Синтаксистік синонимия реалдық шындықтың сан алуан факторларының әр түрлі нәзік реңктерін синтаксистік құралдар арқылы дәл берудегі тілдің мол мүмкіндігін танытады; реалдық қатынастардың анық берілуін қамтамасыз етеді; бір конструкцияның орынсыз қайталана бермей, түрлі конструкцияларда келіп, соның нәтижесінде сөйлеу (жазу) тіліміздің сұлулығына, мүсіндене түсуіне әсерін тигізеді. Қысқасы, айтушының сөйлеу мәдениеті неғұрлым жоғары болған сайын, синонимдік құралдарды да ол солғұрлым кең әрі белсенді пайдаланады.

Әңгіме синтаксистік синоним жайында болғандықтан, мұндайда синтаксистік қатынастың жетекші орын алатыны өзінен-өзі түсінікті болса керек. Синтаксистік қатынас дегенде, ондай қатынастың бірдейлігі ескерілуге тиіс. Мәселен, Алматыдан келе жатыр мен Алматыға келе жатыр мысалдарында кеңістік қатынас болғанымен, бұл конструкциялар өзара синоним бола алмайды, себебі біріншісі шыққан жерді білдірсе, екіншісі бағыт-бағдарды көрсетеді. Демек, екеуі де бірыңғай бағыт-бағдарды немесе бірыңғай шыққан жерді білдіргенде ғана синоним деп есептеуге хақылымыз: Алматыдан келе жатыр – Алматы жақтан келе жатыр немесе Алматыға келе жатыр – Алматы жаққа келе жатыр.

Синтаксистік синонимдіктің екінші принципі – лексикалық құрамның ортақтығы. Айталық, Алматыдан келе жатыр мен Мәскеуден келе жатыр конструкцияларының екеуінің де кеңістік қатынасты, оның ішінде шыққан жерді, демек, бірыңғай қатынасты білдіргендеріне қарамастан, бір-бірімен синоним болмауының басты себебі – лексикалық құрамның әр түрлі болып келгендігінен деп қараған жөн. Нақтырақ айтқанда, екі конструкцияның біріншісінде бар сөз (Алматыдан) екіншісінде жоқ және керісінше, екіншісінде бар сөз (Мәскеуден) біріншісінде болмай тұр. Сондықтан Мәскеуден келді – Мәскеу қаласынан келді болса ғана, синоним деп қабылдауымыз керек.

Дәл осы жағдайды тек сөз тіркесіне байланысты ғана емес, сөйлемге қатысты да айтуға болады. Мынадай жұп сөйлемдерді өзара синоним деп есептеу дұрыс болмас еді: Сен келмегендіктен, мен киноға бара алмадым – Билет болмағандықтан, мен театрға бара алмадым немесе Сенің маған не айтқың келіп еді? – Сенің маған не көрсеткің келіп еді?

Сондықтан зейінділігінің арқасында жақсы оқыды және зейінділігімен жақсы оқыды дейтін сөз тіркестері өзара синоним деп танылуы тиіс.

Лексикалық құрамның бірдейлігі дегенде, толық мағыналы сөздердің немесе «атауыш сөздердің» синонимдік қатар жасайтын конструкцияларда қайталанып келуін ескереміз. Ал көмекші сөздерге келетін болсақ, олар өздеріне тән лексикалық мағыналары солғындаған, лексикалық мағыналарынан гөрі грамматикалық мағыналарының басым болуы себебінен, көбінесе әр алуан грамматикалық қатынастарды білдіріп, әр қилы грамматикалық қызмет атқаратын «жәрдемші сөз» болғандықтан, лексикалық құрамға айта қаларлықтай өзгеріс енгізе алмайды.

Синтаксистік конструкциялардың (сөз тіркесі, жай сөйлем, құрмалас сөйлем) әр түрлі болуларына байланысты көмекші (жәрдемші) сөздердің де синонимге қатысу дәрежесі әр алуан болып келеді. Қалай болғанда да, көмекші сөздердің синоним жасаудағы қызметін теріске шығарудың еш реті жоқ. Қайсыбір жағдайларда көмекші сөздің бір конструкцияларда болмай қалуының өзі осы екі конструкцияның синоним болуына мүмкіндік туғызады.

Сөз тіркестерінің синонимикасында бағыныңқы сыңарлардың әр тұлғада келуі міндетті деп есептеледі де, басыңқы сыңарлардың тұлғаларында еркіндік басым, яғни басыңқы тұлғалардың бірдей де, әр түрлі де болуы мүмкін.

Басыңқы сыңар қызметіндегі сөздердің саны синонимдікте шешуші рөл атқармайды. Мәселен, синонимдік қатардағы бір сөз тіркесінде басыңқы сыңар орнындағы сөз бір ғана болуы мүмкін де, екінші сөз тіркесіндегі сөздің саны көп (екеу, үшеу, тіпті төртеу) болуы да ғажап емес. Таза сан жағынан алғанда олардың синонимдікке «кері әсері» байқалмайды. Осыған орай, екіншіден, синоним болатын сөз тіркестеріндегі басыңқы сыңар қызметіндегі негізгі (атауыш) сөздің түбірлес болуы заңды деп есептеледі: есіктен шықты – есік арқылы шығып бара жатты.

Қазақ тілінде және басқа түркі тілдерінде де сөз тіркестеріндегі басыңқы сыңарлардың өзара лексикалық синоним ретінде кездесетіні бар: Әбіш бірдеме айтқысы келсе, тек ұйқылы-ояу адамның қалпындай, ақырын сыбырлап айтып та қояды (Әуезов). Абай тағы да сыбырлай сөйлеп шер толқытып кеткенде, ойда жоқта өз-өзінен ырғақты бір жолдар құралды (сонда). Құз-қияны өрмелеп, Ай туады дөңгелек (Мәуленов). Бір күні тік басуға жарадым мен, Сол сол-ақ, қияға өрлеп барамын мен (сонда).

Айтып-сөйлеп; өрмелеп-өрлеп сөздерінің лексикалық синонимдер екені дау туғыза қоймас. Мұның өзі осы сөздер қатынасқан сөз тіркестерінің синтаксистік синоним болуына біршама жақындатып тұр. Керісінше жағдайда, айталық, сыбырлап айтып — сыбырлай ұрсып немесе қияны өрмелеп — қияға қарап тәрізді болып келсе, мұндай сөз тіркестерінің синоним болуы не болмауы туралы мәселені қою артық болар еді. Дегенмен, сыбырлап айтып — сыбырлай сөйлеп; қияны өрмелеп — қияға өрлеп тіркестеріне қарап, тура мағынасындағы синтаксистік синонимдердің мысалы деу қиын, өйткені басыңқы сыңарға қатысты бізге дейінгі зерттеушілердің пікіріндегі ақылға қонымды терминді орынды деп есептеп, біз де синонимдердің мұндай түрін лексика-синтаксистік синонимдер деп атауды жөн көреміз.

Синтаксистік синонимикадағы келесі принцип — мағыналық жақындық принципі. Лексикалық және фразеологиялық синонимдердегідей, синтаксистік синонимдерде де зерттеушілердің ешқайсысы мағыналық жақындықты жоққа шығарып көрген емес. Бұлай болуы заңды да, себебі синонимдердің қайсысы болса да жеке сөздердің және конструкциялардың мағыналық жуықтығына сүйенетіндігі белгілі.

Синтаксистік мағынаның ұқсастығы принципіне тығыз байланысты келесі принцип — синонимдес синтаксистік конструкциялардың арасындағы айырмашылық принципі. Басқаша айтқанда, салыстырылып отырған конструкциялардың арасында кішкентай да болса өзгешелік байқалмаса, олар синоним бола алмайды. Демек, тілдің басқа ярустарындағы синонимдердің дублет пен варианттан айырмашылығы болатынындай, синтаксистік синонимдердің де синтаксистік дублеттерден, синтаксистік варианттардан айырмашылықтары міндетті түрде болулары керек.

Бұл принциптер, жалпы атауы синтаксистік болғандықтан, сөз тіркестері синонимдерінде де, сөйлемдердің синонимдерінде де басты принциптер болып табылады. Алайда кейбір реттерде құрылымының өзгешеліктеріне байланысты сөйлемдердің синонимдерінің сөз тіркестерінің синонимдерінен басқашалау болып келетін жайлары бар. Мысалы, тоғыз ай тоғыз күнде ана құрсағынан бір туған. Одан соң, тоқсан жасқа келгенде, заман құрсағынан тағы бір туды. Сөйтіп, ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған Жамбыл дүниеге екі рет туып келген.

Кез келген сауатты адамның осылайша жазуы әбден мүмкін: грамматика, стилистика тұрғысынан алғанда да, әр сөз орнында, айтар ойы айқын, түсінікті, былайша айтқанда, тосырқарлық ештеңе жоқ сияқты. Ал аса көрнекті стилист, көркем сөздің зергері Ғ. Мүсірепов бұл үш жай сөйлемнің орнына құрмалас бір ғана сөйлем құрайды: Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған Жамбыл — дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай тоғыз күнде ана құрсағынан бір туды; тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды.

Осы келтірілген үш жай сөйлем мен бір құрмалас сөйлемнің синонимдігі ілгеріде саналған шарттар мен принциптерге толық сәйкес келеді: екі жағдайда да ортақ мағына бар; бірыңғай синтаксистік мағына да білініп тұр; сонымен бірге, грамматикалық тұлғада да, мағынаның реңкінде де айырмашылық сезіледі: алдыңғыда әрқайсысы жай сөйлем болғаннан кейін, баяндауыштары тиянақты тұлғаға аяқталады да, екінші жағдайда құрмаластың құрамындағы бөлшектер болғандықтан, бір компонент пен екінші компоненттің, екінші компонент пен үшінші компоненттің арасындағы интонациялық жағынан жалғасып жатушылық та тыныс белгісі арқылы танылып тұр. Тағы бір айырмашылық мынада: бірінші жағдайдағы жай сөйлемдер ауызекі сөйлеу тілінің стиліне тән де, екінші жағдайдағы құрмалас сөйлем кітаби-жазба тілінің стиліне жақын екенін көрсетеді.

Сөз тіркестері синоним болғанда, бағыныңқы сыңарлардың әр түрлі болып келетіні тәрізді, жай сөйлем мен құрмалас сөйлем, сондай-ақ құрмалас сөйлем мен құрмалас сөйлем өзара синонимдік қатарға түскенде, мазмұндағы сәл де болса айырмашылыққа байланысты құрылымда да өзгешелік байқалуға тиіс: Өмірдегінің бәрін біліп алдың деп кім үйретті саған? (Иманжанов). — Өмірдегінің бәрін біліп алдың деп біреу үйретті ме? — Өмірдегінің бәрін біліп алдың деп кім үйретуші еді?

Әр құрылымдық синонимдіктің принципі ретінде келесі принциппен — экспрессивтілік, модальдылық және эмоционалдылықпен байланысты келеді. Жалпы мазмұны бір болып, айырмашылығы экспрессивтіліктен, модальдылықтан немесе эмоционалдылықтан көрініп тұрса, ондай сөйлемдерді өзара синонимдер деп есептейтін кездер де кездеседі. Мәселен, келтірілген мысалдағы сұраулы сөйлемді жауап талап ететін ашық сұрақты сұраулы сөйлем деуге болмайды, оны риторикалық сұраулы сөйлем деп түсіндірген дұрыс.

Түптеп келгенде, үш сөйлемнің де берер мазмұны бір. Соған қарамастан, бір-бірінен айырмашылығын байқауға болады: бірінші сөйлемде сес көрсету, кесіп-пішіп айту басым; екіншісінде — сенімсіздік, күмән, шүбә аңғарылады; үшіншісінде — айтушының тыңдаушыға өз ойын менсінбей, тәкаппар қалыпта жеткізу нышаны сезіледі.

Трансформациялық та синонимдіктің қажетті элементі ретінде қаралуға лайық, себебі “трансформациялық дегеніміз — белгілі бір морфологиялық құрылымда келген конструкцияның өзімен мазмұндас екінші бір конструкцияға айналдыру”: Сені көргеннен бері көңілім бір түрлі көтеріңкі сезіледі — Сені қалай көрдім, содан бері көңілім бір түрлі көтеріңкі сезіледі — Сені көруім мұң екен, содан бері көңілім бір түрлі көтеріңкі сезіледі...

Сонымен, синтаксистік синоним дегеніміз — екі немесе одан көп синтаксистік конструкцияның лексикалық құрамы бірдей, мазмұны бір, бірыңғай синтаксистік қатынаста келіп, құрылымы әр түрлі болып, соған сай нәзік мағыналық айырмашылығы байқалатын синтаксистік параллелизмнің түрі.

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.