Күрделі синтаксистік тұтастықты құраушы сөйлемдердің бір-бірімен байланысу тәсілдері, негізінен, екі түрлі. Соған байланысты күрделі синтаксистік тұтастықтарды құрылымдық жағынан екі топқа бөліп алып қарауға болады. Бірінші түрінде күрделі синтаксистік тұтастыққа бірігуші сөйлемдер бір-бірімен іліктестік қатынаста байланысып тұрады, яғни сөйлемдер бірінен-бірі туындап, соңғысы алдыңғысына бағынып отырады. Бұл жай бірінші сөйлемнің элементі (бір мүшесі) екінші сөйлемде, екінші сөйлемдікі – үшіншісінде, үшінші сөйлемдікі – төртіншісінде т.с.с. қайталанып қолданылуы арқылы жүзеге асады. Ондай қайталанушы сөздер сол күйінде қолданылып немесе есімдік, үстеу сөздермен ауысып отыруы мүмкін. Сол арқылы ойдың дамуы, ілгері қозғалысы іске асады. Мұндай күрделі синтаксистік тұтастықтағы сөйлемдер бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, оларды жеке алып қарауға келмейді, коммуникативтік т.б. қызметтерге басқа сөйлемдермен қарым-қатынасының нәтижесінде ғана ие болады.
Сөз – өте-мөте күрделі тілдік единица. Оның күрделі табиғатын ашып айқындау үшін, ең алдымен, сөздің дыбыстық жағы мен мағыналық жағының арақатынасы және сөздің мағынасы мен олар арқылы білдірілетін ұғымның арақатынасын айқындап алу қажет. Сөздің екі жағы бар: оның бірі – сөздің дыбысталу жағы, екіншісі – сөздің мағыналық жағы. Дыбысталу (тіл дыбыстарының тіркесі) сөздің материалдық жағын құраса, мағына (мазмұн) сөздің идеалдық жағын құрайды. Екі жақ – дыбысталу мен мағына сөздің бір-бірінен бөлінбейтін бөлшектері. Осы екі жақтың бірлігі – сөздің өмір сүруінің және қызмет етуінің шарты. Демек, сөз – дыбысталу мен мағынаның бірлігінен тұратын тілдік дербес единица (Аханов).
Келтірілген күрделі синтаксистік тұтастықтағы алғашқы сөйлем – айтылатын ойдың тақырыбын беруші негізгі, басқы бөлік.
Екінші сөйлем онымен сөз терминінің орнына жұмсалып тұрған оның сілтеу есімдігі арқылы байланысқан. Екінші сөйлем үшінші сөйлеммен сол сөйлемдегі ойдың тікелей жалғасы ретінде сөздің екі жағын атап көрсету арқылы, төртінші сөйлем үшінші сөйлеммен дыбысталу, мағына сөздерінің қайталанып келуі арқылы, бесінші сөйлем төртінші сөйлеммен екі жақ сөз тіркесінің орнына жұмсалып тұрған осы сілтеу есімдігі арқылы байланысқан болса, соңғы, жетінші сөйлем – қорытушы бөлік демек қыстырма сөзі арқылы байланысып тұр.
Міне, өзара бағыныңқылық, кезектілік байланыс түрінде осындай іліктестік, жалғастылық қарым-қатынас орын алады.
Ізбе-іздік байланыс түріне құрылған күрделі синтаксистік тұтастықтарды әдеби тілдің барлық стильдерінен табуға болады.
Тізбекті байланыс түрі ғылыми стильге тән, өйткені ғылыми мәтінде ой бір-біріне қатаң тәртіппен сабақтаса байланысып отырады. Сондықтан ондағы әрбір сөйлем өзінің алдындағы сөйлемнің заңды жалғасы болып табылады. Ғылыми стильге тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықты құраушы сөйлемдердің көбіне лексикалық қайталаулар мен сілтеу есімдіктері арқылы байланысуы тән.
Ресми стильге келетін болсақ, мұның да ғылыми стиль тәрізді мазмұнның, ойдың бір мағыналылыққа, нақтылыққа негізделген табиғаты күрделі синтаксистік тұтастықты құраушы сөйлемдердің көбіне лексикалық қайталаулар мен сілтеу есімдіктері арқылы байланысатынын көрсетеді.
Жастардың еңбек тәрбиесін күшейту, оларды өзекті жылдың және тұтасынан бесжылдықтың жоспарларын орындауға жұмылдыру мақсатында комсомол ұйымдары социалистік жарыс барысына ұшқыр басшылық жасасын, оның мүмкіндіктерін жас адамдардың бойында еңбекке коммунистік көзқарас тәрбиелеу, екпінділік пен жаңашылдық дәстүрлерін, “Арамызда бірде-бір артта қалушы болмасын” қозғалысын дамыту үшін белсендірек пайдалансын. Еңбек бәсекесінің ықпалын арттырып, жариялылығын, озат тәжірибені енгізу мүмкіндігін қамтамасыз етсін. Социалистік жарыс жеңімпаздарын анықтағанда, еңбек және өндіріс тәртібінің жағдайын негізгі бір көрсеткіш ретінде қарастыратын болсын (“Лен.жас”).
Алғашқы екі сөйлем бір-бірімен социалистік жарыс тіркесінің орнына қолданылып тұрған оның сілтеу есімдігі арқылы, үшінші сөйлем бұлармен еңбек бәсекесінің деген сөз тіркесі арқылы, төртінші сөйлем социалистік жарыс тіркесінің қайталап қолданылуы арқылы байланысып тұр.
Публицистикалық стильге тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықтың компоненттерінің бірі сөзді қайталау арқылы емес, қайта, сол сөздің әр түрлі синонимдерін қолдану арқылы байланысуы тән, себебі мұндай синонимдік байланыс айтылатын ойдың әр түрлі эмоционалдық-экспрессивтік реңктерін ашып көрсетеді:
Құрама Штаттар Ауғанстанды химия қаруын сынайтын полигонға айналдырғысы келеді. Олар басмашыларға химиялық гранаталар беруді көбейте түскен, американ нұсқаушылары Пәкістанның территориясында орнығып алған контрреволюциялық ауған сілімтіктерін тағылық қаруларды қолдану әдістеріне жедел қарқынмен үйретуде, бұл қаруды Пентагон Вьетнамдағы соғыс кезінде пайдаланған болатын (“Лен.жас”).
Көріп отырғанымыздай, басмашылар, ауған сілімтіктері немесе химиялық гранаталар, тағылық қару деген сөздер қолданылған.
Тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықтың көркем әдебиетте жұмсалуының өзіндік ерекшеліктері бар. Келтірілген ұзақ мысал мәтіндік бірлікті сипаттайды.
Мұндағы алғашқы екі сөйлем басқы бөлік болып табылады. Одан кейінгі сөйлемдер бұлармен ол, бірақ, өйткені, ал сөздерінің әр сөйлемнің басында келуі арқылы байланысып тұр. Соңғы сөйлем – қорытушы бөлік.
Тізбекті күрделі синтаксистік тұтастық алғашқы сөйлемнің, яғни маңызды рөл атқарып тұратын басқы бөлігінің түрлеріне қарай бірнеше топқа ажыратылады. Олар: алғашқы сөйлемі бастауыштан басталатын күрделі синтаксистік тұтастық; алғашқы сөйлемі баяндауыштан басталатын күрделі синтаксистік тұтастық; алғашқы сөйлемнің баяндауышы зат есімнен болған күрделі синтаксистік тұтастық; алғашқы сөйлемі толықтауыштан басталатын күрделі синтаксистік тұтастық; “динамикалық” сөйлемді күрделі синтаксистік тұтастық.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.