Дауысты дыбыстар өз бетімен буын құрай алатын болғандықтан, олардың үндесім варианттарын дербес айту оңай. Сондықтан қазіргі қазақ фонетикасында әрқашан дауыстылардың үндесім құрамы сөз болады. Қазақ тілінде 9 дауысты бар дегенде дауыстылардың үндесім варианттарының саны көрсетіледі.
Ендеше, қазақ тіліндегі үндесім дауыстылардың құрамы (саны) белгілі. Енді олардың «әліпби» құрамын табу керек. Ол үшін алдымен дауыстылардың үндесім белгілерінің басы ашылуға тиіс.
Қазақ тілінде дауысты дыбыстардың жақ қатысына қатысты (ашық–қысаң) үндесімі жоқ. Бұл белгілер әрі қарай есепке алынбайды. Үндесім белгілері тілдің көлденең (ілгері–кейін) қалпы мен ерін қатысынан туындайды. Алайда үндесім құбылысын сипаттау үшін фонетикалық атаулар (тіл ортасы, тіл арты, ерін, езу т.б.) жарамайды. Сондықтан үндесім талдауы кезінде тек қана үндесім атаулар жүйесін (жуан, жіңішке, еріндік, езулік т.б.) пайдалану керек.
А–Ы бір үндесім әуезбен (тембрмен), яғни «жуан, езулік» әуезбен айтылады, өйткені бұл белгілер екеуіне де ортақ. Ендеше олар бір сөздің құрамында кездесе береді.
Ы–І екі түрлі үндесім әуезбен айтылады: біріншісі – жуан, екіншісі – жіңішке. Сондықтан олар бір сөздің құрамында кездеспейді.
Қазақ әдеби айтылымында тіл әуезі мен ерін әуезі қатар сақталып келе жатқандықтан, еріндік үндесім дыбыстарды да сипаттап шығу – бүгінгі фонетика ғылымының міндеті.
Қазақ тіліндегі үндесім дауыстылардың құрамы анықталып, жүйесі сипатталып шықты. Енді қазақ тіліндегі фонетикалық дауыстыларды іздеу керек.
Сонда дауысты дыбыстардың жуан–жіңішке үндесім түрлері бір дауысты дыбыс деп қарастырылады:
А тірек дауысты дыбысы екі үндесім дыбыстан тұрады: А, Ә.
Ы тірек дауысты дыбысы екі үндесім дыбыстан тұрады: Ы, І.
Е тірек дауысты дыбысы бір үндесім дыбыстан тұрады (жуан сыңары жоқ).
Ұ тірек дауысты дыбысы екі үндесім дыбыстан тұрады: Ұ, Ү.
О тірек дауысты дыбысы екі үндесім дыбыстан тұрады: О, Ө.
Үндесім фонологиясы тұрғысынан қарағанда, дауысты дыбыстардың жуан–жіңішке, еріндік–езулік үндесім түрлері бір дауысты дыбыс болып табылады. Сонда:
А тірек дауысты дыбысы екі үндесім дыбыстан тұрады: А, Ә;
Ы тірек дауысты дыбысы төрт үндесім дыбыстан тұрады: Ы, І, Ұ, Ү;
О тірек дауысты дыбысы үш үндесім дыбыстан тұрады: О, Ө, Е.
Бірінші топқа ашық дауыстылар, екінші топқа қысаң дауыстылар, үшінші топқа құранды (дифтонг) дауыстылар жинақталған.
Сонымен, қазақ тілінде үш дауысты дыбыс бар болып шығады:
ашық дауысты (немесе А дауыстысы);
қысаң дауысты (немесе Ы дауыстысы);
құранды дауысты (немесе О дауыстысы).
Қазақ фонологиясы – үндесім (сингармонизм) фонологиясы. Ендеше, қазақ тіліндегі тірек дауыстыларды үндесім фонема, ал олардың үндесім варианттарын үндесім аллофон деп атауға болады.
Сонда қазақ тілінде 3 тірек дауысты (фонема) бар. Олар 9 үндесім аллофон ретінде тарайды.
А (ашық) тірек дауыстысы екі үндесім аллофоннан құралады: А – негізгі үндесім аллофон, Ә – жай үндесім аллофон.
Ы (қысаң) тірек дауыстысы төрт үндесім аллофоннан құралады: Ы – негізгі үндесім аллофон, І, Ұ, Ү – жай үндесім аллофондар.
О (құранды) тірек дауыстысы үш үндесім аллофоннан құралады: О – негізгі үндесім аллофон, Ө, Е – жай үндесім аллофондар.
Негізгі және жай үндесім аллофондарды белгілеудің шартты екенін ескеру керек. Шындығында, үндесім аллофондардың фонологиялық мәртебесі бір-бірімен тең.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.