Мұндай тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықтарда алғашқы сөйлем хабарлы сөйлем болып келеді және мезгіл немесе мекен пысықтауыштан басталады, кейде екеуі қатарласып, мезгіл пысықтауыштан кейін мекен пысықтауыш келеді де, қалған сөйлем мүшелері әрі қарай жалғасып өте береді. Күрделі синтаксистік тұтастықтың мазмұны мезгіл, мекен пысықтауыштарынан өрбіп, содан шығып тұрады. Мұндай тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықтар негізінен публицистикалық стильде көп кездеседі:

...45 жылдың жазында майданнан аман қайтқан 6 солдатты бүкіл Көлтабан ауылының еңбек-теген баласынан еңкейген кәрісіне дейін үлкен бір қуанышпен қарсы алған. Алтауы да ауыр жарақатпен әртүрлі госпитальдерде жатып, біршама айыққан соң оралған беттері екен туған жерге. Тағдыр шіркіннің алты майдангерді Отанымыздың алты түкпірінен айдап кеп тоғыстырған жері — сонау станция басы екен. Қиралаңдаған арбасымен кеше станция басына Жақып шал бармаса, онда алтауының кішкентай ауылға қашан жетерлері белгісіз еді (“Лен.жас”).

Алғашқы хабарлы сөйлем ойдың негізгі орталығы болып тұр. Екінші сөйлем біріншімен тура толықтауыш - бастауыш қатынасында (6 солдаты - алтауы) байланысқан болса, үшінші сөйлем екіншімен бастауыш - тура толықтауыш қатынасында байланысқан болса, үшінші сөйлем екіншімен бастауыш - тура толықтауыш қатынасында (алтауы - алты майдангерді) байланысқан; төртінші сөйлем үшіншімен тура толықтауыш - анықтауыш қатынасында (алты майдангерді - алтауын) байланысқан.

Бұл - басқы бөлігі мезгіл пысықтауыштан басталатын хабарлы сөйлемнен болған тізбекті күрделі синтаксистік тұтастық. Енді басқа бөлігі мекен пысықтауыштан басталатын хабарлы сөйлемнен болған тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықты көркем әдебиет мысалынан көруге болады:

Сүйіндік ауылына Абайлар ел орынға отыра келді. Өз қыстауынан айырылып, қарауылдың бас жағын - Түйөркеш деген жерді қыстаған Сүйіндік ауылы қазір тамда емес, киіз үйде екен. Мал, жан көп, бай ауыл осы орынды қыстауға лайықтап алғанмен, әлі жаңа қыстау сала алмай, ескілеу қара қораға сыя алмай, күннің көзі жылысымен киіз үйге шығыпты (Әуезов).

Алғашқы сөйлем мекен пысықтауыштан басталып тұр және мезгіл пысықтауышы да бар. Күрделі синтаксистік тұтастықтағы айтылған мазмұн алғашқы сөйлем басталып тұрған мекен пысықтауыштан өрбіп отыр, яғни одан кейін де Сүйіндік ауылы туралы ғана айтылады. Екінші сөйлем біріншімен пысықтауыш - бастауыш қатынаста (Сүйіндік ауылына - Сүйіндік ауылы) байланысса, үшінші сөйлем екіншімен бастауыш - бастауыш қатынасында (Сүйіндік ауылы - бай ауыл) байланысып тұр.

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.