Мұндай параллельді күрделі синтаксистік тұтастықтардың ерекшелігі — оны құраушы параллельді сөйлемдердің сұраулы болып келетіндігі. Ол арқылы айтылатын ойдың, мазмұнның эмоциональдық-экспрессивтік реңкі ашылып, сөйлеушінің сезімдері беріледі:
Әлгінде қоянжырық бір шындықтың шетін басып қалған сияқты болды. “Аяғында содан ішқұса болып жынданып өліпті ғой” деді. Біржан сияқты Арқаның ардагер әншісі жұрт алдында Поштабайдан таяқ жеп қорлық көрсе, ішқұса болмай не болмақ? Бұған дейінгі өркөкірек ән, бұған дейінгі асқақ үн сөне бермегенде, қайтпек? Ақын үшін ішқұса мен жындану арасы қай бір алыс еді. Біржан сал да, ақын Абай да, Ақан сері де бұған бір соқпай өте алмаған (Мүсірепов).
Бұл параллельді күрделі синтаксистік тұтастықтағы алғашқы екі сөйлем немесе алғашқы абзац басқы бөлімге жатады. Одан кейінгі бір-бірімен параллель байланысқан үш сұраулы және бір лепті сөйлем сөйлеушінің сезімін, дәлірек айтсақ, толқынысын, ыза-кегін, ашуын білдіріп тұр. Ал соңғы, жетінші сөйлем қорытушы бөлік болып табылады.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.