Қай тiлде болмасын‚ сөздiң морфология мен синтаксиске қатысы туралы теориялық анықтамалар ешқандай пiкiрталас тудырмайды. Сөздiң жасалу тəсiлiн‚ грамматикалық формаларын‚ сөз таптарына бөлiнуiн морфология тексерсе‚ оның сөйлемдегi қызметiн‚ өзара байланысу амалдарын‚ сөз тiркестерiн синтаксис қарастырады. Яғни сөздiң морфологиялық қызметi оның формасы мен сөздік мағынасы болса‚ синтаксистiк қызметi сөйлемде сөз тiркесiне енiп‚ сөйлем мүшесi ретiнде жұмсалуы болып саналады. Сөздi фонетикаға, морфологияға жəне синтаксиске қатысы жағынан қарастырғанда‚ барлық тiлдерде айтарлықтай айырма жоқ. Бiрақ лексикалық бүтiнге жататын сөздердiң табиғаты‚ грамматикалық сипаты барлық тiлдерде бiрдей емес. Үндiеуропа жəне славян тiлдерiндегi сөздер белгiлi грамматикалық категорияға енгенде ғана лексикалық единица болып саналады. Мысалы‚ орыс тiлiндегi етiстiктер тек инфинитив формасында толық мағыналы сөз дəрежесiнде сөздік құрамға енедi де лексикалық бүтiн дəрежесiне жетедi (читать‚ писать‚ брать, т.б.). Түркi тiлдерiнде түбiр сөздер (негiзгi түбiр‚ туынды түбiр‚ бiрiккен түбiр‚ қосарлы түбiр‚ тiркестi түбiр) грамматикалық формаға енбей-ақ лексикалық бүтiнге жатады. Демек‚ түркi тiлдерiнде түбiр сөздер мен сөздiң грамматикалық формаларының аражiгi кескендей айқын‚ ашық көрiнiп тұрады. Бұл тiлдерде сөз элементтерiне бөлiнбейтiн негiзгi түбiр сөздер де – дербес қызмет атқаратын толық мағыналы лексикалық бүтiн. Мiне, сондықтан да түркi тiлдерiндегi сөздердi түбiр сөздер жəне сөздердiң грамматикалық формалары деп екi топқа бөлiп зерттеу бұл тiлдер үшiн өте ұтымды əдiс.

Қазақ тiлiнде түбiр сөздер сол сөздiң грамматикалық формаларының аражiгiн‚ шегiн дұрыс ажыратуға бөгет болып жүрген нəрсе – қосымшалардың грамматикалық қызметiне қарай дұрыс топтастырылмауында. Əсiресе‚ түркi тiлдерiнде туынды түбiр сөздер мен сөздiң грамматикалық формаларын ажыратуда пiкiр алалығы жиi кездеседi. Өйткенi бұл екеуi де сөзге қосымша жалғану арқылы жасалады. Түркi тiлдерiнде қосымшаларды топтастыру принципi орыс тiлi грамматикасының үлгiсiне негiзделген. Орыс тiлiнде қосымшаларды алдымен окончание жəне суффикс деп екiге бөледi де‚ суффикстердi iштей сөз тудырушы жəне форма тудырушы деп тағы екiге бөледi. “Морфемы образующие формы слов‚ называются обыкновенно окончаниями (или флексиями)‚ если эти морфемы выражают синтаксические отношения... Принято считать специально суффиксами морфемы образующие новые слова. ...В отличие от словообразующих суффиксов‚ суффиксы‚ образующие формы слов‚ называются формообразующими” .

Орта мектепке арналған “Қазақ тiлi грамматикасы” (I бөлiм) оқулығында қосымшаларды жалғау жəне жұрнақ деп екiге бөледi. Көптiк‚ тəуелдiк‚ септiк жəне жiктiк формаларының қосымшаларын жалғау деп атайды. Жұрнақ туралы – “өзiнiң жалғанған сөзiнен жаңа мағыналы сөз тудыратын жұрнақ сөз тудырушы жұрнақ деп аталады... Жалғанған сөзiнiң негiзгi мағынасын өзгертпей‚ оған тек сəл ғана үстеме мағына беретiн жұрнақ сөз түрлендiрушi жұрнақ деп аталады деп анықтайды”.

А. Ысқақов қазақ тiлiндегi аффикстердi сөз тудырушы‚ форма тудырушы жəне сөз түрлендiрушi деп үшке бөледi. Форма тудырушы аффикстерге мынадай анықтама бередi: “Некоторые аффиксы образуют новые слова‚ которые остаются в пределах той же части речи‚ к которой относятся их корни или основы. Например‚ көк – синий‚ көкше – синеватый‚ үй – дом‚ үйшiк – домик‚ ал – возьми‚ алып – взяв‚ алса – если берет‚ алған – взявший и т.д. Такие суффиксы образуют внутрикатегориальные формы и поэтому называются формообразующими аффиксами” .

Б.О. Орузбаева қырғыз тiлiндегi қосымшаларды сөз түрлендiрушi (словоизменияющие)‚ форма тудырушы жəне сөз тудырушы деп үш топқа бөледi. Автор сөз түрлендiрушiге септiк‚ тəуелдiк‚ көптiк жəне жiктiк формаларының қосымшаларын жатқызады да‚ бұлар грамматикалық абстракцияның ең жоғарғы түрi деп анықтайды. Ал форма тудырушы қосымшалар сөз түрлендiрушi қосымшалар мен сөз тудырушы қосымшалардың ортасында аралық позициядағы қосымшалар деп түсiндiредi. Бұған есiмше‚ көсемше‚ қимыл есiмдерi‚ етiс формалары жəне сын есiмнiң шырай формаларының қосымшаларын жатқызады.

Басқа түркологиялық еңбектерде де қосымшалар орыс тiлiнiң үлгiсiмен сөз түрлендiрушi (словоизменение)‚ сөз тудырушы (словообразование) жəне форма тудырушы (формообразование) деп үшке бөлiнедi .

Түркi тiлдерiн зерттеушiлер етiстiктiң есiмше‚ көсемше‚ қимыл есiмi‚ етiс, рай категорияларының қосымшаларын жəне сын есiмнiң шырай формаларының қосымшаларын форма тудырушы қосымша деп атайды да‚ бұларды сөз тудырушы (словообразование) жəне сөз түрлендiрушi (словоизменение) қосымшалардың арасындағы аралық форма дейдi. Қосымшалы түбiр сөздер де‚ сөздiң грамматикалық формалары да сөзге қосымша жалғану арқылы жасалады. Қосымша жалғану арқылы жасалған туынды сөздердiң лексикалық мағынасы бастапқы ұйтқы сөздiң мағынасынан бүтiндей үзiлiп кетпейдi‚ бұлардың арасында белгiлi дəрежеде мағыналық байланыс сақталады. Бəлки, соның салдарынан түркi тiлдерiнiң қосымшаларын қызметiне қарай топтастыруда талас мəселелер жиi кездеседi.

Түркi тiлдерiндегi етiс‚ шырай‚ сыпат (вид) категориялары туралы да авторлардың көзқарасы‚ анықтаулары əртүрлi екендiгi əдебиетте мəлiм. Етiс формаларын бiр топ авторлар сөз тудыру жүйесiне жатқызса‚ ендi бiр тобы грамматикалық формаға жатқызады. Сын есiмге жататын ақшыл‚ сарғыш‚ қызғылт сөздерiнiң құрамындағы -шыл‚ -ғыш‚ -ғылт қосымшаларын түркологиялық еңбектердiң бəрiнде дерлiк сын есiмнiң формасының грамматикалық көрсеткiшi деп қарайды. Əрине‚ мұндағы қосымшалардың жалғанған сөздерiнiң лексикалық мағыналарын өзгертпей‚ тек бəсеңдiк мағына үстеген тəрiздi болып көрiнуi мүмкiн. Н.К. Дмитриев башқұрт тiлiндегi -ғыла/ -гiле‚ -қыла/-кiле; -штыр/-штiр етiстiктiң күшейтпелi формасының (форма усиления) морфемалары‚ ал -ыңқыра/ -iңкiре жəне -мңыра/-мңiре етiстiктiң бəсең формасын (форма ослабления) тудыратын қосымшалар деп түсiндiредi. И. Ұйықбаев бұл қосымшаларды көрiнiс (вид) формаларының қосымшалары деп түсiндiредi. Осы тəрiздi грамматикалық құбылыстар жөнiнде пiкiр алалығы жиi кездеседi. Мұндай пiкiр алалығын жою үшiн түркi тiлдерiн зерттеушi авторлардың алдында тұрған басты мiндет – морфологияға қатысты ең маңызды екi мəселенiң басын ашып алу қажет сияқты. Оның бiрiншiсi – қазақ тiлiндегi қосымшаларды орыс тiлiнiң үлгiсiмен‚ сөз түрлендiрушi (словоизменение)‚ сөз тудырушы (словообразование) жəне форма тудырушы (формообразование) деп үшке бөлiп қарастыру керек пе‚ жоқ əлде, оларды жаңа мағыналы сөз тудыру жəне сөздiң грамматикалық формасын тудыру қызметiне сəйкес сөз тудырушы жəне форма тудырушы деп екi топқа бөлiп қарастыру керек пе? Қазақ тiлiнiң тiлдiк материалы екiншi принциптi қуаттайды. Сөйлемде грамматикалық формалармен түрленетiн толық мағыналы атауыш сөздер (зат есiм‚ сын есiм‚ сан есiм‚ етiстiк) тек қана екi түрде: не түбiр сөз түрiнде‚ не грамматикалық формада қолданылады. Былайша айтқанда‚ қазақ тiлiндегi қосымша жалғанған сөздер не тiлдiң сөздік құрамына енетiн туынды түбiр сөз (лексикалық бүтiн)‚ не белгiлi бiр сөз табына тəн грамматикалық форма болып қалыптасады. Бұл тiлде не туынды түбiр сөзге‚ не грамматикалық формаға жатпайтын‚ екеуiнiң аралық категориясы болып саналатын сөздер жоқ жəне ондай аралық категорияны бiлдiру үшiн жүйелi түрде қолданылатын арнайы қосымшалар да жоқ. Олай болса‚ қазақ тiлiндегi қосымшаларды тiлдiк материалдарға сəйкес сөз тудырушы жəне форма тудырушы деп екi топқа бөлiп қарау арқылы ғана сөздiң морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады.

Морфологияға қатысты басын ашып алуды қажет ететiн‚ тағы бiр даулы мəселе – сөз тудырушы жəне форма тудырушы қосымшаларды бiр-бiрiнен ажыратудың басты принциптерi.

Форма тудырушы қосымшаның басты белгiсiнiң бiрi – ол жалғанған сөзiнiң лексикалық мағынасын өзгертпей‚ грамматикалық мағына үстейдi‚ яғни бiр сөз табына тəн грамматикалық формасын тудырады. Түркологиялық еңбектерде септiк‚ тəуелдiк‚ көптiк жəне жiктiк қосымшалары туралы талас жоқ. Бұлар барлық тiлдерде жалғау (словоизменение) тобына жатқызылады. Ал басқа етiстiк‚ сын есiм тəрiздi дерексiз ұғым бiлдiретiн сөз таптарының грамматикалық формалары мен кейбiр қосымшалы түбiр сөздердiң лексикалық топқа немесе сөздiң грамматикалық формасына жататындығы туралы пiкiр алалығы жиi кездеседi. Əсiресе‚ көгiлдiр‚ сарғыш‚ сұрғылт‚ тiстеле‚ қамала‚ көтермеле тəрiздi сөздердiң құрамындағы қосымшаларының жалғанған сөздерiнiң сөздік мағынасын өзгерткен‚ өзгертпегендiгiн ажырату қиын-ақ. Етiс формалары туралы да авторлардың көзқарасы əртүрлi екендiгi жоғарыда айтылады. Мiне, осыған байланысты қазақ тiлiндегi сөз тудырушы жəне форма тудырушы қосымшалардың аражiгiн айыру үшiн олардың сөз мағынасын өзгерту‚ өзгертпеуi толық критерий бола алмайды. Сондықтан да форма тудырушы қосымшаларды сөз тудырушы қосымшалардан айырудың екiншi бiр басты белгiсi – оның грамматикалық абстракция жасау қабiлетiне сүйенген жөн. Былайша айтқанда‚ форма тудырушы қосымша бiр сөз табына не бiр сөз табының бiр тобына‚ тiптi кейбiреулерi бiрнеше сөз табына түгелдей жалғанады да‚ грамматикалық абстракция жасайды. Шырай формаларының морфемалары сын есiмнiң бiр тобы сапалық сын есiмдердi түгелдей қамтитын грамматикалық көрсеткiшi болып саналады. Мысалы: жақсырақ‚ ақылдырақ‚ үлкендеу‚ тарлау, т.б. Мұндағы -рақ/ -рек‚ -лау/-леу‚ -дау/-деу‚ тау/-теу қосымшалары сапалық сын есiмдерге түгелдей жалғанады. Ал -ғыш/-гiш‚ -ғылт‚ -шыл қосымшалары бiрдi-екiлi сөздердiң ғана құрамында кездеседi. Сонымен бiрге ақшыл‚ сарғыш‚ сұрғылт сөздерiнiң өзi шырай формасымен түрленедi. Мысалы: ақшылырақ‚ сарғыштау‚ сұрғылттау, т.б. Жалпы тiл бiлiмiнiң қағидасы бойынша‚ бiр категорияға жататын грамматикалық формалар бiрiнiң үстiне бiрi жалғанбайды. Бiр септiк жалғауының үстiне екiншi септiк жалғауы‚ бiр есiмше формасының үстiне екiншi бiр есiмше қосымшасы жалғанбайды. Олай болса‚ сын есiмге жалғанатын -ғыш‚ -шыл‚ -ғылт қосымшалары шырай формасының грамматикалық көрсеткiшi емес‚ олар сөз тудырушы қосымшаға жатады‚ есiмше‚ көсемше‚ рай жəне субстантив формаларының қосымшалары жалғанған сөздерiне грамматикалық мағына үстеумен қатар‚ барлық түбiрлерiне түгелдей жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды. Ендеше‚ бұл аталған формалардың қосымшалары етiстiкке тəн форма тудырушы қосымшалар екендiгi ешқандай дау тудырмасқа тиiс.

Түркi тiлдерiнде көптiк‚ тəуелдiк‚ септiк‚ иелiк (-нiкi‚ -дiкi‚ -тiкi) формаларымен зат есiм‚ сын есiм‚ сан есiм‚ есiмдiк‚ етiстiктiң есiмше формалары да түрленедi. Бiрақ оған қарамастан‚ бұлар зат есiмге тəн грамматикалық морфемалар болып саналады. Өйткенi зат есiмнен басқа сөз таптары септiк‚ көптiк‚ тəуелдiк‚ иелiк формаларымен түрленгенде‚ олар мағынасы жəне синтаксистiк қызметi жағынан субстантивтенiп‚ зат есiм мағынасында жұмсалады. Жаманнан жақсы туады адам айтса нанғысыз‚ жақсыдан жаман туады бiр аяқ асқа алғысыз. Жүргенге жөргем iлiнер. Жүзден жүйрiк‚ мыңнан тұлпар. Зат есiмге тəн форма тудырушы қосымшалармен зат есiм орнына жүретiн жiктеу‚ сiлтеу‚ жалпылау‚ өздiк есiмдiктерi ғана түрленедi. Сендерге‚ мыналар‚ өздерiң‚ бəрiңе, т.б.


Жiктiк жалғаулары басқа форма тудырушы қосымшалар тəрiздi белгiлi бiр сөз табына емес‚ олар есiм сөздерге жəне Лекциялардың текстері 187 етiстiк формаларына жалғанып‚ əрқашан баяндауыштық қызмет атқарады. Сондықтан да түркологиялық еңбектерде жiктiк жалғаулары баяндауыштық-предикативтiк аффикс деп аталады.

Демек‚ сын есiмге тəн шырай формаларының‚ етiстiкке тəн есiмше‚ көсемше‚ рай формаларының‚ зат есiмге тəн септiк‚ тəуелдiк‚ көптiк‚ иелiк формаларының қосымшалары жəне жiктiк жалғаулары жалғанған сөздерiнiң сөздік мағынасын өзгертпей‚ тек грамматикалық мағына үстейдi. Сонымен бiрге осы аталған қосымшалар азғана сөздiң аясында қалып қоймай‚ бiр сөз табына не тобына түгелдей жалғанып‚ грамматикалық абстракция жасайды. Олай болса‚ бұл аталған қосымшалардың қызметi түбiр сөз жəне сөздiң əртүрлi грамматикалық формаларын тудыру. Əрине‚ септiк‚ тəуелдiк‚ көптiк‚ жiктiк формаларының тiлде алатын орны‚ қолдану өресi етiстiктiң есiмше‚ көсемше‚ рай формалары мен сын есiмнiң шырай формаларына қарағанда əлдеқайда күрделi. Бiрақ бəрiнiң де атқаратын қызметi – сөздiң грамматикалық формасын тудырушы (формообразование) деп екi топқа бөлмей‚ грамматикалық форма тудырушы қосымшалар деп бiрiктiрiп қарау дұрыс болар едi. Түркi тiлдерiнде‚ ауызекi сөйлеу тiлiнде болсын‚ баспа бетiнде болсын толық мағыналы сөздер екi-ақ түрде қолданылады. Бiрi лексикалық бүтiнге жататын түбiр сөз күйiнде‚ екiншiсi бiр сөз табына тəн грамматикалық формалар. Осыған орай барлық қосымшалар да‚ негiзiнен‚ екi-ақ түрлi қызмет атқарады: бiрi – сөз тудыру‚ екiншiсi – сөздiң грамматикалық формасын тудыру.

Сөздiң грамматикалық формалары əр тiлдiң өзiнiң iшкi даму заңына сəйкес жүйелi түрде қалыптасады. Сөз таптары‚ септiк‚ көптiк‚ шақ, тағы басқа осы тəрiздi грамматиканың басты категориялары жүйесi əр басқа тiлдердiң бəрiне ортақ. Бұлардың жасалу жолдары‚ формалары əр тiлдiң өзiндiк ерекшелiктерiне‚ даму заңына сəйкес əртүрлi жүйеде қалыптасады. Бiр тiлде бар кейбiр грамматикалық форма ендi бiр тiлде болмауы мүмкiн. Қазақ тiлiндегi тəуелдiк формадағы жолдасым‚ жолдасың‚ жолдасы сөздерi орыс тiлiне сөз тiркесi‚ сөйлемше түрiнде мой товарищ‚ твой товарищ‚ его товарищ болып аударылады. Сол сияқты орыс тiлiнде бар род категориясы қазақ тiлiнде жоқ.

Түркологиялық еңбектерде септiк‚ көптiк‚ тəуелдiк‚ жiктiк формаларының қосымшаларын сөз түрлендiрушi (словоизменение), есiмше‚ көсемше‚ рай‚ шырай формаларының қосымшаларын форма тудырушы (формообразование) сөз тудырушы (словоизменение) деп екi салаға бөлiп қарағанмен‚ олардың жаңа сөз тудырмай‚ жалғанған сөздерiне грамматикалық мағына үстейтiндiгiн мойындайды. Ал түркi тiлдерiнде‚ оның iшiнде қазақ тiлiнде‚ етiс жұрнақтары -ын/-iн; -ыл/-iл; -т; -ғыз/-гiз‚ қыз/-кiз; -ыс/-iс‚ етiстiк түбiрлерiне жалғанатын -ыңқыра/-iңкiре қосымшасы‚ -лық/-лiк‚ -дық/- дiк‚ -тық/-тiк; -дай/-дей‚ -тай/-тей; -ша/-ше; -сыз/сiз қосымшалары туралы авторлардың пiкiрi əртүрлi. Жалғанған сөзiнiң лексикалық мағынасын өзгертпей‚ тек грамматикалық мағына үстейтiн‚ сонымен қатар азғана сөздiң құрамында қалып қоймай‚ бiр сөз табына немесе бiрнеше сөз табына жаппай жалғанып, грамматикалық абстракция жасайтын қосымшаларды форма тудырушы қосымшаға жатқызу түркi тiлдерiндегi түбiр сөздер мен сөздiң грамматикалық формаларының аражiгiн ажырату үшiн ең ұтымды метод. Жоғарыда аталған қосымшалардың қызметi форма тудырушы қосымшаларға қойылатын шарттарға тура келедi. -лық/-лiк‚ -дық/-дiк‚ -тық/ -тiк қосымшасы сын есiм мен сан есiмнiң субстантив формасының грамматикалық көрсеткiшi қызметiн атқарады. Ал -дай/ -дей‚ -тай/-тей‚ -сыз/-сiз зат есiмнiң атрибуттық-анықтауыш формасының грамматикалық көрсеткiшi қызметiн атқарады да‚ -ша/-ше қосымшасы зат есiмнiң атрибут-пысықтауыш формасының грамматикалық көрсеткiшi қызметiн атқарады. Тiлiмiздегi -лық/-лiк‚ -дай/-дей‚ -сыз/-сiз‚ -ша/-ше қосымшалы туынды түбiр сөздер – осы формалардан семантикалық тəсiл мен қалыптасқан лексикалық бүтiндер.

Қай тiлде болмасын‚ зерттеушi грамматикалық формаларды əр форманың мағынасына сəйкес терминдермен атауға тырысады (зат есiм‚ сан есiм‚ шартты рай формасы‚ тəуелдi форма, т.б.). Кейбiр жағдайларда грамматикалық терминдер шартты түрде қойылуы мүмкiн (етiстiк‚ көсемше форма‚ шырай формасы, т.б.). Түркi тiлдерiндегi грамматикалық құбылыстарды зерттеушiлердiң арасында семасиологиялық принципке сүйенушiлiк немесе грамматикалық форманы терминге бағындырушылық жиi кездеседi. Мiне, осының салдарынан да түркологиялық еңбектерде бұйрық райдың бiрiншi жақ формасын (алайын‚ алайық)‚ сөйлеушi өзiнеөзi бұйыру мүмкiн емес деген желеумен бөлiп алып‚ оны қалау райға жатқызады.

Шығыс септiгiндегi сан есiмдердiң мағыналық қырларын қазақ тiлi грамматикаларында əр жеке грамматикалық құбылыс деп қарайды. Бестен үштi алса‚ екi қалады дегенде‚ бестен сөзiн шығыс септiк деп түсiндiредi де‚ оқушыларға дəптердi бестен‚ қарындашты екi-екiден үлестiрдi дегендегi бестен‚ екi-екiден сөздерiн мағыналық ерекшелiгiне бағындырып‚ топтау сан есiмi деген атпен екiншi категорияға жатқызады.

-лар/ -лер қосымшасы жалғану арқылы жасалған көптiк форманың мағыналық қырлары да əр алуан. Түркi тiлi грамматикаларында есептiк сан есiмдерге -лар/-лер қосымшасы жалғанған түрiн (екiлер‚ үштер‚ ондар) болжалдық сан есiмi деп атап‚ оны өз алдына жеке‚ сан есiмнiң семантикалық тобы деп үйретедi. Осы тəрiздi бiр грамматикалық форманы‚ контекстегi немесе түбiр сөздiң семантикасына байланысты туатын əртүрлi мағыналарына бағындырып‚ əр жеке грамматикалық құбылыс деп қараушылық түркологиялық еңбектерде жиi кездеседi. Əрине‚ сөздiң грамматикалық формасы мен оның мағынасы бiр-бiрiмен тұтас өзара байланысты құбылыс. Ал сөздiң морфологиялық құрылымын талдауда бiрiншi планға сөздiң грамматикалық формасын қою керек емес пе? Бұл тiл бiлiмi үшiн тез шешудi керек ететiн өте маңызды мəселелердiң бiрi.

Түркологияда кездесетiн осындай кемiстiктердi Э.В. Севортян өте орынды сынайды: “В широкой же практике исследований‚ посвященных частям речи‚ семасиологический подход очень часто сохранял‚ да и сейчас еще нередко сохраняет в ряде работ свой приоритет перед грамматическим или функциональным планами... За завесой семантической стороны изучаемого явления от тюрколога подчас ускользает системные связи этого явления с другими‚ их парадигматические отношения к явлениям одного порядка” . Э.В. Севортян түркi тiлдерiнiң грамматикалық құбылыстарын зерттеуде авторлардың семасиологиялық принципке сүйенетiндiгiн сынай отырып, тағы былай дейдi: “Семасиологический подход‚ его всеобщая доступность и легкость (на том уровне‚ на каком семасиология в тюркологии находится ныне) в свое время содействовали и все еще продолжают способствовать механическому переносу в описаниях тюркских языков грамматических явлений присущих‚ например‚ индоевропейским языкам” .

Қазiргi қазақ тiлiнiң жүйелi түрде қалыптасқан алуан түрлi грамматикалық формаларының əрқайсысы өз алдына белгiлi грамматикалық мағына бiлдiредi. Қазақ тiлiнде сөз құрамындағы əрбiр грамматикалық көрсеткiштiң орын тəртiбi мен бiлдiретiн мағынасы жүйелi түрде қалыптасқан. Мысалы‚ дос-тар‚ дос-тарым, дос-тар-ым-ыз‚ дос-тар-ым-ыз-ға немесе кел-ген‚ кел-гендер‚ кел-ген-дер-iн‚ кел-ген-дер-iң-iз‚ кел-ген-дер-iң-iз-ге деген сөздердiң құрамындағы грамматикалық көрсеткiштердiң (форма тудырушы қосымшалардың) орын тəртiбi тұрақты болумен бiрге олардың бiлдiретiн мағыналары да ашық‚ айқын көрiнiп тұрады. Былайша айтқанда‚ бiр сөздiң құрамында неше форма тудырушы қосымша болса‚ сонша грамматикалық мағына болады. Осыған орай‚ қай тiлдiң болмасын‚ морфологиялық құбылыстарын зерттегенде‚ грамматикалық форманы бiрiншi планда қарау керек те‚ оның бiлдiретiн мағынасын сол формадан туатын екiншi пландағы құбылыс деп тану керек. Өйткенi грамматикалық формасы дегенiмiз – тұтас сөз‚ ақиқат шындық‚ демек‚ ол – материя. Ал оның мағынасы – сол материяға бағынышты құбылыс.

Сөздiң грамматикалық формасы мен оның грамматикалық мағынасы бiр-бiрiмен тығыз байланысты‚ бiртұтас құбылыс. Мысалы‚ кiтап – нақты бiр заттың атын бiлдiретiн сөз. Ал кiтаптар – грамматикалық форма‚ көптiк мағына бiлдiредi. Сол сияқты жақсырақ‚ жолдасым‚ келсе‚ келiп сөздерiнiң құрамындағы -рақ‚ -ым‚ -се‚ -iп қосымшалары да жалғанған сөздерiне грамматикалық мағына үстейтiн морфемалар‚ яғни грамматикалық көрсеткiштер.


Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.