Одағай сөз табына жататын сөздер адамның көңіл-күйін, сезімін білдіру мақсатымен ғана емес, сонымен қатар басқа біреуге бұйыру, ишара білдіру немесе малды, үй хайуандарын шақыру, айдау, қорғау мақсатында да қолданылады.

Тіліміздегі одағай сөздер осындай мәніне қарай үш топқа бөлінеді:

1. Көңіл-күй одағайлары;

2. Императивтік одағайлар;

3. Тұрмыс-салт одағайлары.

Сондықтан да одағайлар сөйлемде белгілі бір мақсатпен қолданылғанымен, біріншіден, өз алдына жеке-дара тұрып, лексикалық мағына білдіре алмайды, нақты ұғымдық мәні жоқ, екіншіден, сөйлем ішінде басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді. Сондықтан одағайлар синтаксистік жағынан оқшау сөздер деп аталатын топқа жатады. Бірақ одағайлар сөйлемде білдіретін жалпы ойға қатысы бар: айтушының әр түрлі көңіл-күйін, сезімін, ишара етуді, императивтік мәнін, жеку, мал-жануарларға бағышталып айтылу мәнін т.б. білдіреді.

11.1.1. Көңіл-күй одағайлары

Бұл топтағы одағайлар адамның әр түрлі сезімдерін, көңіл-күйін білдіреді. Олар сан жағынан мол, семантикалық құбылу жағынан әрқилы, семантикалық реңкі өте бай топ. Бұл топтағы одағайлар әрі жағымды, әрі жағымсыз көңіл-күйді білдіре алады. Осы қасиетіне қарай көңіл-күй одағайлары ішінара үш топқа бөлінеді.

1) Жағымды көңіл-күйді білдіретін одағайлар:

Алақай! Ура!, һа! паһ-паһ!, бәрекелді!, оһо! т.б.

Мысалы:

Тракторға теңеу таппай, жұрт абыржып, аузына келгенін айтты – Паһ-паһ! Күйше күркіреуін қарашы! (Мұстафин).

Алақай! Ата! Апа!... Есбосындар келіп қалды! Соғыс бітті! (Сапаров).

– Оһо, жолдас болатын болдың (Әбішев) т.б.

2) Жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар:

Әттеген-ай! Әттең! Қап!, тәйірі! түге!, бай-бай-бай!, піш! пішту! т.б.

Мысалы:

Қап, Қазекеңе бақты суару керек деп айтайын деп отырып, ұмытып кеткенімді қарашы! (Шамкенов).

Уай, қайдасыңдар, түге, бар болғырлар! (Сонда).

Піш, тапқан екенсің қажырлы кісіні! (Мұқанов).

Бай-бай-бай, сорлы-ай, мені біреумен кетіп барады дейсің бе! Айтақтағалы барамын ғой... (Қуанышбаев).

3) Әрі жағымды, әрі жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар:

Бұл топтағы одағайлар әдетте көп мәнді болып келеді де, олардың мағыналары контекст ішінде не ситуацияда анықталады.

Пай-пай! одағайы қарама-қарсы екі мәнде жұмсалады:

а) таңдану, сүйсіну, таңырқау мәнінде:

Кәне, басыңа киіп көрші. Пай-пай, қандай жарасады, ә?! (Кәлменов).

Пай-пай, шіркін, Алатау, шандоз едің неткен сен (Сәрсенбаев).

ә) ренжу, наразылық мағынасында:

– Пай-пай, осы бір емізіп тартатының-ай! Айтпайсың ба сатырлатып! (Мұстафин).

Ал, енді бұлар төбелесті. Пай-пай, аяқтарының астында қаламыз-ау! (Әуезов).

11.1.2. Императивтік ишара одағайлары

Бұл топқа адам не хайуанатқа бағышталып айтылатын шақыру, жекіру, тыйым салу, бұйыру мақсатымен қолданылатын одағай сөздер жатады. Бұлар бағышталып отырған объектісіне қарай үлкен екі топқа бөлінеді.

1) Адамға бағышталып айтылатын одағайлар:

Бұған адамның адресіне бұйыру, жекіру, тыйым салу мақсатымен қолданылатын айда! тәйт! сап-сап! стоп! кәне! жә! тек! тәк! әуп! әлди-әлди! сияқты одағайлар жатады.

Мысалы:

Жә, тоқтат, ақсақал, Базаралыдан алмаған өшің бар ма?! (Әуезов).

Тек, тантымай сөйле! Былғама Нұрғанымды (Әуезов).

Желігуден жалықты жаным менің, сап-сап, көңілім, лепірме, тоқта, тоқта (Аманжолов).

2) Малға, үй хайуандарына бағышталып айтылатын одағайлар:

Бұл топқа айтақ, моһ-моһ, шөре-шөре, сарап-сарап, қос-қос, кәуіс-кәуіс, шәуім-шәуім, әукім-әукім, мәлік келгір, жамандатқыр сияқты үй хайуандарын шақыру, айдау, үркіту, қорғау мақсатымен қолданылатын сөздер мен одағайлы тіркестер жатады.

Мысалы:

Бағаң алақанын бір-біріне ұрып: «Моһ-моһ!» деп еді, етекке қарай желе жөнелді (Бөкеев).

Әукім-әукім, ақ бұзау, ертерек өс, құтты бол!.. Сиыр бол да, сүтті бол! (Тұрманжанов).

Қоянның ышқына қашқанын қызық көріп: «Айтақ, айтақ!» деп айқай салды (Хангелдин) т.б.

11.1.3. Тұрмыс-салт одағайлары

Бұл топ сан жағынан шағындау болғанмен, өмірде жиі қолданылатын одағайлар. Бұған адамдардың амандасу, қоштасу т.б. сыйластық белгісі ретінде қолданылатын хош! хайыр! рахмет! ассалаумағалейкум! құп! ләббай! кеш жарық! сияқты сөздер жатады.

– Құп! – деді де, қоштасып жүріп кетті агроном (Мұстафин).

– Ассалаумағалейкум, – дей мен сақалды адамға қол ұсындым (Мұқанов).

– Ләббай, тақсыр! – деп Перизат терезеден әрі қараңғы бөлмеге сүңгіп кетті (Тарази) т.б.

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.