Демеуліктер – өзі шылауында тұрған сөздерге әр түрлі грамматикалық мағына, реңк үстейтін сөздер. Олар модальдық-экспрессивтік сипаты зор, семантикалық мүмкіндігі мол сөздер. Апа, сіздің де бір жас иісті сүйетін кезіңіз болды-ау (Мұқанов). Түбірлі сөздің түйіні сенде көрінеді ғой (Әуезов). Дүниеде жаман да көп те, қызық та, ермек те көп те, бастапқыға кім шыдайды, соңғыға кім азбайды (Абай) деген мысалдардағы ау шылауы сөйлемнің экспрессивтік мәнін арттырса, ғой нақтылау, тұжырымдау, да демеулігі күшейту мәндерін білдіру үшін қолданылып тұр.

Демеуліктердің білдіретін мағыналары сан алуан. Олар өзі қатысты сөздерге я сөйлемге сұраулық, шектік, нақтылық, күшейту, тежеу, болжалдық, күмән сияқты грамматикалық мағыналар үстейді. Демеуліктер негізгі сөзге үстейтін мағыналарына қарай бірнеше топқа бөлінеді:

1. Сұраулық демеуліктер: ма/ме, ба/бе, па/пе, ше;

2. Күшейтпелі демеуліктер: -ақ, -ай, -ау, әсіресе, да/де, та/те;

3. Шектеу (тежеу) демеуліктері: ғана (қана), тек, -ақ;

4. Болжалдық демеуліктер: -мыс/-міс, -ау;

5. Болымсыздық, қарсы мәнді, салыстыру мағынасындағы демеуліктер: түгіл, тұрсын, тұрмақ, ғұрлым;

6. Нақтылау мәнді демеуліктер: қой/ғой, -ды/-ді, -ты/-ті;

7. Қомсыну мәнді демеуліктер: екеш.

10.1.3.1. Сұраулық демеуліктер

Сұраулық демеуліктер көбіне баяндауыш құрамында келіп, сұраулық мағына береді.

а) ма/ме, ба/бе, па/пе демеуліктері есім сөздерге, үстеуге, етістіктерге тіркесіп қолданылып, баяндауыш қызметіндегі сөз құрамында болады. Ардақты атың шыққан қан майданда, Атамас атағыңды таңдай бар ма? (Жамбыл). Е, сендер ме? Сендер беріп жібересіңдер ме? (Әуезов).

-ған ба еді, -ған ба екен, -а ма екен, -ып па еді тұлғалы етістіктермен бірге жұмсалғанда, сұраулық демеулігі негізгі сөз бен көмекші сөз арасында қолданылады. Бір сорды бір сорға қосқанда ырыс туа ма екен? (Мүсірепов). Көрмеген құқайым ба еді? (Әуезов). Тірі туысқан, өлі аруақты күңіренткен қылық осыдан шықпап па еді? (Сонда). Мынадай тілеу үстінде арман бола ма екен?! (Сонда).

Сұраулық демеуліктері ма/ме, ба/бе, па/пе баяндауыш қызметінде жұмсалған II жақ жіктік жалғауымен қатар келгенде, түбір мен жалғаудың арасына кірігіп кетіп, мы/мі, бы/бі, пы/пі болып өзгеріп кетеді. Әуелі өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? (Абай). Өмірді өкінбестей қылықпен өткізіпсің бе? Жоқ, болмаса, неғып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың? (Абай). Сен үйден шықсаң, адасып кетем деп қорқамысың? (Мүсірепов).

Баяндауыш қызметінде жұмсалған болжалды келер шақ есімшеге тіркесіп, лепті сөйлем құрамында да кездеседі. Бүгінгі күні қазақ халқы қандай тұрмыста тұратынын, қалай еңбек ететінін көрер ме еді солар?! (Мүсірепов).

Де көмекші етістігі арқылы жасалған күрделі етістік құрамында келіп, ма/ме сұраулық демеуліктері болжалдық мағына үстейді: келе ме деймін?, болар ма екен деп (дәмеленіп еді).

Ше сұраулық демеулігі есім сөздермен, үстеумен, етістікпен тіркесіп келіп, сұраулық мән береді. – Бозбалалар неге өлең айтпайды? – Қыздар ше? (Майлин). – Билер ше? Бидің бәрі жемтік емес пе? (Әуезов).

10.1.3.2. Күшейткіш демеуліктер

Күшейткіш демеуліктердің қатарына -ақ, -ау, -ай, әсіресе, да/де, та/те шылаулары жатады. Күшейткіш демеуліктері сөйлемге, айтылған ойға күшейту мәнін қосу үшін қолданылады. Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы (Абай). Жарасбай әсіресе мол иығымен, әупірімімен орнында қалды (Әуезов). Тыныштықты бұзып жау тисе, жауға біз де тиеміз (Жамбыл). Бай ауылда жоқ мінез көріп, таңданып та қояды (Мүсірепов).

-ақ демеулігі – тілде жиі қолданылатын шылаулардың бірі. Бұл шылау өзіне қатысты, яғни есім сөздерге, үстеу сөздерге тіркесіп, олардың мағынасын күшейту немесе ой екпінін түсіру үшін жұмсалады. Күшті-ақ екен, жарықтық! (Жароков). Сүйемін туған тілді, анам тілін, бесікте жатқанымда-ақ берген білім (Торайғыров).

-ай демеулігі адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіру үшін қолданылады, көбіне аяу, таңырқау мәнінде жұмсалады. -ай демеулігі зат есім мен сын есімдерге тіркесіп, оқшау сөз ретінде қызмет атқарады. Сары алтын, сопы меруерт, қарағым-ай (Ақан сері). Таласпа, жаным-ай, қолыңнан келмеске (Абай). Жамандар өтірікші, өсегі көп, ел-жұрттың іріткі салар арасында-ай (Сүйінбай).

-ау демеулігі есім сөздермен, етістік, одағай сөздермен тіркесіп, қуану, ренжу, күйіну мағыналарын үстейді. Қалай апарамыз, қарағым-ау, біздің қолымыздан не келеді (Мүсірепов). Құдай-ау, қайда сол жылдар, махаббат қызық мол жылдар?! (Абай).

Әсіресе демеулігі сөйлемге күшейткіш мағына үстейді. Әсіресе қолқабыс ететін адамдарыңызға риза болдым (Мүсірепов). Әсіресе өзінің атын ататтырғысы келмейтін сияқты (Сонда).

Да/де, та/те демеуліктері өзі тіркескен сөздерге күшейту мәнін қосу үшін қолданылады. Бағың өскенше, тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің... (Абай). Арманын да, азабын да, қуаныш-қайғысын да әнге сыйдыра білген, айналайын елім-ай (Мақатаев). Жылататын да, жұбататын да – сөз (Момышұлы).

10.1.3.3. Шектеу демеуліктер

Шектік (тежеу) демеуліктері – ғана/қана, тек, -ақ. Тіркескен сөздеріне шек қойып, тежеу мағынасын үстеу үшін қолданылады. Ермекбай тек түнере берді (Әбішев). Абайлар үй ішімен ақырын ғана амандасты (Әуезов). Тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық қана шын мәнінде қымбат табыс (Әуезов).

Ғана демеулігі қайдан? неге? қандай? деген сұрау есімдіктерінен соң, сол сөзге ой екпінін түсіру, өкіну мағынасын білдіреді. Ділданы айырып көшіріп жібермей, неге алдым, неге ғана Әйгерімді алдым?! (Әуезов).

Тек демеулігі сөйлемде тіркескен сөздеріне тежеу мәнін қосады. Мысалы: Қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды (Мұстафин).

Тек демеулігі қана шылауымен де тіркесіп қолданылады. Тек қана түс артынан болған жүрек құйынын аңғарды (Әуезов).

-ақ демеулігі күшейту мағынасымен қоса, тежеу, шек қою мағынасын білдіре алады. Мен тентек пе, түбінде кім жазалы, қайғыны жіберуші өзі-ақ сынар (Абай). Сол үшін-ақ Рақымбай ұлығының қасиетін ұғып, қадірлей біледі (Мүсірепов).

10.1.3.4. Болжалдық демеуліктер

Болжалдық демеуліктеріне -мыс, -міс, -ау шылаулары жатады.

-мыс, -міс демеулігі сөйлеушінің айтылған ойға күмәндануын, сенімсіздігін білдіру үшін қолданылады. Сөйлемнің экспрессивті-эмоционалдық мәнін арттырады. Жас келіншек те ол десе жанын қоярға жер таппайды-мыс (Есенберлин). Жанынан өте берсе, жаңағы қарайған нәрсе ит болып ұлыған-мыс (Нәжімеддинов).

Осы сөйлемдерде -мыс демеулігі синтаксистік байланысатын сөзінің соңында келіп, ойға сөйлеушінің болжау, күдіктену сияқты көзқарасын білдіреді. Қолынан тарайды-мыс сайлау-сияз (Жансүгіров).

-ау демеулігі болжалдық келер шақ есімшеге тіркесіп, сол мағынаны басымдау етіп көрсету үшін қолданылады. Жиналған халық осыны тілейді-ау деймін (Әуезов).

10.1.3.5. Болымсыздық, салыстыру және қарсы мәнді демеуліктер

Болымсыздық, қарсы мәнді, салыстыру мағынасындағы демеуліктерге түгіл, тұрсын, тұрмақ, ғұрлым сөздері жатады.

Түгіл, тұрсын, тұрмақ демеуліктері есім сөз, үстеу, етістіктермен тіркесте келіп, болжалдық, қарсы қою мағынасын білдіреді. Бұл шырақ өшпес түгіл, лаулап жанар (Дөнентаев). Байтал түгіл, бас қайғы (мақал).

Ғұрлым демеулігі салыстыру мәнін білдіру үшін қолданылады. Жанымның сол ғұрлым болмағанына өкінемін («Ана тілі»).

10.1.3.6. Нақтылау мәнді демеуліктер

Нақтылау мәнді демеуліктеріне қой/ғой, -ды/-ді, -ты/-ті шылаулары жатады.

Қой/ғой демеуліктері тіркескен сөздеріне нақтылау, тұжырымдау мағынасын үстеу үшін қолданылады. Енді көрісер-көріспесіміз екіталай ғой (Сейфуллин). Боданның есігі іштен жабық-ты (Жұмаділов). Сүйемін сені, туған ел – ata мекен, абзал анам сенсің ғой, құшағың кең (Рамжанов). Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық-ты (Шалкиіз).

-ды/-ді, -ты/-ті демеуліктері сөйлемде баяндауыш болып тұрған сөзге тіркесіп, оның мағынасын нақтылай түсу үшін қолданылады. Кешегі Ұзақ ауылында болған тінту осы сөздің салдарынан туған-ды (Әуезов). Кешегі өткен ер Әбіш, елден бір асқан ерек-ті, жүрегі жылы, бойы құрыш, туысы жаннан бөлек-ті (Абай).

10.1.3.7. Қомсыну мәнді демеуліктер

Қомсыну мәнді демеулікке екеш шылауы жатады. Бұл шылау тіркескен сөзіне қомсыну, менсінбеу мағынасын үстейді.

Екеш демеулігі, негізінен, есім сөздерге тіркеседі. Түйе екеш түйесіне дейін егін көрсе, таптап беріп тұрса керек (Кекілбаев).

Қожа екеш қожасына дейін бір ауыз бірдемені орысшалаған болып... (Мүсірепов).

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.