Қай тілде болмасын, тілдің грамматикалық құбылыстары жүйелі түрде қалыптасады. Тіл білімінің мақсаты – әр тілдің грамматикалық құбылыстарының қалыпты жүйелерін сол тілдің тілдік материалы негізінде қарастырып зерттеу. Егер грамматикалық құбылыстарға берілген анықтамалар мен түсініктер тілдік материалға сай келмесе, ондай анықтамаларды дұрыс деп есептеуге болмайды.
Қазақ тілінің морфологиялық құбылыстарын зерттеуде түбір сөздер мен грамматикалық формалардың ара жігін, шегін ашып көрсете отырып зерттеу – бұл тіл үшін өте қажет. Өйткені қазақ тіліндегі сөздердің лексика мен морфологияға қатысы флективті тілдердегідей емес, мүлде басқа. Флективті тілдерде, оның ішінде орыс тілінде, көптеген сөздер грамматикалық формаға енгенде ғана толық мағыналы сөз дәрежесінде қолданылады. Ал түркі тілдерінде, тіпті негізгі түбір сөздер де тілдің сөздік қорына енетін лексикалық бірліктер болып табылады. Түбір сөздер сөз таптарына қатысы және жасалу тәсілі (құрамы) жағынан ғана морфологияның объектісі бола алады. Ал грамматикалық формалар осы түбір сөздердің негізінде жасалатын морфологиялық бірліктер.
Түбір сөз бен грамматикалық форманың ара жігін ажыратудың басты бір критерийі – түбір сөздерде лексикалық мағына болады да, грамматикалық мағына болмайды. Ал грамматикалық форма әрі лексикалық, әрі грамматикалық мағынаны білдіреді. Оның лексикалық мағынасын құрамындағы түбір сөз білдірсе, грамматикалық мағынасын форма тудырушы қосымшасы білдіреді.
Сөйтіп, әрбір грамматикалық мағына – грамматикалық формадан туатын қосымша құбылыс. Түркі тілдерінде бір сөздің құрамында бір немесе бірнеше форма тудырушы қосымша болуы мүмкін. Соған орай бір сөздің құрамында неше форма тудырушы қосымша болса, сонша грамматикалық мағына сақталады. Мысалы: дос-тар-ым-мен, кел-е-сің-дер, есті-ме-ген-сің, т.б.
Қазақ тіліндегі кейбір грамматикалық формалардың білдіретін мағыналары біртұтас, тұрақты болады. Яғни қандай сөйлемде қолданылса да, өзінің негізгі бір ғана грамматикалық мағынасын сақтайды. Мысалы, зат есімнің ілік септік және иелік мәнді тұлғалары (-нікі, -тікі, -дікі) әрқашан иелік мағына білдіреді. Табыс септік формасы әрқашан объектілік мағына білдірсе, тәуелдік форманың да грамматикалық мағынасы тұрақты түрде тәуелдік қатынасты білдіреді. Сонымен қатар сын есімнің шырай формалары да сапаның артық, кемдік дәрежесін тұрақты түрде білдіреді.
Кейбір грамматикалық формалар контекстке және түбір сөздің семантикасына байланысты өзінің негізгі грамматикалық мағынасынан ауытқып, әртүрлі мағына білдіруі мүмкін. Зат есімнің барыс, жатыс, шығыс және көмектес септік формаларының мағыналары тұрақты емес, олар контекстке байланысты өзгеріп отырады.
Барыс септігінің негізгі мағынасы қимылдың бағытын білдіріп, кімге? неге? қайда? сұрақтарына жауап береді: Оспан ауылға кетті. Мен Оспанға хат жаздым. Жәміш бір сомға кітап сатып алды. Нұралы соғымға бие сойды. Самат екі айға кетті. Үсеннің келуіне аз күн қалды. Бұл сөйлемдерде барыс септігі тек бағыттық мағына ғана емес, контекске байланысты көлемдік (мезгіл, мекен, мақсат) мағыналар да білдіреді.
Көмектес септігі: қаламмен жазу, күрекпен жер қазу – құралдық мағына; жолмен жүру, көшесімен қайту – мекендік мағына; атпен келу, машинамен бару – көліктік мағына; ынтамен істеу, ықыласпен тыңдау – қимылдың амалын білдіреді.
Жатыс және шығыс септіктері де контекстке және түбір сөздің семантикасына байланысты әртүрлі мағына білдіреді. Мысалы: бестен үшті алса, екі қалады – шығыс септігі өзінің негізгі мағынасында; әр оқушыға дәптер бестен тиді – топтық мағынада.
Жатыс септігі: жазда, түнде, сағат екіде – мезгілдік мағына; ауылда, қалада – мекендік мағына; жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ – көлемдік-мекендік мағына.
Барыс, жатыс, шығыс және көмектес септіктері әртүрлі мағыналық қырларда жұмсалуына байланысты бірде толықтауыш, бірде пысықтауыш қызметін атқарады. Осыған орай түркологиялық еңбектерде бұлар көлемдік-мекендік септіктер деп аталады.
Етістіктің шартты рай және мақсатты көсемше формалары да әрқашан тек шарттылық немесе мақсаттық мағына ғана білдірмейді, олар да контекстке байланысты әртүрлі мағыналық қырларда қолданылады. Мысалы, шартты рай формасы келер шақ етістік формасымен тіркескенде шарттылық мағына білдірсе (ексең орарсың, берсең аларсың), өткен шақ формасымен тіркескенде мезгілдік мағына білдіреді (Клубқа келсем, халық жиналған екен). Мақсатты көсемше де бірде мақсаттық мағына білдірсе (Сейіл колхозға машина алғалы қалаға кетті), енді бірде мезгілдік мағына білдіреді (Сейіл қалаға кеткелі үш күн болды).
Қазақ тілінде көптік форма да мағыналық қырларға өте бай грамматикалық құбылыс. Көптік форма негізінен зат есімге тән. Ол заттың, құбылыстың көптік мөлшерін білдіреді. Контекстке және түбір сөздің семантикасына байланысты көптік форма өзінің негізгі мағынасымен бірге топтық, ортақтық, болжалдық және басқа да мағыналық қырларда қолданылады.
Мысалы, апаларым дегенде сөйлеушінің өз туған апаларын білдірсе, апамдар дегенде апасының тобын білдіреді. Аудиторияларың таза екен дегенде аудиторияның көптігі емес, иесінің (студенттердің) көптігін, яғни ортақ мағынаны білдіреді. Асан ертеңдер келуге тиіс. Жиналыс сағат бестерде аяқталды дегенде ертеңдер, бестер сөздері болжалдық мағына білдіреді. Грамматикалық формалардың контекстке және түбір сөздің семантикасына байланысты әртүрлі мағыналары мағыналық қырлар деп аталады.
Қазақ тілі және басқа да түркі тілдері грамматикаларында бір грамматикалық форманың әртүрлі мағыналық қырларын әр бөлек грамматикалық құбылыс ретінде қарастыру кездеседі. Қазақ тілі грамматикаларында сан есімнің көптік формасы (бірлер, екілер, ондар, жүздер, т.б.) болжалдық сан есім деп аталып, сан есімнің лексика-семантикалық тобына жатқызылады. Сол сияқты шығыс септік формасындағы сан есімдер де бірде шығыс септік формасы ретінде, бірде топтау сан есімі ретінде қарастырылады. Мысалы, оннан төрті алса, алты қалады деген сөйлемдегі оннан сөзі шығыс септік формасы ретінде түсіндіріледі, ал әр оқушыға дәптер бестен тиді дегенде бестен сөзі топтау сан есімі ретінде беріледі.
Түркі тілдерінде түбір сөздер өздерінің білдіретін ұғымына, лексикалық мағынасына және сөздік сипатына қарай бірнеше сөз таптарына бөлінеді. Сөз таптарына енетін түбір сөздер ішкі мазмұн ұқсастығына қарай лексика-семантикалық топтарға жіктеледі. Грамматикалық форма түбір сөздерге арнайы қосымшалардың жалғануы арқылы жасалып, белгілі грамматикалық мағына білдіреді.
Сөйтіп, сөз таптарының лексика-семантикалық топтары мен грамматикалық формаларды бір жүйеде қарастыру грамматикалық құбылыстарды ғылыми тұрғыдан дәл талдауға қолайлы емес. Қазақ тілі грамматикаларында сөз таптарын лексика-семантикалық топтарға бөлу бірізді емес. Онда үстеу мен есімдікке енетін түбір сөздер тек лексика-семантикалық тұрғыдан ғана жіктеледі, ал сан есімдер семантика-морфологиялық топтарға бөлінеді.
Мұнда тілдің сөздік құрамына енетін түбір сөздер де, грамматикалық формалар да, сан есімнің шылау сөздермен тіркесі де жүйесіз түрде, тек мағынаға сүйене отырып топтастырылған. Мысалы, оқулықтарда «есептік» және «реттік» сан есімдер тең дәрежелі семантикалық топтар ретінде түсіндіріледі. Шын мәнінде, -ыншы/-інші қосымшасы сан есімге жалғанып, грамматикалық абстракция жасайтын форма тудырушы қосымша болып табылады.
Сондықтан сан есімнің реттік формасын (бірінші, екінші, т.б.) етістіктің есімше, көсемше формалары немесе сын есімнің шырай формалары сияқты дербес грамматикалық форма ретінде қарастырған жөн. Өйткені -ыншы/-інші қосымшасы сан есімге жалғанып, оның лексикалық мағынасын өзгертпей, тек грамматикалық (реттік) мағына үстейді.
Көптік форма мен көлемдік-мекендік септіктердің де контекстке және түбір сөздің семантикасына сәйкес әртүрлі мағыналық қырлары болатыны тілдік материалмен толық дәлелденеді. Олай болса, сан есімнің шығыс септік формасы (бестен, бес-бестен) мен көптік формасын (ондар, жүздер) мағынаға ғана сүйеніп, бірде топтау сан есім, бірде болжалдық сан есім деп бөлу ғылыми тұрғыдан негізсіз болып табылады.
Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.