Қазақ тілінде қосымша немесе қосымша морфема ұғымының мәні
неде, сипаты қандай?
Қазақ тіл білімінде қосымшалар морфеманың бір түрі ретінде мағыналық ерекшеліктері мен қызметі жағынан жалғау мен жұрнақ болып екіге бөлініп жүргені белгілі. Сөздің морфологиялық құрамды бір бөлігі ретінде және сөздің мағыналы дербес бөлшегі болып табылатын түбірден, бір жағынан, бөлек морфема, екінші жағынан, түбірмен бірлесіп барып сөз құрап, қосымша мән үстеп, бірлікте тұру арқылы және кейде ол сөзді сөйлеу процесінде басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсіріп тұратын морфема ретінде танылады. Осының негізінде, үшінші жағынан, сөздердің синтетикалық жолмен жасалған: біріншіден, жаңа сөз жасайтын немесе сөзжасам тұлғалары, екіншіден, сөз түрлендіретін немесе форма тудыратын және, үшіншіден, сөз жалғастыратын немесе сөз байланыстыратын тұлғалары деп бөлу дәстүрі бар.
Ал түркологияда қосымша деген ұғым “аффикс” терминімен белгіленеді де, ол көбіне өз ішінде әрі қарай жіктелмей, өте кең мағынада қолданылады. Сөйтіп, “аффикс” деген термин, бір жағынан, қазақ тілінің грамматикаларында қолданылып жүрген қосымша мәнінде, екінші жағынан, әрі жалғау, әрі жұрнақ мәнінде бірдей жұмсалады. Сондықтан да түркологиялық әдебиеттерде бір жағынан, “аффикс множественного числа” (көптік жалғау), “аффикс падежа” (септік жалғау), “аффикс принадлежности” (тәуелдік жалғау), “аффикс сказуемости” немесе “предикативности” (жіктік жалғау), екінші жағынан, “аффиксы залога” (етіс жұрнақтары), “аффиксы степени сравнения” (шырай жұрнақтары), үшінші жағынан, “аффиксы именного словообразования” (есім тудыратын жұрнақтар) деген күрделі терминдер немесе жеке жалғаулар мен бірге сөз түрлендіретін қосымшалардың да, сөз тудыратын қосымшалардың да әрбір түрін “аффикс” деп көрсету жиі кездеседі. Бұнымен бірге “аффикс” термині мағынасы мен қызметтік ерекшеліктері жағынан кейде сөз түрлендіруші (словоизменительный), сөз тудырушы (словообразующий), форма тудырушы (формообразующий) болып та бөлініп отырады.
Қайткен күнде де қазақ тіл білімінде қосымшаларды белгілі
түрлерге жіктеуге негіз болатын қасиеттері, қосымшалардың мәні, мағыналық
сыр-сипаты, қолданыстық қызметі, жіктеу жүйесі толық айқындалды деуге болмайды.
Қосымшалардың қазақ тілі грамматикаларында көрсетіліп жүрген айырым белгілері,
мағыналық, қызметтік түрлері оны сөз құрамының бір морфемалық түрі ретінде
басқа морфемалардан ерекшелендіріп тұрады. Қосымша атаулының түбірге жалғанбай
ешбір мән-мағына білдіре алмауы, демек, өз бетімен жеке дара қолданылмауы және
түбірдің дыбыстық ыңғайына, әуеніне лайық үндестік заңы негізінде құбылып,
вариантталып барып түбірге жалғануы — олардың басты белгілері.
Сөз тудыратын (сөзжасам) қосымшалар форма тудыратын (сөз түрлендіретін) қосымшалармен сөздің белгілі бір морфемалық құрамды бөлшегі болып, морфема ретінде бір топ құрағанмен, олардан мағыналық, қызметтік жағынан мүлде өзгеше екенін баса айту керек.
Сөз тудыратын қосымшалар:
1. өзі жалғанған түбір сөздің лексикалық мағынасын өзгертіп
жіберіп, жаңа мағыналы сөз тудырады;
2. сөйтіп барып, сөз тудыру процесінің бір тәсілі ретінде
грамматикалық мәннен гөрі лексика-семантикалық қасиетке ие болады;
3. сөз тудыру қатарындағы белгілі бір үлгі ретінде
өнімді-өнімсіздік, құнарлы-құнарсыздық сипатта көрініп отырады.
4) туынды түбірлердің, жаңа сөздердің санын көбейтеді;
5) бұл туындылар жаңа лексикалық единица болып сөздік құрамға енеді, оны (сөздік құрамды) байытып отырады.
Бұндай мағыналық қасиет форма тудырушы қосымшаларда атымен
жоқ. Осындай қасиет пен сипаттардың нәтижесінде форма тудырушы қосымшалармен
салыстырғанда сөз тудырушы қосымшалардың түбірге (сөзге) жалғану аясы тар.
Сонымен бірге қосымшалар бір ыңғайда жұрнақ пен жалғау болып жіктеліп, соның ішінде “мағынасы мен қызметіне қарай жұрнақтарды сөз тудыратын және форма тудыратын жұрнақтар деп екі салаға” бөлу дәстүрі де бар. Тіпті кейде “кейбір жұрнақтар әрі сөз тудыратын, әрі форма тудыратын синтетикалық морфема есебінде де қызмет ете береді”.
Ал мағыналары мен қызметтері, сөздер арасындағы әр түрлі қатынастарды білдіруі жағынан “жалғаулар сөйлем ішіндегі сөздердің араларындағы әр қилы аса жалпы қатынастарды білдіріп, олардың түр-түрлерінің көрсеткіштері есебінде қызмет етсе, жұрнақтар ол қатынастарды білдірмейді, тек өздері жалғанған сөздерге жаңа лексикалық мағыналар үстеумен шектелетіндігі” де көрсетілген.
Сонымен бірге қосымшалар кейде “сөз тудыратын морфемалар (қосымшалар), сөз түрлендіретін морфемалар (қосымшалар) және сөз жалғастыратын морфемалар (қосымшалар) болып бөлініп”, соған лайық әрқайсысы “сөз тудырушылар, сөз түрлендірушілер, сөз жалғастырушылар” делініп, осындай жеке терминдерге ие болып жіктелу үлгісі де бар.
Қосымшаларды жіктеуде, ең алдымен, қосымшалардың қандай
басты белгілерін негізге алуға тиістіміз дегеннің басын ашып алуымыз керек,
өйткені қосымшаларды бірде бір түрлі принциппен, екіншіде екінші түрлі
принциппен топтасақ, қосымшалар ғылыми негізде жіктелмейді, олардың
семантикалық-грамматикалық сипаты ашылмайды.
Бұл — бір. Екіншіден, қосымшалардың білдіретін мағыналық сипаты, қызметі, олардың өзіндік қасиеті деген ұғымдар бір-бірінен ажыратылмай, сапырылысып кетеді де, олар туралы жаңсақ пікір қалыптасады.
Қосымшалар морфеманың бір түрі ретінде қандай сипаттары
арқылы ерекшеленеді және түбір морфемадан қандай қасиеттері мен белгілері
негізінде ажыратылады? Міне, осыдан барып қосымшаларды жіктеуге нақты критерий
туындайды. Осы жағынан келсек, қосымша морфеманың бірінші және басты
семантикалық-грамматикалық белгісі — мағыналық және тұлғалық дербестігі жоқ
болуы.
Сөзжасам қосымшалары бұл жағынан да сөз тудырудың басқа
жолдары (мысалы, лексика-семантикалық, аналитикалық) сияқты қасиетте болып,
грамматика тұрғысынан морфологияның шеңберінде қаралуы оның грамматикалық мәні
мен сипатынан тумай, тек белгілі сөз табынан болуына ғана байланысты.
Енді малшы, білім деген сөздер (мамандықтың, кәсіптің иесі я
атауы және білудің нәтижесі, атауы) осындай лексикалық мағынасының жалпылануы,
яғни жалпы зат атауын білдіру сипатына көшуі нәтижесінде зат есім болып тұр.
Бұл сөздердің зат есім болуына бұл қосымшалардың тікелей қатысы жоқ. Бұл жерде
семантикалық процесті — нақты заттың жалпылануын, сөйтіп, жалпы грамматикалық
мағынаның пайда болып, ол зат атауы болғандықтан зат есім деп танылып отыр.
Яғни сөз тудыратын қосымшаның белгілі бір сөз табының шеңберінде қаралуы ол қосымшаның ең негізгі қасиеті, басты мәні емес, бұдан ол категориялық сипатқа ие бола алмайды. Өйткені сөз тудырушы қосымшалардың шеңбері сөз таптарының түрлену жүйесімен, грамматикалық категорияның болу-болмауымен айқындалмай, көбіне таза сөз тудыру, лексикалық мағына жасау мәселесіне байланысты болады да, сол шеңберде айқындалады.
Сондықтан да қазақ тілінде сан есімнің мағыналық түрлерін жасайтын форма тудыратын қосымшалары болса да, сөз тудыратын қосымшалары жоқ және, керісінше, түрленбейтін сөз табы деп танылатын үстеудің грамматикалық форма тудыратын қосымшалар жүйесі болмаса да, кейбір сөзжасам қосымшалары арқылы жасалған сөздер үстеу деп танылады.
Сөйтіп, қосымшаларды сөзжасам қосымшалары және форма
тудырушы қосымшалар деп екі үлкен топқа бөлудің ғылыми да, практикалық та мәні
бар. Өйткені одан, бір жағынан, қосымшалардың басты грамматикалық қасиеттерін,
мағыналық ерекшеліктерін айқындау арқылы бұл морфемалардың мәні мен қызметін,
тілдік қабаттардан алатын орнын анықтаймыз, екіншіден, соның негізінде сөз
тудыру қатарының үлгісі ретінде лексикалық құбылыстың грамматикалық мәнін,
олардың арақатынасын ашып, сөз тудырушы қосымшалардың грамматикалық мәндегі
категориялық сипаты жоқ, парадигмалық түрленудің көрінісі емес және сөз формасы
бола алмайтынын, ал форма тудырушы қосымшалар, керісінше, сөздің лексикалық
мағынасын өзгертпей, оған грамматикалық мағына үстеумен бірге сөз тудырудың
тәсілі емес, белгілі бір сөз табына қатысты болып, соның бір грамматикалық
категориясының немесе семантикалық түрінің тұлғалық көрсеткіші, демек, сөз
формасын тудырудың көрінісі болатынын айқындаймыз.
Сондықтан сөз тудыруға байланысты қазақ тілі грамматикаларында беріліп жүргендей жұрнақ терминін алмай, оның орнына сөзжасам қосымшалары деп берген жөн болар еді. Бірақ сөзжасам қосымшаларының ерекшеліктері бұнымен ғана шектелмейді. Ол қосымшалардың құрамдық (жалаң, құранды), мағыналық (моносемиялық, полисемиялық, мағыналас, омоним т.б.) ерекшеліктері мен қолданыстық, тілде өмір сүру (өнімді-өнімсіз, құнарлы-құнарсыз, сондай-ақ төл-кірме, көне-жаңа, тірі-өлі т.б.) сипаттарына байланысты ерекшеліктерімен бірге, бір сөз табының аясында ғана және бір сөз табының шеңберінен шығып кететін грамматикалық қасиеттері мен кейбір функциялық сипатын айта кеткен жөн.
— Шіркін, айтушы мен болғанда, үнемі ұқтырушы сен болсайшы, Абай (Әуезов). Ержан қазір соншылап тұр (Мұстафин). Баласы аталап соңынан қалмады. Жарыста алматылықтар басым түсті.
Тәрізді сөйлемдердегі айтушы, ұқтырушы, болсайшы, соншылап, аталап, алматылықтар дегендерді сырт тұлғасына қарап қосымша арқылы жасалған жаңа сөздер деуге болмайды: айту-шы, ұқтыру-шы (жазушы сияқты), сон-ша-ла-п, ата-ла-п, Алматы-лық. Өйткені дәстүрлі грамматика тұрғысынан қарағанда, бұл сөздердің соңғы морфемалары -шы — зат есім тудыратын, -ла — есім сөзден етістік тудыратын қосымшалар. Бірақ бұл қосымшалы сөздер сырт тұрғысы жағынан болмаса, сөзжасам тұрғысынан шын мәнінде жаңа сөздер, туынды сөздер (жаңа лексемалар) емес. Өйткені бұлар сөздік құрамға енген лексикалық бүтін, демек, сөздіктерде жеке берілетін реестрлік сөз емес, белгілі контексте ғана қолданылатын және сол контексте ғана түсінілетін тұлғалар: олардың жасалу шегін, жұмсалу шеңберін туынды сөз ретінде айқындауға болмайды.
Сондай-ақ итті қонақ жараспас, сүт пісірім уақыт, бір қайнатым шай, таяқ тастам жер, бір көйлектік мата не костюмдік мата т.б. тіркестердегі итті, пісірім, қайнатым, тастам, көйлектік, костюмдік сияқты сөздер қосымша арқылы жасалған туынды сөздер болып қабылданбайды, тілде олар жеке лексикалық бүтін ретінде қалыптаспаған, тек осы және осыған ұқсас шектеулі контексте, белгілі бір сөздің тіркесінде ғана қолданылып, сол аяда ғана өмір сүреді. Бұндай қосымшалардың қатары -дай, -дей, -тай, -тей, -ша, -ше, -сыз, -сіз, есімше тұлғасынан кейін жалғанатын -ғы, -гі сияқты қосымшалармен толыға түседі.
Демек, бұндай қосымшалар жалғанып жұмсалған сөздер, бір жағынан, санамызда жеке тұрып қалыптаспаған, сөздіктердің реестрлік сөзі болып табылатын лексикалық бүтін, туынды сөз емес, екінші жағынан, сөйлеу процесінде туатын, грамматикалық мағына білдіретін сөз формасы да емес.
Сөз тудырушы қосымшалардың бұндай ерекше қолданысы, яғни функциялық (термин Ы. Мамановтікі) мәнде қолданылуы біркелкі емес. Кейбірі сөйлем құрылысына, ой білдіруге қатысты болып келсе, кейбірі белгілі бір конструктивті тіркес шеңберінде ғана қолданылады. Сондай-ақ кейбірінің, жоғарыда көрсетілгендей, сөздерге жалғану мүмкіндігі кең болып, жасалу шегін, жұмсалу шеңберін айқындау қиын болса, кейбірі бірлі-жарым сөзге ғана жалғана алады.
Мысалы, итті қонақ, таяқ тастам, сүт пісірім, бір қайнатым тәрізді туындылардың аясы тар да, олар тұрақты тіркестердің құрамында ғана жұмсалады; ал басқа көрсетілген қосымшалардың ауқымы кең: -шы, -ші қосымшасына байланысты тек айтушы және ұқтырушы ғана емес, сөйлеуші, орнынан тұрушы, жинаушы, айғайлаушы, сыбырлаушы т.б.; -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік қосымшасына қатысты тек алматылық емес, кез келген жер, мекен атына байланысты қаскелеңдік, ақсайлық, орбиталық т.б.; -лап, -леп, -дап, -деп, -тап, -теп қосымшасына байланысты туыс атауларына, кісі аттарына қатысты апалап, аталап, ағалап, інілеп, Абайлап, Әсеттеп т.б.; жатыс септік тұлғасының үстіне қосылатын -ғы, -гі тұлғасына байланысты үйдегі, таудағы, даладағы, ағаш басындағы, үй ішіндегі т.б. толып жатқан қолданыстар бола беруі мүмкін.
Абайдың қара сөздерінің өзінде ептілік, қырмызылық, сыпайылық, шықпағандық, түзерлік, сақтарлық, сөзді ұғарлық, жақсы көрерлік, тиянақ қыларлық, үйір боларлық, құтқарарлық, мал шашарлық, кәсіп қыларлық, жау жаулағандық, тіленшілік, рақымдылық, мейірбандылық, байлаулық, қайратсыздық, ұятқа терістік, күнәкерлік, масқаралық, естілік, қайғысыздық, мақтаншақтық, надан атанбастық, қорғаушылық, бәйітшілік, суретшілік, туралық, дүниелік, сертке тұрғыштық, білмектік, үйден шықпағандық, мұндайлық, қуанбақтық, арлылық, намыстылық т.б. толып жатқан сөздер қолданылған.
Сөзжасам қосымшаларының бұндай функциялық қасиеті, олардың
қолданылу аясы мен мағыналық шеңбері, жанрлық, стильдік бояуы жеке зерттеуді
қажет етеді.
Ал форма тудыратын қосымшалардың басты белгісі, негізгі ерекшелігі — өзі жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгертпей, туынды сөз жасамай, өзі жалғанған сөзге тек қосымша грамматикалық мағына үстеп, жаңа сөз емес, сол сөздің басқа бір грамматикалық формасын жасау арқылы белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының тұлғалық көрсеткіші, парадигмалық түрлену жүйесі немесе семантикалық түрінің көрінісі болып табылуында. Сондықтан да бұл қосымшаларда лексикалық сипат болмай, олардың ерекшеліктері таза грамматикалық немесе лексика-грамматикалық қасиеттері арқылы айқындалады.
Сөйтіп, форма тудыратын қосымшалардың белгілі бір жиынтығы парадигмалық түрлену жүйесінің сыртқы көрінісі мен соған сәйкес ішкі мазмұн жағынан грамматикалық мағына білдіруі арқылы грамматикалық категория құрайды, енді бір тобы белгілі бір сөз табының өз ішінде семантикалық топтарын (түрлерін) жасайды. Қосымшалардың бұл негізгі мәні мен грамматикалық сипаты грамматикаларда форма тудырушы (немесе сөз түрлендіруші) жұрнақтар және жалғаулар деп аталып жүрген қосымша түрлеріне түгел тән болып келеді. Соның арқасында олар қосымшаның бір тобына енеді.
Расында да жалғаулар деп аталып жүрген қосымшалар мен есімше, көсемше, шақ, рай т.б. грамматикалық категориялар жасайтын қосымшалардың арасында мағына білдіруі, сөз түрлендіру қасиеті жағынан айырмашылық жоқ, тек жалғаулардың сөзге жалғану өрісі кеңірек, мүмкіндіктері молырақ; өздері белгілі бір сөз табының грамматикалық категориясының көрсеткіші бола тұрса да, басқа сөз табындағы сөздерге де жалғана береді.
Сонымен бірге жалғаулардың басқа форма тудыратын қосымшалардан синтаксистік қызметтік жағынан үлкен айырмашылығы бар, яғни жалғаулар өзі жалғанған сөзге белгілі бір грамматикалық мағына үстей отырып, сөйлем ішінде сөз бен сөзді байланыстырып, олардың сөзге үстейтін грамматикалық мағыналары сол байланысқан сөздер арасындағы қатынастар негізінде айқындалып отырады. Мұндай қызметтік қасиеттер жалғаулардан басқа форма тудыратын қосымшаларға тән емес.
Сондықтан форма тудырушы қосымшалардың барлығына «сөздің әр түрлі грамматикалық формаларын тудыру» қасиеті тән екен деп қана септік, тәуелдік, көптік, жіктік формаларын етістіктің есімше, көсемше, рай, сын есімнің шырай формаларымен бір деп қарауға болмайды.
Мысалы: «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» (Абай) деген сөйлемдегі сөздердің мынадай өзара байланысы бар: мен көрдім — мен сөзі өзінің семантикасы негізінде екінші сөздегі жіктік жалғаудың І жақ көрсеткіші -м арқылы байланысқа түскен, сондықтан мен көрдің, я мен көрдік болмайды, ал -ді деген жедел өткен шақ жұрнағы көру етістігі білдіретін қимылдың болып кеткенін көрсетіп тұр да, оның басқа сөздермен байланысына қатысы жоқ; құлағанын көрдім — -н табыс септік тұлғасы арқылы байланысқа түскен, ал -ған есімше тұлғасының осы сөйлемдегі сөз байланысына қатысы жоқ; қайың /ның/ құлағанын тіркесі — бірінші сөздегі ілік септіктің тұлғасы (жасырын тұрса да) мен екінші сөздегі -ы тәуелдік жалғауы арқылы байланысқан; ұзын қайың — орын тәртібі арқылы байланысқан.
Сөйтіп, бұл сөйлемдегі сөздердің құрамындағы жедел өткен шақ /-ді/ пен есімше /-ған/ тұлғаларының сөздерді байланыстыру қызметін атқара алмайтынын, сөздерді қосымшалар ішінен септік, тәуелдік, жіктік жалғау тұлғалары ғана байланыстыра алатынын байқаймыз. Сондықтан форма тудырушы қосымшалардың сөз байланыстыру қызметін атқаратын түрін жалғау деп, сөз байланыстыру қызметін атқара алмайтын, категориялық грамматикалық мағына ғана тудыратын түрін жұрнақ деп беруге болады.
Тілдің грамматикалық құрылысында жұрнақтар өзі жалғанған
сөзге грамматикалық мағына ғана үстеп, белгілі бір сөз табының грамматикалық
категориясының немесе семантикалық тобының тұлғалық көрсеткіші болғанмен,
олардың грамматикалық сипаты, парадигмалық түрлену жүйесі, түбірге жалғану
аясы, сөйлеу бүтіндері ретінде сөйлемде қолданылу табиғаты бірдей, біркелкі
емес. Олардың бір тобы өзі жалғанған сөздердің мағынасын өзгерту қабілеті
жағынан, түбірдің грамматикалық сипатын өзгерту-сақтауы жағынан сөзжасам қосымшаларына
жақын да, бір тобы жалғауларға жақын.
Сондықтан олардың бір түрін модификациялық немесе лексика-грамматикалық жұрнақтар, екінші түрін таза грамматикалық немесе категориялық жұрнақтар деп бөліп қараған жөн.
Модификациялық жұрнақтар жаңа мағыналы сөз тудырмағанмен,
түбірдің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермегенмен, түбірге әрі
қосымша грамматикалық мағына үстеумен бірге түбір сөздің лексикалық немесе
жалпы грамматикалық мағынасына семантикалық реңк қосады да, сөйлеу процесінде
қолданылуы жағынан түбірдің грамматикалық сипатын сақтап қалады, сөйтіп, бір
сөз табының шеңберінде жасалатын туынды түбірге ұқсап кетеді. Қазақ тілінде
модификациялық қосымшаларға зат есімнің реңдік мәнді жұрнақтары, сын есімнің
шырай жұрнақтары, реттік сан есімнің жұрнақтары (бұлардың қай-қайсысы да өзі
жалғанған түбір сөздің лексикалық мағынасына қосымша рең үстейді: лексикалық
мағынасы жағынан үлкен мен үлкенірек я үлкендеу, бес пен бесінші толық бірдей
емес), етістіктің етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік жұрнақтары жатады.
Бұл жұрнақтар етістіктің белгілі категорияларының көрсеткіші болғанмен, етістік
түбірдің грамматикалық сипатын сақтап тұрады.
1. Етістік түбірлерше тікелей жіктелмейді;
2. Етістік түбірлерше сол күйінде қолданылмайды, басқа
сөздермен тіркесе де алмайды, байланысқа да түсе алмайды;
3. Сыртқы тұлғасы жағынан етістік түбірлерше бұйрық райдың
2-жақ формасына сәйкес келеді: сен кел, сен келтірме т.б.
Бұлардың түбірге жалғану тәртібінде де әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар екенін көрсетеді. Етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік жұрнақтары түбір етістікке сөзжасам қосымшалары арқылы жасалған туынды түбірге грамматикалық жұрнақтардан (есімше, көсемше, шақ, рай) әрдайым бұрын жалғанады да, етістік одан кейін грамматикалық жұрнақтар үстелу арқылы ғана жіктеле алады: айт-қыз-дыр-ма-й-ды, жүр-іңкіре-ме-ген-сің.
Отыр, тұр, жүр, жатыр қалып етістіктерінің тікелей жіктелуі
бұлардың етістік түбірі емес екенін көрсетеді, жатыр сөзінің түбірі — жат, ол
тікелей жіктелмейді. Бұл етістіктердің соңғы -ыр/-ір тұлғалары тарихи жағынан
етістіктің грамматикалық бір категориясының тұлғасы болған болуы керек те, ол
тілден шығып қалғанмен, оның грамматикалық сипаты сақталып қалған тәрізді. Сол
себепті де бұл төрт етістік тікелей жіктеледі әрі 2-жақ бұйрық рай тұлғасымен
сай келеді, 3-жақта да осы қалпында қолданылады:
сен отыр, тұр, жүр,
жат
мен отыр-мын, біз отыр-мыз
сен отыр-сың, сендер отыр-сыңдар
сіз отыр-сыз, сіздер отыр-сыздар
ол отыр, олар отыр т.б.
Модификациялық жұрнақтардың кейбірінің түбірге жалғану шеңбері шектеліп те қалған. Олар грамматикалық сипаты жағынан категориялық түрлену жүйесінің көрсеткіші болу қасиетінен айрылып, сөзжасам қосымшаларына ауыса бастағанмен, сөздің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермейді. Сондықтан ондай жұрнақтарды сөз тудырушы қосымшалар қатарында қарамай, тілдің даму барысындағы жұрнақтар мен сөзжасам қосымшалары арасындағы тұлғалар деп қараған жөн. Оларға қазіргі қазақ тіліндегі зат есімнің реңдік мәнді жұрнақтарын, сын есімнің шырай категориясына ендіріліп жүрген -ғылт, -ғылтым, -шыл, -шылтым, -ша, -ше жұрнақтарын жатқызуға болады. Сондықтан да болу керек, модификациялық жұрнақтар арқылы жасалатын категория лексика-грамматикалық категория деп аталады.
Ал грамматикалық немесе категориялық жұрнақтар өзі жалғанған түбірге таза грамматикалық мағына үстеп, грамматикалық категория жасайды және ол категорияның грамматикалық сипаты сөздің түбір тұлғасынан өзгеше болады. Мысалы, есімше, көсемше, рай, шақ тұлғалары етістіктің таза грамматикалық категорияларының парадигмалық жұрнақтары болып саналады да, түбір тұлғаларды жіктеуге және етістіктің негізгі қызметі — предикат қызметін атқаруға дәнекер және негіз болып тұрады.
Осы тұрғыдан келгенде, зат есімнің көптік категориясының негізгі көрсеткіші деп танылып жүрген көптік жалғауды да жалғау деп тану қиындау. Өйткені көптік тұлға сөйлемде сөз бен сөзді байланыстыру қызметін атқармайды, өзі жалғанған сөзге көптік ұғым ғана үстейді. Мысалы: бала отыр, балалар отыр, жақсы бала, жақсы балалар тәрізді сөз байланыстарына балалар сөзіндегі көптік -лар тұлғасының ешбір қатысы жоқ. Көптік форма тек 2-жақта жіктік жалғаумен қабаттасып келгенде сөз бен сөзді байланыстыруға қатысады: сендер келсеңдер (сендер келсең не сен келсеңдер емес), сіздер оқыңыздар (сіздер оқыңыз не сіз оқыңыздар емес) т.б.
Форма тудырушы қосымшалардың жалғаулар тобына тәуелдік, грамматикалық септік, көлемдік септік, жіктік жалғаулар жатады.
Жалғаулардың сөз бен сөзді байланыстыру қызметінде басқа да ерекшеліктері, атап айтқанда, сөйлемде түсіп қалып, жасырын қолданылу, нөлдік форма қасиеті бар. Мысалы, атау септіктің, 3-жақ жіктік жалғаудың (көсемше формаларынан кейін жалғанғанда және бұйрық райдан басқа) арнайы жалғау тұлғасы жоқ, нөлдік форма болып саналады. Ілік, табыс септік жалғауларының түсіп қалып жұмсалуы тілімізде жиі кездесетіні белгілі. Сонымен бірге басқа септік тұлғалары да, жіктік, тәуелдік жалғаулардың да түсіп қолданылуы кездесіп отырады.