Мұндай күрделі синтаксистік тұтастық негізінен поэзияда кездеседі. Проза жанрында кездесуі өте сирек және бұл әр жазушының стиль ерекшелігіне байланысты:
Біледі шал, баласының неге мұнша қыспақта жүргенін. Албырт жастық – бұтаны айналып кетудің орнына табанының қанын сорғалатып тура жалаңаяқ басады. Сембі бұл жайында, керек десең, көршілерімен де әңгіме қылмайды. Аузына берік: бала – үкіметтікі, іс – халықтікі, өзі білер, не қылса да (Шашкин).
Басқы бөлік күрделі синтаксистік тұтастықтың қысқаша мазмұнын өз бойына жинақтап тұр. Одан кейінгі екі жай сөйлем бұл сілтеу есімдігі арқылы байланысып, алғашқы сөйлемді қорытушы сөйлем деуге болады.
Тұрған ұйқы-тұйқы ақ самайың,
Мен қалай,
Әй, сені жат санайын.
Абыржып асаңды ұстап отырғаның
Ашулы Грозный патшадайын
(Мақатаев).
Прозамен салыстырғанда, поэзияда күрделі синтаксистік тұтастық анағұрлым ашық, нақты беріледі, өйткені поэзиядағы әрбір шумақ белгілі бір аяқталған ойды білдіріп тұрады.
Поэзия синтаксисінде сөйлем байланыстарының прозаға қарағанда қабысыңқы, берік болуының себебі – онда сөйлемдерді синтаксистік қатынасқа келтіретін, прозада кездеспейтін ерекше тәсілдердің болатындығында.
Сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыратын ондай ерекше тәсілдер қатарына өлең тармақтарында болатын ұйқас пен ырғақ жатады. Прозада өлеңде болатындай ұйқас, ырғақ болмайтындықтан, егер мағыналық жақтарынан бір-біріне байланысты болмаса, сөйлемдердің бастары бірікпей, бөлек-бөлек болып тұрады. Ал поэзияда олай емес: мағыналық жақтарынан бір-біріне байланысты болмаса да, шумақ құрамындағы сөйлемдер өзара бірыңғай ұйқаста, бір ырғақта айтылады да, сол арқылы күрделі бір бүтін болып тұрады.
...Қанышынан кешегі хат таныған,
Хал қалай деп сұрасаң қарттарынан,
Білмейді екен басқаны шаттанудан,
Аулақ емес, әрине, мақтанудан
(Мақатаев).
Поэзияда да, прозадағыдай, белгілі бір күрделі, аяқталған ойды білдіретін күрделі синтаксистік тұтастықты құраушы компоненттерді байланыстыратын арнайы тәсілдері болады. Оларға лексикалық қайталаулар, іліктестік, баяндауыштарының бір тұлғада тұруы, параллельдік т.б. жатады:
Жаралылар,
Жаралылар...
Жүздерінде майданның алауы бар,
Аспанынан жоғалып қара мұнар,
Бастарынан ақ ұлпа жауады қар.
Жаралылар,
Жаралылар, жандары бала құмар,
Жаралылар,
Жаралы жетімдерге пана – бұлар
(Мақатаев).
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.