Осы шақ – сөйлеу кезінде болып жатқан қимылды білдіретін етістіктің формасы.
Өткен шақ және келер шақ формалары қазақ тілінде есімше мен көсемше формаларына жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалады; яғни есімше мен көсемше жұрнақтары өткен шақ және келер шақ формаларының грамматикалық шақ көрсеткіші қызметін атқарады.
Ал осы шақтың арнайы грамматикалық шақ көрсеткіші жоқ. Қазақ тілінде осы шақ қимыл етістіктеріне және созылыңқы сыпатқа жіктік жалғауы тікелей жалғану арқылы жасалады:
Мен отырмын — Біз отырмыз
Сен отырсың — Сендер отырсыңдар
Сіз отырсыз — Сіздер отырсыздар
Ол отыр — Олар отыр
Мен жазып жатырмын — Біз жазып жатырмыз
Сен жазып жатырсың — Сендер жазып жатырсыңдар
Сіз жазып жатырсыз — Сіздер жазып жатырсыздар
Ол жазып жатыр — Олар жазып жатыр
Болымсыз түрі жоқ сөзі арқылы жасалады:
Мен жазып жатқан жоқпын — Біз жазып жатқан жоқпыз
Сен жазып жатқан жоқсың — Сендер жазып жатқан жоқсыңдар
Сіз жазып жатқан жоқсыз — Сіздер жазып жатқан жоқсыздар
Ол жазып жатқан жоқ — Олар жазып жатқан жоқ
Созылыңқы сыпат формасы осы шақта, келер шақта, өткен шақта да қолданылады. Мысалы: мен оқып отырмын – осы шақ, оқып отырдым – өткен шақ, оқып отырармын – келер шақ. Келер шақ және өткен шақ түріндегі грамматикалық шақ көрсеткіштері -ды және -ар. Осы шақ түрінде грамматикалық шақ көрсеткіші жоқ. Негізгі етістік оқып – күрделі етістік формасының сөздік мағынасын білдіріп тұр да, отыр көмекші етістігі – созылыңқы сыпаттың грамматикалық көрсеткіші, -мын жіктік жалғауы бірінші жақты білдіріп тұр.
Сөйтіп, қазақ тілінде осы шақты білдіретін арнайы грамматикалық морфема жоқ. Нақ осы шақтық мағына созылыңқы сыпатқа жіктік жалғауы тікелей жалғану арқылы пайда болады.
Созылыңқы сыпаттың осы шақты білдіруі көмекші етістіктердің түріне қарай әртүрлі болады. Отыр, тұр көмекші етістіктері қимылдың дәл сөйлеу кезінде болып жатқанын білдіреді: сағат жүріп тұр, күн жауып тұр, Иман кітап оқып отыр, т.б.
Қырда қазақ, ойда ұлық болып, соңына түсіп отыр. ... Қайсар мола өзі де иесіз өңірдің қара күші сияқты дөңкиіп, суық мұңмен қарауытып тұр (М. Әуезов).
Бұл сөйлемдерде созылыңқы сыпат формасы үшінші жақта сөйлеу кезінде болып жатқан қимылды, күйді білдіріп тұр.
Жүр көмекші етістігі арқылы жасалған созылыңқы сыпаттың осы шақтық мағынасы кеңірек уақытты қамтиды. Мұның шеңбері ай, жылмен шектеледі. Мен биыл кружокқа қатысып жүрмін. Сейіт екінші курста оқып жүр.
Бұл сөйлемдерде қатысып жүрмін, оқып жүр деген күрделі етістіктер дәл сөйлеу кезінде ғана болып жатқан қимыл емес, ұзақ уақыт ішінде осы шақта болып жатқан істі білдіріп тұр.
Жүр көмекші етістігі арқылы жасалған күрделі етістіктің осы шақ мағынасын ауыспалы келер шақ формасы білдіре алады. Мысалы: Самат институтта оқып жүр деудің орнына Самат институтта оқиды деп айтуға болады.
Сол сияқты, сен қайда істеп жүрсің? немесе қайда істейсің? деп айтыла береді.
Жатыр көмекші етістігі салт етістікпен тіркескенде нақ сөйлеу кезінде болып жатқан қимылды білдіреді: Су қайнап жатыр, бала күліп жатыр, жиналыс жүріп жатыр, т.б. Негізгі етістік сабақты етістіктен болса, осы шақтың мезгілдік шеңбері объектінің түріне қарай әртүрлі болады. Мысалы: хат жазып жатыр және кітап жазып жатыр дегенде, хат пен кітаптың көлемі жазу ісінің шақтық шеңберін белгілейді.
Жатыр көмекші етістігі отыр, тұр, жүр көмекші етістіктеріне қарағанда кең қолданылады және солардың орнына жұмсала береді.
Жатыр және тұр көмекші етістіктері арқылы жасалған күрделі етістіктер қимыл иесі болатын заттардың қимылын білдірумен қатар табиғат құбылыстарының және басқа құбылыстардың өзгеру, өту процесін де білдіреді. Мысалы: Жауын жауып тұр, жиналыс болып жатыр, т.б.
Сөйтіп, дәл сөйлеу кезінде болып жатқан істі, қимылды созылыңқы сыпаттың осы шақ түрі білдіреді. Созылыңқы сыпаттың осы шақ түрі жіктік жалғауының I, II жаққа тікелей жалғануы арқылы жасалады: оқып отырмын, оқып отырсың, оқып отыр.
Созылыңқы сыпат өткен шақ, келер шақ формаларында да қолданылады: мен оқып отырдым, сен оқып отырсың, ол оқып отырмақшы, т.б.
Қазақ тілінде сөйлеу кезінде болып жатқан істі, қимылды білдіретін осы шақ – созылыңқы сыпаттың жіктелген түрі, яғни созылыңқы сыпаттың осы шақ формасы сөйлеу кезінде болып жатқан қимылды білдіре алады. Осы шақтың өзінің арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ.
Жатыр көмекші етістігі арқылы жасалған күрделі етістік өзбек, ұйғыр, т.б. түркі тілдерінде түбірмен бірігіп, аффикске айналып кеткен. Хасен келе жатыр дегенді ұйғырша Хасен келиватиду десе, өзбекше Хасен келяпти дейді.
Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.