Мұндай күрделі синтаксистік тұтастықтың ерекшелігі — бастауыш пен баяндауыштың арасында пауза болатындығы және баяндауышқа арнайы екпін түсіріліп айтылатындығы, яғни негізгі ой алғашқы сөйлемнің баяндауышында нақтыланады да, әрі қарай дамиды:

...Мәлік — жұмсақ адам, бірақ біздің өмірде қатал да бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын қарулы кісі ғана шаруа басқарады. Біздің аудандағы өндіріс оркестрін дирижердай бір таяқшаға бағындырып тұратын басшы керек... Мәлік аға өкпелемес, әрине, бұл — иленіп жатқан ертеңгі күн көретін терінің пұшпағы ғой. Осы тұрғыдан қарағанда, бір есептен аудандық советтің бастығы Ерекең іскер де қарулы... (Шашкин).

Бұл — алғашқы сөйлемнің баяндауышы зат есімнен болған, екі жай сөйлем мен екі құрмалас сөйлемнен құралған тізбекті күрделі синтаксистік тұтастық. Бірінші, екінші сөйлем бастауыш-баяндауыш қатынасында байланысып тұрса (қарулы кісі — басшы), төртінші сөйлем осы сілтеу есімдігі арқылы байланысқан.

Тағы бір мысал: Парыз, міндет — асуы қиын асқар шың, кез келген өтей алмайды. Ал сол бір парыз, міндет атаулыдан өтіп, жол тапса қайтер? Жоқ... Ол мүмкін емес. Қазіргі бір буыны қатпаған пәк сезімді ардақтай алмай, жүддетіп, есейтіп жіберер еді (Сүндетов).

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.