Бұл күнге дейінгі қолданылып жатқан қазақ тілі оқулықтарында туынды түбір туралы мынадай анықтама беріліп келді: «Туынды сөздер деп түрлі жұрнақтар арқылы негізгі түбірлерден өрбіген сөздерді айтамыз». «Негізгі түбірге жұрнақ жалғану арқылы жасалған сөз туынды түбір немесе туынды сөз деп аталады».
Бұл анықтамалар туынды түбірдің табиғатын, оның жасалу жолдарын толық қамти алмайды. Өйткені тілімізде оқулық, білместік, тергеуші сияқты көптеген туынды түбір сөздер бар. Бұлар негізгі түбірден жасалған сөздер емес. Олар тұйық етістік, өткен шақ есімше, келер шақ есімше формаларына жұрнақ жалғану арқылы жасалған жаңа мағыналы туынды түбір сөздер.
Олай болса, туынды түбір сөздер тек негізгі түбірден ғана емес, басқа сөздерден де, кейбір грамматикалық формалардан да жасалатындығы байқалады. Сондықтан туынды түбір деп бір сөзге жұрнақ жалғану арқылы пайда болған жаңа мағыналы сөзді айту керек. Яғни туынды түбір негізгі түбірден де, туынды түбірден де, біріккен түбірден де, басқа кейбір грамматикалық формалардан да жасалады.
Мысалы, білім, биле, тұзда – негізгі түбірден; білімсіз, күлімде, бүрмеле – туынды түбірден; денсаулық, жалаңашта, жалаңқабатта – біріккен түбірден; көргенді, көргенсіз, білместік – есімшеден; тергеуші, оқушы, оқулық – тұйық етістіктен жасалған.
Туынды түбір жасайтын сөз тудырушы жұрнақтар өзінің жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертіп, жаңа сөз тудырады. Мұндай сөз тудырушы жұрнақтар қазақ тілінде алуан түрлі. Сонымен бірге сөз тудырушы жұрнақтар негізінен әрбір сөз табына бөлінеді де, сол сөз табының тұлғалық белгілерін көрсетеді. Мысалы, малшы, қойшы, оқушы, жазушы, етікші туынды түбірлері -шы/-ші жұрнағы арқылы жасалған зат есімдер. Ал ақылды, күшті, әлді, әлсіз, түпсіз сөздері -ды/-ді, -ты/-ті және -сыз/-сіз жұрнақтары арқылы жасалған туынды сын есімдер. Ойла, ойна, биле, тісте, көзде сөздері -ла/-ле, -да/-де, -та/-те жұрнақтары арқылы жасалған туынды етістіктер.
Тағы сол сияқты басқа сөз таптарына да тән арнайы сөз тудырушы жұрнақтар бар. Бұл жұрнақтар әр сөз табының мағыналық ерекшеліктерімен бірге олардың сыртқы тұлғалық белгілерін де көрсетеді. Жұрнақ арқылы бір сөз табынан екінші сөз табына немесе, мысалы, зат есімнен зат есімге айналған туынды түбірлердің лексикалық мағынасы өзгерген жаңа сөз екендігі талас тудырмайды. Мысалы, білім, алғыр, ақылды, бойшаң, ойна, биле, жоғары сияқты сөздер өзгеріп, бір сөз табынан екінші сөз табына ауысқан сөздер. Немесе етікші, қойшы, сөздік, көзілдірік дегенде де жаңа мағыналы сөз туғандығы айқын көрініп тұр.
Әйткенмен, олардың лексикалық мағынасы бастапқы сөздің мағынасынан бүтіндей алшақтап, үзіліп кетпейді. Бұлардың арасындағы сөздік мағына белгілі дәрежеде байланыста болады. Сондай-ақ жұрнақ арқылы етістіктен етістік, яки сын есімнен сын есім жасалғанда, мұндай сөздердің лексикалық мағынасы өзгерген жаңа сөз екендігін немесе сол сөз табына тән грамматикалық форма екендігін айыру кейде қиынға түседі.
Түркі тілдерінде сөз тудырушы жұрнақ пен форма тудырушы жұрнақтар өзара мынадай ерекшеліктері арқылы ажыратылады.
Біріншіден, сөз тудырушы жұрнақ жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертіп, жаңа мағыналы туынды түбір сөз тудырады. Сонымен бірге әрбір сөз тудырушы жұрнақ белгілі типтес сөздердің тобын жасайды. Мысалы, етікші, қойшы, балықшы, тігінші дегенде, -шы/-ші жұрнағы арқылы кәсіптік ұғымды білдіретін типтес сөздердің тобы жасалады. Ал сарғаю, азаю, көбею, қызару, көгеру дегенде, -ай/-ей, -ар/-ер жұрнақтары арқылы белгінің өзгеру процесін білдіретін бір типтес туынды түбір етістіктер жасалған. Сөйтіп, сөз тудырушы жұрнақтар типтес сөздердің тобын жасайды.
Форма тудырушы жұрнақтар өзінің жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертпейді, тек сол жалғанған сөзіне грамматикалық мағына үстейді. Форма тудырушы жұрнақ бір сөз табын екінші сөз табына аудармайды, бастапқы сөз қай сөз табы болса, форма тудырушы жұрнақ арқылы жасалған тұлға да сол сөз табына тән грамматикалық форма болып саналады.
Мұндай грамматикалық тұлғалар өзі жасалған бастапқы тұлғамен коррелятивті түрде қатар өмір сүреді. Мысалы, етістік түбіріне -ыңқыра/-іңкіре жұрнағы жалғану арқылы жасалған күшейтпелі етістіктер: ал – алыңқыра, жүр – жүріңкіре, же – жеңкіре, іш – ішіңкіре, көтер – көтеріңкіре. Бұлардың лексикалық мағынасы бір, ал грамматикалық мағыналары басқа, жарыспалы түрде қатар өмір сүреді.
Сол сияқты сын есімнің салыстырмалы шырай формаларын тудырушы -рақ/-рек, -лау/-леу, -дау/-деу, -тау/-теу жұрнақтары да форма тудыру қызметін атқарады. Салыстырмалы шырай формалары – сапалық сын есім түбірімен жарыса қолданылатын грамматикалық тұлға. Мысалы, қызыл – қызылырақ, жақсы – жақсырақ, ақылды – ақылдырақ, бойшаң – бойшаңырақ, т.б.
Сөз тудырушы жұрнақ пен форма тудырушы жұрнақтарды бір-бірінен айырудың екінші бір критерийі – сөз тудырушы жұрнақтардың жалғанатын сөзінің шегі болады. Яғни сөз тудырушы жұрнақтар белгілі сөздерге ғана жалғанып, бір типтес туынды түбір сөздер тобын жасайды. Мысалы, етістіктің сөз тудырушы жұрнақтарының ең өнімдісі – -ла/-ле, -да/-де, -та/-те. Бұл да көрінген сөзге жалғана бермейді, оның сөзге жалғану шегі бар.
Бұл жұрнақ әр сөз табынан таңдап, туынды етістік бола алатын сөздерге ғана жалғанады. Зат есімнен тісте, көзде, ойла, күмісте болып, туынды түбір етістік жасалады. Ал қайың, жең, стол, қалам тағы осы сияқты сөздерге -ла/-ле жалғанбайды немесе сын есімнен жақсыла, ақта, жаманда деген сөздер жасауға болады, ал ақылды, суық, күшті, бос, семіз сөздеріне -ла/-ле жалғанбайды. Осы сияқты басқа сөз таптарына тән жұрнақтар да таңдап, тиісті сөздерге ғана жалғанады.
Форма тудыратын жұрнақтардың сөзге жалғану шегі болмайды. Яғни олар жалғанатын сөз табына немесе белгілі грамматикалық топқа енетін сөздерге түгелдей жалғанады. Мысалы, -ыңқыра/-іңкіре және -с жұрнақтары етістік түбіріне жүйелі түрде түгел жалғанады, ал басқа сөз таптарына жалғанбайды. Сөйтіп, бұл жұрнақтар етістікке тән грамматикалық форма жасайды. -рақ/-рек жұрнақтары да сын есімнің грамматикалық тобы болып саналатын сапалық сын есімдердің түбіріне түгелдей жалғанады да, сапалық сын есімге тән салыстырмалы шырай формасын жасайды.
Бұл жөнінде В.В. Виноградов сөз тудырушы категорияның грамматикалық категориядан басты бір айырмасы – бұлар сөздердің грамматикалық мағынасын жинақтап көрсетерліктей жүйелі түрде қолданылмайды дейді.
Бұл – сөз тудырушы және форма тудырушы аффикстердің аражігін айыру үшін дұрыс берілген анықтама.
Кейбір авторлар ақшыл, қызғылт, көгілдір, сарғыш сөздерін сын есімнің шырай категориясының грамматикалық формалары деп түсіндіреді де, мұндағы -шыл, -ғылт, -ілдір, -ғыш жұрнақтарын сөз тудырушы емес, форма тудырушы жұрнақтарға жатқызады. Сол сияқты, соққыла, тепкіле, жұлқыла, жұлмала, көтермеле, созбала және жыламсыра, күлімсіре етістіктерін вид категориясына жатқызып, ондағы -қыла/-кіле, -мала/-меле, -бала/-беле, -мсыра/-мсіре қосымшаларын етістіктің грамматикалық форма тудырушы жұрнақтары деп түсіндіреді.
Жоғарыда сөз тудырушы және форма тудырушы жұрнақтарға берілген мінездемелерге қарағанда, бұл қосымшаларды форма тудырушы жұрнақтар қатарына жатқызуға келмейді. Өйткені, біріншіден, бұл жұрнақтар өте өнімсіз, азғана сөздерге жалғанады. Мысалы, -ғылт жұрнағы төрт-ақ сөзге жалғанады (сарғылт, қызғылт, бозғылт, сұрғылт), -ғыш/-гіш, -шыл/-шіл, -ілдір жұрнақтары да екі-үш сөзден артық сөзге жалғанбайды.
Етістік түбіріне жалғанатын -ғыла/-гіле, -қыла/-кіле, -мала/-меле, -стыр/-стір және -мсыра/-мсіре жұрнақтары да төрт-бес сөзден он-он бес сөзге дейін жалғанады. Яғни бұл қосымшалар грамматикалық абстракция жасай алмайды.
Екіншіден, сарғыш, көкшіл, қызғылт сөздеріне салыстырмалы шырай жұрнағы жалғану арқылы грамматикалық өзгеріске түседі. Мысалы, көкшілдеу, сарғышырақ, т.б.
-ғыла/-гіле, -қыла/-кіле жұрнағының қызметін қырғыз тілімен салыстыру арқылы анық көруге болады. Қазақ тілінде -ғыла/-гіле формантты сөздер 10–15-тен аспайды. Оның өзінде де кейбір сөздерде оның жаңа сөз тудырып тұрған қосымшасы – -ғыла/-гіле, -қыла/-кіле ме, жоқ -ла/-ле ме? Бұл жағы да көмескі.
Мысалы, соққыла, тепкіле, түрткіле, жұлқыла сөздерінің жаңа сөз жасауға негіз болып тұрған бөлігі соққы, тепкі, түрткі, жұлқы туынды түбірлері. Ал бұлардан екінші рет жаңа сөз тудырып тұрған қосымша -ла/-ле жұрнағы болу керек.
Бұл -ла/-ле жұрнағы кейбір зат есімдерге жалғанып, қимылдың дүркіндігін білдіреді. Мысалы, жұдырықта, желкеле, таяқта, т.б. Жоғарыдағы тепкіле, соққыла, түрткіле етістіктері де осы тәрізді қимылдың бірнеше рет қайталанғандығын білдіреді.
Ал қырғыз тілінде -ғыла/-гіле, -қыла/-кіле жұрнағы барлық етістік түбіріне жалғанып, етістіктің көптік формасын жасайды, яғни көптік мағына білдіретін грамматикалық абстракция жасайды. Сондықтан -ғыла/-гіле, -қыла/-кіле жұрнағының грамматикалық қызметі қазақ тілі мен қырғыз тілінде бірдей емес. Қазақ тілінде бұл жұрнақ сөз тудырушылық қызмет атқарса, қырғыз тілінде етістікке тән көптік мағына білдіретін форма тудырушы морфемалық қызмет атқарады.
Сөйтіп, қазақ тілінде негізгі етістіктер тұлғасын жасайтын жұрнақтар қызметіне қарай екіге бөлінеді:
1. сөз тудырушы жұрнақтар. Бұл сөз тудырушы жұрнақтар лексика-морфологиялық қызмет атқарады. Өйткені олар сөздік мазмұны жағынан лексикаға жатады да, ал формасы жағынан морфологияға жатады. Яғни аффикс жалғану арқылы оның тұлғасы өзгеріп, жаңа формаға енеді;
2. форма тудырушы жұрнақтар. Бұған етіс, күшейтпелі етістік жұрнақтарын жатқызуға болады. Олар етістік түбіріне жалғанып, етістікке тән грамматикалық форма тудырады, жалғанған сөздерінің лексикалық мәнін өзгертпей, солармен коррелятивті түрде өмір сүреді.
Қазіргі қазақ тілінде туынды түбір етістік жасайтын сөз тудырушы жұрнақтардың кейбіреулері өте өнімді түрде қолданылса, енді біреулері өнімсіз, бірнеше сөздің ауқымында қолданылады. Туынды түбір етістік жасайтын сөз тудырушы жұрнақтардың өнімділерінің қатарына мыналарды жатқызуға болады.
1. -ла/-ле, -да/-де, -та/-те
Қазақ тілінде әрбір сөз тудырушы жұрнақ мағынасы жағынан болсын, тұлғасы жағынан болсын бір типтес сөздердің тобын жасайды. Ал -ла/-ле жұрнағы барлық сөз табына (есімдіктен басқа) жалғанып, алуан түрлі туынды етістіктер жасайды. Бұл етістіктер тұлғасы жағынан бір типтес болғанымен, мағынасы жағынан әр қилы болып келеді.
-ла/-ле жұрнағы арқылы зат есімнен жасалған туынды түбір етістіктер қимыл иесінің іс-әрекетін, күш қимылын, хайуанаттың, өсімдіктің және басқа да құбылыстардың өсу, өзгеру процестерін білдіреді. Мысалы: ойлау, тұздау, күмістеу, астарлау, гүлдеу, түйіндеу, қоздау, бұзаулау, жұмыртқалау, балалау, т.б.
*Сонысына өкпелеген әкем, оның үйіне соқпай кетті* (С. Мұқанов).
*Қой қоздап, түйе боздап, қорада у-шу* (Абай).
-ла/-ле жұрнағы арқылы сын есімнен жасалған туынды етістіктер қимыл иесінің іс-әрекетін, өзгеру процесін білдіреді. Мысалы: әдемілеу, көркемдеу, жамандау, ұсақтау, майдалау, ірілеу, т.б.
*Комбинаттағы ең қиын жұмыстардың бірі – руданы майдалау* («Қазақстан әйелдері» журналы).
*Қағаздарын мығымдап қалаға шағым жолдағалы отырмын* (М. Әуезов).
-ла/-ле жұрнағы жинақтау және бөлшектік сан есімдерге жалғанып, туынды етістіктер жасалады. Жинақтау сан есімнен жасалған түрі қимыл иелерінің ортақ ісін білдіреді де, бөлшектік сан есімнен жасалған түрі орындалатын істің не заттың мөлшерін білдіреді.
*Бірі басынан, бірі аяғынан алып, екеулесіп жүріп, зорға жықты.*
*Бұл бидонды жартыламаса, мұны ешкім көтере алмас* (С. Мұқанов).
Мезгіл және мекен үстеулеріне, амал үстеулеріне -ла/-ле жұрнағы жалғанып пайда болған туынды етістіктер салт етістік тобына жатады да, адамның не басқа заттың қозғалыс қимылын және өзгеру күйін білдіреді. Мысалы: жоғарылау, төмендеу, ілгерілеу, ақырындау, баяулау, т.б.
*Не де болса ілгерілей берейік,* – деді Балағазы (М. Әуезов).
*Машина ақырындай-ақырындай келіп, клубтың алдына тоқтады* (Ғ. Мұстафин).
Одағай сөздерден де -ла/-ле жұрнағы арқылы туынды етістіктер жасалады. Одағай сөздерден жасалған туынды етістіктер адамның дыбыстау қимылын не хайуанатты шақыру қимылын білдіреді. Мысалы: үрлеу, ойбайлау, аттандау, аухаулау, құрулау, т.б.
*Жау шапты, жау келді,* – деп аттандаған, ойбайлаған дауыстар қараңғы түнде аспанды жаңғырықтырды (М. Әуезов).
*Қайтсін үрлемегенде, Исаның қайғысы оңай дейсің бе?* (М. Әуезов).
Еліктеуіш сөздер және еліктеуіш сөздерден жасалған зат есімдерден -ла/-ле жұрнағы арқылы жасалған туынды етістіктер қазақ тілінде өте көп. Мұндай туынды түбір етістіктер адамның, басқа заттардың және табиғат құбылыстарының дыбыстық, бейнелік, образдық қимыл-күйлерін білдіреді. Мысалы: жымыңдау, қылмыңдау, жылтылдау, тарсылдау, гүрсілдеу, пысылдау, қыбырлау, сылқылдау, т.б.
*«Қара көзден мөлтілдеп жас келеді» деген кез* (І. Жансүгіров).
*Сахара дәулет секілді, сабасы толы лыпылдап* (І. Жансүгіров).
-ла/-ле жұрнағы етістік түбірлеріне де жалғанып, туынды етістік жасайды. Қазақ тілінде мұндай туынды түбір етістіктер көп емес, он шақты сөз шамасында. Етістіктен жасалған туынды түбір етістіктер қимылдың дүркіндік, қайталану мағынасын білдіреді. Мысалы: иіскелеу, қамалау, жұлқылау, үйкелеу, сүйкелеу, бүркелеу, т.б.
*Ішінде ақбоз ат бар бір топ жылқыны жігіттер қамалап, үйдің сырт жағына айдап келді* (С. Мұқанов).
1. -ла/-ле жұрнағы арқылы етістік түбірден жасалған туынды етістіктер алғашқы түбірдің лексикалық мағынасын өзгертпейді, оларға тек дүркіндік мағына үстеу арқылы семантикасын өзгертеді. Бұған қарамастан бұл туынды түбір етістіктер сөз тудыру категориясына жатады. Оларды форма тудырушы (модификациялаушы) категорияға жатқызуға болмайды. Өйткені мұндай сөздердің саны он шақтыдан аспайды. Яғни грамматикалық абстракция жасай алмайды.
2. -а/-е жұрнағы
Бұл жұрнақ арқылы зат есім, сын есім, еліктеуіш сөздер және етістік түбірлерінен туынды түбір етістіктер жасалады.
Зат есімнен: түнеу, тісеу, өртеу, сынау, т.б.
*Атының жалын қырықтықпен күзей бастады* (С. Мұқанов).
*Баласының бұл қылығын әжесі қатты мінейді* (М. Әуезов).
Сын есімнен: қинау, түзеу, теңеу, мөлдіреу, жалтырау, нығаю, т.б.
*Сәби бірге қайғы жұтып,*
*Мөлдірейтін көзінде жас* (Ғ. Орманов).
*Босаған діңгектердің біразын ауыстыруға тура келді* (Ғ. Мүсірепов).
Еліктеуіш сөздерден: күркіреу, сарқырау, салдырау, т.б.
*Сарқырап аққан тау суы олардың дауысын жөнді естіртпеді* (Ғ. Мұстафин).
3. -ық/-ік жұрнағы
Туынды түбір етістік зат есім, сын есім, етістік түбірлеріне және бір сөзіне -ық/-ік жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Бұл туынды түбір етістіктер қимыл иесінің сыртқы және ішкі өзгеру күйін білдіреді.
Зат есімнен: жалығу, тотығу, қамығу, жолығу, көзігу, елігу, т.б.
*Бір кез әнге еліккен ел шулайды* (Ж. Сайын).
*Ушаковқа барып жолықтым да, мына қағазды содан алдым* (Ғ. Мүсірепов).
Сын есімнен: тарығу, сауығу, ашығу, өшігу, т.б.
*Ержан Орал тауында адасып, әбден ашығады* (С. Мұқанов).
Етістіктен: көнігу, кірігу, толығу, қанығу, тынығу, ілігу, қырқу, т.б.
*Күзетшінің қасында отырып, біраз тынығып алдым* (С. Мұқанов).
*Колхоз, совхозда қой қырқу маусымы басталды.*
Сан есімнен: -ік жұрнағы арқылы тек бірік туынды етістігі жасалған.
*Дүниежүзінің еңбекшілері, бірігіңдер!*
4. -қар/-кер, -ғар/-гер жұрнағы
-қар/-кер, -ғар/-гер формантты туынды етістіктер негізінен зат есім түбірінен жасалады. Бұл етістіктер адамның немесе адам тектес басқа заттардың объектіге қатысты іс-әрекетін білдіреді.
Сөйтіп, -қар/-кер, -ғар/-гер жұрнағы арқылы жасалған туынды етістіктер сабақты етістіктер тобына жатады.
Мысалы: басқару, атқару, суғару, ескеру, аңғару, т.б.
*Әкемнің ішкі қобалжуын кескін-кейпінен аңғарып жүрдім* (С. Мұқанов).
*Таза арыммен әлеумет жұмысын атқаруым керек* (Л. Толстой).
5. -ар/-ер/-р жұрнағы
-ар/-ер/-р жұрнағы негізінен сын есімге, сонымен бірге зат есімге жалғанып, туынды түбір етістік тудырады. Бірақ мұның зат есімнен жасалуы аз кездеседі.
-ар/-ер/-р формантты туынды түбір етістіктер салт етістіктер тобына жатады да, заттың түсінің, сынының және басқа белгілерінің өзгеру процесін көрсетеді.
Мысалы: бозару, ағару, көгеру, ескіру, қайғыру, түнеру, қуару, т.б.
*Көз ұшында көгеріп,*
*Жапанда жалғыз қарағай* (Т. Жароков).
*Үйдің еден тақтайлары ескіріп, жұқарып кетіпті* (С. Мұқанов).
Қазақ тілінде өшіру, көшіру, бітіру, батыру сияқты етістік түбіріне -ыр/-ір жұрнағы жалғану арқылы пайда болған туынды түбір етістіктер кездеседі. Бірақ бұл сөздердегі -ір жұрнағы алдыңғы есім сөздерден жасалған туынды етістік құрамындағы -ар/-ер, -р жұрнағынан шығу төркіні жағынан бүтіндей басқа.
Етістік түбіріне жалғанатын -ыр/-ір жұрнағы өзгелік етістің -тыр/-тір жұрнағының ықшамдалып, қысқарған түрі.
6. -ай/-ей/-й жұрнағы
-ай/-ей/-й жұрнағы зат есімнен және сын есімнен туынды түбір етістік тудырады.
Мысалы: есею, мұңаю, күшею, құтаю, сарғаю, кеңею, қараю, тараю, қатаю, т.б.
Бұл -й тұлғалы туынды түбір етістіктер де -ар/-ер тұлғалы етістіктер сияқты салт етістік тобына жатады, сонымен бірге бұлар да адамның не басқа заттардың түсінің, сапасының, белгісінің өзгеру процесін көрсетеді.
*Оның сарғайып күтуіне себеп болған менің берік сертім еді* (С. Мұқанов).
*Бірі басында, бірі аяғында мұңайып отыр* (С. Торайғыров).
*Игіліктің жылқысы соңғы жылдары өте көбейіп кетіп еді* (Ғ. Мүсірепов).
*Күн жылып, жер қарайған кезде баруға уәде етіпті* (С. Мұқанов).
-ай/-ей тұлғалы туынды түбір етістіктер бейнелеуіш сөздерден жасалып, адамның не адам тектес басқа заттардың сыртқы көрінісінің не пішінінің бейнесін білдіреді.
Мысалы: күжірею, бақыраю, кекірею, бажыраю, т.б.
*Басын бір жаққа жантайтып, көздерін әдеттен тыс адырайтты* (Л. Толстой).
*Керосин лампа сығырайып жанып, үй ішіндегілер зорға көрінеді* (С. Мұқанов).
7. -и жұрнағы
-и жұрнағы арқылы жасалған туынды түбір етістіктер адамның, басқа хайуанаттың бейне-пішінінің өзгеріс күйін көрсетеді. -и формантты туынды түбір етістіктер негізінен бейнелеуіш сөздерден жасалады.
Мысалы: ыржию, жымию, қылмию, түксию, тыржию, т.б.
*Жұман мұрнын тыржитып, жақтырмай қалды* (Ғ. Мүсірепов).
*Айкүміс Қанаттың бетіне қарап, жымияды* (Ғ. Сланов).
-и формантты туынды түбір етістіктерге негіз болатын бейнелеуіш сөздер ң дыбысына бітіп, қос сөз түрінде қайталанып айтылады. Мысалы: ыржың-ыржың, жымың-жымың, бағжаң-бағжаң, қылмың-қылмың, т.б.
Осы бейнелеуіш сөздерден екі түрлі түбір етістік жасалады. Бұлар өзара бір-бірімен лексикалық мағынасы жағынан бір болып келеді де, семантикасы жағынан екі басқа форма болып айырылады. Сөйтіп, бір сөздің екі формасы ретінде қатар қолданылады.
Мысалы: ыржию – ыржаңдау, быртию – быртаңдау, тыртию – тыртаңдау, т.б.
Қазақ тілінде мұндай туынды түбір етістіктер өте көп. Бұлардың алдыңғы сыңарлары адамның, қимыл иесінің бейнелік күйін статикалық түрде көрсетсе, соңғы сыңарлары динамикалық қозғалыс түрінде көрсетеді.
Сонымен бірге бейнелеуіш туынды етістіктер белгілі сөздермен ғана тіркесіп айтылады. Басқа етістіктер сияқты бөтен сөздермен тіркесу қабілеттілігі кең емес. Мысалы, ақшию етістігі тек көзбен байланысты айтылса, ақсию етістігі тіспен байланысты айтылады. Сол сияқты жымиып күлу, мұрты түксию, беті тыржию, аузы быртию болып, белгілі сөздермен ғана тіркесіп айтылады.
Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.