Қазақ тілінде сөйлемдердің бір-бірімен сабақтаса байланысы яғни құрмалас сөйлем құрамына енген жай сөйлемдердің бірі екіншісіне бағынып қолданылуы, бағыныңқылық қатынас баяндауыш тұлғалары арқылы, бағыныңқы сөйлемнің баяндауыштары жоғарыда көрсетілгендей тұлғалардан тұру негізінде болады. Орыс тіліндегі сияқты жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыратын бағыныңқы жалғаулықтар (подчинительные союзы) қазақ тілінде жоқ, егер деген бір ғана сөз олардың қызметін толық өтей алмайды. Сондықтан да жалғаулықсыз құрмалас орыс тілінде сабақтасқа да, салаласқа да жатпайды, өйткені жай сөйлемдерді орыс тілінде сабақтастыратын бағыныңқы жалғаулықтар болса, салаластыратын да тең дәрежелі байланыстыратын жалғаулықтар (сочинительные союзы). Қазақ тілінде жалғаулықтар тең дәрежелі сөздерді я сөйлемдерді ғана байланыстырады, жалғаулықсыз құрмалас салаласта да, сабақтаста да бөлек-бөлек бар.

Бағыныңқы сөйлем баяндауышынын тиянақсыз тұлғада жұмсалуын осындай сипаттар арқылы түсіндіруге болады, басқаша жағдайда яғни бағыныңқы сөйлем баяндауышы тиянақсыз тұлғада келмесе, қазақ тілінде сабақтас құрмалас сөйлем болмаған да болар еді. «Тіліміздің қазіргі даму сатысында көсемшелер - етістіктің ең бір тиянақсыз түрі. Бұлар құрмалас сөйлемнің өздері баяндауыш болып келген бөлшегін оның екінші бөлшегіне бағындыра, соған тәуелді ете байланыстырады да, ол бөлшектердің бірлікте, тұтастықта болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан белгілі бір компоненттің баяндауышы көсемшеден болған құрмалас сөйлемдерде жай сөйлемдерді бір-бірімен қарым-қатынасқа келтіретін қосымша тәсілдердің, формалардың керегі болмайды. Өйткені ондай функцияны жай сөйлем баяндауышы болып келген көсемше етістік формасының өзі-ақ атқарады. Сөйтіп, көсемшелер әрі баяндауыштық, әрі сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыратын дәнекерлік қызмет атқарады. Мұндай қызметте көсемшенің қай-қай түрі болса да қолданылады» (ҚТГ, П, 152). «Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру үшін есімшелер де көсемшелер сияқты құрмалас сөйлемнің бағыныңқы жай сөйлемінің баяндауышы функциясында қолданылады. Бірақ есімшелер мен көсемшелердің жай сөйлемдерді құрмаластыру жолы бірдей емес. Егер бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы болып тұрған көсемшелер басқа бір қосымша тәсілдердің, формалардың көмегінсіз-ақ жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру функциясын да тікелей өзі атқаратын болса, есімшелерде бұл қасиет жоқ. Олар атау тұлғада бағыныңқы жай сөйлемнің баяндауышы да бола алмайды, жай сөйлемдерді құрмаластыра да алмайды. Есімшелер жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясында қолданылғанда, әр алуан тұлғалық құбылыстарға ұшырап, тиянақсыз формаларда айтылады» (ҚТГ, П,156).

Айта кету керек өткен шақ -ып, -іп, -п көсемше формасы да, ауыспалы шақ (осы шақ - келер шақ: -a, -e, -й) көсемше формасы да жалпы тиянақсыз тұлға деп саналып жүргенмен, жіктеліп келгенде, көсемше формасына тиянақты сипат бітіп, жай сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарып, сөйлемді аяқтап, тиянақтап, бітіріп тұрады. Мысалы: Көп кешікпей біз де қайтып ораламыз (Ғ. Мұстафин). Бір күні ел көшкенде, қыр астында ойнап жүріп, екеуі жұртта қалып қойыпты… Асан айқай салып жылай бастайды (Ы. Алтынсарин). Осы сөйлемдердегі баяндауыш құрамындағы (қайтып) ораламыз, (қалып) қойыпты, (жылай) бастайды көсемше тұлғалы етістіктер жіктеліп қолданбаса, сөйлем аяқталмас еді, тиянақты да болмас еді: (қайтып) орала, (қалып) (жылай) бастай, ал бұларды 1 және 3-жақ жіктік жалғаулары сөйлемді тиянақты етіп отыр. Ал есімше тұлғасы - тиянақты форма. Ол бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы болу үшін, жоғарыда көрсетілгендей, тиянақсыз формада тұру қажет болады. Сондай тиянақсыз форманың бірі - шартты рай тұлғасы. Шартты рай жіктелсе де, онда тиянақтылық сипат болмайды, сондықтан да болса керек шартты рай тұлғасынан болған бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы жіктеліп қолданылады, ол - өткен шақ тұлғасы сияқты ерекше тұлғамен, жіктік жалғаудың мүжілген түрімен жіктеледі. Майысса да сынбайтын болат па десем, морт кетер шойын екен ғой (F. Мұстафин). Көрмесем де, көрсем де, Көңілім сенен айрылмас (Абай). Қысым көрсеңдер, осында келіңдер (С. Сейфуллин). Бұл тойға Ақан келсе, шығар үн де сонікі (Ғ. Мүсірепов). Сен болыс болмасаң, Базаралы келер ме еді? (М. Әуезов). Егер он бес мыңдай кісі жиналса, бірінші кезектің жер қазу жұмысын осы екі айда бітіріп кетуі мүмкін (С. Мұқанов). Бұл мысалдардағы 1-жақта (мен) десем, көрмесем, көрсем, 2-жақта (сен) болыс болмасаң, (сендер) қысым көрсеңдер, 3-жақта (ол) келсе, жиналса деген шартты рай тұлғалы етістіктер сөйлемнің (бағыныңқы сөйлемнің) баяндауышы болып, жіктеліп келсе де, тиянақсыз, аяқталмаған форма болып тұр. Осының өзінен шартты рай тұлғасы мен көсемше тұлғасының тиянақсыздық, баяндауыш қызметінде аяқталмағандық сипаты бірдей, біркелкі емес екенін байқаймыз, көсемше тұлғасы жіктелсе, тиянақты сипатқа ие болады. Ал есімше тұлғасы - жеке тұрғанның өзінде-ақ тиянақты форма. Сондықтан есімше бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарғанда, тиянақсыз формада (жатыс, көмектес, дықтан, т. б.) немесе шылау сөздермен тіркесіп жұмсалады.

Көсемше тұлғасының осындай ерекшелік қасиеті оның басқа да кейбір қолданыстарынан, әсіресе, бірыңғай мүшелердің, көбіне бірыңғай баяндауыштардың, қолдануларынан байқалады, яғни көсемше формалы етістік түрленбей-ақ (көбіне жіктелмей- ақ) етістіктің басқа тұлғаларымен, мысалы, есімше, жедел өткен шақ тұлғалы сөздермен бірыңғай мүше болып сөйлем ішінде қолданыла береді. Балтабек пен Асқар киініп, шығып кетті (С. Мұқанов). Ауыл жігіттері сәлем беріп, алдынан шығып, атын ұстап, аттан түсіріп алып, құрдай жорғалап, есік ашып енгізіп, күтіп жатыр (С. Сейфуллин). Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады (Мақал). Ол ауылға жаздың басында келіп, күзде ғана кеткен. Берілген мысалдардағы көсемше киініп деген тұлғалы етістік шығып кетті деген жедел өткен шақ тұлғалы сөзбен, сәлем беріп, алдынан шығып, ұстап, аттан түсіріп алып, құрдай жорғалап, енгізіп дегендер (бұрынғы өткен шақ мәнінде) осы шақтағы күтіп жатыр дегенмен, ұшып (тағы да өткен шақ) деген қонады дегенмен (ауыспалы осы шақ), келіп деген кеткен дегенмен бірыңғай баяндауыш болып қолданылған. Көсемше тұлғалы етістіктің бұндай қызметі өте ерте заманнан бері келе жатқан бірден-бір қызмет деуге болады (ҚТГ, П, 151-152).

Сөйтіп, кейбір етістік тұлғаларының баяндауыш қызметінің өзінде жіктелмей қолданылуының осындай ерекшеліктері бар екен.

Жіктік жалғауы есім сөз таптарынан гөрі етістікке тән десек те, оның мынадай ерекшеліктерін көрсетпеуге болмайды. Біріншіден, жоғарыда көрсетілгендей, етістік түбір тұлғасында тікелей жіктелмейді. Екіншіден, етістіктің жіктелетін тұлғаларының өзі бірдей, біркелкі жүйемен жіктелмейді. Атап айтқанда, қазақ тілінде етістік 5 түрлі жіктеледі, 4 түрлі жіктік жалғауы жалғанады.

Етістіктің есімше тұлғалы түрі (-ған, -ген, -қан, -кен, -атын, -етін, -итын, -итін, -ар, -er, -р, болымсыз түрі -с, -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек) және отыр, тұр, жүр, жатыр деген 4 қалып етістігі, -уда, -уде тұлғалы тұйық етістік есім сөздерше жіктеледі: 1-жақ жекеше -мын, -мін, -пын, -пін, көпше -мыз, -міз, -быз, -біз, -пыз, -піз; 2-жақ анайы, жекеше -сың, -сің, көпше -сыңдар, -сіңдер, сыпайы жекеше -сыз, -сіз, көпше -сыздар, -сіздер; 3-жақ-та арнайы жалғау жоқ.

Мен келген-мін, көрер-мін, бермес-пін, алмақ-пын, отыр-мын, жүр-мін, тұр-мын, жатыр-мын

Біз келген-біз, баратын-быз, көрер-міз, бермес-піз, алмақ-пыз, отыр-мыз, жүр-міз, тұр-мыз, жатыр-мыз

Сен келген-сің, баратын-сың, көрер-сің, бермес-сің, алмақ-сың, отыр-сың, жүр-сің, тұр-сың, жатыр-сың

Сендер келген-сіңдер, баратын-сыңдар, көрер-сіңдер, бермес-сіңдер, алмақ-сыңдар, отыр-сыңдар, жүр-сіңдер, тұр-сыңдар, жатыр-сыңдар

Сіз келген-сіз, баратын-сыз, көрер-сіз, бермес-сіз, алмақ-сыз, отыр-сыз, жүр-сіз, тұр-сыз, жатыр-сыз

Сіздер келген-сіздер, баратын-сыздар, көрер-сіздер, бермес-сіздер, алмас-сыздар, отыр-сыздар, жүр-сіздер, тұр-сыздар, жатыр-сыздар

Ол (олар) келген - ∅, баратын - ∅, көрер - ∅, бермес - ∅, алмақ - ∅, отыр - ∅, жүр - ∅, тұр - ∅, жатыр - ∅

Етістіктің көсемше тұлғалы түрі (-а, -е, -й және -ып, -іп) I және 2-жақтарда есімдерше жіктеледі де, 3-жақта арнайы -ды, -ді, -ты, -ті деген жалғауы болады. Жіктелудің (жіктік жалғауларының көсемше тұлғасына жалғанудың) нәтижесінде көсемшенің осы тиянақсыз тұлғасы тиянақтылық сипатқа, аяқталғандық мәнге ие болады.

Мен келе-мін, бара-мын, сөйлей-мін, көріп-пін, алып-пын

Біз келе-міз, бара-мыз, сөйлей-міз, көріп-піз, алып-пыз

Сен келе-сің, бара-сың, сөйлей-сің, көріп-сің, алып-сың

Сендер келе-сіңдер, бара-сыңдар, сөйлей-сіңдер, көріп-сіңдер, алып-сыңдар

Сіз келе-сіз, бара-сыз, сөйлей-сіз, көріп-сіз, алып-сыз

Сіздер келе-сіздер, бара-сыздар, сөйлей-сіздер, көріп-сіздер, алып-сыздар

Ол (олар) keлe-ді, бара-ды, сөйлей-ді, көріп-ті, алып-ты

Етістіктің көсемше тұлғасы ма, ме сұраулық шылаумен тіркескенде, 3-жақта жіктік жалғаусыз қолданылады; мен барамын ба, келіп-пін бе, сен бара-сың ба, келіп-сің бе, сіз бара-сыз ба, келіп-сіз бе, бірақ ол бара ма, келіп пе? (бара-ды ма емес, келіп-ті ме емес). Сондай-ақ сөйлеу тілде -мын, -мін жалғауы тек -м түрінде де кездеседі: бара-мын - барам.

Етістіктің шартты рай (-са, -се) және жедел өткен шақ (-ды, -ді, -ты, -ті) тұлғалы түрлері шағындалған қосымшалар жалғану арқылы жіктеледі: 1-жақ жекеше -м, көпше -қ, -к; 2-жақ анайы жекеше -ң, көпше -ңдар, -ңдер, сыпайы -ңыз, -ңіз, көпше -ңыздар, -ңіздер; 3-жақта арнайы жалғау жоқ. Кейбір ғалымдар бұл қосымшалардың сыртқы түріне қарап оларды тәуелдік жалғау деп көрсетеді. Н. К. Дмитриев былай дейді: «Что же касается прошедших времен изъявительного наклонения (за исключением перфекта - см. выше), всех времен условного наклонения, а также повелительного наклонения, то оно производится по типу аффиксов принадлежности. Можно высказать предположение, что аффиксами сказуемости оформляются такие наклонения, содержание которых относится к действию и состоянию, уже происходящим в действительности или таким, которые находятся на грани реализации. Их можно рассматривать, как своего рода объектное выражение факта. Другие же времена и наклонения, более субъективные по содержанию, оформляются аффиксами принадлежности» (ИСГТЯ, 15). Э. В. Севортян да бұндай пікірді қолдайды: «Морфологический или синтаксический тип выражения сказуемости в свою очередь распадается на два вида, из двоих один исторически выходит к личным местоимениям (образуя местоименный тип сказуемости), например, узб. мен студент буламан «я студент» сен оласан «ты берешь, возъмешь», а другой - к аффиксам принадлежиости, образуя - исторически притяжательный тип сказуемости, например, аз мән алдым «я взял», сиз алсаңыз «если вы возьмете». К притяжательному типу в болыпинстве тюркских языков восходят личные показатели трех глагольных форм: прошедшего объективного времени изъявительного наклонения и, менее последовательно, настоящего времени условного наклонения, а также повелительного наклонения (ИСГТЯ, 17). Бұндай пікір басқа да түркологиялық зерттеулерден (мысалы С. Г. - СИГ, 151-152), қазақ тілі мамандарынан да кездеседі. «Сөздердің жіктелу жүйесі; яғни жаққа бөлінуі тәуелдік жалғауы арқылы да көрінеді»… Жіктік жалғауы, сонымен бірге тәуелдік жалғауы да етістік формаларына жалғанғанда, тек қана жақтық мағына білдіреді. Тәуелдік жалғауының зат есімге жалғанғанда білдіретін меншіктілік, тәуелділік мағынасы етістік тұлғасында білінбейді. Өйткені етістік - ұғымы жағынан дерейсіз; тек қозғалыс - процесс түрінде көрінетін, біреудің меншігінде болуға келмейтін сөз табы. Өзің бір жәрдем етпесең, өзгеден үміт жоқ (F. Мүсірепов). Бұл дауды менің бітіретінім рас (F. Мұстафин). Қайыр сұрап күнде өлгенше, бір-ақ өлгенім артық (Ғ. Мүсірепов) (М. И. - ҚҚТ, 85). «Тәуелдік жалғауы арқылы жіктелетін етістік формалары: тұйық етістік, қалау рай, жедел өткен шақ формасы, шартты рай формасы, бұйрық рай формасы және есімше формалары. Бұл формалардың тәуелдік жалғау арқылы жіктелуі біркелкі емес. Әсіресе бірінші жақ көпше түрі кей формаларға тәуелдік жалғау түрінде жалғанса, кей формаларға -қ, -к түрінде жалғанады. Сонымен бірге екінші жақ көпше түрінде көптік жалғауда мен тәуелдік жалғауының орын тәртібі ауысып келе береді. Осындай ерекшеліктеріне қарап, тәуелдік жалғауы арқылы жіктелетін етістік формаларын екі топқа бөлуге болады» (М. Ы. - ҚҚТ, 87). Шындығында грамматикалық тұлғалардың қызметі мен мән-мағынасына, сөзге жалғану ерекшеліктеріне қарамай, сыртқы тұлғасы жағынан ұқсастықтары негізінде ғана топтауға я бір топқа жатқыза беруге болмайды. Тәуелдік жалғаумен жедел өткен шақ және шартты рай тұлғасына жалғанатын жіктік жалғау жекеше бірінші және екінші жақта (1-жақ -м, 2-жақ анайы -ң, сыпайы -ңыз, -ңіз және тәуелдік жалғауы да осындай: келді-м, барса-м, келді-ң, барса-ң, келді-ңіз, барса-ңыз, және бала-м, бала-ң, балаңыз, бірақ тәуелдік жалғауының бірінші жақта -ым, -ім, 2-жақта анайы -ың, -ің, сыпайы -ыңыз, -іңіз варианттарының бар екенін де ескерте кету қажет) сырт тұлғасы бірдей болғанмен, олар бір емес (қара: ИСГТЯ, 266-268). Біріншіден, тәуелдік жалғауы грамматикалық мағынасы жағынан ең алдымен тәуелділік мағынаны, екіншіден, сол тәуелділік мағынаны белгілі жаққа байланысты білдіреді. Ал жіктік жалғауы тәуелділік мағына білдірмейді, жақтық мағынаны қимылдың, іс-әрекеттің несі, субъектісі ретінде білдіреді. Екіншіден, бұлар жекеше бірінші және екінші жақтан басқа жақ тұлғаларында сәйкес келмейді. Мысалы, 3-жақта тәуелдік жалғауы -ы, -і, -сы, -сі (оның кітабы, інісі) болса, 3-жақта арнайы жіктік жалғау тұлғасы жоқ, нольдік форма (ол келді - ∅, келсе - ∅); көпше бірінші жақта тәуелдік жалғауы -мыз, -міз, -ымыз, -імыз (біздің бала-мыз, кітаб-ымыз) болса, жіктік жалғауы -қ, -к (біз болса-қ, келсе-к) болады; көпше екінші жақ анайы да, сыпайы да біркелкі емес: тәуелдік жалғау көптік жалғаудан кейін тұрады: -лар-ың, -лер-ің, -дар-ың, -дер-ің, -тар-ың, -тер-ің (бала-лар-ың, хат-тар-ың, жер-лер-ің), жіктік жалғау көптік жалғаудан бұрын тұрады: -ң-дар, -ң-деp, -ңыз-дар, -ңіз-дер (барса-ң-дар, келді-ң-дер, барса-ңыз-дар, келді-ңіз-дер): бұл жерде көптік жалғауының орны жай ғана ауысып келуі емес, жоғарыда (көптік жалғауға байланысты сан-мөлшер категориясында) көптік жалғау жіктік жалғаумен қабаттасып келгенде ғана сөз бен сөзді байланыстырады деп көрсетілген, демек, өзі жалғанған сөз білдіретін ұғымның көптігі емес, оны атқарушы субъектінің көптігін білдіреді, ал тәуелдік жалғаумен қабаттасып келгенде көптік жалғау ондай қызмет (сөз бен сөзді байланыстыру) атқара алмайды, тек өзі жалғанған сөз білдіретін ұғымның (көбіне заттың) көптігін білдіреді.

Үшіншіден, тәуелдік жалғауына екпін түседі де, жіктік жалғауына екпін түспейді: бала-лар-ың, жер-лерің, бірақ барсаңдар, келді-ңдер, барса-ңыздар, келді-ңіз-дер, т. б.

Тәуелдік жалғауы мен жіктік жалғауының сырт тұлғасы сәйкесі бір бұл емес. Мысалы, бала-мыз, кісі-міз деген сөздер бірде біздің бала-мыз, кісі-міз түрінде тәуелдік жалғау болса, онда екпін сөз соңына (жалғауға) түседі, екіншіде біз бала-мыз, кісі-міз түрінде жіктік жалғау болады, онда жалғауға екпін түспейді.

Сөйлеу тілде -а, -е, -й тұлғалы көсемшеге жалғанатын 1-жақ жекеше жіктік жалғауы (-мын, -мін) -м болып, 3-жақ жіктік жалғауы (-ды, -ді) -т болып, -ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы есімшеге жалғанатын 1-жақ жекеше жіктік жалғауы (-мын, -мін) -м болып та айтылады: бара-мын, келе-мін, сөйлеймін деудің орнына бара-м, келе-м, сөйлей-м болып, бара-ды, келе-ді, сөйлей-ді деудің орнына бара-т, келе-т, сөйлей-т болып, барған-мын, келген-мін, сөйлеген-мін деудің орнына барға-м, келге-м, сөйлеге-м болып айтыла береді. Әрине, соңғы вариант толық әдеби норма болып саналмайды.

Сонымен бірге 1-жақ жекеше мәнде тілімізде -ман, -мен, -бан, -бен, -пан, -пен тұлғалы етістіктер де жиі қолданылады: Ескі бише отырман бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап (Абай). Мен келелі қара бұлтпын, Келе жаумай ашылман (Махамбет). Зерттеушілер -ман, -мен, -бан, -бен, -пан, -пен формасын ауыспалы осы (келер) шақтың (-ма-й-мын, -ме-й-мін, -ба-й-мын, -бе-й-мін, -па-й-мын, -пе-й-мін) болымсыз тұлғасының 1-жақ түрінің қысқарған варианты деп анықтайды. Және әдеттегімен салыстырғанда бұл тұлғаның семантикасында үзілді-кесілділік реңк бары, ол тұлғаның өлең сөзде көбірек ұшырасуы стильдік мән үстеп, өлеңге батырлық, жігерлілік сипат беретіні де көрсетіледі (Б. М., 54 және СР., 56-57). А. Ысқақов былай деп жазады: «Жазуда да, ауызекі тілде (лебізде) де екінші үлгі бойынша жіктеліп, өкінбеймін, аямаймын, жібімеймін деген сияқты болып келетін көсемшенің ауыспалы формасының орнына өкінбен, аяман, жібімен деген форма қолданылады. Мысалы: Ризамын туғаныма адам болып, Өкінбен қаламын деп бір күн сөніп (Қ. Аманжолов). Тіпті жібімен деп-ақ едім, сай сүйегімді сырқыратты (Ғ. Мұстафин). Сүйексіз қызыл тілімді жаңылдырман. Бұл форма етістіктің жекеше түрінинг болымсыз формасының бірінші жағының көрсеткіші ретінде ғана жұмсалады, өзге жақтарда қолданылмайды. Осындағы өкінбен, жібімен, жаңылдырман дегендердің өкінбеймін, жібімеймін, жаңылдырмаймын дегендерден оқшауланарлықтай ешқандай да айырмашылығы жоқ, өйткені олардың қолданылу я қолданылмауына қарап сөйлемдегі сөздердің арасында ешқандай да өзгеріс тумайды. Бірақ бұл форма көтеріңкі ырғақпен, зілді үнмен айтылып, белгілі экспрессивтік рай білдіру үшін жұмсалады. Оны мынадай көмекші сөздермен қолданудан да аңғаруға болады. Мысалы: Бай емен, батыр емен, хан емеспін, Атақты артық туған жан емеспін (Абай). Ес білгелі ондай зор денелі әйелді мен кездестіріп көрген емен (С. Мұқанов), т. б. (Ы. А. - ҚҚТ, 76).

Ең алдымен, бұл - ауыспалы осы (келер) шақ -ма (ба, па)-й-мын, -ме (бе, пе)-й-мін тұлғасынан емес, есімшеден болған болжалды келер шақтың -ма-с-пын, -ме-с-пін, -ба-с-пын, -бе-с-пін, -па-с-пын, -пе-с-пін деген болымсыз тұлғасынан ықшамдалып қалыптасқан. Сондықтан да бұл тұлға үзілді-кесілділік, жігерлілік ренк білдіреді, яғни мұндай мән осы тұлғаның ықшамдалғаннан кейінгі пайда болған қасиеті емес, толық түрінде де бар ерекшелігі: бармаймын - бармаспын - барман. Бармаймын десе, бару қимылының бірінші жақ тарапынан болмайтыны ғана көрсетілсе, бармаспын десе, мақсаттық, үзілді-кесілділік мән (кейде болжалдық мән де болуы мүмкін) айқын сезіледі. Екіншіден, -ман, -мен, -бан, -бен, -пан, -пен формасының келер шақ есімше тұлғасынан ықшамдалғанын е көмекші етістігінің қолданылуы да, яғни е-мес-пін бар да е-мей-мін деген жоқ екендігі де, дәлелдеп тұр. Жоғарыда берілген мысалдағы: бай емен, батыр емен, бірақ хан е-ме-с-пін (е-ме-й-мін емес) болуы пікірімізді айқындай түседі. Үшінші, бұл тұлға көбіне өлең-жырларда, айтыста жиі кездеседі. Сонымен бірге бұл тұлғалы етістік орта ғасырлық кезеңдегі жазба әдебиеттер тілінде (мысалы, «Мухаббатнаме», «Гулстан бит-түрки», т. б.) де қолданылып отырған.

Етістіктің бұйрық рай тұлғасы ерекше жіктеледі, ол - етістік тұлғасының жіктелуінің төртінші түрі болып саналады. Ол ерекшелік, біріншіден, бұйрық райда жіктік жалғаудың бүтіндей өзгеше болуында болса, екіншіден, етістіктің түбір тұлғасы мен бұйрық рай (2-жақ жекеше анайы) тұлғаларының сырттай ұқсас, бірақ екеуі бір емес екендігінде, яғни түбір сөз формаларына негіз болатын сөздің статикалық күйіндегі тұлғасы да, бұйрық райдың 2-жақ жекеше анайы тұлғасы - түбірден бөлек сөз формасы, грамматикалық түрлену парадигмасының бір көрінісі болып табылады. Сондықтан да етістіктің түбірі мен бұйрық райдың 2-жақ жекеше анайы түрі омоним формалар болады. Сөйтіп, бұйрық райдың жіктелуінде 1-жақ жекеше -айын, -ейін, -ын, -ін, көпше -айық, -ейік, -йық, -йік, 2-жақтың (анайы жекеше) арнайы тұлғасы жоқ (нольдік форма), көпше -ыңдар, -іңдер, -ңдар, -ңдер, сыпайы жекеше -ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз, көпше -ыңыздар, -іңіздер, -ңыздар, -ңіздер, 3-жақта -сын, -сін жалғаулары жалғанады.

Мен бар-айын, кел-ейін, қара-йын, сөйле-йін

Біз бар-айық, кел-ейік, қара-йық, сөйле-йік

Сен бар-∅, кел-∅, қара-∅, сөйле-∅

Сендер бар-ыңдар, кел-іңдер, қара-ңдар, сөйле-ңдер

Сіз бар-ыңыз, кел-іңіз, қара-ңыз, сөйле-ңіз

Сіздер бар-ыңыздар, кел-іңіздер, қара-ңыздар, сөйле-ңіздер

Ол (олар) бар-сын, кел-сін, қара-сын, сөйле-сін

Жоғарыда нольдік формаға байланысты көрсетілгендей, бұйрық райдың 2-жақ анайы жекеше түрінде бір кезде арнайы тұлға болған болу керек. Бір жағынан, басқа түркі тілдерімен (мысалы, өзбек тілінде ал-алиң болып айтылатыны белгілі), екінші жағынан, 2-жақтың басқа түрлерімен (мысалы, көпше және сыпайы түрі) салыстырсақ, бұйрық райдың 2-жағында (анайы, жекеше) -ың, -ің, -ң қосымшасы болғандығы байқалады. Кейін ол түсіп қалып, етістіктің түбір тұлғасымен сәйкес болып қалыптасқан. Бұлай болуға етістіктің түбір тұлғасының тікелей жіктеле алмайтыны және сөйлемде етістік түбірдің сол күйінде қолданыла алмайтыны себеп болуы мүмкін. Қазіргі кейбір түркі (мысалы, өзбек) тілдерінде бұйрық райдың бұл формасы кейде сақталып жұмсалады: сен алың, келиң, т. б. Қазақ тіліндегі 2-жақ сыпайы тұлғасында (-ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз) және көпше тұлғасында (-ыңдар, -іңдер, -ңдар, -ңдер) бұйрық райдың 2-жағының жалғауы (-ың, -ің, -н) сақталған, демек, сыпайылықты және көптікті білдіріп тұрған - қосымшаның -ыз, -із және -дар, -дер бөлшектері ғана.

Сонымен бірге ауыз әдебиеті нұсқаларында, ақындар шығармаларында, кейбір аймақтағы сөйлеу тілде бұйрық райдың 2-жақ жекеше анайы формасы ретінде -ғын, -гін, -қын, -кін қосымшасы да жұмсалады: сен бар-ғын, айт-қын, кел-гін, т. б. Бұл тұлға кейбір орта ғасырлық жазба ескерткіштер тілінде (мысалы, «Мухаббат-намеде»), алтай, ұйғыр, қарақалпақ сияқты қазіргі түркі тілдерінде де қолданылып отырады.

Сондай-ақ 1-жақ көпше түрінің қосымшасы да тілімізде кейде -лық, -лік, -алық, -елік түрінде қолданылады: біз бар-алық, кел-елік. Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық (Ы. Алтынсарин).

Бұйрық рай тұлғасынын жіктелуіндегі тағы бір ерекшелік - бұйрық рай формасының үш жағына да: -шы, -ші жұрнағы жалғанып та қолданылады. Ондайда етістікте таза, бұйрық мәнінен гөрі тілек, ниет мәні басым байқалады: мен барайын-шы, келейін-ші, сен бар-шы, кел-ші, сіз барыңыз-шы, келіңіз-ші, ол барсын-шы, кел-сін-ші; біз барайық-шы, келейік-ші, баралық-шы, кел-елік-ші, сендер барыңдар-шы, келіңдер-шы, сіздер бары-ңыздар-шы, келіңіздер-ші, олар барсын-шы, келсін-ші. -Шы, -ші қосымшасы шартты рай тұлғалы етістіктердің жіктелген түріне де үстеліп, шарттылық мәннен гөрі өкініш, аңсау сияқты мән үстейді: мен барсам-шы, кел-сем-ші, сен барсаң-шы, келсең-ші, сіз барсаңыз-шы, кел-сеңіз-ші, ол барса-шы, келсе-ші, біз барсақ-шы, келсек-ші, сендер барсаңдар-шы, келсеңдер-ші, сіздер барсаңыз-дар-шы, келсеңіздер-ші, олар барса-шы, келсе-ші.

Сөйтіп, осы талдаудан көрінетіндей, бұйрық рай бұл - етістіктің грамматикалық категориясының - рай категориясының бір түрі ретінде өзіндік жіктелу парадигмасы бар тілдік құбылыс, сондықтан да оның II жақ жекеше анайы тұлғасы сырттай түбірмен ұқсас, сәйкес болғанмен, мысалы, кел - сен кел, ол екеуі бір емес, тек омоним форма, мағынасы үш жақта бірдей емес. Бұйрық райдың басты мағынасы қимылдың, іс-әрекеттің орындалу - орындалмауында біреуге бұйыру, тілек ету, түрткі болу сияқты мәндермен байланысты болса, бұйыру мәні II жақта айқын болады да, III жақта бұйыру - өтіну іс-әрекеттің, қимылдың орындалу - орындалмауына қозғау салу мәні басым болады, ал 1-жақта бұйрықтан гөрі сөйлеуші қимылды, іс-әрекетті өзі ниет етіп орындайтынын білдіреді (адам өзіне-өзі бұйыра алмайды ғой).

Етістіктің ерекше жіктелетін түрі - қалау рай тұлғасы. Қалау рай тұлғасын (негізгі етістік -ғы, -гі, -қы, -кі тұлғасына тәуелдік жалғауы жалғанып келді немесе келеді көмекші етістікпен тіркескен күрделі етістік) тәуелдік жалғау арқылы жаққа жіктеледі, қимыл, іс-әрекет иесі, жақ иесі (жіктеу есімдігі) атау тұлғада емес, ілік септігінде тұрады.

I. Менің бар-ғы-м кел(е)ді, кел-гі-м кел(е)ді, айт-қы-м кел(е)ді

Біздің бар-ғы-мыз кел(е)ді, кел-гі-міз кел(е)ді, айт-қы-мыз кел(е)ді

II. Сенің бар-ғы-ң кел(е)ді, кел-гі-ң кел(е)ді, айт-қы-ң кел(е)ді

Сендердің бар-ғы-ларың кел(е)ді, кел-гі-лерің кел(е)ді, айт-қы-ларың кел(е)ді

Сіздің бар-ғы-ңыз кел(е)ді, кел-гі-ңіз кел(е)ді, айт-қы-ңыз кел(е)ді

Сіздердің бар-ғы-ларыңыз кел(е)ді, кел-гі-леріңіз кел(е)ді, айт-қы-ларыңыз кел(е)ді

III. Оның бар-ғы-сы кел(е)ді, кел-гі-сі кел-е-ді, айт-қы-сы кел-е-ді

Олардың бар-ғы-лары кел(е)ді, кел-гі-лері кел(е)ді, айт-қы-лары кел(е)ді

Бұл түрленудің ерекшелігі сол - қалау рай тұлғалы күрделі етістіктің негізгі етістігі тәуелдік жалғау тұлғасында (3 жақтың бірінде) тұрады да көмекші етістік кел жедел өткен шақ (келді) немесе ауыспалы келер (осы) шақ (келеді) тұлғасында келіп, жіктік жалғаудың 3-жағында айтылады: келді дегенде нольдік форма, келеді дегенде -ді жалғауы - 3-жақ жіктік жалғауы. Сөйлемді аяқтап, тиянақты етіп тұратын предикаттық (баяндауыштық) тұлға, осы, яғни нольдік формалы я -ды тұлғалы 3-жақ жіктік жалғау болса керек, бірақ бұл басқа жақта қолданылмайды, өйткені формальды түрде оның (келудің) грамматикалық субъектісі ретіндегі сөз - тәуелдік жалғау арқылы заттанып тұрған -ғы, -гі, -қы, -кі тұлғалы негізгі етістік, ал логикалық субъект ілік септігінде анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Осы қалау рай тұлғалы сөйлем, бұл тұлға баяндауыш болғанда, бастауышы болмайтын себепті жақсыз сөйлем деп аталып жүр. Шындығында бұнда логикалық субъект (қимылды іске асырушы) бар, ол 3 жақтың бірінде тұрады, бірақ бастауыш болатын атау септігінде емес, ілік септікте болады. Кейде ілік септіктегі есімдіктер жақты сөйлем үлгісімен атау тұлғалы болып та айтылады: мен барғым келмейді, ол барғысы келмейді, т. б.

Сондай-ақ -у тұлғалы тұйық етістікке тәуелдік жалғауы үстеліп, керек, қажет, мүмкін, тиіс сияқты модаль сөздердің тіркесуінен жасалған баяндауыштар да осы тәріздес түрде жіктеледі.

I. Менің бару-ым қажет, керек, мүмкін

Біздің бару-ымыз қажет, керек, мүмкін

II. Сенің бару-ың қажет, керек, мүмкін

Сендердің бару-ларың қажет, керек, мүмкін

Сіздің бару-ыңыз қажет, керек, мүмкін

Сіздердің бару-ларыңыз қажет, керек, мүмкін

III. Оның бару-ы қажет, керек, мүмкін

Олардың бару-лары қажет, керек, мүмкін

Қазақ тілінде жіктелу тұлғаларын төмендегідей топтап беруге болады.

Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. - Павлодар: С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2010.-180 б.