Етістіктерді есім сөздерден ажыратудың басты тұлғалық ерекшеліктерінің бірі – оның болымсыздық формасы. Есім сөздердің болымсыздық түрі емес шылауы арқылы жасалса, етістіктердің болымсыз түрі арнайы грамматикалық морфемалар -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе арқылы жасалады.
Етістіктің бұл болымсыздық морфемалары етістік негіздеріне тікелей жалғанып, етістіктің басқа жіктелетін формаларына негіз болады. Сөйтіп, -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе морфемалары етістіктің негіздері мен жіктелетін формаларының шегін айыратын қосымша болып табылады.
Түбір етістіктердің, модификациялық етістіктердің және күрделі етістіктердің негізгі етістік деп аталу себебі де – олардың болымсыздық және басқа да барлық жіктелетін формаларға негіз болып жұмсалуына байланысты.
Етістіктің кейбір грамматикалық формаларының болымсыздық түрі -ма/-ме қосымшасымен бірге емес, жоқ сөздері арқылы да жасалады. Мысалы: келмеді, келген жоқ, келер емес, оқымапты, оқыған жоқ, оқитын емес т.б.
Соңғы емес, жоқ сөздері етістік негіздерінен соң тікелей қолданылмайды. Олар көбінесе есімше формаларына қатысты жұмсалады. Етістіктің болымсыздық түрін білдіретін -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе қосымшалары және емес, жоқ сөздері барлық формаларда бірдей талғаусыз қолданыла бермейді. Олар белгілі жүйелі тәртіппен, әрқайсысы өзіне қатысты етістік формаларында жұмсалады.
Етістіктің көсемше, шартты рай, бұйрық рай формаларының болымсыз түрі тек қана -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе қосымшалары арқылы жасалады, яғни оларға емес, жоқ сөздері қатыспайды. Мысалы: оқымапты, оқымай, оқымаса, оқымасын т.б.
Ти десем тимейді, тиме десем тиеді (жұмбақ).
Күш атасын танымайды (мақал).
Асан колхоздан қайтпапты.
Өткен шақ есімше (-ған/-ген, -қан/-кен) формасының болымсыз түрі -ма/-ме және емес, жоқ сөздерінің қатысуы арқылы жасалады. Мысалы: бармаған, барған емес, барған жоқ т.б.
Өткір жігіт көмейіне келіп қалған сөзін бөгеген жоқ (С. Мұқанов).
Сикорский оның келетінін естімеген екен (Ғ. Мүсірепов).
Нұрғали Ділданы бұрын анықтап көрген емес еді (Б. Майлин).
Болжалды есімше (-ар/-ер/-р), дағдылы есімше (-атын/-етін, -йтын/-йтін) және осы шақ есімше (-ушы/-уші) формаларының болымсыз түрі -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе қосымшалары және емес шылауы арқылы жасалады.
Қарысып қалған қол-аяғы сұры қашқан ақыл-ойға бағынар емес (С. Шаймерденов).
Көрмес түйені де көрмес (мәтел).
Санап келгенде, ойынға қатысушылар мен қатыспаушылардың саны бірдей болып шықты (Ә. Әбішев).
Біздің үйде қалың қарда қасқырды құтқармайтын жүйрік құла ат болатын (С. Мұқанов).
Игілік аз малға келісетін емес (Ғ. Мүсірепов).
Етістік формаларының ішінде ниет есімшенің (-мақ/-мек, -бақ/-бек, -пақ/-пек) болымсыз түрі тек қана емес шылауы арқылы жасалады. Мысалы: бармақ емес, келмекші емес, айтпақ емессің т.б.
Ушаковқа салса, Сикорскийді бір күн ұстамақ емес (Ғ. Мүсірепов).
Етістіктің болымсыз түрінің үш вариантының (-ма/-ме, емес, жоқ) арасында әрқайсысының өзіне тән семантикалық ерекшелігі бар. Біздің колхозға автолавка келген жоқ және біздің колхозға автолавка келген емес деген екі сөйлемде де кел етістігі болымсыз түрде айтылып тұр. Солай бола тұрса да, бұлардың мағыналары бірдей емес.
Бірінші сөйлемде колхозға бұл арада автолавканың келмегендігі туралы жай хабарлау түрінде айтылса, екінші сөйлемде автолавканың келмегендігі туралы жай хабарлау емес, оның ешқашан келмегендігі баса көрсетіліп тұр. Ал етістіктің -ма/-ме қосымшасы және жоқ сөзі арқылы жасалған болымсыз түрлерінің арасында мағыналық айырма өте жақын. Бұларды бір-бірімен алмастырып айта беруге болады. Мысалы, Самат бүгін жиналысқа келмеді немесе келген жоқ деп айтыла береді, бұлардың арасында бәлендей мағыналық айырмашылық сезілмейді.
Сөйтіп, -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе қосымшасы тәрізді емес және жоқ сөздері де етістіктің болымсыз түрін жасайтын грамматикалық морфема қызметін атқарады. Бірақ бұлардың мағыналары мен қолданылу дәрежесі бірдей емес. -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе қосымшасы етістіктің болымсыз түрін жасауда ниет есімшеден басқа (-мақ/-мек) барлық етістіктерге қатысты қолданылады. Емес шылауы барлық есімше формаларының болымсыз түрін жасауға қатысты қолданылады. Ал жоқ сөзі тек өткен шақ есімшенің болымсыз түрін жасауға қатысады: жазған жоқ, көрген жоқпын, келген жоқсыз, т.б.
Қазақ тілінде бір көңіл аударарлық нәрсе – күрделі етістіктердің болымсыз түрі. Күрделі етістіктің болымсыз түрі үш вариантта қолданылады:
1) Етістіктің болымсыздық қосымшасы (-ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе) күрделі етістіктің алдыңғы сыңарының құрамында келу арқылы жасалады: айтпай қойды, кетпей қалды, оқымай отыр, жүрмей тұр, т.б.
Бұлардың арасында ашылмай жүрген біраз сыр осы жиында анықталғандай болды (М. Әуезов).
Абай бұл істің Тәкежанның ақылымен істелгенін білмей отырған жоқ (М. Әуезов).
2) Көмекші етістікке болымсыздық қосымша (-ма/-ме) жалғану арқылы немесе жоқ сөзімен тіркесу арқылы жасалады: кетіп қалмады, кетіп қалған жоқ; оқып бермеді, оқып берген жоқ, т.б.
Қанша жалынса да, Ахмет хатты оқып бермеді (С. Мұқанов).
3) Күрделі етістіктің құрамындағы екі сыңары да -ма/-ме қосымшасы арқылы болымсыз формада қолданылады: айтпай қоймайды, келмей қалмас, оқымай отырған жоқ, жүрмей тұрған емес, т.б.
Майбасарлар білмей қалмасын, тегіс хабарлаңдар (М. Әуезов).
Бұл үшінші вариантта күрделі етістіктің екі сыңары да болымсыз формада қолданылғанымен, тұтас алғанда күрделі етістік болымды мағына білдіреді. Келмей қоймайды дегеннен келеді, оқымай отырған жоқ дегеннен оқып отыр, кетпей қалма дегеннен кет деген ұғым білініп тұр. Басқаша айтқанда, екі болымсыздық мағынаның бірігіп тұтасуынан бір бүтін болымдылық мағына пайда болатындығы байқалады. Математика тілімен айтқанда, екі минус бірігіп, плюс болып шыққан.
Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.