“Сағи да Нұрланның құрбысы. Бұл да сол өзі оқыған Баянауылдың он жылдық мектебін бес-алты жыл кейін бітірген көрінеді. Жақында бір әңгімелескенінде: “Нүреке, оқу қайда қашар дейсің. Әке-шешеге көмектесіп, тұрмыс түзеп алмасақ, балалар көп, үй іші жүдеу” деген-ді. Әкенің таяғын ұстап, ауылда белді азамат болатын келешекте — осы Сағи. Биылғы орақта сәті түссе, әкесін іздетпес...” (Шашкин).

Басқы бөліктің, яғни алғашқы сөйлемнің бастауышы — Сағи. Бұл сөйлем осы күрделі синтаксистік тұтастықта айтылатын ойдың қысқаша мазмұнын өз бойына жинақтап, алдындағы күрделі синтаксистік тұтастықпен байланыса отырып, жаңа ой енгізіп тұр. Бұл, сөйтіп, алғашқы сөйлемі бастауыштан басталған, төрт жай сөйлемнен және бір төл сөзді конструкциядан құрылған, III жақтан баяндалып тұрған күрделі синтаксистік тұтастық. Сөйлемдері өзара тығыз байланысқан. Екінші сөйлем алғашқы сөйлеммен Сағи деген бастауыштың орнына жұмсалып тұрған “бұл” сілтеу есімдігі арқылы байланысып, бастауыш-баяндауыш қатынасында тұр. Третінші сөйлем — төл сөзді конструкция, мұнда да Сағи туралы айтылады. Төртінші, бесінші сөйлемдер пысықтауыш-бастауыш қатынасында (әкенің таяғын ұстап — Сағи) байланысқан.

Тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықтың бұл түрі тек көркем әдебиетте ғана емес, публицистикалық және ғылыми стильдерде де кездеседі. Неғұрлым жиі ұшырасатыны — газет жанрларындағы күрделі синтаксистік тұтастықтар.

Батыс герман дәрігерлері жақында таңданарлық зерттеу жүргізді. Олар зерттеу нысаны етіп спорт мамандарын алды. Сөйтіп, зерттеушілер футболдан өтетін ірі халықаралық кездесу кезінде ойынның басынан аяғына дейін команда бапкерлеріне қаншалықты ауырлық түсетінін анықтамақ болды. Алаңға бапкерлер отыратын орынға қойылатын аппарат қақпаға гол енген кезде, болмаса ойыншы жарақат алғанда, жаттықтырушылардың тыныс жиілігі (тамыр соғысы) минутына 65-тен 130-ға дейін жеткен. Ол ол ма, кездесудің бітуіне жарты сағат қалғанда бұл көрсеткіш жоғарылай түскен. Әсіресе, осындай қобалжу жас, тәжірибесіз бапкерлерге тән болған. Ал тәжірибесі мол, ысылған жаттықтырушыларда мұндай қобалжу төменгі көрсеткішті көрсеткен.

Мамандардың айтуынша, жаттықтырушыларға түскен эмоция ауыртпалығы автокөлікшілерде, дыбыстан жылдам ұшатын ұшақ ұшқыштары мен спортшы-парашютшілермен бірдей дәрежеде көрінеді (“Лен.жас”).

Алғашқы сөйлемі бастауыштан басталған мұндай тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықтарда одан әрі не туралы айтылатыны бастауыштан белгілі болады.

Дауыссыздар жұмсақ таңдайдың қалпына қарай ауыз жолды және мұрын жолды дауыссыздар болып екі топқа бөлінеді. Егер жұмсақ таңдай жоғары көтеріліп, жұтқыншақтан мұрын қуысына баратын кіре беріс жолды жауып тұрса, онда ауа ауыз қысымымен өтеді де, соның нәтижесінде ауыз жолды деп аталатын дауыссыздар (Мысалы: б, д т.б.) жасалады. Егер жұмсақ таңдай төмен түсіп, жұтқыншақтан мұрын қуысына баратын кіре беріс ашық болса, онда ауа мұрын қуысына өтеді де, осының нәтижесінде мұрын жолды деп аталатын дауыссыздар жасалады (Мысалы: м, н...) (Аханов).

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. - 784 бет.