Қазақ тілінде тіркесті түбір сөздер де біріккен түбір сөздер сияқты тұрақты тіркестің құрамындағы екі сөздің мағыналық жағынан өзара тұтасып, бір лексикалық бүтінге айналған түрі. Қазіргі қазақ тілінде кешқұрым, күнбатыс, ашутас, жамбас сияқты сөздердің екі сөзден құралғандығы белгілі болып тұрса да, бұлардың дыбыстары күрделі өзгеріске түсіп, бір-бірімен кірігіп, тұтасып кеткен. Сондықтан бұлардың жазылуы да ешқандай талас тудырмайды, тұтас бір сөз ретінде бірге жазылады. Ал тілімізде аққу, тасбақа, итмұрын, ақкөңіл, күнбатыс сияқты көптеген сөздерді бір лексикалық бүтін деп тану керек пе, жоқ, синтаксистік категорияға жататын сөз тіркесі ме? Екіншіден, біртұтас сөз деп таныған күнде бірге жазу керек пе, бөлек жазу керек пе? Бұл әлі күнге дейін толық шешімін таппаған, арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе. Орыс тіліндегі біріккен сөздер арнайы сөз біріктіруші дәнекер дыбыстар арқылы бірігеді де, олардың жазылуы да, айтылуы да талас тудырмайды. Ал қазақ тілінде ондай сөз біріктіруші дәнекер дыбыстар жоқ. Сондықтан кейбір біріккен түбір сөздер мен тіркесті түбір сөздердің ара жігін айырудың билігі қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде беріліп отыр. Сөздердің бірігіп немесе бөлек жазылуы екінші пландағы орфография мәселесі.

Қазіргі таңда қазақ тіл білімі үшін кейбір тұрақты тіркестердің морфологияға, лексикологияға немесе синтаксиске қатысын айырып, анықтау ең қиын да, қажетті проблемалық мәселе болып саналады. Қазақ тілінде ит кірмес, су ағар, бас таңғыш, жарым ес, күні бұрын, құр қол, таң қалу, жүре беру, келе жатыр сияқты көптеген тіркестердің қазақ тіл білімінің қай саласына жататындығы (морфология, лексикология, синтаксис) әлі басы ашыла қоймаған. Қазақ тіл білімі туралы жазылған еңбектерде мұндай тіркестер бірде синтаксистік сөз тіркесі ретінде қарастырылса, енді бірде лексикологияның объектісі ретінде фразеологизм деп танылып жүр. Морфологияға арналған еңбектерде мұндай тіркестер морфология саласына жататын тіркесті түбір (күрделі сөз) ретінде қарастырылады. Сөз тіркестерінің қандай түрлері қай салаға жататындығын айқындау оңай мәселе емес. Қазақ тілінде сөз жасаудың өнімді тәсілдерінің бірі – екі сөзден құралған күрделі сөздер. Екі сөзден жасалған күрделі сөздер бірігу, тіркесу және қосарлану арқылы жасалады. Бұлардың әрқайсысы заттың, құбылыстың, белгінің, қимылдың атауын білдіретін түбір сөздерге жатады да, қазақ тілінің сөздік құрамына енеді.

Тіркесті түбір сөздер әртүрлі сөз таптарына жатады да, сол сөз табының грамматикалық формаларымен түрленеді. Мысалы: бас таңғыш, ит аяқ, су ағар – зат есім; жарым ес, қаңғыбас, құла кер – сын есім; екі жарым, үштен бір – сан есім; екі бастан, ішін ара – үстеу; таң қалу, зар қағу, жек көру, кіріп шығу – етістік. Тіркесті түбір сөздерді сөйлемнің күрделі мүшесі болып жұмсалатын сөз тіркестерінен (күрделі мүшелерден) және фразеологизмдерден ажырату оңай емес. Дегенмен тіркесті түбір, синтаксистік сөз тіркестері және фразеологизмдер әрқайсысы өзіне тән ерекше белгілері арқылы ажыратылады.

Тіркесті түбірдің құрамындағы сөздердің мағыналары өзара логикалық үйлесімді болады да, екеуі тұтасып бір ғана заттың, құбылыстың, белгінің, қимылдың атауын білдіреді. Сөйлемнің күрделі мүшесі қызметінде жұмсалатын сөз тіркестерінің құрамындағы жеке сөздер де ажыратуға келмей, бір ғана сұраққа жауап беретіндері бар. Мысалы: түлкі тымақты жігіт, жасы үлкен адам, түсі суық шал, бес километр жер, үш сом ақша, жер беті, оқу бөлімі, бала ұйқыға кетті, Асан бастық болды. Мұндағы түлкі тымақты, жасы үлкен, түсі суық, бес километр, жер беті, оқу бөлімі, ұйқыға кету, бастық болу тәрізді тіркестер тіркесті түбірге жатпайды, олар сөйлемнің күрделі мүшелері. Өйткені бұлар еркін тіркес, құрамындағы сөздерді ауыстыруға, өзгертуге болады. Түлкі тымақты деген тіркесті елтірі тымақты, ескі тымақты, қара тымақты деп, жасы үлкен дегенді көзі үлкен, мұрны үлкен деп өзгертуге болады.

Рас, жоғарыдағы мысалдардың ішінде түсі суық, ұйқыға кетті деген тіркестер жеке сөздің ұғымын білдіріп тұр: түсі суық – зәрлі, ашулы сөздерінің мағынасын білдірсе, ұйқыға кетті – ұйықтады сөзінің мағынасын білдіреді. Бұл тіркестердегі суық, кетті сөздері ауыспалы мағынада қолданылып тұрғандықтан, сөз тіркесіне жаңа мазмұн беріп тұр. Алайда бұлар тұрақты тіркес емес, құрамындағы сөздерді түрлендіріп немесе арасына сөз қосып айтуға болады. А. Ысқақов сын есім, зат есім, сан есім, есімдік, есімше мен -лы тұлғалы туынды сын есімнің тіркесін күрделі сын есімге (тіркесті түбір сын есім) жатқызады. Мысалы: шоқша сақалды, түлкі тымақты, торы атты, көп балалы, алтын баулы, т.б. Біздіңше, мұндай тіркестерді түгелімен бір лексикалық мағынаға ие болған дербес сөздер деп қарауға болмайтын сияқты. Өйткені сөз тіркестері жаңа ұғымды білдіру қажеттілігіне байланысты біртіндеп қана біртұтас дербес сөз болып қалыптаса алады. Ал қызыл береттi, көк тымақты, көк көйлекті тәрізді тіркестерді түгелімен тіркесті түбір сөзге (күрделі сын есімге) жатқызса, оның ұшы-қиыры болмас еді. Қазақ тілінде зат есім мен сын есім екінші бір зат есімнің алдынан келіп, қабыса байланысып, алдыңғысы анықтауыш, соңғысы анықталушы мүше қызметін атқарады: қара тон, ақ көйлек, түлкі тымақ, құндыз бөрік, т.б.Ал осы тәрізді тіркестердің құрамындағы соңғы анықталушы мүшеге -лы/-лі, -ды/-ді, -ты/-ті қосымшасы жалғанып, оны қатыстық сын есімге айналдырады да, алдыңғы анықтаушы мүшемен тіркесі тұрақталып, синтаксистік тұрғыдан дербестігі жойылады. Сөйтіп, мұндай тіркестер күрделі анықтауыш қызметін атқарады. Бірақ бұларды бір лексикалық бүтін болып қалыптасқан тіркесті түбір (күрделі сөз) деп тану дұрыс емес.

Синтаксистік тәсілмен, сөздердің бірігуі, тіркесуі және қосарлануы арқылы жасалған лексикалық бүтіндер тілдің сөздік құрамына эволюциялық жолмен біртіндеп қана енеді. Мысалы: сары бала, қара бала, ақ бала, боз бала тәрізді тіркестердің ішінен тек қана боз бала бір ғана лексикалық бүтін болып қалыптасқан. Ал басқалары синтаксистік категорияға жататын сөз тіркестері күйінде сақталған. Боз бала сөзінің құрамындағы түбір сөздер (боз, бала) бастапқы мағынасынан айырылып, екеуінің ішкі мазмұны тұтасып, біртұтас сөз (жігіт) мағынасын иеленген.

Сол сияқты тілімізде ауыз жолды, мұрын жолды, жақсы атты, жаман атты тіркестері лексикалық бүтін болып қалыптасқан тіркесті түбір сөздер. Ал жібек көйлекті, түлкі тымақты, қара шапанды тәрізді көптеген тіркестерді тұлғасына қарап түгелдей біртұтас сөздер қатарына қосу орынсыз.

Тіркесті түбір сөздердің басты белгілері:

Құрамындағы сөздердің тіркесі берік болып, арасына сөз қойылмайды, екі сыңары да қалыптасқан тұлғасын сақтайды.

Екі сыңарының мағынасы өзара логикалық үйлесімді болады.

Тіркесті түбір қай сөз табына жатса, оның құрамындағы сөздердің мағыналары білдіретін ұғымның функциясына немесе белгісіне сәйкес болады (шаңсорғыш, кіреберіс, демалыс, жарымжан, жеккөру, бас салу, екі ұрық, құр қол, т.б.).

Тіркесті түбір бір ортақ екпінмен айтылады да, құрамындағы сөздердің тұрақтылығы шын мәнінде мызғымайтын, ешқандай өзгермейтін қалпын сақтайды.

Тіркесті түбірдің құрамындағы сөздердің өзара байланысы өте күшті, мызғымайтын, берік болады. Кейбір екі сөзден құралған тұрақты тіркестерді фраза ма, әлде тіркесті түбір ме екендігін айыру кейде өте қиынға түседі. Мысалы: құр алақан, құр қол, ит жанды, ат жақты, ауыз тию, т.б.

Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің бір тобы бірнеше сөздерден тұтасып, тұрақты түрде қолданылады: үріп ауызға салғандай, тайға таңба басқандай, мұртын балта шаппайды, т.б. Екінші бір тобы екі сөзден құралып, бір ұғымның атауы ретінде және біртұтас екпінмен айтылады: ат үсті, аяқ астынан, зар жақ, құр қол, бет алу, т.б. Соңғылардың тіркесті түбір сөздерден айырмасы – бұлар астарлы мәнде айтылады (ат үсті, сиыр құйымшақ, боз өкпе, т.б.). Тіркесті түбір сөздер тура ашық мәнде айтылады (бас таңғыш, күн ілгері, таң қалу, су ағар, т.б.).

Олай болса, фразеологизм мен морфология саласына жататын тіркесті түбір сөздердің арасын «Қытай қорғанымен» бөліп тастау тіл білімі үшін ұтымды әдіс емес. Біздіңше, фразеологизмдерді фразеологиялық тіркестер және фразеологиялық сөздер деп екі топқа бөліп қарастырып, соңғыларын тіркесті түбір сөздер қатарында таныған жөн болар еді.

Әрине, сөздік құрамға енетін жаңа сөздердің пайда болуы оңай процесс емес, ана тілінің байырғы сөздерінің негізінде пайда болатын жаңа сөздер сөйлеу процесінде ұдайы бір ұғымды білдіру нәтижесінде қалыптасады. Мысалы: кешке, босқа, текке, күнде, шалқасынан, жүре келе, бара тұра тәрізді септік және көсемше формалар ұзақ уақыт қазіргі мағынасында қолданылу нәтижесінде дербес үстеу сөз болып қалыптасқан.

Сол сияқты тіркесті түбір сөздер де, фразеологиялық сөздер де аз ғана жылдардың жемісі емес, олар жүздеген жылдар бойы сөйлеу процесінде біртіндеп қалыптасқан лексикалық бүтіндер.

Тіркесті түбір сөздер мен аналитикалық грамматикалық формалар тек түркі тілдерінде ғана емес, тіпті бірнеше ғасыр зерттеу тарихы бар тілдердің өзінде де толық бір шешімге келген жоқ. Олай болса, түркі тілдерінде тіркесті түбір сөздер жан-жақты терең зерттеуді қажет ететін аса маңызды мәселелердің бірі болып саналады.

Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.