Абзацтың күрделі синтаксистік тұтастықтан айырмашылығы: ол мағыналық-құрылымдық бірлік емес, стилистикалық-композициялық бірлік болып табылады. Бірнеше сөйлемнен құралған абзацтар көбіне өзінің шекарасы жағынан күрделі синтаксистік тұтастықтармен сәйкес келеді. Мұндай абзацтар стилистикалық дербес абзацтар болып табылады. Абзацтар бір сөйлемнен де, бірнеше күрделі синтаксистік тұтастықтан да тұруы мүмкін. Абзац пен күрделі синтаксистік тұтастықтың шекаралық сәйкес келуі ғылыми стиль мен ресми стильге тән. Ал көркем әдебиет стилі мен публицистикалық стильде мұндай сәйкестік міндетті емес. Оларда күрделі синтаксистік тұтастық пен абзацтың сәйкес келуі де, абзацтың бірнеше күрделі синтаксистік тұтастықты қамтуы да немесе күрделі синтаксистік тұтастықтың бірнеше абзацты қамтуы да кездесе береді.
Тіл білімі немесе лингвистика – тіл және оның даму заңдары туралы ғылым. Тіл – қоғамдағы адамдардың өзара пікір алысу, бір-бірімен қарым-қатынас жасау құралы. Әрбір тілдің дыбыс жүйесі, сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысы болады. Тілдің осы аталған әр түрлі жақтары тіл білімінің салаларында қарастырылады: мысалы, тілдің дыбыс жүйесі тіл білімінің фонетика саласында қарастырылса, сөздік құрамы лексика саласында, грамматикалық құрылысы грамматика саласында қарастырылады. Тіл білімінің осы аталған салаларының әрқайсысы өз ішінде бірнеше салаға немесе бөлімге бөлінеді: мысалы, фонетика саласы сипаттама фонетика, салыстырмалы-тарихи фонетика, эксперименталды фонетика және т.б. болып бөлінеді. Мұндай ішкі салалар немесе тармақтар жайында мәлімет осы кітаптың әр тарауының түс-тұсында беріледі (Аханов).
Бұл – ғылыми стильдегі күрделі синтаксистік тұтастық пен абзацтың шекаралық жағынан сәйкес келуінің мысалы.
Үлжан да өз міндетіне сыбана кірісіпті. Ол ас-ошақты Қазбаланың суына жақындатып қаздырып, мал сойғызуға кіріскен екен. Жиырма шақты жігіт биелерді ақтармалап сойып жатқанда, Үлжан тағы бір топ жігіттерді алып, жиырма қойдың он шақтысын Қазбаланың жағасына апарып, әр жерде қалың-қалың от жаққызып, үйітіп жатты. Мұнысы – ас пен тойда көп қонаққа істелмейтін сый. Бірақ Үлжан семіз жылқы еті мен жас қойдың етіне үйіткен қойдың дәмді қүйқасын да араластырмақ болыпты. Бейнет те болса, Абай үйлерінің ажарын арттыратын болды. Дәл нағашыларының ішіндегі үлкендеріне арнап екі кебеже сүр де әкелгізген. Қыстан қалған бар ескі иіс осы болатын. Қонақтың бәріне жеткізе алмаса да, ең елеулі тобына өзге астардың дағдысынан бөлек, сарыала тартқызбақ (Әуезов).
Бұл – көркем әдебиет стиліндегі абзац пен күрделі синтаксистік тұтастықтың шекаралық жағынан сәйкес келуінің мысалы.
Алғашқы үш күн бойында әкесінің қасында болған Әбіш қазір Абайдың да үлкен уайымда екенін көрді. Бір Абай емес, биылғы жыл осы отырған бар ағайын, көп ауыл тегіс қаралы. Себебі өткен қыстың бас кезінде Оспан қайтыс болған.
Ол қыс ортасында өзінің Жидебайдағы қыстауында Еркежан үйінде ауырды. Жаратылысында алып денелі Оспан соңғы жылдар ішінде қатты семіріп кеткен еді. Ауруы не екенін аңғарып болганша, аз күн ішінде қызуы қатты күшейді. Сол қызу өрлеген сайын сандырақ молайып, көбінше есін білмей жатты. Атыраптағы жақын туыс, жанашыр дос-жаранға “Оспан науқас” деген хабар жетіп үлгергенше, бас-аяғы алты күн ішінде жанталасып жатып, тез қайтыс болған (Әуезов).
Бұл күрделі синтаксистік тұтастық екі абзацтан тұрады. Алғашқы абзацта айтылған ойды екінші абзац жалғастырып тұр.
Биылғы көктем әдемі басталды. Наурыздың ортасында-ақ қар кетіп, жер кеуіп қалды. Құстар әлі келген жоқ. Наурыздың құсы, көктем хабаршысы – ұзақ, қарға ғана қалбалақтап, әр үйдің күресін төбесіне, жер тамның үстіне ұшып-қонып жүр. Қыстан көтерем болып құйымшағы сорайып әрең шыққан бірлі-екілі сиырдың өлі жүні түспеген, қыр арқасына сауысқан қонып, шоқып отыр; ол сауысқанды ауылдың үруді ұмытып қалған иттері аңдып жатыр. Ол қыстан әбден ығыры шыққан ел табиғаттың бұл пейіліне риза көңілмен тіршіліктің қамына кіріскен. Түркістан–Сібір темір жол құрылысының жұмысы Құланды ауылынан әлдеқайда алыстап, Айнабұлаққа біртабан жақындап қалып еді. Бұл ауылдағы күні кеше ғана қайнап жатқан еңбек, абыр-сабыр адамдары сап болып тынышталған. Іргеден өтіп, сонау оңтүстікке созылып кете барған рельс бойымен жүк тасыған кішкентай паровоздар анда-санда өтеді. Ойдағы-қырдағы қазақтар үшін осы екі-үш қорап сүйреткен кішкентай паровоздың өзі таңсық, аттысы түсіп, жаяулысы жатып қарап, таңдай қағады. Осыдан екі-үш-ақ жыл бұрын Омар байдың мыңғырған жылқысы үйездеп, желісі тартылып жатқан дала төсі мүлдем өзгерген: ілгері-кейін жосыған жолаушылар мен жұмысшылар, ұзын-ұзын рельс, жарамсыз шпал, тас, топырақ үйінділері мен қазылған үңгірлер. Дүниені өзгертудің осыншалық оңай екенін білмей келген қыр қазақтары көндім-көндіммен бастарын шайқап, таң-тамаша қалумен жүр. Дегенмен, ел еңсесін әлі де көтеріп кете қойған жоқ-ты. Бірде жетіп, бірде жетпей қалатын киер киім, ішер астың тапшылығы көп-көп іске қолбайлау жасады. Азын-аулақ мал ұстап, шаруалық кәсібін тастамаған Құланды жұрты нарком тарапынан берілер там-тұм ақшаға сатып алар жоқ ілде-алда тірлік шаруалық пен жұмыскерлікті қатар ұстап жанын сақтады. Азаматтары әкеліп тастаған жапырақ-жапырақ ақша жұмсалар жерін таппай, әр үйдің сандығында үйіліп жатты. Аягөздің базарына барса, бір тоқтысы мың сомның үстіне бір-ақ секірген қымбатшылық. Ақыры салы суға кетіп, қайтып оралатын да, құйымшағы сорайған жалғыз сиырының амандығын тілейтін. Әсіресе ата-бабасында жұмысшы болып көрмеген қыр қазақтары үшін малдан бірден қол үзіп кету аса қиынға соқты. Уақытша туған қиындыққа шыдамай, қырдағы ауылға көшіп, жаңадан құрылып жатқан колхозға кіргендері де болды. Дегенмен, түпкілікті теміржолшы болып қалған қазақтар молшылық еді (Бөкеев).
Келтірілген бір ғана абзацта үш күрделі синтаксистік тұтастық бар: біріншісі – көктем мезгілін, екіншісі – Түркістан–Сібір темір жолы құрылысына байланысты ауылға келген жаңалықтарды, ал үшіншісі – жұмысшылардың жағдайының қиындығын суреттеп отыр.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. - 784 бет.