Өткен шақ – сөйлеу кезінен бұрын болып өткен ақиқат шындық істі, қимылды білдіретін етістіктің грамматикалық формасы. Қазіргі қазақ тілінде өткен шақ грамматикалық формасына және семантикалық ерекшеліктеріне қарай бес түрге бөлінеді:

а) жедел өткен шақ;

ә) бұрынғы өткен шақ;

б) ежелгі өткен шақ;

в) дағдылы өткен шақ;

г) қатыстық өткен шақ.

Жедел өткен шақ

Жедел өткен шақ формасы етістік негіздеріне -ды/-ді, -ты/-ті жұрнақтары жалғанып, оның бірінші және екінші жақтарына тәуелдік жалғауы жалғану арқылы жасалады. Үшінші жағына жақ жалғауы жалғанбайды. Мысалы: ал-ды-м, ал-ды-ң, ал-ды-ңыз, ал-ды.

Жедел өткен шақтың бірінші және екінші жағы үш элементтен тұрады: ал – түбір етістік, -ды – өткен шақ көрсеткіші, -м – бірінші жақтың, -ң – екінші жақтың грамматикалық көрсеткіші. Үшінші жақ формасы екі элементтен тұрады: ал – түбір етістік, -ды – өткен шақ көрсеткіші, жақ көрсеткіші жоқ.

Жедел өткен шақтың басқа формаларынан бір өзгешелігі – мұның бірінші жақ көпше түрінде жақ жалғауы -қ/-к түрінде жалғанады.

Мысалы: Қай жерге дейін жарысатынымызды межеледік (С. Мұқанов). Оң жақтағы биік қара адырды бөктерлеп, Жәнібекке қарай ат қойдық (М. Әуезов).

Жедел өткен шақ формасының грамматикалық шақ көрсеткіші -ды/-ді, -ты/-ті және көпше түрінің бірінші жағының көрсеткіші -қ/-к морфемаларының шығуы жөнінде түркітанушылар әртүрлі пікір айтады.

Н. К. Дмитриев жедел өткен шақ формасының шақ көрсеткіші -ды/-ді қосымшасын ертедегі есімшенің -ыт/-іт/-т морфемасынан пайда болған деп есептейді.

Қазіргі түркі тілдерінде кездесетін бұлт, құрт, іркіт сөздері сол есімше формасының зат есімге айналған түрі деп анықтайды.

А. Н. Кононов жедел өткен шақтың -ды/-ді қосымшасын тәуелдік жалғауының үшінші жағы -сы/-сі-нің көне түрі деп түсіндіреді.

О. Бетлинг өткен шақтың -ды қосымшасын көне түркі тілдеріндегі есімшенің -дуқ формасынан пайда болған деп түсіндіреді.

Жедел өткен шақ формасы түркі тілдерінде кең қолданылады, сонымен бірге ол, басқа шақ формалары сияқты, өткен шақтық мағынадан басқа үстеме мағына білдірмейді. Ол сөйлеушінің сөйлеу кезінен бұрынғы қимыл, іс туралы хабарлау түрінде баяндауын білдіреді.

Бүл жүгіністе шешен сөзін Шұбар сөйледі. Орай жауабын Базаралы да айтты (М. Әуезов). Бұл сөйлемде сөйледі, айтты етістіктері арқылы сөйлеуші сөйлеу кезінен бұрын болып өткен шындық уақиғаны жай баяндап тұр.

1954 жылы шыққан “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында жедел өткен шақ формасы сөйлеу кезінен азғана бұрын болған тұжырымды істі білдіреді деп анықтама берілген. Дұрысында, жедел өткен шақ формасының басқа шақ формаларынан шақты, мезгілді көрсету жағынан ешқандай айырмасы жоқ. Бұлардың арасындағы мағыналық айырмашылық – сөйлеушінің не қимыл иесінің өткендегі қимылға қатысын білдіруі. Сондықтан да шақ формаларының атаулары шартты түрде қойылған терминдер.

Телегей теңізіне көптің малтып, халықтың қайратынан шәрбат іштім (Жамбыл).

Маған Қырқанның сол жақ бауырында жайлаған бір топ үйді меңзеді (Б. Майлин).

Бұл сөйлемдерде іштім, меңзеді етістіктері жедел өткен шақтың дара түрінде, өткен шақта болған ақиқат істі баяндау түрінде айтылып тұр.

Күрделі етістіктің созылыңқы және аяқталған сыпат формалары жедел өткен шақ тұлғасында сөйлеу кезінен бұрын болып өткен істің процесс түрінде өткендігін немесе қимылдың аяқталу шегін білдіреді.

Ақылбай оларды елемей, өзінің барынша шыншыл қалпымен, әңгімесін саспай, баяу айтып жатты (М. Әуезов).

Сол күні кешке Құнанбай да өз тараптарымен баталасып, жаулыққа бекініп жатты (М. Әуезов).

Бұл сөйлемдерде айтып жатты, бекініп жатты күрделі етістіктері қимылдың созылыңқы сипатын жедел өткен шақ формасында, сөйлеу кезінен бұрын процесс түрінде көрсетеді.

Болымсыз түрі -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе қосымшасы арқылы жасалады.

Иса сонымен қарсысып, ерегесіп жатып мүлде талып кетті (М. Әуезов).

Еркіннің мына сөзінен сөнген үмітім тұтана қалды (С. Мұқанов).

Бұл сөйлемдерде талып кетті, тұтана қалды күрделі етістіктерінің аяқталған сыпат формасы сөйлеуден бұрын болған қимылдың аяқталу шегін көрсетеді. Аяқталған сыпат формасы да созылыңқы сыпат тәрізді жіктеледі.

Бұрынғы өткен шақ

Етістіктің бұрынғы өткен шақ формасы өткен шақ есімшеге жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалады. Былайша айтқанда, бұрынғы өткен шақ дегеніміз – -ған формалы есімшенің жіктелген түрі. Бұл форманың құрамындағы есімшенің жұрнағы -ған/-ген, -қан/-кен бұрынғы өткен шақтың грамматикалық көрсеткіші болып саналады.

Қолданылып жүрген қазақ тілі оқулықтарында бұрынғы өткен шақтың мағынасы туралы әртүрлі анықтама берілген. Педучилищеге арналған қазақ тілі оқулығында:

“Бұрынғы өткен шақта болған істің айқын, ақиқат екендігі тұжырымды болып көрсетіледі” делінген.

“Қазіргі қазақ тілі” оқулығында: “Бұрынғы өткен шақта істің жедел өткен шақтағыдан бұрын болғандығы, болмағандығы көрсетіледі” деп берілген.

Жедел өткен шақ формасы мен бұрынғы өткен шақ формасының арасында мезгілді білдіру жағынан ешқандай айырма жоқ. Асан кеше келді немесе Асан кеше келген деп айта беруге болады. Тіпті, сөйлеу кезінен жүздеген жылдар бұрын болған істі де осы екі форманың бірімен айта беруге болады. Дегенмен бұл екі форманың әрқайсысының өзіне тән мағыналық ерекшелігі бар.

Жедел өткен шақ формасы сөйлеушінің сөйлеу кезінен бұрын болып өткен қимылды жай хабарлау түрінде баяндауын білдіреді.

Кеше Айша екеуміз киноға бардық. Кинодан соң Айша үйіне кетті. Мен кітапханаға кеттім.

Бұл сөйлемдерде сөйлеуші кеше болған істі жай хабарлау түрінде баяндап тұр.

Ал бұрынғы өткен шақ формасын сөйлеуші сөйлеу кезінен бұрын болған істі жай хабарлау түрінде емес, тыңдаушыға сол өткен істің болу-болмау нәтижесін баса түсіндіріп, соған көңіл аударту қажет болған жағдайда қолданады.

Мен ол жігітті жақсы танимын, институтта бірге оқығанбыз.

Еркінге алғаш жолыққан адам Самат болған.

Ол турникке түсіп, класқа беттеп бара жатқан.

Бұл сөйлемдерде сөйлеушінің ол жігітпен бірге оқығандығы, Саматтың өткенде барғаны туралы жай хабар беріліп қана тұрған жоқ, екінші бір істің айғағы ретінде, соны дәлелдеу түрінде баяндалып тұр. Яғни сөйлеушінің жігітті жақсы тануына олардың бірге оқығандығы себеп болып тұр.

Диалогты сөйлемдерде бұрынғы өткен шақ формасының мағынасы тіпті айқынырақ байқалады:

– Жәкіш, сен Жұмекеңе неге сәлем бермейсің?

– Жұмекеңді мен әлгінде көріп, сәлем бергенмін.

Бұл сөйлемдерде де сөйлеуші (Жәкіш) Жұмекеңе сәлем бергендігін жай хабарлап тұрған жоқ, соған көңіл аударып, ой салмақ түсіріп айтып тұр.

Өткен шақ формалары ауызекі сөйлеу тілінде болсын, баспа бетінде болсын бірінің орнына бірі еркін түрде қолданыла бермейді, өйткені олар дублет формалар емес. Сонымен қатар олардың шақтық мағынасы бірін-бірі алмастыратындай мәнде емес.

Бұрынғы өткен шақ деп аталуы ондағы қимылдың жедел өткен шақ формасы көрсететін қимылдан бұрын болғандығында емес. Бұл – шартты түрде берілген грамматикалық термин. Демек, жедел өткен шақ пен бұрынғы өткен шақтың арасындағы айырмашылық – әртүрлі мезгілдік мағына білдіруінде емес, олардың әрқайсысына тән өзіндік семантикасында.

Бұрынғы өткен шақтың болымсыз түрі үш формада қолданылады:

біріншісі – -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе қосымшалары арқылы;

екіншісі – жоқ сөзі арқылы;

үшіншісі – емес шылауы арқылы.

Ескерту: бірінші жағы кейде алғаным жоқ, алғанымыз жоқ деп те айтыла береді. Бұрынғы өткен шақтың болымсыз түрлерінің әрқайсысының өзіне тән стильдік ерекшелігі бар. Қазіргі қазақ тілінде болымсыз түрінің соңғы екі варианты көбірек қолданылады да, -ма/-ме формантты түрі сирек қолданылады.

Бұрынғы өткен шақтың жоқ сөзі арқылы жасалған болымсыз түрі тілімізде жиі қолданылады. Тіпті ол жедел өткен шақтың болымсыз түрінің орнына да жұмсала береді. Мысалы: көрмедім – көрген жоқпын, танымадым – таныған жоқпын, оқымадым – оқыған жоқпын дегенде ешқандай мағыналық айырма жоқ. Бұлар қимылдың сөйлеу кезінен бұрын болмағандығы туралы жай хабарлау түрінде айтылып тұр.

Бұрынғы өткен шақтың емес шылауы арқылы жасалған болымсыз түрі “ешқашан” деген ұғымды білдіреді.

Естігенім болмаса, Бұланбайды бұрын көрген емеспін (Ғ. Мүсірепов).

Күрделі етістіктің созылыңқы және аяқталған сыпат формалары бұрынғы өткен шақ тұлғасында қимылдың сөйлеу кезінен бұрын бір кезде процесс түрінде немесе аяқталған түрде өткендігін білдіреді.

Созылыңқы сыпат бұрынғы өткен шақ формасында сөйлеу кезінен бұрын болып өткен екінші бір қимылмен байланысты, сонымен бір кезде немесе белгілі бір мезгіл ішінде болып жатқан қимыл процесін білдіреді.

Сендер директордың кабинетінде отырғанда, біз көрші бөлмеде газетке мақала жазып отырғанбыз.

Бұл сөйлемде жазып отырғанбыз – созылыңқы сыпат қимылдың өткен кезде процесс түрінде өткендігін көрсетеді.

Содан соң Жұмырдың екі баласының өз аттары ұмытылып, мазақ, қорлық аралас – бірі Бөрібасар, бірі Көрер болып кеткен (М. Әуезов).

Мұндағы болып кеткен күрделі етістігі бұрынғы өткен шақ формасында істің сөйлеу кезінен бұрын, аяқталу шегінде өткендігін көрсетеді.

Күрделі етістіктің де болымсыз түрі бұрынғы өткен шақтың дара түрі тәрізді үш түрде айтылады.

Ежелгі өткен шақ

Ежелгі өткен шақ формасы өткен шақ көсемшеге жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалады. Былайша айтқанда, ежелгі өткен шақ – өткен шақ көсемшенің жіктелген түрі. Мысалы: жазыпсың, жазыпсыз, жазыпты. Ежелгі өткен шақ формасының құрамындағы көсемшенің -п/-ып/-іп жұрнағы грамматикалық шақ көрсеткіші қызметін атқарады.

Ежелгі өткен шақ формасы “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында “...істің өте ескі уақытта болып өткендігін көрсетеді” деп анықталған. Бұл анықтаманы тілдік факт дәлелдемейді. Өйткені ежелгі өткен шақ формасы сөйлеу кезінен бұрын болған қимылдың ерте кезде немесе жуық арада өткенін айырмайды.

Бұл форманың ежелгі өткен шақ деп аталуы – шартты түрде қойылған грамматикалық термин.

Әлгінде Қасымбек мені іздеп институтқа келіпті. Сен бүгін соңғы лекциядан кетіп қалыпсың.

Бұл сөйлемдерде ежелгі өткен шақ формасы сөйлеу кезінен аз ғана бұрын, бір күн ішінде болып өткен қимылды көрсетіп тұр. Олай болса, оның басқа шақ формаларынан айырмасы өткен қимылдың мезгілін білдіруде емес, оның өзіне тән семантикалық ерекшелігінде.

Сөйлеуші сөйлеу кезінен бұрын болып өткен істі өз көзімен көрмей, екінші бір адамның айтуымен немесе басқа бір жағдай арқылы білсе, осы ежелгі өткен шақ формасында баяндайды.

Сөйлеуші Мәскеуден қайтқан Қайырбекті кеше вокзалда өзі қарсы алған болса, ол: Қайырбек кеше Мәскеуден қайтты дер еді. Егер сөйлеуші Қайырбектің Мәскеуден қайтқанын өзі көрмей, басқа біреуден естіп білсе, онда: Қайырбек кеше Мәскеуден қайтыпты деп ежелгі өткен шақ формасында айтады.

Күнтудың бір тілігіне бұл жақ та қарсылық етпей, орындауға көніпті (М. Әуезов).

Былтыр күз аяғында ел қыстауға қонысымен Ұлжан қайтыс болыпты (М. Әуезов).

Бұл сөйлемдердегі бұрын болып өткен уақиғаларды сөйлеуші өз көзімен көрмей, басқа біреуден естіп білгендігі аңғарылады.

Ежелгі өткен шақ формасы мынадай жағдайларда кездеседі:

1. Ертегі, әңгімелерде, халық ауыз әдебиетінде көп кездеседі. “Ежелгі өткен шақ” деп аталуы да осыған байланысты болуы керек.

   Ертеде бір хан болыпты, оның қырық уәзірі болыпты. Бір күні хан уәзірлерімен аңға шығыпты (“Қазақ ертегілері”).

2. Сөйлеуші өзіне таныс адамды, қаланы, жерді ұзақ уақыт көрмей жүріп барып көргенде, ондағы өзгерістерді осы формада баяндайды.

   Алматыға 1945 жылдан кейін келіп отырмын, қала тамаша көркейіп кетіпті. Сол жылы отырғызған кішкентай шыбықтар үлкен бауға айналыпты.

3. Сөйлеуші сәби кезіндегі өзінің немесе басқалардың ісін кейін басқалардан естіп білген болса:

   Мен төрт жасымға дейін нағашымның қолында тәрбиеленіппін.

4. Сөйлеуші өткенде істеген ісін ұмытып, кейін есіне түссе:

   Мен кешегі кітапты өзім шкафқа қойыппын, жаңа ойыма түсті.

5. Сөйлеуші ессіз күйде (мас болу, талып қалу) істеген ісін кейін басқа біреуден білсе:

   Кешегі тойда мен балаңдық істеппін, сізді ренжітіппін, кешіріңіз.

6. Сөйлеуші өз түсі туралы да ежелгі өткен шақ түрінде хабарлайды:

   Түсімде бір ақ боз атқа мініппін, тауға шығып, аң аулаппын.

Ежелгі өткен шақ формасының болымсыз түрі тек қана -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе қосымшалары арқылы жасалады.

Күрделі етістіктің аяқталған және созылыңқы сыпат түрлері де ежелгі өткен шақ формасында кең қолданылады.

Манастар да Абайдың келуін күтіп жүріпті (М. Әуезов).

Көккөз Құнанбайды үшінші күні қос атпен салт қуып жетіпті (М. Әуезов).

Дағдылы өткен шақ

Дағдылы өткен шақ – қимыл иесінің ертеде дағдысына айналған іс-әрекетін, қимылын білдіретін етістік формасы.

Атшабар келсе, жанжал келетінін балаға дейін сезетін (М. Әуезов).

Құнанбай ауылы бұрын күзекке бір қар жаудырмай көшпейтін еді (М. Әуезов).

Абай күн сайын бір тамаша әңгіме айтатын болды. Шешелер, малшылар, балалар болып – баршасы телміре тыңдайтын. Анда-санда Айғыз да келіп еститін еді (М. Әуезов).

Дағдылы өткен шақ синтетикалық және аналитикалық тәсілмен екі түрде қолданылады.

а) Синтетикалық түрі

Дағдылы өткен шақтың бірінші түрі етістік негіздеріне -атын/-етін, -йтын/-йтін жұрнақтары жалғанып, оның бірінші және екінші жақтарына жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалады. Үшінші жағына жіктік жалғауы жалғанбайды.

Мысалы: мен оқитынмын, сен оқитынсың, сіз оқитынсыз, ол оқитын.

Дағдылы өткен шақтың бұл формасы “Қазақ тілі грамматикасы” оқулығында ауыспалы өткен шақ деп аталып, оның келер шақтық мағынасына: сен кітапханаға қашан баратынсың? деген сұраулы сөйлем мысалға келтіріледі. Әрине, бұл сөйлемде келер шақ ұғымы бар екендігі рас. Бірақ ол ашық рай мағынасында емес, модальдық мағынада, яғни сөйлеушінің қимылға объективтік көзқарасын көрсетеді.

Басқа сөзбен айтқанда, сенің кітапханаға қашан баратын түрің бар? деген мағынада жұмсалып тұр. Екіншіден, мұндай қолданыстар ауызекі сөйлеу тілінде кездескенімен, жазба әдеби тілде сирек ұшырасады.

Қазіргі қазақ тілі оқулығында дағдылы өткен шақ формасы толық берілмеген. Етістіктің бұл формасы әдеби тілде негізінен ашық райдың өткен шақ мағынасында қолданылады. Кейде контекске байланысты келер шақтық мағынада қолданылуы мүмкін, бірақ ол негізгі мағына емес, ауыспалы мағына болып саналады.

Бұл ауыспалы мағына қимылдың объективті шындық ретінде өтуін емес, сөйлеушінің субъективтік көзқарасын білдіреді.

Мысалы:

Жер, от, судың тапшылығы болмаса, мал тез-ақ оңалатын (М. Әуезов).

Бұл сөйлемде малдың келешекте оңалуы объективті шындық ретінде емес, сөйлеушінің пікірі ретінде беріліп тұр. Демек, бұл ашық райға жатпайды.

Шақ категориясы ашық рай тұрғысынан қаралады. Олай болса, дағдылы өткен шақ формалары өткен шақтың түрлері болып саналады.

Дағдылы өткен шақтың синтетикалық түрінің жіктелуі дағдылы есімшенің жіктелуі сияқты. Болымсыз түрі -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе қосымшалары арқылы жасалады.

ә) Аналитикалық түрі

Дағдылы өткен шақтың екінші түрі аналитикалық тәсілмен осы шақ есімше (-ушы/-уші) формасының еді көмекші етістігімен тіркесуі арқылы жасалады: келуші едім, білуші едің, сөйлеуші еді, т.б.

Дағдылы өткен шақтың екі түрінің арасында мағыналық айырма жоқ. Бұларды бірінің орнына бірін еркін қолдануға болады.

Бөжей мұны Сүйіндіке де сездіруші еді. Және Жігітек ішіндегі бір таянышы Байдалыға да айтушы еді (М. Әуезов).

Мен Базаралының кеудесінде осыған ұқсас ойдың көптен оралып жүретінін білуші едім (М. Әуезов).

Егер осы сөйлемдердегі сездіруші еді, айтушы еді, білуші едім формаларын сездіретін, айтатын, білетінмін деп өзгертсек, олардың мағыналарына ешқандай өзгеріс енбейді.

Болымсыз түрі -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе қосымшалары арқылы жасалады.

Дағдылы өткен шақ формалары өткен шақтың басқа түрлерінен екі түрлі мағыналық ерекшелігімен ажыратылады. Біріншісі: басқа өткен шақ формалары сөйлеу кезінен бұрын болған қимылды білдіргенде, оның қанша уақыт бұрын өткендігі белгіленбейді. Ал дағдылы өткен шақ сөйлеу кезінен кем дегенде жарты не бір жыл бұрын болып өткен істі білдіреді.

Екіншісі: дағдылы өткен шақ формалары қимылдың ертеректе бірнеше рет қайталанып, әдетке, дағдыға айналғанын көрсетеді.

Күрделі етістіктің аяқталған және созылыңқы сыпат формалары дағдылы өткен шақтың екі түрінде де кең қолданылады, өздерінің грамматикалық мағынасын сақтайды.

Мысалы: Әбдірахман әкесі үшін қатты қиналып, оңашада ұзақ ойланып жүретін еді (М. Әуезов) деген сөйлемде жүретін еді етістігі дағдылы өткен шақ формасында қимылдың созылыңқы және аяқталған сипатын көрсетіп тұр.

Қатысты өткен шақ

Қазақ тілінде еді көмекші етістігі күрделі шақ формаларын жасауда үлкен рөл атқарады. Бұл есім сөздермен және етістіктің кейбір формаларымен тіркесіп, сол тіркескен сөздеріне әртүрлі грамматикалық рең береді.

Солардың ішінде еді көмекші етістігі өткен шақ көсемше (-п/-ып/-іп), өткен шақ есімше (-ған/-ген, -қан/-кен) және қалып етістіктерімен (отыр, тұр, жатыр, жүр) тіркесіп, қатысты өткен шақ формаларын жасайды.

Қатысты өткен шақ формалары сөйлеу кезінен бұрын болып өткен іс-қимылдың екінші бір өткен қимылмен ұштасып, соған байланысты өткендігін немесе белгілі бір мезгіл ішінде өткендігін көрсетеді.

Қатысты өткен шақ формалары баяндауыш қызметінде жұмсалған жай сөйлемдерде ой аяқталмай, оның тағы бір қимылға не мезгілге қатысты екендігі аңғарылып тұрады. Мен кеше киноға бардым және мен кеше киноға барып едім деген екі сөйлемнің біріншісінде сөйлеуші өзінің кеше киноға барғандығы туралы жай хабарлау түрінде баяндап тұр. Ой аяқталған, тиянақты. Ал екінші сөйлемде ой аяқталмаған, сөйлеуші кеше киноға барғанда, соған қатысты тағы бір іс, қимылдың болғандығы аңғарылады.

Егер осы сөйлемді кеше мен киноға барып едім, сонда Жұманды көрдім деп өзгертіп толықтырсақ, айтылған ой аяқталып тиянақталады.

Қатысты өткен шақ құрамындағы еді көмекші етістігі құрмалас сөйлем ішіндегі екі жай сөйлемді байланыстыру үшін дәнекерлік қызмет атқарады.

Апырай, пенденің ала жібін аттамаған едім (Ғ. Мүсірепов).

Бұл сөйлеушінің жай баяндауы емес. Мұнда қатысты өткен шақ формасы арқылы көрінген қимыл (аттамаған едім) екінші бір уақиғамен, әрекетпен байланысты екендігі аңғарылады.

Әшірбек бәрін аралап қайта оралғанда, Әкім машинаның тұмсығын тұйыққа тіреген еді. Ушаковтар машинадан түсіп, Бұланбаймен сөйлесіп тұрғанда, Сикорский терезе алдында отыр еді (Ғ. Мүсірепов).

Бұл келтірілген мысалдардағы Әкім машинаның тұмсығын тұйыққа тіреген еді, Сикорский терезе алдында отыр еді дегендердің әрқайсысы – өз алдына жеке-жеке жай сөйлем. Олар дербес қолданыла береді. Бірақ бұларда ой аяқталмаған, мұндағы іс-қимыл екінші сөйлемдегі қимылға, уақиғаға қатысты ғана аяқталып, тиянақты ойды білдіріп тұр.

Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.