Қазақ тілінің төл дауысты дыбыстарының жүйесі 9 дауысты дыбыстан құралады. Олар: А, Ә, Ы, І, Е, Ұ, Ү, О, Ө.
Дәстүр бойынша дауысты дыбыстардың құрамына қазақ тіліндегі дауыстылардың үндесім түрлерінің (вариант, аллофон) бәрі кіргізіліп келеді. Сондықтан да қазақ тілінде 9 дауысты бар деген пікір қалыптасқан (бұл жерде қазақ тіл біліміндегі дауыстылардың санына байланысты өзге пікірлерді есепке алмаймыз).
Жалпы, қазақ тілінің дыбыс құрамын анықтауда бірізділік жоқ. Мысалы, дауысты дыбыстардың құрамын анықтағанда, жоғарыда айтылғандай, олардың үндесім түрлерінің бәрі жинақталады. Ал дауыссыз дыбыстардың құрамын анықтағанда, керісінше, олардың тірек түрлері ғана жинақталады (бұл туралы кейін үндесім құбылысына арналған бөлімде сөз болады).
Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар жалаң (жалқы, монофтонг) және құранды (егізек, дифтонг) болып екі топқа бөлінеді. Жалаң дауыстыларға А, Ә, Ы, І, Ұ, Ү дыбыстары, ал құранды дауыстыларға О, Ө, Е дыбыстары жатады.
Дауысты дыбыстардың жасалым қорындағы орындары алты нүктені қамтиды:
1. Жақтың қатысына қарай – ашық (9) және қысаң (7) дауыстылар болып жіктеледі.
2. Еріннің қатысына қарай – еріндік және езулік (1) дауыстылар болып жіктеледі. Еріндік дауыстылар доғал (1–2) және сүйір (1–1) жасалымды, ал езулік дауыстылар езу (1–3) және емеурін (1–4) жасалымды болып тағы екі-екіге бөлінеді.
3. Жасалу орнына қарай – тіл ортасы (6), тіл арты (8) дауыстылар болып жіктеледі.
4. Дауыс қатысы (5–1 нүкте) барлық дауыстылар үшін ортақ болғандықтан, дауыстылардың жіктелімінде ескерілмейді.
Сонымен, дауысты дыбыстардың жасалымы үш айырым белгісімен (жақ қатысы, ерін қатысы және жасалу орны), айтылымы екі айырым белгісімен (ауыз бен көмей қуыстарының өзара қатысы, ауыздың шығар қалпы), ал естілімі екі айырым белгісімен (үндесім және дауыс сапасы) сипатталады.
Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.