Қазақ тіліндегі үнді дауыссыз дыбыстардың құрамы төмендегідей: М, Н, Ң, Р, Л, Й, У. Бұлар қазақ тіліне тән төл дауыссыз дыбыстардың қатарына жатады. Үнді дауыссыз дыбыстардың бәріне ортақ белгі – дауыстың мол қатысуы. Басқаша айтқанда, үнді дауыссыз дыбыстардың жасалуына дауыс желбезегі мол қатысады, мол тербеледі. Үнді дауыссыздарды ұйыстырып отыратын бірегей белгі осы болып табылады.
М дауыссыз дыбысы
Жасалымы:
М дауыссыз дыбысы қос ерін арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай ерін-ерінді дауыссыз болып табылады.
М дауыссыз дыбысы қос (астыңғы және үстіңгі) еріннің тоғысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай тоғысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады.
М дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады.
Жасалым белгілері: ерін, тоғысыңқы, үнді дауыссыз дыбыс.
Н дауыссыз дыбысы
Жасалымы:
Н дауыссыз дыбысы тілдің ұшы мен күрек тіс-қызыл иектің шекарасы арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай тіл ұшы дауыссыз болып табылады.
Н дауыссыз дыбысы тіл ұшының күрек тіс-қызыл иек шекарасымен тоғысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай тоғысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады.
Н дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады.
Жасалым белгілері: тіл ұшы, тоғысыңқы, үнді дауыссыз дыбыс.
Ң дауыссыз дыбысы
Жасалымы:
Ң дауыссыз дыбысы тіл арты мен тілшік арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай тілшік дауыссыз болып табылады.
Ң дауыссыз дыбысы тіл арты мен тілшіктің тоғысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай тоғысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады.
Ң дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады.
Жасалым белгілері: тілшік, тоғысыңқы, үнді дауыссыз дыбыс.
Р дауыссыз дыбысы
Жасалымы:
Р дауыссыз дыбысы тілдің ұшы мен күрек тіс-қызыл иектің шекарасы арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай тіл ұшы дауыссыз болып табылады.
Р дауыссыз дыбысы тіл ұшының күрек тіс-қызыл иек шекарасымен қақтығысуы (тоғысым-жуысымы) арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай діріл дауыссыз дыбыс болып табылады.
Р дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады.
Жасалым белгілері: тіл ұшы, діріл, үнді дауыссыз дыбыс.
Л дауыссыз дыбысы
Жасалымы:
Л дауыссыз дыбысы тілдің ұшы мен күрек тіс-қызыл иектің шекарасында жасалады. Жасалу орнына қарай тіл ұшы дауыссыз болып табылады.
Л дауыссыз дыбысын айтқанда тіл ұшының күрек тіс-қызыл иек шекарасымен тоғысып, тілдің екі жаны ашық қалады. Жасалу тәсіліне қарай жанама жуысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады.
Л дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады.
Й дауыссыз дыбысы
Жасалымы:
Й дауыссыз дыбысы тіл түбі мен тілшік арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай тілшік дауыссыз болып табылады.
Й дауыссыз дыбысы тіл түбі мен тілшіктің жуысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай жуысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады.
Й дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады.
Жасалым белгілері: тілшік, жуысыңқы үнді дауыссыз дыбыс.
У (W) дауыссыз дыбысы
Жасалымы:
У (W) дауыссыз дыбысы қос ерін арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай ерін-ерінді дауыссыз болып табылады.
У (W) дауыссыз дыбысы қос (астыңғы және үстіңгі) еріннің дөңгелене жуысуы арқылы жасалады. Жасалу тәсіліне қарай жуысыңқы дауыссыз дыбыс болып табылады.
У (W) дауыссыз дыбысын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі, яғни мол қатысады. Дауыс қатысына қарай үнді (тербелімді) дауыссыз дыбыс болып табылады.
Жасалым белгілері: ерін-ерінді, жуысыңқы, үнді дауыссыз дыбыс.
Қазақ тілінің жасалым қорындағы барлық жасалым нүктелері үнді дауыссыз дыбыстарға қатысты. Ерін арқылы М, У, тіл ұшы арқылы Н, Р, Л, тілшік арқылы Ң, Й дыбысы жасалады.
Қазақ тілінде тіл арты арқылы жасалатын үнді дауыссыз дыбыс жоқ.
Қазақ тілінің жасалым қорындағы жасалым тәсілдерінің үнді дауыссыз дыбыстарға қатыстылары тоғысыңқы, жуысыңқы, діріл, жанама болып шығады. Ерін тоғысымы арқылы М, тілшік тоғысымы арқылы Ң, тіл ұшы тоғысымы арқылы Н, тіл ұшы діріл жуысымы арқылы Р, тіл ұшы жанама жуысымы арқылы Л, тілшік жуысымы арқылы Й, ерін-ерін жуысымы арқылы У дыбысы жасалады.
Үнді дауыссыздар жеті дыбыстан құралады.
Сонымен, үнді дауыссыз дыбыстар тобына бір ортақ белгі (дауыс қатысы), екі айырым белгі (жасалу орны мен жасалу тәсілі) тән. Жасалу тәсілі іштей тағы түрлене береді.
Дауыссыз дыбыстардың толық жасалым кестесінде олардың тілде бар барлық варианттары ескерілді. Ж дауыссызының жабысыңқы ДЖ варианты, Ғ-Г дауыссызының сөз ортасындағы жуысыңқы варианттары, сондай-ақ Қ, Ғ дауыссыздарының “дәстүрлі” жіңішке үндесім варианттары К, Г дауыссыздары еніп отыр. Себебі, бұл дыбыстардың бәрі қазіргі қазақ әдеби тілінде өзге дыбыстармен тең жүр.
Енді бірте-бірте вариант дыбыстарды шығарып тастап, дауыссыздардың “фонетикалық” құрамын ғана қалдыру керек. Алдымен Ж дауыссызының сөз басында ғана кездесетін орнығым варианты (позициялық вариант) жабысыңқы “ДЖ” дыбысы, Ғ-Г дауыссызының сөз ортасындағы жуысыңқы орнығым варианты мен Қ, Ғ дауыссыздарының бұл жерде басы артық жіңішке үндесім варианттары К, Г дыбыстары алынып тасталады (олар төмендегі үндесім талдауда басқа дауыссыздардың жіңішке варианттарымен қатар ескеріледі). Сөйтіп қазақ тілі дауыссыз дыбыстарының 17 дыбыстан тұратын құрамы шықты.
Дауыс қатысына қарай:
а) қатаң дауыссыз дыбыстар жасалғанда дауыс желбезегі тербелмей, бейтарап қалады: П, Т, Қ-К, С, Ш;
ә) ұяң дауыссыз дыбыстар жасалғанда дауыс желбезегі жартылай тербеледі: Б, Д, Ғ-Г, З, Ж;
б) үнді дауыссыз дыбыстар жасалғанда дауыс желбезегі мол тербеледі: М, Н, Ң, Р, Л, Й, У.
Жасалу орнына қарай:
а) ерін-ерінді дауыссыз дыбыстар ерін мен еріннің тоғысымы (не жуысымы) арқылы жасалады: П, Б, М, У;
ә) тіл ұшы дауыссыз дыбыстар тіл ұшы мен қызыл иектің тоғысымы (не жуысымы) арқылы жасалады: Т, Д, Н, С, З, Р, Ш, Ж, Л;
б) тілшік (тіл ортасы) дауыссыз дыбыстар тілшік (тіл ортасымен) пен тіл түбінің (таңдайдың) тоғысымы (не жуысымы) арқылы жасалады: Қ (-К), Ғ (-Г), Ң, Й.
Жасалу тәсіліне қарай:
а) тоғысыңқы дауыссыз дыбыстар сөйлеу мүшелерінің бір-бірімен тоғысымы арқылы жасалады: П, Б, М, Т, Д, Н, Қ (-К), Ғ (-Г), Ң;
ә) жуысыңқы дауыссыз дыбыстар сөйлеу мүшелерінің бір-бірімен жуысымы арқылы – С, З, Ш, Ж, Й, У (Ғ-Г), діріл жуысымы – Р, жанама жуысымы – Л арқылы жасалады.
Екі дауыссыз дыбыстың арасында ең кем дегенде бір айырым белгі болу керек. Барлық белгілері бірдей екі дауыссыз дыбыс болмайды және болуы мүмкін емес. Мысалы:
– П-Б дауыссыз дыбыстарының екі ортақ (+) – екеуі де ерін және тоғысыңқы, бір айырым (-) – біріншісі қатаң, екіншісі ұяң белгілері бар;
– П-Д дауыссыз дыбыстарының бір ортақ (+) – екеуі де тоғысыңқы, екі айырым (-) – біріншісі қатаң және ерін, екіншісі ұяң және тіл ұшы белгілері бар;
– П-Й дауыссыз дыбыстарының ортақ белгісі (+) жоқ, оның есесіне үш айырым (-) – біріншісі қатаң, ерін және тоғысыңқы, екіншісі үнді, тілшік және жуысыңқы белгілері бар.
Осы жолмен барлық дауыссыздарды бір-бірімен салыстырып шығуға болады. Сөйтіп дауыссыз дыбыстардың өзара екі ортақ, бір айырым немесе бір ортақ, екі айырым немесе үш бірдей айырым белгілері болуы мүмкін.
Дәстүрлі фонетикада дауыссыздардың фонетикалық құрамына кейбір дыбыстардың үндесім варианттарын қосып жіберген. Сондықтан да төл дауыссыздардың санын әркім әр түрлі айтып жүр. Фонетикалық қисынды ұстанатын болса, онда қазақ тілінде 17 дауыссыз дыбыс бар, ал олардың үндесім варианттары үндесім (фонологиялық) талдаудың үлесіне тиеді.
Қазақ тілінің дауыссыз дыбыстары дауыс қатысына қарай қатаң, ұяң, үнді болып үш топқа бөлінеді. Мұның өзі дауыссыздардың дауыс қатысына қарай жіктелімі қазақ тілі үшін актуалды құбылыс екенін көрсетеді, әсіресе, морфология деңгейі үшін аса қажет жіктелім. Себебі түбір мен қосымшалардың іргелес үндесімі осы жіктелімге тікелей байланысты.
Дәстүрлі фонетикада бір дыбыстың құлаққа айқын шалынатын екі үндесім вариантын екі дауыссыз дыбыс деп қарау бар (Қ-К, Ғ-Г). Сонымен қатар жасалымы солармен бірдей кейбір дыбыстардың естілімі көмескі үндесім варианттарын аңғармай (ескермей) кету де бар (Ң-Ң, Й-Й). Сонда бұл жерде жіктелім белгі ретінде естілім қисыны ғана алынған: егер екі үндесім варианты құлаққа екі дыбыс болып анық естілсе, екі дауыссыз деп, ал анық естілмесе (жасалым алшақтығына қарамай) бір дыбыс деп танылған.
Қазақ тіліндегі тіл ұшы жуысыңқы дауыссыздардың жүйесі күрделі болып шықты. Олар үшін “жуысыңқы” белгісі бәріне ортақ. Оның үстіне “тіл ұшы” белгісі де ортақ болып шықты. Ендеше, тіл ұшы жуысыңқы дауыссыздар іштей тағы жіктелу керек. Олардың іштей жіктелім белгілері “жинақы, жайылыңқы, діріл, жанама” болып шықты.
Кейбір дауыссыздардың орнығым варианттары (сөз басында, сөз ортасында) әдеби айтылым ретінде жүргендіктен оның бәрі ескерілді.
Қазақ тілінде дәстүр бойынша сақталып келе жатқан х, һ әріптері бар. Олар бірлі-жарым сөздерде жазылғанымен (хат, халық, қаһар, жиһаз т.б.), айтылуда “қ” дыбысының сөз ортасындағы дауысты аралық жуысыңқы варианты ретінде дыбысталады. Сөз басында “х” әрпі тоғысыңқы “қ” болып айтылады. Ал “һ” әрпінің қазақша айтылым үлгісі жоқ.
Фонетикалық талдаудың нәтижесі келесі үндесім (фонологиялық) талдаудың бастауы болмақшы.