интонацияның қатыстығы болмаса, одағайлар көп мәнді сипатынан айрылар еді. Сондықтан одағайлардың семантикалық сипатын ашуда, мәнін айқындауда контекстің, ситуацияның, интонацияның, сөйлемдегі тұрғысының (орнының) атқаратын мәні зор.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.