Біріккен түбір сөздер де, қосымшалы түбір сөздер сияқты, жаңа ұғымды атау қажеттігінен туған. Біріккен түбір – екі сөзден, кейде үш сөзден бірігіп, бір лексикалық мағынаға ие болып қалыптасқан біртұтас сөз. Қазақ тіліндегі біріккен түбір сөздер де қазақ халқының қоғамдық өмірімен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан тілдік құбылыс. Оттегі, шекара, орынбасар, баспасөз, халықаралық сияқты көптеген біріккен түбір сөздер жаңа қоғамдық өмірде жаңа ұғымды атау қажеттігінен пайда болса, былтыр, білезік, ағайын, қарақат сияқты біріккен түбірлердің құрамындағы компоненттерінің ара жігі кірігіп, тұтасып кеткен. Біріккен түбірлердің соңғылары көне сөздер. Олар көне заманнан бері ұдайы қолданылу процесінде сөз аралығындағы дыбыстардың үндестік заңы бойынша түрлі өзгерістерге түсіп, ықшамдалу нәтижесінде бүтіндей жаңа тұлғаға енген. Демек, біріккен түбірлер де басқа тілдік құбылыстар сияқты эволюциялық жолмен біртіндеп пайда болған туынды сөздер. Біріккен түбір сөздерді құрамындағы жеке сөздердің дыбыстық қалпын сақтау дәрежесіне қарай негізгі екі топқа бөлуге болады.
Бірінші тобына екі компонентінің де дыбыстық жағы түгелдей немесе жартылай өзгеріп, ара жігі белгісізденіп тұтасып кеткен сөздер жатады. Бұлардың көпшілігін қазақ тілін зерттеуші ғалымдар ғана болмаса, жай адамдар олардың этимологиясын біле бермейді. Мысалы: білезік, күндіз, сексен, тоқсан, алпыс, ағайын, өміртірік, сәресі, т.б. Біріккен сөздің мұндай түрін қазақ тіл білімінде кіріккен сөздер деп атайды.
Екінші топқа жататын біріккен сөздердің құрамындағы екі компоненті де қандай сөздер екендігі анық көрініп тұрады. Бұлардың басым көпшілігінің екі сыңары да бастапқы дыбыстық қалпын толық сақтайды. Мысалы: айбалта, қаптесер, бозбала, асқазан, күнбатыс, т.б. Осы екінші топқа жататын біріккен сөздердің кейбіреуінде бір компонентінің дыбысы өзгереді. Мысалы: белбеу, қолғап, қыстыгүні, жаздыгүні, күздігүні, т.б.
Біріккен түбірдің құрамындағы компоненттері өзара қазақ тілінің сөз тіркестерінің тіркесу жүйесіне сәйкес, солардың негізінде тіркесіп қалыптасқан. Олардың құрамындағы компоненттері, негізінен, екі түбір сөздің ешқандай қосымшасыз қабысу тәсілімен тіркесіп барып біртұтас сөзге айналған күрделі түбір сөздер. Қазақ тілінде жүйелі түрде бір типтес туынды түбір сөздер сөз тудырушы қосымшалар арқылы ғана жасалады. Мысалы: қойшы, сиыршы, түйеші, биші, ойла, биле, көзде, т.б. Ал біріккен түбір сөздердің тұлғалық жүйелілігі мұндай емес.
Біріккен түбір сөздерді мынадай топтарға бөлуге болады:
1. Біріккен сөздердің екі сыңары да өз мағынасында, бірақ дыбыстық жүйесі өзгерген: биыл, белбеу, жаздыгүні, бүрсігүні, т.б. Мұндай сөздер түркітануда кіріккен сөздер деп аталып жүр.
2. Дыбыстық жүйесі өзгермей біріккен сөздер. Бұлардың құрамындағы сөздердің мағыналары әртүрлі қатынаста болады:
а) екі сыңары да өз мағынасында: күнбатыс, қарақат, басбілгі, ауызжолды, қолтума, т.б.;
ә) екінші бір затқа ұқсастығына сәйкес біріккен сөздер: аюжүн, ботатабан, түйеқарын, итмұрын, т.б.;
б) аталатын заттың, жәндіктің бір белгісіне сәйкес біріккен сөздер: сарышұнақ, қосаяқ, саржаңқа, қарақұс, аққу, т.б.;
в) аталатын заттың қимылына, іс-әрекетіне сәйкес біріккен сөздер: қаптесер, елкезер, қанішер, жанашыр, т.б.;
г) жер, су, адам аттарын білдіретін біріккен сөздер: Жұмағали, Ерғали, Бекбай, Ақсу, Ақтөбе, Көксу, т.б.;
д) екі сөзден бірігіп, бір лексикалық бүтін болып қалыптасқан идиомалар да біріккен түбірге жатады: көкбет, ақкөңіл, ашықауыз, бесаспап, немқұрайды, т.б.
Бірақ авторлар мұндай идиомаларды лексикологияның объектісі ретінде қарастырады, морфологияға қатысы жоқ, сондықтан бұларды біріккен түбір сөзге жатқызуға болмайды деп қарайды. Біздіңше, морфология мен лексикологияның арасын «Қытай қорғанымен» бөліп тастау аса дұрыстыққа келмейтін сияқты. Екі сөз бірігіп, ауыспалы мағынада қолданылатын идиомалардың біразы біртұтас лексикалық бүтін болып қалыптасқандығын қазақ тілі фактілері толық дәлелдейді.
Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.