Грамматикалық форма түбiр сөзге арнайы грамматикалық форма тудырушы қосымшалар жалғану арқылы жасалады. Түбiр сөздер де‚ грамматикалық формалар да қоғам өмiрiнде жүйелi түрде дамып‚ өзгерiп‚ шыңдалып отыратындығы тiл бiлiмiне мəлiм. Қазақ тiлiнiң сөздік құрамына енетiн түбiр сөздер мен грамматикалық формаларының жүйелерi осы тiлде сөйлейтiн қоғам мүшелерiнiң бiрнеше мың жылдар өзара қатынас жасап‚ пiкiр алысу процесiнде қалыптасты. Əрине‚ сөз сөйлемнен тыс жеке тұрып пiкiр алысу үшiн қатынас құралы бола алмайды. Сөздер өзара бiр-бiрiмен тiркесiп‚ сөйлем құрағанда ғана аяқталған ойды бiлдiре алады. Демек‚ қоғам мүшелерi‚ сөйлеудiң ең басты бүтiнi болып саналатын сөйлем арқылы өзара түсiнiседi. Түбiр сөздер қоғам өмiрiнде пайда болған жаңа ұғымдарды атау қажеттiлiгiнен туса‚ грамматикалық формалар сөздердiң бiр-бiрiмен өзара синтаксистiк қатынас жасап‚ сөйлем құрау процесiнде пайда болған. Түбiр сөздер де‚ грамматикалық формалар да сөйлеуде өмiр сүрiп‚ сол тiлдiң тiлдiк материалы болып қалыптасады. Түбiр сөздер‚ сөйлемнен тыс‚ тiлдiң сөздік құрамын жасайтын‚ сөздіктерге енетiн лексикалық бүтiндер. Ал грамматикалық формалар тек сөйлеуде сөйлем құрамында ғана қолданылатын‚ грамматикалық бүтiндер.

Тiл қай заманда болмасын‚ адам ойын‚ сезiмiн бiлдiрiп‚ өзара пiкiр алысатын қатынас құралы қызметiн атқару жолында əрқашан өзiнiң коммуникативтiк мақсатын орындауға тырысады. Қоғам мүшелерiнiң ой-санасы‚ ойлау қабiлетi күрделенуiне сəйкес‚ оның тiлi де‚ тiлдiк материал болып саналатын грамматикалық құбылыстары да дамып‚ түрлене түседi. Қазiргi алуан түрлi грамматикалық формалар сөздердiң сөйлем құрамында‚ əртүрлi сөйлем мүшелерi қызметiн атқару процесiнде жүйелi түрде қалыптасқан. Тiлдiң алғашқы даму кезеңiнде сөйлем құрылысы да‚ оның құрамындағы мүшелерiнiң бiр-бiрiмен байланысы да өте жұпыны болғандығы тiл бiлiмiнде мəлiм.

А. Мейе ескi үндiеуропа тiлдерiнде сөйлем мүшелерiнiң грамматикалық байланысының басты амалы қабысу (примыкание) арқылы болған дейдi. 

Қай тiлде болмасын‚ сөйлем құрамындағы сөздердiң қабысу арқылы байланысуы сол тiлдiң сөйлем құрылысының алғашқы қалыптасу кезеңiне тəн қасиет. Қазiргi қазақ тiлiнде зат есiм‚ сын есiм‚ сан есiм жəне үстеудiң əрқайсысы сөйлемде түбiр күйiнде тұрып‚ белгiлi сөйлем мүшесi қызметiн атқарады. Зат есiм түбiр күйiнде бастауыш қызметiнде жұмсалады. Сын есiм мен сан есiм түбiр күйiнде зат есiмнiң алдынан анықтауыш қызметiнде жұмсалады. Үстеу етiстiктен болған сөйлем мүшесiнiң алдынан қолданылып‚ пысықтауыш қызметiн атқарады. Сын есiм‚ сан есiм‚ етiстiк – өзiнiң жаратылысы жағынан зат есiмге қатысты‚ мағынасы жағынан да соған байланысты сөз таптары. Зат есiм заттың‚ құбылыстың атын бiлдiретiн сөз табы болса‚ сын есiм‚ сан есiм‚ етiстiк – заттың белгiсiн‚ санын жəне қимыл‚ қозғалысын бiлдiретiн сөздер. Ал үстеу – қимылдың əртүрлi амалын‚ мезгiлiн‚ мекенiн бiлдiретiн сөз табы. Осы аталған сөз таптары сөздік мағынасы жағынан бiр-бiрiне қандай бағынышты болса‚ сөйлем құрамында сөйлем мүшесi қызметiнде жұмсалғанда да сол бағыныштылық сақталады. Сөз таптарының‚ белгiлi сөйлем мүшесi қызметiн атқаруда‚ екiншi сөзбен қабыса байланысуы, бiрiншiден‚ бұлардың өзара сөздік мағыналарының үйлесiмдi болуына байланысты болса‚ екiншiден‚ əр сөз табының өзiне тəн басты синтаксистiк қызметi болғандығын дəлелдейдi. Демек‚ əр сөз табының атқаратын синтаксистiк қызметi жүйелi қалыптасқан. Осы синтаксистiк қызметi сөздердi таптастыруда да сүйенетiн басты бiр белгiсi болып табылады. Əрине‚ бұдан əрбiр сөз табы өз алдына белгiлi бiр ғана сөйлем мүшесi қызметiнде жұмсалады деген ұғым тумасқа тиiс. Сөз таптары сөйлемде түбiр күйiнде тұрып‚ өзiнiң негiзгi синтаксистiк қызметiнен ауытқып‚ екiншi бiр сөйлем мүшесi қызметiнде де жұмсалуы мүмкiн. Мұндай жағдайда ондай сөздер сөйлемде сол екiншi сөз табының мағынасын бiлдiредi. Мысалы‚ Алтын сағат бағалы. Ағаш күрекпен қар күрейдi. Жақсы iсiмен жақсы. Көп қорқытады‚ терең батырады. Нұраш жақсы оқиды. Бастық қысқа сөйледi.

Сөздер сөйлем құрамына енгенде‚ белгiлi сөйлем мүшесi қызметiнде жұмсалып‚ бiр-бiрмен байланысып синтаксистiк қатынасқа енедi. Қазiргi жетiлген тiлдерде‚ оның iшiнде қазақ тiлiнде де‚ сөйлем құрамындағы сөздердiң өзара байланысуының қабысудан басқа да бiрнеше амалдары бар. Ол амалдары форма тудырушы қосымшалар арқылы жүзеге асады.

Форма тудырушы қосымшалардың сөз тудырушы қосымшалардан басты бiр айырмасы – олар сөз бен сөздi байланыстырып‚ синтаксистiк қатынасқа ендiредi. Ал сөз тудырушы қосымшаларда ондай қасиет жоқ. Форма тудырушы қосымшалар морфологиялық тұрғыдан сөздiң грамматикалық формасын тудырса‚ синтаксистiк тұрғыдан сөз бен сөздi байланыстырып‚ сөз тiркесiн жəне сөйлем құрайды. Грамматикалық формалар сөздердiң сөйлем құрамында өзара синтаксистiк қатынасқа енiп‚ сөйлем мүшесi қызметiнде жұмсалу процесiнде бiртiндеп грамматикалық формалар пайда болған. Салыстырмалы-тарихи əдiс арқылы қазiргi қазақ тiлiнде көптеген қосымшалардың о баста толық мағыналы сөз болғандығын көремiз. Тiптi‚ кейбiр сөздердiң бiрнеше морфологиялық бүтiн болып қалыптасқандығын байқауға болады. Мысалы: Жарас үйге соң қайтты. Жарас келмеген соң‚ жолдастары кетiп қалды. Жарас жолдастары кеткесiн келдi. Бiрiншi сөйлемде соң – үстеу‚ екiншi сөйлемде – шылау‚ ал үшiншi сөйлемде қосымшаға айналған. Сол сияқты кейiн сөзi бiрде үстеу‚ бiрде шылау болады. Көмектес септiк жалғауы да (мен‚ бен‚ пен) жалғаулық шылаумен төркiндес екендiгi мəлiм. Сөйтiп‚ форма тудырушы қосымшалар сөздердiң сөйлем құрамында‚ бiр-бiрiмен синтаксистiк қатынасқа енiп‚ өзара байланысу процесiнде морфологиялық жəне фонетикалық өзгерiске түсу нəтижесiнде пайда болған.

Қазақ тiлi грамматикаларында сөйлем құрамындағы сөйлем мүшелерiнiң өзара байланысу формаларын бес түрге бөлiп‚ арнайы терминдермен: қиысу‚ матасу‚ меңгеру‚ қабысу‚ жанасу деп атайды. Ал сөздердiң өзара байланысу тəсiлдерiне мынадай анықтама бередi: “Сөздердiң өзара байланысу тəсiлдерi негiзiнде бiрiне-бiрiнiң бағыныңқылық қатынасын бiлдiретiн синтаксистiк тұлғаларын сөздердiң байланысу формалары деймiз” , – дейдi.

Бiз сөздердiң байланысу формалары жəне олардың терминдерi туралы емес‚ форма тудырушы қосымшалардың сөз бен сөздi байланыстыру қабiлетi жөнiнде айтпақпыз.

Сөз тiркесiнiң құрамына енетiн сөздер мейлi грамматикалық форма‚ мейлi түбiр сөз болсын‚ олар өзара мағыналық үйлесiмдi болуы шарт. Мағыналық үйлесiм болмаған жерде‚ кез келген түбiр сөздердiң немесе грамматикалық формалардың қатар тұруы арқылы олар өзара байланыса алмайды. Мысалы‚ терең көл‚ ағаш күрек‚ он қой‚ осы жiгiт деп айтылады. Ал биiк көл‚ тау күрек‚ қашан жiгiт деп айтылмайды. Өйткенi алдыңғы пар сөздердiң iшкi мазмұны бiр-бiрiмен мағыналық үйлесiмде.

Көлдiң терең болуы‚ күректiң ағаштан iстелуi‚ жiгiттi осы деп меңзеу табиғи норма. Бұлардың мағыналары арасында логикалық үйлесiм жоқ. Көлдiң терең‚ саяз‚ үлкен‚ кiшкене, тағы басқа да сапалары болуы мүмкiн‚ ал биiктiк сапасы жоқ. Сондықтан да соңғы пар сөздер сөз тiркесiн жасай алмайды.

Қазақ тiлiнде əр сөз табы‚ сөйлем iшiнде өзiнiң негiзгi синтаксистiк қызметiнде жұмсалғанда ғана‚ екiншi бiр сөз бен түбiр сөз тұлғасында тiркесiп‚ синтаксистiк қатынасқа ене алады. Басқа жағдайда сөздер өзара тек грамматикалық формада‚ яғни форма тудырушы қосымшалар арқылы байланысады. Əрбiр грамматикалық форма жеке алғанда морфологиялық бүтiн болып саналады да‚ сөйлем құрамына енiп‚ сөйлем мүшесi қызметiнде жұмсалып, синтаксистiк категорияға енедi. Демек форма тудырушы қосымшалар‚ морфологиялық тұрғыдан сөз таптарының арнайы грамматикалық формаларын тудырса‚ синтаксистiк тұрғыдан сөз бен сөздi байланыстырып‚ грамматикалық қатынасқа ендiредi.

Түбiр тұлғадағы сөздердiң екiншi бiр сөздермен синтаксистiк қатынасқа енуi үшiн олардың мағыналық үйлесiм болуы жеткiлiктi. Ал грамматикалық формалардың өзара синтаксистiк қатынасқа түсуi үшiн олардың арасында əрi семантикалық‚ əрi грамматикалық үйлесiм болуы шарт. Былайша айтқанда‚ əрбiр грамматикалық форманың сөз тiркесiн жасауда қалыптас-қан заңды жүйесi бар. Мысалы‚ iлiк септiгiндегi сөз тек қана тəуелдi формамен тiркеседi (баланың кiтабы). Ал басқа септiк формалары‚ негiзiнен‚ етiстiк формаларымен тiркеседi (үйге қайту‚ баланы тəрбиелеу‚ кiтапты оқу, т.б.). Тiркесетiн сөздердiң арасында семантикалық немесе грамматикалық үйлесiм болмаса‚ олар бiр-бiрiмен синтаксистiк қатынасқа ене алмайды. Мысалы‚ “тауға шомыламын” дегенде екi сөздiң арасында грамматикалық байланыс болғанмен‚ олардың сөздік мағыналары арасында логикалық үйлесiм жоқ. Былайша айтқанда‚ өзенге‚ суға‚ көлге шомылу мүмкiн‚ ал тауға шомылу мүмкiн емес. Сонымен бiрге тiркеске енетiн сөздердiң арасында мағыналық үйлесiм болғанымен‚ олар өзiнiң арнайы грамматикалық формасында қолданылмаса‚ сөз тiркесiн құрай алмайды. Қазақ тiлiнде баланың жəне баланiкi сөздерi əрқайсысы əр жеке грамматикалық форма. Баланың – iлiк септiк формасы‚ ал баланiкi – иелiк форма. Бiрақ бұлардың бiлдiретiн мағынасы бiр‚ яғни синонимдiк формалар. Солай бола тұрса да‚ бұлар бiрiнiң орнына бiрi қолданылмайды‚ “баланiкi кiтабы” немесе “кiтап баланың” деп айтылмайды. Өйткенi iлiк септiк формасы əрқашан тəуелдi формамен ғана тiркесiп (баланың кiтабы)‚ сөйлемде анықтауыш қызметiнде жұмсалуы қазақ 195 тiлi үшiн грамматикалық норма. Ал -нiкi (-дiкi‚ -тiкi) қосымшасы жалғану арқылы иелiк форма өзiмен байланысатын (бастауыш) сөзден кейiн қолданылып‚ баяндауыш қызметiнде жұмсалады. Демек‚ түбiр сөз болсын‚ не грамматикалық форма болсын өзара байланысып‚ сөз тiркесiн құрау үшiн олар əрi мағыналық‚ əрi формалық байланыста болуы шарт.

Форма тудырушы қосымшалар сөз бен сөздi байланыстыру қызметiне қарай екi топқа бөлiнедi. Бiрiншi тобына сын есiмнiң шырай формаларының‚ сан есiмнiң реттiк формасының‚ етiстiктiң болымсыз формасының‚ күшейтпелi етiстiк (-ыңқыра/- iңкiре)‚ ортақ етiстiк‚ салт жəне сабақты етiстiк формаларының форма тудырушы қосымшалары жатады. Бұлар сөз бен сөздi байланыстырмайды‚ тек жалғанған сөзiне грамматикалық мағына үстейдi. Кеңiрек үй‚ қалыңдау кiтап‚ бесiншi бөлме деген тiркестердегi анықтауыш қатынаста жұмсалған кеңiрек‚ қалыңдау‚ бесiншi сөздерiнiң құрамындағы форма тудырушы қосымшаларын (-рақ‚ -дау‚ -iншi) алып тастаса да‚ синтаксистiк байланыс үзiлмейдi (кең үй‚ қалың кiтап‚ бес бөлме).

Етiстiктiң болымсыз‚ күшейтпелi етiстiк‚ ортақ етiстiк‚ салт жəне сабақты етiстiк формалары‚ түбiр етiстiктер тəрiздi‚ сол күйiнде тұрып‚ басқа сөздермен (етiстiкпен де‚ есiм сөздермен де) синтаксистiк қатынасқа енбейдi. Яғни олар сол күйiнде сөйлем мүшесi қызметiнде жұмсалмайды.

Бiрiншi топқа жататын форма тудырушы қосымшалар сөз тудырушы қосымшалардан тек өзiнiң морфологиялық сипаты жағынан айырылады. Яғни бұлар жаңа сөз тудырмайды‚ сын есiм‚ сан есiм жəне етiстiкке тəн грамматикалық формаларын тудырып‚ жалғанған сөзiне грамматикалық мағына үстейдi. Ал сөз бен сөздi байланыстырып‚ синтаксистiк қатынасқа түсiру жағынан бұлардың сөз тудырушы қосымшалардан айырмасы жоқ. Яғни бiрiншi топқа жататын форма тудырушы қосымшалар да‚ сөз тудырушы қосымшалар да сөз бен сөздiң арасын байланыстыру қызметiн атқара алмайды. Сондықтан форма тудырушы қосымшалардың бұл түрi семантикалық немесе ирреляциялық деп аталады.

Форма тудырушы қосымшалардың екiншi тобына зат есiмнiң көптiк‚ тəуелдiк‚ септiк‚ иелiк формаларының қосымшалары‚ етiстiктiң есiмше‚ көсемше‚ қимыл есiмi‚ рай формаларының қосымшалары жəне жiктiк жалғауы жатады. Бұл аталған форма тудырушы қосымшалар əрi сөз таптарының грамматикалық формаларын тудырса‚ əрi сөз арасын байланыстырып‚ сөз тiркесiн құрайды. Осы синтаксистiк қызметiне сəйкес бұлар реляциялық морфемалар деп аталады.

Түркологиялық еңбектерде форма тудырушы қосымшалардың сөз арасын байланыстыру қабiлетi толық зерттелiп анықтала қойған жоқ. Қосымшалардың сөз арасын байланыстыру қызметi жөнiнде авторлардың пiкiрi бiр iзден шыға бермейдi. М.Б. Балақаев қабысу туралы мынадай анықтама бередi: “... қабыса байланысқан сөз тiркестерi өзара ешқандай жалғаусыз‚ тек қатар тұру арқылы тiркеседi. Сонда қабыса байланысқан сөз тiркестерiнiң грамматикалық байланыс амалы сөздердiң орын тəртiбi болады”. Автор есiмше формаларының анықтауыш қатынастағы тiркесiн жəне көсемше формаларының пысықтауыш қызметiнде басқа сөздермен тiркесiн қабыса байланысқан сөз тiркесi деп түсiндiредi” . М. Балақаевтың есiмше‚ көсемше формалары арқылы жасалған сөз тiркестерiн қабыса байланысқан сөз тiркесi деп анықтауы жалпы түркологиялық еңбектерде етiстiк формаларын септiк‚ жiктiк‚ тəуелдiк‚ көптiк формаларынан (словоизменение) бөлiп‚ оларды жұрнақ (аффикс) деп‚ сөз тудырушы қосымша қатарында тануынан болу керек. Есiмше жəне көсемше формаларының басқа сөздермен байланысы туралы М.З. Закиев былай дейдi: “Более глубокий анализ показывает‚ что указанные аффиксы (аффиксы причастий и деепричастий – И.М.)‚ не изменяя лексического значения слова‚ выражают различные отношения между явлениями и тем самым связывают глагол с другими словами” . Бiздiңше, М. З. Закиевтiң бұл пiкiрi орынды. Бiрақ М.З. Закиев кейбiр қосымшалардың (жазын‚ қысын‚ астыртын) сөз тудырушы екендiгiн анықтай отырып‚ олар сөз арасын байланыстыру қызметiн атқарады дейдi. Сөз тудырушы қосымшалар ешқашан сөз бен сөздi байланыстыра алмайды. Реляциялық қосымшалардың сөз арасын байланыстыру қабiлетi барлық жағдайда бiрдей емес. Кез келген грамматикалық формалар да қалай болса солай өзара байланыса бермейдi. Тiркеске енетiн грамматикалық формалар өзара мағыналық жəне грамматикалық байланыста болуы қажет. Мысалы‚ iлiк септiк формасы əрқашан тəуелдi формамен тiркеске енсе‚ жанама септiк формалары етiстiк формаларымен жəне есiм сөздермен ғана тiркесе алады. Көптiк жəне тəуелдiк формалары бастауыш қызметiнде жұмсалғанда ғана оның құрамындағы көптiк‚ тəуелдiк жалғаулары сөз бен сөздi байланыстырмайды. Мiне, осы сияқты реляциялық қосымшалардың сөз арасын байланыстырып‚ сөз тiркесiн ұйымдастыруда олардың жүйелi түрде қалыптасқан грамматикалық заңдылығы берiк сақталады. 

Қазақ тiлiнде форма тудырушы қосымшалар арқылы байланысқан сөз тiркесiнiң құрамындағы сөздер өзара бiр-бiрiмен сыңаржақ жəне қайшы байланыста болады.

Сыңаржақ байланыстағы сөз тiркесiнiң бiр сыңары түбiр сөз тұлғасында‚ ендi бiр сыңары грамматикалық формада қолданылады. Бұлардың арасын грамматикалық форманың реляциялық қосымшасы байланыстырады. Мысалы‚ көзi ашық‚ келген кiсi‚ сөзге шорқақ‚ кеше келдi‚ машина колхоздiкi‚ ерiк өзiңде, т.б. Бұл тiркестердiң құрамындағы грамматикалық формалардың қосымшаларын (-i‚ -ген‚ -ге‚ -дi‚ -дiкi‚ -де) алып тастаса‚ екiншi сыңарларымен тiркесi бұзылады. Сыңаржақ байланысты сөз тiркесi екi түрлi болады. Бiрiншi түрi – сөз тiркесiнiң құрамындағы алдыңғы сыңары түбiр сөз тұлғасында‚ соңғы сыңары грамматикалық формалардың бiрiнде қолданылады. Сыңаржақ байланысты сөз тiркесiнiң бұл түрiне негiзiнен бастауыш қызметiнде жұмсалған есiм сөздер мен пысықтауыш қызметiнде жұмсалған үстеу жəне сапалық сын есiмдердiң грамматикалық формалармен тiркесi жатады. Есiм сөздер бастауыш қызметiнде жұмсалғанда ешқандай форма тудырушы қосымшасыз-ақ түбiр сөз күйiнде тұрып‚ екiншi бiр грамматикалық формадағы сөздермен тiркеседi. Мұндай тiркестiң екiншi сыңары предикативтiк қатынаста болады.

Бұған мынадай тiркестер жатады:

1. Есiм сөзден болған бастауыш пен етiстiк формаларының тiркесi. Мысалы: Кiсi келдi. Қар ерiсе‚ су ағады. Бала келсiн. Сен кел . Бастық келген, т.б.

2. Есiм сөздерден болған бастауыш пен иелiк форманың (-нiкi‚ дiкi‚ -тiкi) тiркесi: Қағаз баланiкi. Ат колхоздiкi. Машина Қасендiкi, т.б.

3. Бастауыш қызметiнде жұмсалған есiм сөздер түбiр сөз күйiнде жатыс жəне шығыс септiк формаларымен байланысты сөз тiркесiне енедi. Мұнда сөз арасын байланыстырушы дəнекер жатыс‚ шығыс септiктерiнiң қосымшалары: Оспан жиырмада. Мал жайлауда. Ерiк өзiңде. Ауру – астан‚ дау – қарындастан. Самат найман руынан, т.б.

4. Үстеу жəне кейбiр сапалық сын есiмдер мен етiстiк формаларының тiркесi. Мұнда алдыңғы сыңары түбiр сөз тұлғасында пысықтауыш қызметiнде жұмсалады да‚ соңғы сыңары етiстiк формаларының бiрiнде қолданылады. Мұнда екi сөздiң арасын етiстiктiң форма тудырушы қосымшалары байланыстырып‚ синтаксистiк қатынасқа ендiредi. Мысалы:  кеше келдi‚ жоғары көтерiлдi‚ тез жүрдi‚ қолма-қол берсе‚ соңыра келмек, т.с.с. Сыңаржақ байланыстың екiншi түрiне‚ керiсiнше‚ алдыңғы сыңары грамматикалық формада‚ соңғы сыңары түбiр сөз тұлғасында қолданылып байланысқан сөз тiркесi жатады. Мұнда екi сөздiң арасын алдыңғы грамматикалық форманың құрамындағы форма тудырушы қосымша байланстырады.

Сыңаржақ байланысқан тiркестiң бұл екiншi түрiне мыналар жатады.

1. Барыс‚ жатыс‚ шығыс‚ көмектес септiк формалары түбiр сөз тұлғасындағы есiм сөздермен синтаксистiк қатынасқа енiп‚ сөз тiркесiн жасайды. Мысалы: сөзге шорқақ‚ бетегеден биiк‚ жусаннан аласа‚ жазда жылы‚ қыста суық‚ астында ат‚ басымен əлек‚ Асанмен дос, т.б.

2. Анықтауыш қызметiнде жұмсалған есiмше формалар мен есiм сөздердiң тiркесi де сыңаржақ байланысқа жатады. Мұнда есiмше формаларының қосымшалары сөз арасын байланыстыру қызметiн атқарады. Мысалы: келген кiсi‚ өткен күн‚ оқитын кiтап‚ айтар сөз‚ алмақ ақы‚ жерлiк ет, т.б. Қазақ тiлi грамматикаларында мұндай тiркестi қабысу арқылы байланысқан тiркеске жатқызады. Оның себебi есiмше формаларының қосымшаларын жұрнақ деп атап‚ сөз тудырушы қосымшалардың қатарында есептейдi. Түркi тiлдерiнде түбiр етiстiктер ешқашан басқа сөздермен тiркеске енбейдi де‚ сол күйiнде дербес сөйлем мүшесi бола алмайды. Етiстiктер есiмше‚ көсемше‚ қимыл есiмi‚ рай формаларымен түрленгенде ғана басқа сөздермен синтаксистiк қатынасқа енiп‚ сөйлем мүшесi қызметiнде жұмсалады. Демек‚ аталған етiстiк формаларының қосымшалары сөз бен сөздi байланыстыру қызметiн атқарады.

3. Тəуелдi форма мен есiм сөздердiң тiркесi де сыңаржақ байланысқа жатады. Бұл тiркес тұрақты түрде сөйлемнiң бiр ғана күрделi мүшесi болып жұмсалады. Мысалы: көзi ашық‚ түсi суық‚ тiлi ащы‚ жеңi тар‚ жолы қатты, т.б.

Реляциялық қосымшалар арқылы байланысатын сөз тiркестерiнiң түрi қайшы байланыс деп аталады. Қайшы байланысқан сөз тiркесiнiң құрамындағы екi сыңары да бiр-бiрiмен форма тудырушы қосымшалары арқылы байланысып‚ синтаксистiк қатынасқа енедi. Былайша айтқанда‚ мұның екi сыңары да грамматикалық формада қолданылады. Қазақ тiлiнде мынадай грамматикалық формалар бiр-бiрiмен қайшы байланысты сөз тiркесiне енедi:

1. Iлiк септiк формасы мен тəуелдiк форма өзара бiр-бiрiмен қосымшалары арқылы байланысады. Мұның алдыңғы сыңары иелiк мағына бiлдiредi де‚ соңғы сыңары соған бiр заттың не  құбылыстың тəуелдi екенiн бiлдiредi. Яғни мағынасы жағынан‚ алдыңғысы – иелiк қатынаста‚ соңғысы – тəуелдiлiк‚ меншiктiлiк қатынаста тiркеседi. Изафеттiң алдыңғы iлiк септiк формасы сөйлеуде жалғаулы да‚ жалғаусыз да айтыла бередi. Егер iлiк септiгiндегi сөз қосымшалы түрде қолданылса‚ оның иелiк мағынасы нақты болады. Ал iлiк септiгiндегi сөз қосымшасыз – нөлдiк формада қолданылса‚ оның иелiк мағынасы жалпылана түседi. Колхоз малы‚ өзен суы‚ адам ойы деген тiркестерде меншiктiлiк мағына абстракцияланған. Бұлар бiртұтас екпiнмен айтылады да‚ арасына сөз қосуға болмайды. Егер алдыңғы ие сөз нақты бiреудiң не бiр заттың ұғымын бiлдiрсе‚ онда ол қосымшалы түрiнде айтылады да‚ меншiктiлiк мағына нақтыланады. Төменгi колхоздың малы‚ “Алға” колхозының малы. Ерболдың ойы‚ мына жiгiттiң ойы. Iле өзенiнiң суы‚ бiздiң өзеннiң суы. Бұл тiркестiң арасына сөз қосып айтуға болады‚ бiрақ онымен олардың арасындағы байланыс үзiлмейдi.

Изафеттiк тiркестiң құрамындағы алдыңғы сыңары жалқы есiм болса‚ онда бұл тiркес үш түрлi қатыстық мағына бiлдiредi. Абайдың балалары‚ Абай балалары‚ “Абай” колхозы дегенде‚ бiрiншi тiркесте Абайдың өз балалары туралы түсiнемiз. Мұнда меншiктiк мағына анық көрiнiп тұр. Екiншi тiркесте (Абай балалары) меншiктiлiк‚ иелiк мағына солғындап‚ жалпылық сипатқа енген. Яғни мұнда Абайдың өз балалары ғана емес‚ оның iшiнде немерелерi де‚ жақын туыстарының балалары да бар екендiгi аңғарылады. Үшiншi тiркесте (“Абай” колхозы) ешқандай меншiктiлiк‚ иелiк мағына жоқ. Онда Абай сөзi колхоздың атын бiлдiрiп‚ атаулық қатынаста қолданылған. Қазақ тiлiнде жер‚ су‚ қала‚ тау жəне басқа да географиялық атаулар тəуелдi формамен тiркесiп‚ атаулық қатынаста қолданылады.

Мағынасы жағынан изафеттiк тiркестiң құрамындағы сөздердiң соңғы сыңарына бағынышты болады. Яғни алдыңғы сөз иелiк мағына бiлдiредi де‚ соңғы сөз соған тəуелдi‚ соның меншiгi екендiгiн бiлдiредi. Ал грамматикалық тұрғыдан изафеттiк тiркестiң алдыңғы (iлiк септiк формасы) сыңары соңғы тəуелдi формаға бағынышты‚ соның жетегiнде қолданылады. Өйткенi сөйлеуде iлiк септiгi тəуелдi формасыз жеке қолданылмайды. Ал тəуелдi форма септiгiмен тiркеспей-ақ жеке айтыла бередi. Мысалы: Көзiң ауырса‚ қолыңды тый‚ iшiң ауырса‚ тамағыңды тый. Басы ауырмағанның Құдаймен iсi жоқ.

Тəуелдi форма бiздiң‚ сiздiң сөздерiмен тiркескенде‚ кейде қосымшасыз да айтыла бередi. Бiздiң ауыл‚ сiздiң үй. Демек‚ изафеттiк тiркеске енген iлiк септiгi мен тəуелдi формаларының бiрi қосымшасыз (бiздiң үй‚ ағаш жапырағы) айтыла бередi. Олардың сыртқы тұлғасына қарап‚ түбiр сөз деп қарау дұрыс емес‚ олар нөлдiк грамматикалық форма болып саналады.

2. Қайшы байланыстың екiншi түрiне табыс‚ жатыс‚ барыс‚ шығыс‚ көмектес септiктерi мен етiстiктiң грамматикалық формаларының тiркесi жатады. Бұл тiркестегi сөз арасын байланыстырушы – септiк формаларының қосымшалары мен етiстiктiң есiмше‚ көсемше‚ субстантив жəне рай формаларының қосымшалары. Мұндай тiркестердi қазақ тiлi грамматикаларында меңгерiле байланысқан сөз тiркестерi дейдi.

Септiк формалары – зат есiмге тəн грамматикалық формалар. Бұлардың iшiнде iлiк септiгi əрқашан иелiк мағына бiлдiрiп‚ сөйлемде анықтауыш қызметiнде жұмсалса‚ табыс септiгi объектiнi бiлдiретiн грамматикалық форма болып саналады да‚ сөйлемде ұдайы тура толықтауыш қызметiнде жұмсалады. Табыс септiгi де iлiк септiк сияқты сөйлеуде қосымшалы да‚ қосымшасыз да (нөлдiк формада) айтыла бередi. Табыс септiгiнiң қосымшалы жəне қосымшасыз қолданылуы – объектiнiң нақты немесе абстракты болуына байланысты.

Мысалы: Настасья, трактор жайындағы мына бiр кiтапты оқышы (Ғ. Мүсiрепов) деген сөйлемде табыс септiгiндегi (кiтапты) сөзi қосымшасыз айтылмайды. өйткенi ол дəл осы сөйлемде нақты объектiнi бiлдiредi. Былайша айтқанда‚ сөйлеушi тыңдаушыға (Настасьяға) нақты бiр ғана кiтапты нұсқап‚ оқуға ұсынады. Егер Настасья кiтап оқыды десек‚ онда табыс септiгiндегi кiтап (объект) сөзiнiң абстракт түрде қолданылып тұрғанын көремiз. Сол сияқты Оспан ойдағы малды қайырды немесе Оспан мал қайырды деп айтылу да əдеби тiлдiң нормасы. Алдыңғы сөйлемде объект (табыс септiгi) ойдағы сөзi арқылы нақтыланып‚ қай мал екендiгi дəл көрсетiлiп тұр. Ал екiншi сөйлемде объект (мал) нақты емес‚ абстракты түрде айтылып тұр.

Iлiк жəне табыс септiктерiнен басқа барыс‚ жатыс‚ шығыс жəне көмектес септiктерiнiң мағыналары контекске жəне түбiр сөздiң лексикалық мағынасына сəйкес өзгерiп отырады. Мысалы‚ Қарағандыға жүз елу кiсi жiберiлдi (Ғ. Мүсiрепов). Дəулетке батып белшеден‚ ырысқа қандым кенелдiм (Жамбыл). Мен Есендi жасымнан бiлемiн. Өнер-бiлiм бар жұрттар‚ тастан сарай салғызды (Ы. Алтынсарин). Атты қамшымен айдама‚ жеммен айда (Мақал). Елек суын жер астымен əкелдi (Ғ. Мұстафин). Бұл сөйлемдерде септiк формалары бiрде толықтауыш қызметiнде жұмсалса‚ ендi бiрде пысықтауыш қызметiн атқарады. Сондықтан да барыс‚ жатыс‚ шығыс‚ көмектес септiктерi көлемдiк‚ мекендiк септiктер деп аталады. 

3. Реляциялық қосымшалар арқылы қайшы байланысатын сөз тiркесiнiң үшiншi түрiне көптiк форманың грамматикалық көрсеткiшi арқылы (-лар/-лер‚ -дар/-дер‚ -тар/-тер байланысатын сөздер жатады. Мұндай тiркестiң құрамындағы сөздердiң алдыңғы сыңары екiншi жақ жiктеу есiмдiгiнiң көптiк формасында қолданылып‚ бастауыш қызметiнде жұмсалады да‚ есiм сөздер мен етiстiктен болған баяндауыштармен қиыса байланысады. Сендер – студентсiңдер. Сiздер алтаусыздар. Сендер келдiңдер. Сiздер осындасыздар. Бұл тiркестер əрi жақ‚ əрi көптiк форма арқылы өзара қиыса байланысқан. Егер тiркестiң бiр сыңарынан көптiк жалғауын түсiрiп айтса‚ олардың арасындағы грамматикалық байланыс үзiледi. Сен студентсiңдер немесе сiздер келдiңiз деп айтылмайды.

Көптiк форманың грамматикалық көрсеткiшi -лар/-лер‚ -дар/- дер‚ -тар/-тер реляциялық қосымшаға жатқанымен‚ ол қазақ тiлiнде əрқашан сөз арасын байланыстыру қызметiн атқара бермейдi. Мысалы‚ зат есiм бастауыш қызметiнде жұмсалғанда‚ көптiк морфема сөз арасын байланыстыру қызметiн атқара алмайды. Балалар келдi‚ бөлмелер таза деген сөйлемдерде -лар/-лер қосымшалары сөз арасын байланыстырып тұрған жоқ. Мұндағы -лар/-лер қосымшаларын түсiрiп айтсақ та байланыс үзiлмейдi. Бала келдi. Бөлме таза. Тəуелдi жалғау да‚ көптiк морфема тəрiздi зат есiм бастауыш қызметiнде жұмсалғанда сөз арасын байланыстыра алмайды. Балам келдi – бала келдi. Үйiң алыста – үй алыста, т.б.

Демек‚ зат есiмге тəн көптiк‚ тəуелдiк‚ септiк жəне иелiк формалардың форма тудырушы қосымшалары – сөз арасын байланыстыру қызметiн атқаратын реляциялық морфемалар. Бiрақ бұлардың сөз арасын байланыстыру қабiлетi бiрдей емес. Көптiк жалғау сөйлемнiң бастауыш қызметiнде жұмсалған екiншi жақ жiктеу есiмдiгiнiң көпше түрiн баяндауыш мүшемен қиысу арқылы қайшы байланыстырады. Сендер колхозшысыңдар. Сiздер бiлесiздер. Тəуелдiк жалғау өзiнiң жалғанған сөзiн iлiк септiк формасымен қайшы байланысқа ендiрiп‚ изафеттiк тiркес құрайды. Ал бұл қосымшалар бастауыш қызметiнде жұмсалған зат есiмге жалғанғанда сөз арасын байланыстыра алмайды. Бала келдi. Балалар келдi. Балаларым келдi. Бұл сөйлемдерде бала сөзiне жалғанған көптiк‚ тəуелдiк жалғаулары синтаксистiк қызмет атқарып тұрған жоқ‚ бала сөзiн грамматикалық формаға ендiрiп‚ соған сəйкес мағына үстеп тұр. Iлiк септiк жалғауы жалғанған сөзiн тек тəуелдi формамен қайшы байланысқа ендiрiп‚ сөйлемнiң анықтауыш мүшесi қызметiн атқарады. Аттың жалы. Директордың кабинетi. Сiздiң үйiңiз. Табыс‚ барыс‚ жатыс‚ шығыс‚ көмектес септiк жалғаулары жалғанған сөзiн етiстiк формалармен қайшы байланысқа ендiрiп‚ негiзiнен‚ сөйлемнiң толықтауыш‚ кейде пысықтауыш қызметiнде жұмсалады. Иелiк форманың жалғанған сөзiн бастауыш мүшемен сыңаржақ байланысқа ендiрiп‚ баяндауыш қызметiн атқарады. Кiтап баланiкi. Машина колхоздiкi.

Сөйтiп‚ зат есiмнiң грамматикалық формалары сөйлемде атқаратын қызметiне қарай‚ синтаксистiк тұрғыдан мынадай топтарға бөлiнедi:

1. Зат есiмнiң көптiк жəне тəуелдiк формалары бастауыштық формаларға жатады.

2. Зат есiмнiң iлiк септiк формасы анықтауыштық формаларға (атрибуттық) жатады.

3. Табыс септiгi əрқашан сөйлемнiң тура толықтауыш мүшесi қызметiн атқарады.

4. Барыс‚ жатыс‚ шығыс‚ көмектес септiктерi синтаксистiң толықтауыштық-пысықтауыштық формаларына жатады.

5. Иелiк форма баяндауыштық қызмет атқарады.


4. Қайшы байланысты сөз тiркесiнiң төртiншi түрiне етiстiктiң грамматикалық формаларының өзара байланысы жатады. Түркi тiлдерiнде етiстiктер реляциялық қосымшалар арқылы грамматикалық формаға енгенде ғана бiр-бiрiмен немесе басқа есiм сөздермен байланысып‚ синтаксистiк қатынасқа түсе алады. Түбiр етiстiктер сол күйiнде есiм сөздермен де‚ етiстiк формаларымен де тiркесе алмайды. Сондықтан да олар сөйлем мүшесi қызметiн атқара алмайды. Қазақ тiлiнде түбiр етiстiк пен бұйрық райдың екiншi жақ жекеше түрi тұлғасы жағынан бiрдей болғанымен‚ бұл екеуi лексика-грамматикалық сипаты жағынан екi басқа құбылыс. Түбiр етiстiктер – сөйлемнен тыс‚ статистикалық қалыпта тұрғанда‚ тiлдiң сөздік құрамына енетiн лексикалық бүтiндер. Олар предикативтiк қатынаста екiншi жақ жiктеу есiмдiгiмен (сен) тiркескенде‚ бұйрық рай формасының екiншi жақ жекеше түрi болып саналады. Сен кел. Сен жаз. Сен сөйле, т.б. Бұйрық райдың екiншi жақ жекеше түрi қазiргi қазақ тiлiнде нолдiк формада қолданылады. Тiлдiк фактiлерге қарағанда‚ екiншi жақтың да өзiне тəн грамматикалық көрсеткiшi болып‚ кейiннен жойылғандығы байқалады.

Түркi тiлдерiнде -ың/-iң морфемасы екiншi жақтың грамматикалық көрсеткiшi екендiгi дау тудырмайды. Олай болса‚ қазiргi қазақ тiлiндегi алыңдар‚ келiңiз формаларының құрамында түбiрден соңғы қолданылатын -ың/-iң қосымшалары о бастағы бұйрық райдың екiншi жақ жекеше түрiнiң грамматикалық көрсеткiшi екендiгi даусыз. Сонымен бiрге‚ қазiргi өзбек тiлiнде бұйрық рай формасының екiншi жақ жекеше түрiне -ың/-iң қосымшасы жалғанып айтылады. Алиң‚ килиң‚ қабул килиң, т.б. Жетiсу қазақтарының сөйлеу тiлiнде бұйрық рай формасының екiншi жағына -ғын/-гiн қосымшасын жалғап айту жиi кездеседi. Барғын‚ қайтқын‚ келгiн, т.б.

Етiстiктiң есiмше‚ көсемше‚ рай‚ субстантив формалары мағыналары жəне сөйлемдегi синтаксистiк қызметi жағынан əртүрлi сөз таптарының орнына жүредi. Субстантив формалар (қимыл есiмi‚ қимыл иесi) зат есiм орнына жүредi. Есiмше формалары сын есiмнiң қызметiн атқарып‚ соның орнына жүредi. Көсемше формалар үстеудiң функциясын атқарады. Сондықтан бұл аталған формалар етiстiктiң функциялық формалары деп аталады. Функциялық формалардың əртүрлi сөз таптарының орнына жүруiне қарай‚ бұларды Э.В. Севортян етiстiктiң сөз таптары деп атайды: “...Части речи в азербайджанском языке распределяются на две неравные группы. В первую‚ большую группу, входят все части речи именного характера (существительные‚ прилагательные‚ наречия‚ числительные‚ местоимения и т.д.)‚ а также глагольные основы. Во вторую‚ меньшую группу, входят причастия‚ глагольные имена‚ деепричастия” .

Етiстiктiң грамматикалық (функциялық формалары өзара мынадай түрде қайшы байланысады:

1. Өткен шақ есiмше формасы (-ған) бастауыш қызметiнде жұмсалып‚ етiстiктiң шақ формаларымен синтаксистiк қатынасқа енедi. Тапқан қуанады‚ жоғалтқан алады (Мақал). Ашынған тiлдейдi‚ ашыққан ұрлайды (Мақал). Мұндай есiмшелi тiркес көбiнесе мақал-мəтелдерде кездеседi.

2. Көсемшелi тiркес. Мұның алдыңғы сыңары көсемше формаларында‚ соңғы сыңары шақ жəне шартты‚ бұйрық рай‚ қимыл есiмi формаларында қолданылады. Оқып түсiндi. Амандаса келiптi. Көргелi кеткен. Жазып оқыса. Барып келсiн. Ойланып сөйлеу. Көсемшелi тiркестiң соңғы сыңарындағы етiстiк формалары негiзгi қимылды‚ iс-əрекеттi бiлдiредi де‚ көсемше формалар негiзгi қимылдың‚ iс-əрекеттiң амалын‚ себебiн‚ мақсатын бiлдiрiп‚ пысықтауыш қызметiнде жұмсалады. Көсемше формалар сөйлемде бiлдiретiн мағынасы жəне синтаксистiк қызметi жағынан үстеудiң орнына жүредi. Осындай грамматикалық сипатына сəйкес көсемше формалары адвербиал етiстiктер деп аталады.

3. Етiстiк формаларының қайшы байланысты сөз тiркесiне шартты рай формасының шақ жəне бұйрық‚ қалау рай формаларымен тiркесi жатады. Жас жүрсе қунайды‚ кəрi жатса қунайды (Мақал). Қаласа алсын. Сенi ойласам көргiм келедi. Барсам кетiп қалыпты. Шартты рай формасы да негiзгi қимылдың шартын‚ мезгiлiн бiлдiрiп‚ пысықтауыш қызметiн атқаратындықтан‚ бұл да адвербиал етiстiктер тобына жатады.

Сөйтiп‚ етiстiк формалар бiр-бiрiмен өзара форма тудырушы қосымшалар арқылы қайшы байланысады. Етiстiк формалы қайшы байланысқан сөз тiркестерi есiмшелi тiркес‚ көсемшелi тiркес жəне шартты райлы тiркес түрiнде қолданылады. Көсемшелi жəне шартты райлы тiркестер де септiк формалары мен етiстiк формаларының тiркесi тəрiздi меңгерiле байланысады. Яғни тiркестiң алдыңғы сыңарындағы көсемше жəне септiк формалары соңғы етiстiк формаларына бағынышты‚ солардың меңгеруiнде болады. Оқып түсiнедi‚ амандаса келдi‚ үйге қайтсын‚ кiтапханадан шықтым‚ трамвайға мiндiк деген тiркестердiң құрамындағы бағыныңқы жəне меңгерушi компоненттерi бiр-бiрiмен əрi мағыналық‚ əрi грамматикалық қайшы байланыста. Егер бұлардың арасын байланыстыратын осы екi шарттың бiрi болмаса‚ олар өзара тiркесе алмайды. Мысалы‚ оқып түсiнедi деудiң орнына оқып жауады немесе трамвайға мiндiк деудiң орнына трамвайға жаудық деп айтылмайды. Өйткенi бұлардың арасында мағыналық байланыс жоқ. Сол сияқты қайшы байланысқа енген грамматикалық формалардың бiреуiнiң форма тудырушы қосымшасын түсiрiп айтсақ‚ онда да байланыс бұзылады. Мысалы‚ оқып түсiнедi‚ амандаса келдi‚ кiтапханадан шықтым‚ трамвайға мiндiк деудiң орнына оқы түсiнедi‚ амандас келдi‚ кiтапхана шықтым‚ трамвай мiндiк деп айтылмайды. Мұнда грамматикалық байланыс жоқ. Ал меңгеру арқылы қайшы байланысқан сөз тiркесiнiң соңғы етiстiк формаларының морфемаларын түсiрiп айтса да‚ байланыс үзiлмейдi. Мысалы‚ сен оқып түсiн‚ сен кiтапханадан шық‚ сен трамвайға мiн. Бiрақ бұл сыңаржақты тiркеске жатпайды‚ бұл да қайшы байланысқан сөз тiркесi. Өйткенi бұл тiркестегi түсiн‚ шық‚ мiн түбiр етiстiк емес‚ олар бұйрық райдың екiншi жақ жекеше түрiн бiлдiретiн грамматикалық форма. Түркi тiлдерiнде бұйрық райдың екiншi жақ жекеше түрi əрқашан нөлдiк формада қолданылатындығы тiл бiлiмiнде белгiлi. Сөйтiп меңгеру арқылы қайшы байланысқан сөз тiркестерiнiң соңғы сыңары етiстiктiң өткен шақ‚ келер шақ‚ осы шақ‚ қимыл есiмi‚ шартты рай‚ бұйрық рай‚ қалау рай формаларының бəрiмен де түрлене бередi.


Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.