Сабақтастардың басқа түрлері сияқты, мақсат бағыныңқылы сабақтастар да өздеріне тиісті стилистикалық қызмет атқарады.
Жұмсалуындағы жиілік олардың өздерімен мазмұндас сөйлемдермен синоним болуына мүмкіндік жасайды. Мұндайда алдымен сабақтас құрмалас сөйлемдер мен салалас құрмалас сөйлемдердің синонимдігі бірінші кезекте сөз болмағы керек: Күні бойы жортқан аттар аз ғана тыныс алсын деп, жолаушылар енді бір суаттың басына келіп түсті (Әуезов). - Күні бойы жортқан аттардың аз ғана болса да тыныс алғаны дұрыс, сол үшін жолаушылар енді бір суаттың басына келіп түсті. Біреу-міреу көріп қалмасын деп, бізді үш-үштен қайыққа жатқызып, үстімізден брезентпен жауып, таң атқанша тасыды (Шәріпов). - Біреу-міреудің көріп қалмағаны жөн, сол үшін бізді үш-үштен қайыққа жатқызып, үстімізден брезентпен жауып, таң атқанша тасыды.
Міне, осылайша болып келеді, былайша айтқанда, түпнұсқадағы сөйлемдер сабақтас болғанда, оларға белгілі дәрежеде өзгеріс жасау арқылы салаласқа айналуы - заңды құбылыс. Мәселен, сабақтастың бағыныңқы сыңарындағы бөліктің баяндауышының сол бөліктің салаласқа енгенде, жаңа, яғни мәтінде жоқ сөздерді (дұрыс, жөн, жақсы, мақұл) кірістіретіні көрініп тұр. Бұлай болуының себебі ойдағы нақтылықпен тығыз байланысты.
Мақсат бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер жай сөйлемдер тіркесімен де синонимдік қатарға түседі. Ондайда сабақтастың құрамындағы сыңарлардың әрқайсысы жеке-дара жай сөйлемдер түрінде көрініс береді: Күні бойы жортқан аттардың аз ғана тыныс алғаны дұрыс. Сол үшін жолаушылар енді бір суаттың басына келіп түсті.
Құрмалас сөйлем мақсат мәнді болып келгенде, оны жай сөйлемге айналдыру үстінде құрылым жағынан біршама өзгертуге тура келеді. Мысалы, Осыдан басқа қоян тез көрінбеген. Соны іздеп табамыз деп, екеуі Қызылшоқының Шыңғыс жаққа қараған шеткі тұмсығына дейін барып қалыпты (Әуезов) деген сөйлем мынадай жай сөйлемге айналған болар еді: Екеуінің Қызылшоқының Шыңғыс жаққа қараған шеткі тұмсығына шейін барып қалғандағы мақсаты - соны іздеп табу.
Осы орайда сабақтас сөйлем мен салалас сөйлемнің өзара синонимдігіңдегі тағы бір тәсіл аңғарылады. Онда да сабақтастың басыңқы сыңары салаластың бірінші сыңарына айналады да, бағыныңқы сыңар салаластың екінші сыңары қызметін атқарады: Жолаушылар енді бір суаттың басына келіп түсті, ондағы мақсат - күні бойы жортқан аттарды аз ғана толас алдыру.
Бұдан әрі мұндай құрмалас сөйлемдердің жай сөйлемдермен синоним жасауына әбден болады: Жолаушылардың енді бір суаттың басына келіп түскендегі мақсаты - күні бойы жортқан аттарды аз ғана толас алдыруы.
Мақсат бағыныңқылы сабақтас сөйлемнің бағыныңқы сыңарлары қандай тұлғада келгеніне қарамастан, салалас құрмалас сөйлеммен де, жай сөйлемдермен де синонимдік қатар құра береді: Жасы кіші болса да, Сайлаубекке сәлем бергелі, сағынған соң, дидарласқалы келдім (Мұстафин). - Жасы кіші Сайлаубекке сәлем бермекпін, сағынған соң дидарласқым келеді, сол үшін келдім. - Жасы кіші. Сонда да Сайлаубекке сәлем бермекпін. Сағындым. Дидарласпақпын. Сол үшін келдім.
Мұндайда әр түрлі мағыналық реңктер көзге шалынуы мүмкін. Құрмалас сөйлемнің қай-қайсысында да мақсаттық мағынаға көбірек назар аударылып отыр. Жай сөйлемдерге келетін болсақ, олардың мазмұнынан мақсаттық ұғым білініп тұрғанымен, әр жай сөйлемде бөлек-бөлек айтылатын басқа мағыналар да қатарласа айтылады, бірақ мақсаттық мағынаның жетекші орын алатыны білініп тұрады.
Кей реттерде мақсат мәнді сөз жай сөйлемнің пысықтауыштан басқа мүшесінің құрамында да кездеседі: Танакөз бен Байболдың шаруа қатар түскелі тұрғаны да мырзаның өзді-өзін жестиіру саясатынан туған (Мұстафин). Мұны құрмалас сөйлемге айналдыруға мүмкіндік бар, алайда жай сөйлем ішіндегі бастауыш болу қызметі өзгеріп кетеді: Танакөз бен Байбол шаруа қатар түспек, бұлай болып тұрғаны да мырзаның өзді-өзін жестиіру саясатынан туған.
Осылайша мақсат мәнді сөйлемдердің төңірегінде де синонимдіктің біраз мәселесін байқауға болады.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. – 784 бет.