Келер шақ – сөйлеу кезінен кейін болатын істі, қимылды білдіретін етістік формасы. Қазіргі қазақ тілінде келер шақ формалары үшке бөлінеді:

а) ауыспалы келер шақ;

ә) болжалды келер шақ;

б) ниет келер шақ.

Ауыспалы келер шақ

Ауыспалы келер шақ формасы етістік негіздеріне көсемшенің -а/-е/-й жұрнағы, сонан соң жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалады. Яғни етістіктің ауыспалы келер шақ формасы – келер шақ көсемшенің жіктелген түрі. Мұнда көсемшенің жұрнағы -а/-е/-й ауыспалы келер шақтың грамматикалық көрсеткіші қызметін атқарады.

Бұл форманың ауыспалы деп аталуы контекске байланысты кейде осы шақтық мағынаны да білдіруімен түсіндіріледі. Қазіргі қазақ тілі оқулығында бұл форма осы шақ тарауында берілген.

Әрбір шақ формаларының шақтық мағынасы сөйлемде мезгіл үстеулерімен тіркескенде айқындала түседі. Етістіктің шақ формалары мен мезгіл үстеулерінің шақтық мағыналары үйлесімді болған жағдайда ғана олар бір-бірімен тіркесіп айтылады. Егер олардың шақтық мағыналары үйлеспесе, бір жай сөйлем құрамында тіркеспейді. Мысалы, кеше келемін, ертең барғанмын, былтыр барармын деп айтылмайды.

Кейбір мезгіл үстеулері өткен шақ, келер шақ және осы шақ формаларымен түгелдей тіркесе береді. Мысалы: бүгін жаздым, бүгін жазамын, бүгін жазармын, бүгін жазып жатырмын т.б.

Бұл тұрғыдан мезгіл үстеулерін екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа горизонтальды мезгіл үстеулері жатады. Екінші топқа көлемдік мезгіл үстеулері жатады.

Горизонтальды мезгіл үстеулері өзара тағы екіге бөлінеді:

Өткен шақтық мезгіл үстеулері: жаңа, әлгінде, кеше, алдыңғы күн, былтыр, баяғыда, ертеде т.б.

Келер шақтық мезгіл үстеулері: соңыра, біраздан соң, ертең, бүрсігүні, келесі айда, ендігі жылы т.б.

Өткен шақтық мезгіл үстеулері әрқашан өткен шақ етістік формаларымен тіркеседі: Кеше Қарағайда ойын болды (Ғ. Сланов). Естай өткен жылы институт бітірді. Жасымда (ерте кезде) ғылым бар деп ескермедім (Абай)

Бұл сөйлемдерде кеше, өткен жылы, жасымда (ерте кезде) сөздері өткен шақ етістік формаларымен тіркесіп тұр.

Келер шақтық мезгіл үстеулері келер шақ етістік формаларымен тіркеседі: Ертең таңертең тұтқын есігі ашылады (М. Әуезов). Келесі айда сессия басталмақ.

Бұл үстеулер шақтық ұғымды өзінің лексикалық мағынасы арқылы білдіреді, яғни олардың шақтық мағынасы грамматикалық емес, лексикалық мағына болып табылады.

Көлемдік мезгіл үстеулері жалпы осы шақтық ұғымды білдіреді: қазір, осы кезде, бүгін, осы айда, биыл т.б. Көлемдік мезгіл үстеулердің горизонталь мезгіл үстеулерден айырмасы – бұлар барлық шақ формаларымен де тіркесе береді:

Биыл келдім. Биыл келемін. Биыл келіп жүрмін. Колхозға осы айда бардым. Колхозға осы айда барамын. Колхозға осы айда барып жүрмін. Бүгін үйде отырдым. Бүгін үйде отырамын. Бүгін үйде отырмын. Қазір сені көрдім. Қазір сені көремін. Қазір сені көріп тұрмын.

Жоғарыдағы мысалдарға қарағанда, горизонталь мезгіл үстеулері өткен шақ және келер шақ формаларымен тіркесіп, осы шақ формасымен тіркеспейді. Ал көлемдік мезгіл үстеулері етістіктің өткен шақ, келер шақ және осы шақ формаларымен түгел тіркесе береді.

Олай болса, ауыспалы келер шақ деп аталып отырған форма (барамын, барасың, барады) негізінен қай шаққа жататыны көлемдік мезгіл үстеулерімен тіркескенде анықталады:

Биыл жазамын, осы айда жазамын, бүгін жазамын, қазір жазамын. 

Осы тіркестердің барлығында да жазамын формасы келер шақ екендігі анық байқалады.                                 

Ауыспалы келер шақ формасы етістік негіздеріне көсемшенің -а/-е/-й жұрнағы, сонан соң жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалады. Яғни етістіктің ауыспалы келер шақ формасы – келер шақ көсемшенің жіктелген түрі. Мұнда көсемшенің жұрнағы -а/-е/-й – ауыспалы келер шақтың грамматикалық көрсеткіші қызметін атқарады. Бұл форманың ауыспалы деп аталуы контекске байланысты, кейде осы шақтық мағынаны да білдіреді. Қазіргі қазақ тілі оқулығында бұл форма осы шақ тарауында берілген.

Әрбір шақ формаларының шақтық мағынасы сөйлемде мезгіл үстеулерімен тіркескенде айқындала түседі. Етістіктің шақ формалары мен мезгіл үстеулерінің шақтық мағыналары үйлесімді болған жағдайда ғана бір-бірімен тіркесіп айтылады. Егер олардың шақтық мағыналары үйлесімді болмаса, бір жай сөйлем құрамында тіркесіп келмейді. Мысалы, кеше келемін, ертең барғанмын, былтыр барармын деп айтылмайды.

Кейбір мезгіл үстеулері өткен шақ, келер шақ және осы шақ формаларымен түгелдей тіркесе береді. Мысалы: бүгін жаздым, бүгін жазамын, бүгін жазармын, бүгін жазып жатырмын, т.б.

Бұл тұрғыдан мезгіл үстеулерін екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа горизонтальды мезгіл үстеулері жатады. Екінші топқа көлемдік мезгіл үстеулері жатады.

Олай болса, ауыспалы келер шақ деп атап отырған формамыз (барамын, барасың, барады) негізінен қай шаққа жататындығы осы көлемдік мезгіл үстеулерімен тіркескенде анықталады: биыл жазамын, осы айда жазамын, бүгін жазамын, қазір жазамын.

Осы тіркестердің барлығында да жазамын формасы келер шақ екендігі анық білініп тұр.

Болжалды келер шақ

Болжалды келер шақ формасы етістік негіздеріне есімшенің -ар/-ер/-р жұрнағы, сонан соң жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалады. Былайша айтқанда, болжалды келер шақ форма – болжалды есімшенің жіктелген түрі. Мұнда -ар/-ер/-р жұрнағы – болжалды келер шақтың грамматикалық шақ көрсеткіші.

Болжалды келер шақтың жіктелуі болжалды есімшенің жіктелуіне ұқсас, болымсыз түрі де болжалды есімшенің болымсыз түрімен бірдей.

Болжалды келер шақ формасы сөйлеушінің сөйлеу кезінен кейін болатын қимылдың, істің болу-болмауы туралы сенімді түрде айтпай, болжай айтуын білдіреді.

Мен ертең киноға барамын немесе мен ертең киноға барармын дегенде, бірінші сөйлемде сөйлеуші ертең киноға баратыны туралы кесімді түрде баяндап тұр, ал екінші сөйлемде бару, бармауы әлі белгісіз, болжай айтылып тұр. Бұл тұрғыдан қарағанда, болжалды келер шақ формасы сөйлеу кезінен кейінгі ақиқат шындық істі білдірмей, субъективтік мәнде сөйлеушінің бір іске көзқарасын білдіреді, яғни ашық рай мәнінде жұмсалмайды.

Болжалды келер шақ формасы бәлкім деген сөздің мағынасын (модальдық) білдіреді.

Болжалды келер шақ формасы мақал-мәтелдерде көп кездеседі де, болжалдық мәнде емес, ашық рай мәнінде айтылады.

Боранды күні бала құтырар,

Желді күні ит құтырар (Мақал).

Өріске қарай мал өсер,

Өзеніне қарай тал өсер (Мақал).

Бала күлкіге тоймас,

Жаман ұйқыға тоймас (Мақал).

Бұл сөйлемдерде болжалды келер шақ формасындағы етістіктер жалпы осы шақ мағынасында жұмсалып тұр.

Ниет келер шақ

Ниет келер шақ етістік негіздеріне -мақ/-мек, -бақ/-бек, -пақ/-пек немесе -мақшы/-мекші, -бақшы/-бекші, -пақшы/-пекші жұрнақтары, сонан соң жіктік жалғаулары жалғану арқылы жасалады. Мұнда есімше жұрнақтары ниет келер шақтың грамматикалық көрсеткіші қызметін атқарады.

Ниет келер шақ формасы сөйлеушінің немесе қимыл иесінің сөйлеу кезінен алдағы кезде бір істі, қимылды орындау ниетін білдіреді.

Бұл форманы осы күнге дейін қазақ тілі оқулықтарында міндетті келер шақ деп атап келді.

Мағаш өз ағасының бұл жайды түсінуі үстірт екенін білдірмек (М. Әуезов). Ертеңгі болатын тойға Әбіш екеуміз де бармақшымыз.

Бұл сөйлемдерде баяндауыш қызметінде жұмсалып тұрған етістіктер қимыл иесінің алдағы ниетін, бір істі алдын ала орындау туралы ойын (жоспарлауын) білдіреді. Мұнда міндеттілік мағына жоқ. Егер “Алға” колхозы астық тапсыру жоспарын бірінші октябрьге дейін орындауға тиіс немесе міндетті десек, мұнда міндеттілік ұғым бар. Ал “Алға” колхозы астық тапсыру жоспарын мерзімінен бұрын орындамақшы дегенде, бұл – колхоздың ниеті, өзінің жоспарлауы. Сондықтан -мақ(шы) формантты келер шақ формасын ниет келер шақ деп атаған орынды.

Шын мәнінде ниет келер шақ формасы сөйлеу кезінен кейін болатын қимылды, істі объективтік шындық түрінде білдірмейді. Мұнда сөйлеушінің немесе қимыл иесінің болашақта бір істі, қимылды орындау туралы ниетін, ойын білдіреді, яғни қимылға субъективтік қатынасты білдіреді.

Кейде менің жиналысқа баруым керек немесе мен ертең бригадада жұмысшылар үшін лекция оқуға тиістімін деген сөйлемдердің орнына “бармақпын”, “оқымақпын” деп айтылуы мүмкін. Бірақ бұл – ниет келер шақ форманың негізгі өз мағынасы емес, ауыспалы мағынасы.

Ескерту: Ниет есімше еді және бол көмекші етістіктерімен тіркесіп, ниет өткен шақ формасын жасайды. Бұл сөйлеушінің немесе қимыл иесінің сөйлеу кезінен бұрын, келешекте бір істі, қимылды орындауға ниеттенгендігін білдіреді. Қапан ауылға қайтпақшы еді. Қапан ауылға қайтпақшы болды. Бұл екі сөйлемде де Қапан сөйлеу кезінен бұрын ауылға қайтуға ойланғандығын, ниеттенгендігін білдіріп тұр. Бірақ бұлардың өткен шақтық мағынасы ашық рай мәнінде емес. Өйткені бұл форма өткен шақпен де, келер шақпен де ұштасып жатады. Қапан келесі айда қайтпақшы еді немесе Қапан келесі айда қайтпақшы болды деп, келер шақ мезгіл пысықтауышымен (келесі айда) тіркесіп айтылады да, Қапанның қайтуы сөйлеу кезінен бұрын жоспарланғанымен, оның орындалуы – болашақтың, келер шақтың ісі, яғни ол келесі айда қайтады. Сонымен қатар Қапан былтыр қайтпақшы еді (болды) деп, өткен шақ мезгіл үстеуімен де тіркесіп, өткендегі қимылды да білдіреді.

Сөйтіп, ниет есімшенің еді, бол көмекші етістіктерімен тіркесуі арқылы жасалған күрделі формасы (келмек еді, келмек болды) ашық рай мәнінде белгілі грамматикалық шақ мағынасын білдірмейді. Бұл сөйлеушінің және қимыл иесінің сөйлеу кезінен бұрын, келешекте бір істі, қимылды орындауға ниеттенгендігін, ойланғанын білдіреді. Ал қимылдың өзі келер шақпен де, өткен шақпен де ұштасып жатады.

Ниет есімшенің еді көмекші етістігімен тіркескен күрделі формасы қимыл иесінің сөйлеу кезінен бұрын бір істі орындау туралы ойлаған ойы екінші бір себептерге байланысты күңгірттеніп, белгісізденіп қалғандығын көрсетеді. Жолда Дәрмендерге жолығып кідіріп қалмағанда, Мағаштың ойы кешке “Қоңыр әулиеге” жетіп қонбақшы еді (М. Әуезов).

Бұл сөйлемде қонбақшы еді деген күрделі форма Мағаштың ниеті, ойы екінші бір іспен, қимылмен (жолығып қалмағанда) ұштасу себепті, орындалмай қалу қаупі туындағанын аңғартады.

Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.