Қазақ тіліндегі түбір сөздер жасалу тәсілдеріне және құрамына қарай бес түрге бөлінеді:
а) негізгі түбір сөздер;
ә) қосымшалы түбір сөздер (сөз тудырушы жұрнақ жалғану арқылы жасалған түбір сөздер қосымшалы түбір сөз деп аталады);
б) біріккен түбір сөздер;
в) тіркесті түбір сөздер;
г) қос түбір сөздер.
Негізгі түбір сөздер
Негізгі түбір сөздер қазіргі қазақ тілінде сөз элементтеріне бөлінбейтін, жеке тұрғанда толық мағыналы лексикалық единицалар. Негізгі түбір сөздер бір буынды, екі буынды, үш буынды болып келеді. Үш буынды негізгі түбір сөздер алдыңғы екеуіне қарағанда аз кездеседі. Қазақ тілінің өзіне тән негізгі түбір сөздері қазақ тілінің сөздік қоры болып саналады. Басқа барлық туынды түбір сөздер осы негізгі түбірден өрбіп дамиды. Қазақ тіліндегі негізгі сөздерді орыс тілінің және басқа үндіеуропа тілдеріндегі морфемалармен (корневые морфемалармен) қатар қоюға болмайды. Өйткені қазақ тіліндегі негізгі түбір сөздер толық мағыналы дербес сөздер. Олар өз алдына лексикалық единица болумен бірге морфологиялық та, синтаксистік те қызмет атқара алады.
Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.