Қос түбір сөздер де күрделі сөздердің бір түрі. Біріккен түбір сөздер мен тіркесті түбір сөздердің құрамындағы компоненттері бір-біріне бағыну арқылы байланысса, қос түбір сөздердің құрамындағы компоненттері өзара салаласа байланысқан теңдес сөздер болып келеді. Мысалы: құрт-құмырсқа, бақа-шаян, нан-тұз, абыр-сабыр, ойнап-күлу, жуып-шаю, т.б.
Түркі тілдерінде сөздердің қосарлануы арқылы жасалған қос түбір сөздер де заттың, құбылыстың, белгінің, қимылдың және т.б. атауын білдіретін лексикалық бүтіндер болып табылады. Қос түбір сөздер де басқа түбір сөздер сияқты әртүрлі сөз таптарына жатады да, сол сөз табының грамматикалық формаларымен түрленеді: бала-шаға, ата-ана, күш-қуат – зат есімдер; ескі-құсқы, жаман-жәутік, алба-жұлба, ойлы-қырлы – сын есімдер; бетпе-бет, көзбе-көз, ара-тұра, оқып-боқып – үстеулер; кімде-кім, анау-мынау, әне-міне – есімдіктер; ұрып-соғу, жылап-сықтау, жуып-шаю – етістіктер, т.б.
А. Ысқақов қос сөздерді қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер деп екі үлкен топқа бөліп, олардың фонетикалық, морфологиялық және семантикалық сипаттарын тілдік фактілермен толық көрсеткен . Қос сөздерді лексика-грамматикалық сипатына қарай екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – қосарлы түбір сөздер. Қосарлы түбірге бір ұғымның атауы ретінде лексикалық бүтін болып қалыптасқан қос сөздер жатады: бала-шаға, тері-терсек, киім-кешек, оқта-текте, жылап-сықтау, жылы-жұмсақ, т.б.
Қосарлы түбір сөздер, біріншіден, сөздік құрамға енетін лексикалық бүтіндер. Екіншіден, олар әр сөз табына жатады да, сол сөз табының грамматикалық формаларымен түрленеді және синтаксистік қызмет атқарады. Мысалы: Ата-анасынан қалған азды-көпті мал-мүлкін бағып-қағып, соларды бала-шағасына киім-кешек, азық-түлік етіп күнелтіп отыр.
Қосарлы түбір сөздер жинақтық, тұтастық ұғымды білдіреді, бұл ұғым олардың ішкі семантикасы болып саналады. Мысалы, бала-шаға дегенде бір ғана адам емес, бірнеше адамның (жастардың) жиынтығы ұғынылады. Тері-терсек, құрт-құмырсқа, бақа-шаян сияқты сөздер де осыған жатады. Бұл қос сөздердің жинақтық мағыналары арнайы грамматикалық формадан туып тұрған жоқ. Яғни қосарлы түбір сөздер сөздің грамматикалық формасы емес, олардың өзі грамматикалық формаларға негіз болатын түбір сөздер.
«Ата-аналардың жиналысы кеше өтті» деген сөйлемде ата-аналардың сөзінің лексикалық мағынаға ие болып тұрған бөлігі – ата-ана қосарлы түбір. Осы қосарлы түбір көптік және ілік септік формаларына негіз болып тұр. Ата-аналардың сөзіндегі -лар – көптік мағынаны білдіретін грамматикалық морфема, -дың – ілік септіктің грамматикалық көрсеткіші; ата-ана – ата, ана сөздерінен құралған жинақтық мағына білдіретін қосарлы түбір.
Қос сөздердің екінші тобына қазақ тілінің сөздік құрамына енбейтін, экспрессивтік-эмоциялық реңкті қос сөздер жатады. Эмоциялық-экспрессивтік реңкті қос сөздер үш түрге бөлінеді.
Біріншісі – бір сөздің не бір форманың қайталануы арқылы жасалған қос сөздер: тау-тау, жүре-жүре, күле-күле, оқып-оқып, ұрсып-ұрсып, тез-тез, жылдам-жылдам, т.б. Мұндай қайталама қос сөздер заттың әртүрлі мөлшерлік мағынасын, қимылдың дүркіндік және созылу процесін білдіреді.
Уыс-уыс ақша, биік-биік үйлер дегенде заттардың мөлшерлік, өлшемдік белгілері эмоциялық реңкте беріледі. Егер бұл сөздер таудай болып үйілген астық, бірнеше уыс ақша, биік үйлер түрінде қолданылса, эмоциялық реңк жойылып, тура мағынада қолданылады.
Жүре-жүре, оқып-оқып, айтып-айтып сияқты көсемше формаларының қайталанып қолданылуы істің, қимылдың созылуын немесе бірнеше рет қайталануын білдіреді. Көсемше формалардың қайталануы барлық етістіктерге тән болғандықтан, бұлар түбір сөз ретінде сөздік құрамға енбейді.
Эмоциялық реңкті қос сөздердің екінші түріне ат-мат, кісі-місі, шай-пай тәрізді қос сөздер жатады. Мұндай қос сөздерде алғашқы сыңары толық мағыналы сөз болады да, екінші сыңары дыбыстық ұқсастық арқылы жасалған мағынасыз элемент ретінде келеді: қағаз-мағаз, біреу-міреу, жаман-жұман, ескі-мескі, кісі-місі, т.б. Мұндай қос сөздер сөйлеушінің затқа менсінбей, немқұрайды қарауын білдіреді.
Эмоциялық реңкті қос сөздердің үшінші түріне еліктеуіш сөздерден құралған қос сөздер жатады: сақыр-сұқыр, жалт-жұлт, былқ-сылқ, т.б. Еліктеуіш сөздерден құралған қос сөздер ерекше екпінмен айтылады да, сөзге экспрессивтік реңк береді. Мысалы: Тасыр-тұсыр қаша жөнелді. Қылышы алыстан жарқ-жұрқ етеді.
Эмоциялық реңкті қос сөздер тілдің сөздік құрамына енбейді, өйткені олар белгілі ұғымның атауы ретінде қалыптасқан даяр сөздер емес, тек сөйлеу кезінде ғана қолданылатын тілдік құбылыстар болып табылады.
Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.