Біз жоғарыда сөз таптарының әрбір грамматикалық формасы түбір сөзге арнайы форма тудырушы қосымша жалғану арқылы жасалатындығын айттық. Тіл-тілде кейбір грамматикалық формадағы сөздер грамматикалық көрсеткішсіз-ақ нөлдік формада қолданылатындығы жалпы тіл білімінде белгілі. Бірақ нөлдік форма туралы авторлардың түсінігі, көзқарасы бір емес.
Нөлдік форма туралы академик И.И. Мещанинов былай деп анықтайды: “Нулевые показатели одной группы слов в противоположность морфологически оформленным показателям других являются, равным образом, положительным критерием для ее выделения” . О.П. Суник түркі тілдерінде грамматикалық формалармен өзгеретін атауыш сөздердің барлығы грамматикалық көрсеткіші болмаса да, нөлдік грамматикалық формада тұр деп есептейді. “Основа иш- (турецкое) состоит, как и положено всякой основе существительного, из корня иш- и нулевого формообразующего суффикса основы, указывающего в данном случае на единственное число имени. Ср. иш-лер-ден – с работ, иш-те – на работе и т.д. Подобные структурные типы слова имеются не только во всех алтайских, но и в языках индоевропейских, например, в русском: стул, кол и т.п. ... Эти слова состоят из основ единственного числа стул-, кол- и нулевого окончания именительного падежа мужского рода”
О.П. Суниктің анықтауы бойынша, алтай тілдеріндегі түбір (негізгі) сөздер нөлдік грамматикалық форма болып табылады. Қай тілде болмасын грамматикалық құбылыстардың қалыпты жүйесін ғылыми-теориялық тұрғыдан жан-жақты шешіп бере қою оңай жұмыс емес. Бұл – көптеген пікірталастың нәтижесінде шешілетін мәселе. Сонымен бірге тілдің грамматикалық құбылыстары хаос түрінде, қалай болса солай жүйесіз қалыптаспайды. Әсіресе түркі тілдерінің грамматикалық құбылыстарының жүйелілігі ерекше. Бұл тілдерде әрбір морфеманың орын тәртібі, атқаратын қызметі өте айқын, тіпті дәл ғылымға (точная наука) теңестіруге де болады. Сондықтан да түркі тілдерінің грамматикалық құбылыстарын анықтауда оларды жұмбақтың шешуіне айналдырудың қажеті жоқ.
Нөлдік форма жөнінде В.М. Жирмунскийдің анықтауы ғылыми-теориялық тұрғыдан өте орынды: “Біз Ф.Ф. Фортунатовтың именительный падеж басқа септіктермен бірдей грамматикалық форма, ал басқалары арнайы морфемалармен түрленсе, именительный падеж нөлдік формада қолданылады деген анықтамасына үйреніп кеткенбіз, содан шыға алмаймыз. Шын мәнінде мұндай терминология мәселені дұрыс шешудің орнына, тіпті қиындата түседі. “Нөлдік қосымша” деген терминді род. пад. мн. ч. роз сөзіне қолдануға болады. Өйткені роз сөзін им. п. мн. ч. розы және дат. п. мн. ч. розам сөздерімен қатар қойғанда, оның нөлдік формада екендігі анық көрінеді. Ал именительный падеждің жекеше түрі үшін бұл термин (нөлдік қосымша) үйлеспейді”, – дейді. Б.А. Серебренников: “... Кейбір лингвистердің түбір сөз тұлғасындағы атау септігін (им. падеж) нөлдік форма деп анықтауы ешқандай шындыққа үйлеспейтін, толық дәлелденбеген тұжырым”, – дейді.
Грамматикалық форма түбір сөзге арнайы форма тудырушы қосымшалар жалғану арқылы жасалады. Әрбір грамматикалық форма белгілі сөз табына қатысты болады да, сөз таптастыру принциптерінің басты бір белгісі болып саналады. Мысалы, септік, тәуелдік, көптік, иелік формалар зат есімге тән. Есімше, көсемше, шақ, бұйрық рай, қалау рай, шартты рай, тұйық рай формалары етістікке тән. Грамматикалық формалар сөйлеу кезінде ғана қолданылатын сөйлеу (речь) бірліктері. Олар сол күйінде тілдің сөздік құрамына енбейді.
Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде, кейбір грамматикалық формалар сөйлемде грамматикалық көрсеткішсіз-ақ нөлдік формада қолданыла береді. Қазақ тілінде нөлдік форма көбінесе түбір сөздермен тұлғалас болып келеді. Соның салдарынан қазақ тілінің грамматикаларында түбір сөздер мен нөлдік форманың ара жігін айыруда ғылыми-теориялық анықтамалар жеткіліксіз.
Қазақ тіл білімі жөнінде жазылған еңбектерде “зат есімнің жекеше түрі”, “атау септік”, “жай шырай”, “негізгі етіс” деген терминдер грамматикалық формалардың атауы ретінде қолданылады. Бірақ бұлардың ешқайсысының өзіне тән арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ. Олай болса, бұлар форма емес. Өйткені қай тілде болмасын абсолют түрде нөлдік форма болуы мүмкін емес. Зат есім түбір сөз күйінде және көптік, тәуелдік, иелік формаларда тұрып ілік, барыс, жатыс, табыс, шығыс, көмектес септік формаларына негіз болып жұмсалады. Атау септігінің өзіне тән арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ. Қазақ тілінде жолдас (зат есім түбірі) сөзі бірнеше грамматикалық формаларға негіз бола алады: жолдастар, жолдасым, жолдастың, жолдастыкі.
Демек, қазақ тілінде әрбір грамматикалық форма түбір сөзге арнайы форма тудырушы қосымша жалғану арқылы жасалады. Былайша айтқанда, түбір сөз грамматикалық форма емес, ол грамматикалық формаларға негіз болып жұмсалады. “Зат есімнің жекеше түрі”, “жай шырай”, “негізгі етіс” деп аталып жүргендер де көптік, шырай және етіс формаларына негіз болып қолданылатын түбір сөздер. Өйткені бұлардың арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ.
Қазақ тілінде нөлдік форма бар ма? Бар болса, оған нелер жатады? – деген сұрақ тууы мүмкін. Біздіңше, нөлдік формаға сөйлемде өзіне тән форма тудырушы қосымшамен түрленбей, түбір сөз тұлғасында қолданылатын грамматикалық формаларды жатқызу керек. Қазақ тілінде мынадай грамматикалық формалар нөлдік аффиксте қолданылады:
1. Ілік септік формасы әрқашан тәуелдік формамен байланысты қолданылады. Кейде ілік септігі қосымшасыз – нөлдік формада айтылады. Мысалы: колхоздың малы – колхоз малы, баланың пальтосы – бала пальтосы, т.б. Ілік септігінің бірде қосымшалы, бірде қосымшасыз нөлдік формада қолданылуы иелік мағынаның нақтылығына байланысты.
2. Табыс септігі сөйлемде қосымшалы да, қосымшасыз да айтылады: кітапты оқыдым – кітап оқыдым, шамды жақты – шам жақты, т.б.
Түркологиялық еңбектерде ілік септігі мен табыс септігінің қосымшасыз нөлдік формасын және атау септігін бір жүйеде қарастырып, бұларды белгісіз (неопределенный падеж) септік деп түсіндіреді. Әрине, ілік және табыс септіктерінің нөлдік формалары түбір сөз тұлғасындағы атау септікпен бірдей болып келетіні рас. Сонымен бірге көптік, тәуелдік формалары да, етістіктің субстантив (келу, келуші) және есімше формалары да атау септігі қызметінде жұмсалады. Және атау септігі осы аталған грамматикалық формаларда тұрып, сөйлемде бастауыш қызметін атқарады: Жұмысшылар жұмысқа кетті. Жолдасым институтта оқиды. Тапқан қуанар, таныған алар, т.б.
Ілік септігі мен табыс септігінің нөлдік формалары көптік, тәуелдік формаларымен түрленбейді, ол түбір сөздермен тұлғалас болады.
3. Сөйлемде барыс септігінің де нөлдік формада айтылуы сирек кездеседі. Бұл көбіне халық ауыз әдебиетінде, ауызекі сөйлеуде қолданылады: қала(ға) түсіп қайттым, Москва бардым, т.б.
4. Бұйрық райдың екінші жақ жекеше түрі қазақ тілінде әрқашан нөлдік формада қолданылады (кел-0). Бұйрық рай формасы сыртқы тұлғасы жағынан түбір етістікпен бірдей болғанымен, бұл екеуі екі басқа құбылыс: алғашқысы грамматикалық форма, ал соңғысы түбір етістік – сөздік құрамға енетін лексикалық бүтін.
Қазақ тілінде есім сөздер де, етістік формалары да бірінші және екінші жақта арнайы форма тудырушы қосымшалармен түрленеді: мен студентпін, сен студентсің; мен көргенмін, сен көргенсің; мен алдым, сен алдың; мен алсам, сен алсаң, т.б. Мұнда жақтық грамматикалық көрсеткіш қызметін жіктік және тәуелдік жалғаулары атқарады.
Қазақ тілінде етістіктердің жіктелу жүйесінде қосымшасыз нөлдік формада қолданылатын тек бұйрық райдың екінші жақ жекеше түрі ғана. Тілдік фактілер бұл форманың да о баста грамматикалық көрсеткіші болғанын толық дәлелдейді. Мысалы, кел+ің+дер, кел+ің+із сөздеріндегі -ің осы екінші жақтың грамматикалық көрсеткішінің қалдығы. Сонымен бірге өзбек тілінде етістіктің барың, келің, алың болып айтылуы да бұйрық райдың екінші жақ грамматикалық көрсеткішінің о баста болғанын, оның тарихи құбылыс екенін дәлелдейді.
Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.