Қосымшалы түбiр сөздер қазақ тiлi грамматикасында туынды түбiр деп аталып жүр. Дұрысында‚ негiзгi түбiрден басқаларының барлығы да туынды түбiрлер. Сондықтан туынды түбiрлер мен қосымша арқылы жасалған түбiрдiң арасын ажырату үшiн қосымшалы түбiр деген терминдi қолдандық. Қолданылып жүрген қазақ тiлi оқулықтарында қосымшалы түбiр (туынды түбiр) туралы мынадай анықтама берiлген: “Туынды сөздер деп түрлi жұрнақтар арқылы негiзгi түбiрлерден өрбiген сөздердi айтамыз” немесе “Негiзгi түбiрге жұрнақ жалғану арқылы жасалған сөз туынды түбiр немесе туынды сөз деп аталады” . Бұл анықтамалар қосымшалы түбiр туралы ұғымды толық бере алмайтын сияқты.
Себебi, тiлiмiзде бiлместiк‚ колхозшы‚ көргенсiз‚ байлаулы‚ ерттеулi‚ белбеулiк тəрiздi көптеген қосымшалы түбiр сөздер бар. Бұлар негiзгi түбiрден емес‚ бiрiккен түбiрден‚ қысқарған сөздерден‚ тiптi кейбiр грамматикалық формалардан да (есiмше‚ тұйық етiстiк) жасалатынын аңғартады. Сондықтан қосымшалы түбiр сөздiң анықтамасы – бiр сөзге сөз тудырушы қосымша жалғану арқылы жасалған жаңа мағыналы сөздi қосымшалы түбiр деп атаймыз десе‚ дəлiрек болар едi.
Қазақ тiлiндегi қосымшалы түбiр мынадай сөздерден жасалады: негiзгi түбiрден: бiлiм‚ тұзда‚ биле; қосымшалы түбiрден: бiлiмсiз‚ күлiмде‚ бүрмеле; бiрiккен түбiрден: жалаңашта‚ жалаңқабатта‚ белбеулiк (мата); есiмше формаларынан: көргенсiз‚ көргендi‚ бiлместiк‚ айтарлық‚ жерлiк; тұйық етiстiктен:байлаулы‚ ерттеулi‚ жегулi (арба), оқулық, т.б.
Қосымшалы түбiр сөздерде жаңа сөз жасауда басты рөл атқаратыны – ең соңғы сөз тудырушы қосымша. Сондықтан жалаңашта‚ айырбаста‚ белбеулiк тəрiздi сөздердi қосымшалы түбiрге жатқызған жөн. Өйткенi мұндағы жалаңаш‚ айырбас‚ белбеу бiрiккен түбiр сөз болғанымен, оларға сөз тудырушы қосымша жалғану арқылы жаңа мағыналы сөз жасалып тұр.
Қосымшалы түбiр сөздiң құрамында бiрнеше сөз тудырушы аффикстер болуы мүмкiн. Мысалы‚ жағымпаздан‚ бiлгiшсiн‚ бiлiмсiздiк, т.б. Мұнда əрбiр аффикс анық көрiнiп тұрады. Мұндай сөздерде жаңа сөз тудырып тұрған соңғы аффикс болып саналады. Ал сөздiң қалған бөлiгi сол жаңа сөзге ұйтқы болады. Бiлгiшсiн сөзiн тудырып тұрған -сiн аффиксi‚ оған ұйытқы болып тұрған – бiлгiш сөзi. Бiлгiш сөзi де қосымшалы түбiр‚ оны тудырып тұрған -гiш аффиксi. Кейбiр қосымшалы түбiр сөздердiң құрамындағы түбiр сөздердiң дыбыстық жағы көнеленiп‚ қосымшасыз өз алдына дербес қолданылмай‚ тек қосымшалы түрiнде ғана лексикалық мағынаға ие болады. Мысалы: оян‚ оят‚ ояу. Бұл сөздердiң лексикалық мағыналары əртүрлi болғанымен‚ бəрiне бiрдей ортақ бiр мағынаға байланысты екендiгi аңғарылып тұр. Бiр түбiрден əртүрлi сөз тудырушы аффикс жалғану арқылы жасалған қосымшалы түбiр сөздердiң лексикалық мағыналары əртүрлi болады. Бiрақ олардың мағыналары ұйытқы сөздiң мағынасынан бүтiндей үзiлiп‚ ажырап кетпейдi. Сондықтан ондай сөздер түбiрлес сөздер деп аталады да‚ формасы жəне мағынасы жағынан өзара жақын болады. Мысалы: сусын‚ сусыз‚ сулық‚ сушы‚ суат‚ сула сөздерiнiң лексикалық мағыналары əр басқа‚ əрқайсысы өз алдына жеке сөз. Бiрақ бұлардың мағыналары су сөзiмен байланысты.
Қосымшалы түбiр сөздер өзара екi түрлi жолмен топтасады.
Бiрiншiсi – бiр сөзге əртүрлi сөз тудырушы аффикстер жалғану арқылы бiр түбiрден жасалған қосымшалы түбiр сөздер. Мысалы‚ сулық‚ сусын‚ сула‚ сушыл‚ сушы. Бұл сөздер əр жеке лексикалық единица болғанымен‚ мағыналары су сөзiне қатысты екендiгi аңғарылып тұрады да‚ түбiрлес сөздердiң тобын жасайды. Қосымшалы түбiр сөздердiң екiншi тобы əр жеке сөздерден бiр сөз тудырушы қосымша жалғану арқылы жасалған типтес сөздер. Мысалы: қойшы‚ колхозшы‚ сауыншы‚ оқытушы‚ домбырашы‚ бишi, т.б. Мұндай қосымшалы түбiр сөздер типтес сөздер деп аталады.
М.Д. Степанова бұл жөнiнде: “Обобщенный характер словообразовательных законов выражается в том‚ что ряд слов объединяется по принципу общей словообразовательной формы. При этом‚ несмотря на их различное лексическое значение‚ их объединяет какой-либо общий семантический признак‚ связанный с этой словообразовательной формой”.
Қазақ тiлiнде сөз тудырушы қосымшалар арқылы жасалған қосымшалы түбiр сөздердiң сан мөлшерi сөздік құрамның басым көпшiлiгi. Əрбiр қосымшалы түбiр өз кезiнде жаңа ұғымның атауы ретiнде пайда болған сөздер. Олай болса‚ қосымшалы түбiр сөздер аз уақыттың iшiнде пайда болған сөздер емес‚ олар осы тiлде сөйлейтiн қазақ халқының барлық қоғамдық өмiрiмен бiте қайнасып‚ бiрге өмiр сүрiп‚ эволюциялық жолмен бiртiндеп пайда болған сөздер. Яғни туынды түбiр сөздер – мыңдаған жылдардың жемiсi. Қазақ тiлiнiң ғасырлар бойы тарихи даму процесiнде қазақ тiлiнде көптеген өзгерiстер болып‚ тiлдiң сұрыпталуы‚ екшелуi – табиғи заңды құбылыс. Соның нəтижесiнде қазақ тiлiндегi көптеген қосымшалы түбiр сөздердiң құрамындағы элементтердiң аражiгi жымдасып‚ тұтасып‚ дыбыстық өзгерiске түскен. Мұндай көнерген түбiрлердiң бiр элементi‚ кейде екi элементi бiрдей өзгерiске ұшырауы мүмкiн. Бiр элементi өзгер-ген туынды түбiрлердiң этимологиясын салыстырмалы-тарихи əдiс арқылы бiлуге болады. Қазақ тiлiнде негiзгi түбiр сөздер‚ негiзiнен‚ бiр‚ екi буынды болып келедi де‚ үш буынды түбiр сөздер азырақ кездеседi. Тiлiмiздегi кебеже‚ дөдеге‚ шаңырақ тəрiздi сөз элементтерiне бөлiнбейтiн үш буынды сөздер аса көп емес. Осындай үш буынды сөздер ертеде туынды сөздер болуы ықтимал. Үй жабдықтарының атын бiлдiретiн туырлық сөзiнiң құрамындағы -лық аффиксi белгiлi‚ ал туыр сөзi қазiргi тiлiмiзде жоқ. Сол сияқты қомағай‚ жəдiгей‚ жадағай‚ одағай‚ түбегей (лi) бұл тұлғадағы типтес сөздер екендiгi -ғай/-гей аффиксi арқылы көрiнiп тұр‚ бiрақ қазiргi тiлiмiзде бұл сөздерге ұйытқы болып тұрған ода‚ жада‚ түбе сөздерi жоқ. Сөз тудырушы қосымшалардың қолданылу өрiсiне‚ морфемалық қасиетiне қарай А. Ысқақов оларды өлi жəне тiрi жұрнақтар деп бөледi де қант‚ жент‚ жемiт сөздерiнiң құрамындағы -ыт‚ -т жəне жоғарыда айтылған -ғай/-гей тəрiздi үш-төрт сөзде ғана қолданылатын аффикстердi өлi аффикстерге жатқызады.
Түркi тiлдерiнде сөз тудыру тақырыбына арналып бiраз құнды монографиялық еңбектер шықты жəне осы тақырыпқа қатысты бiрнеше докторлық диссертациялар да қорғалды. Басқа да көптеген түркологиялық еңбектерде сөз тудыру мəселесi жөнiнде айтылған теориялық қорытындыларды басшылыққа алып жəне қазақ тiлiнiң тiлдiк фактiлерiне сүйенетiн болса‚ сөз тудырушы аффикстердiң бiрнеше басты белгiлерi бар екендiгi байқалады.
Бiрiншi белгiсi – жалғанған сөзiнiң лексикалық мағынасын өзгертiп‚ жаңа мағыналы сөз тудырады. Мысалы: бiлiм‚ тұздық‚ ойна, т.б. Сөз тудырушы қосымша туралы бұл анықтама жалпы тiл бiлiмiнде барлық тiлдерге ортақ қағида болып қалыптасқан. Бiрақ түркi тiлдерi үшiн бұл анықтама қосымшалы түбiр сөздердiң табиғатын толық ашып бере алмайды. Қай тiлде болмасын‚ сөз тудырушы қосымша жалғану арқылы жасалған туынды түбiр сөздiң мағынасы ұйытқы сөздiң мағынасынан бүтiндей үзiлiп, алшақтап кете алмайды‚ бұлардың арасында белгiлi дəрежеде мағыналық байланыс сақталады. Əсiресе‚ сөз тудырушы қосымша жалғанған сөзiн екiншi бiр сөз табына айналдырмай‚ сол сөз табының құрамында қалса (көкшiл‚ сарғыш‚ тiстеле‚ қамала‚ қоңырқай, т.б.)‚ сөздiң лексикалық мағынасының өзгерген‚ өзгермегендiгiн айыру қиын. Тiстеле‚ қамала дегенде тiсте‚ қама сөздерiнiң лексикалық мағыналары өзгермей‚ -ла‚ -ле қосымшалары сол сөздерге тек дүркiндiк‚ қайталау мағынасын үстеп тұрған тəрiздi. Көкшiл‚ қоңырқай сөздерi де сол сияқты көк‚ қоңыр сөздерiнiң үстеме мағынасы тəрiздi. Осыған қарап қоңырқай‚ көкшiл‚ сарғыш‚ жұлмала‚ қамала‚ соққыла тəрiздi сөздердi түркологиялық еңбектерде‚ оқулықтарда грамматикалық форма деп түсiндiредi. Грамматикалық форма он шақты сөздi ғана қамтымайды‚ ол бiр сөз табын түгелдей немесе бiр сөз табының үлкен тобын қамтып, грамматикалық абстракция жасайды. Э.В. Севортян: “Словоизменительную форму можно образовать от любой единицы данной части речи‚ а словообразовательная форма не универсальна” , – дейдi. Дұрысында да үш-төрт сөздiң мағыналық жəне тұлғалық ерекшелiктерiне қарап‚ грамматикалық формаға жатқызатын болса‚ грамматикалық форманың ұшы-қиырын табу мүмкiн болмас едi. Сондықтан да сөз тудырушы аффикстердiң белгiсiн тек сөз мағынасын өзгертуден ғана iздемей‚ басқа да белгiлерiне сүйену қажет. Сөз тудырушы аффикстердiң сондай екiншi белгiсi – олар қосымшалы түбiрге ұйытқы болатын сөздерге таңдап жалғанады‚ яғни сөз тудырушы аффикстер кез келген сөзге жалғана бермейдi‚ жаңа ұғымды атау үшiн қажет болғандықтан‚ сол жаңа ұғымға мəндес сөздердiң негiзiнде жасалады. Мысалы: колхозшы‚ оқулық‚ аялдама сөздерi колхоз мүшесi‚ оқу кiтабы‚ аялдайтын жер деген ұғымдарды атау үшiн колхоз‚ оқу‚ аялда сөздерiнiң негiзiндежасалғанжаңа сөздер. Қазақ тiлiнде -шы/-шi аффиксi сөз тудырушы аффикстердiң iшiнде өнiмдiсiнежатады. Алайда ол зат есiм түбiрлерiне түгелдей жалғанбайды‚ ұйытқы болатын сөздерге таңдап жалғанады. Қазақ тiлiнде бұзаушы‚ қозышы деген сөздер бар‚ ал лақшы‚ құлыншы деп айтылмайды. Мұның себебi мал шаруашылығында бұзау мен қозы iрi малдан жеке бөлек бағылады‚ оларды бағушы адамдар бұзаушы‚ қозышы деп аталады. Ал құлын мен лақ жеке бағылмайды жəне оларды бағатын арнайы бақташы да қойылмайды.
Тiгiншi‚ егiншi сөздерi – киiм тiгетiн адам‚ егiс егетiн адам деген ұғымдарды бiлдiредi. Киiмнiң де‚ егiннiң де əр түрi бар‚ соған қарап “көйлекшi”‚ “шапаншы” немесе “бидайшы”‚ “сұлышы” деп айтылмайды. Өйткенi тiгiншi‚ егiншi сөздерi соларға қатысты ұғымды түгел қамтиды. Сөйтiп сөз тудырушы аффикстер қосымшалы түбiр сөздерге ұйытқы болатын сөздерге ғана талғап жалғанады. Э.В. Севортян: “Словообразовательная форма не обладает способностью создавать новые единицы данной части речи из любого словесного материала”‚ – дейдi . Сөз тудырушы қосымшалардың сөздерге жалғану өрiсi жəне жалғанған сөздерiнiң бастапқы мағынасын өзгерту қабiлетi бiрдей емес. Кейбiр сөз тудырушы аффикстер бiрнеше сөз таптарына жалғанып‚ жаңа сөз тудырады. Ал кейбiреулерi азғана сөздiң құрамында қолданылады. Сөз тудырушы аффикстердiң осындай сөз жасау аясына қарап‚ қазақ тiлi оқулықтарында өнiмдi жəне өнiмсiз жұрнақтар немесе құнарлы жəне құнарсыз , – деп атап жүр. Қосымшалы түбiр сөздердiң құрамындағы ұйытқы сөздiң мағынасының көрiнуi барлығында бiрдей емес‚ кейбiреулерiнiң мағынасы анық көрiнiп тұрса (тымақты‚ етiкшi‚ аудандық, т.б.)‚ ендi бiреулерiнiң мағынасы көмескiленiп‚ аффикспен жымдасып кетедi (кемiк‚ кезек‚ күйiн‚ сырық‚ телiм‚ қызық, т.б.).
Қосымшалы түбiр сөздердiң ендi бiразын құрамындағы ұйытқы сөзiнен немесе қосымшасынан ғана айыруға болады (жент‚ қант‚ жемiт‚ ояу‚ оят‚ оян, т.б.). Кейбiр сөздер сыртқы тұлғасы жағынан қосымшалы түбiр сөзге ұқсағанымен‚ аражiгi жымдасып‚ тұтас бiр сөзге айналып кеткен (көмескi‚ кереге‚ сыбаға‚ дөдеге, т.б.). Бұл жөнiнде К.А. Левковская: “В отдельных случаях компоненты производных основ органически сливаются между собой и становится не возможным расчленить их на отдельные элементы и превращается на непроизводные (в плане современного языка) основы” ‚ – дейдi. Демек‚ сөз тудырушы аффикстер арқылы жасалған қосымшалы түбiр сөздердiң жаңа сөз болып қалыптасу дəрежесi бiрдей емес. Қосымшалы түбiр сөз сөйлеу тiлiнде неғұрлым көбiрек қолданылып‚ актив сөздiң құрамына енсе‚ соғұрлым қалыпты сөзге айналады. Қазақ тiлiнде өнiмдi қосымшалар арқылы жасалған қосымшалы түбiр сөздердiң де дербес сөз болып қалыптасу дəрежесi бiркелкi емес. Бұлардың көпшiлiгi дербес сөз болып қалыптасып‚ сөздік құрамға енсе‚ кейбiреулерi сөздік құрамға енбейтiн‚ тек сөйлеу кезiнде ғана уақытша қолданылатын сөздер. Қараңғыда апалаған Дəукеннiң даусын естiп‚ мен мұндалап шешесi де жүгiрдi. Мұнда апалау‚ мен мұндалау қалыпты даяр сөз емес‚ сөйлеу кезiнде уақытша қолданылып тұр.
Түркi тiлдерiнде -лы/-лi‚ -ды/-дi‚ -ты/-тi өнiмдi сөз тудырушы жұрнаққа жатады. Осы қосымша арқылы жасалған кейбiр туынды түбiр сөздер белгiлi бiр ғана сөзбен тiркесiп мақал‚ мəтелдерде ғана қолданылады. Мысалы‚ иттi қонақ жараспас дегенде иттi сөзi тек осы аталған тiркесте ғана айтылады‚ басқа сөздермен тiркеспейдi. Олай болса‚ бұл да қалыпты даяр емес‚ тек нақтылы мақал‚ мəтелдерде ғана уақытша қолданылатын сөз.
Сөз тудырушы қосымшаның өзiндiк тағы бiр басты белгiсi – ол жалғанған туынды түбiр сөз белгiлi бiр сөз табына жататын лексикалық бүтiн болып қалыптасады да сөздік құрамға енедi. Сөз тудырушы қосымшалардың бiр тобы жалғанған сөзiн екiншi бiр сөз табына айналдырса‚ ендi бiр тобы басқа сөз табына айналдырмай‚ бастапқы сөз табының құрамында қалады. Мұндай құбылыс – барлық тiлдерге де ортақ қасиет. Бiр сөз табынан екiншi бiр сөз табына айналған туынды түбiрдiң құрамындағы қосымшалы сөз тудырушы екендiгi ешқашан күмəн тудырмайды. Мысалы: биле‚ кетiк‚ ойна‚ кешкi‚ көгер‚ ағар, т.с.с. Сонымен бiрге зат есiмнен зат есiм тудыратын сөз тудырушы қосымшалардың да қызметi талас тудырмайды. Өйткенi зат есiм‚ басқа да сөз таптарымен салыстырғанда‚ нақты ұғымға қатысты сөз табы. Сондықтан да зат есiмнiң құрамындағы қосымшаның жаңа сөз тудырып тұрғандығы немесе сол сөздiң тек сыртқы тұлғасын өзгертiп‚ грамматикалық мағына үстеп тұрғандығы анық сезiлiп тұрады. Бастық‚ сөздік‚ қойшы немесе қойлар‚ ауылға‚ көңiлiм дегенде алдыңғы үш сөз туынды түбiр – лексикалық бүтiн‚ ал соңғы үш сөз грамматикалық форма екендiгi ешқандай талас тудырмайды.