Қазақ тілінде сөздердің жіктелу жүйесі тек бір ғана сөз табына тән қасиет емес, ол – есім сөздер мен етістікке бірдей құбылыс. Көпшілік тілдерде есім сөздердің жақтық грамматикалық формасы болмайды, яғни жаққа бөлініп жіктелмейді. Мысалы, орыс тілінде жіктелу категориясы тек етістікке тән құбылыс, бұл тілде есім сөздер жіктелмейді.

Қазақ тілінде сөздердің жіктелу жүйесі екі түрде көрінеді:

Жіктік жалғау арқылы;

Тәуелдік жалғау арқылы.

Есім сөздер мен етістіктің жіктелуі бірдей емес. Жіктік және тәуелдік жалғаулары есім сөздердің түбіріне тікелей жалғанып жіктелетін болса, етістік негіздеріне тікелей жалғанбайды. Басқаша айтқанда, етістіктің көсемше, есімше, тұйық етістік және рай формалары, яғни функционалдық етістіктер жіктеледі.

Жіктік жалғауы өзінің жалғанған сөзіне тек қана жақтық мағына үстейді, яғни предикаттық реңк береді. Мысалы, мен студентпін, сен жұмысшысың, мен айтамын, сен көргенсің деген тіркестерде сөйлеушінің және тыңдаушының, сонымен бірге қимыл иесінің кім екендігі білдіріліп тұр.

Сөздердің жіктелу жүйесі, яғни жаққа бөлінуі, тәуелдік жалғауы арқылы да көрінеді. Тәуелдік жалғауы есім сөздерге жалғанғанда, жалғанған сөзіне тек жақтық мағына үстеп қоймайды, сонымен бірге сол заттың кімге, қай жаққа меншікті, тән екенін де білдіреді.

Сөйтіп, жіктік жалғауы өзінің жалғанған сөзіне тек қана жақтық мағына білдірсе, тәуелдік жалғауы өзінің жалғанған сөзіне әрі меншіктілік-тәуелділік, әрі жақтық мағына білдіреді.

Жіктік жалғауы мен тәуелдік жалғауының тағы бір айырмасы – жіктік жалғаулы сөз сөйлемде әрқашан баяндауыш қызметін атқарады. Сондықтан да жіктік жалғауы түркологиялық еңбектерде предикативтік аффикс немесе баяндауыштық аффикс деп аталады. Ал тәуелдік жалғаулы есім сөздер сөйлемде негізінен бастауыш қызметінде жұмсалады.

Жіктік жалғауы, сонымен бірге тәуелдік жалғауы да етістік формаларына жалғанғанда тек қана жақтық мағына білдіреді. Тәуелдік жалғауының зат есімге жалғанғанда білдіретін меншіктілік, тәуелділік мағынасы етістік тұлғасында білінбейді. Өйткені етістік – ұғымы жағынан дерексіз, тек қозғалыс-процесс түрінде көрінетін, біреудің меншігінде болуға келмейтін сөз табы.

Өзің бір жәрдем етпесең, өзгеден үміт жоқ (Ғ. Мүсірепов).

Бұл дауды менің бітіргенім рас (Ғ. Мұстафин).

Қайыр сұрап күнде өлгенше, бір-ақ өлгенім артық (Ғ. Мүсірепов).

Білгің келсе, шалдың жоғында кел (Ғ. Мұстафин).

Бұл сөйлемдердегі қарамен берілген сөздерге жалғанған тәуелдік жалғаулары меншіктілік-тәуелділік мағына білдіріп тұрған жоқ, тек қимылдың қай жақта екенін ғана білдіреді.

Қазақ тілінде III жақ жіктік жалғауы тек осы көсемшенің екі формасына ғана жалғанады, басқа сөздердің ешқайсысына жалғанбайды. I және II жақ жіктік жалғауларының жіктеу есімдіктерінен пайда болғандығы түркологиялық еңбектерде дәлелденген.

Ал көсемше формаларының III жағына жалғанатын -ды/-ді, -ты/-ті қосымшасы – көне түркі тілдеріндегі -дүр аффиксінің ықшамдалған түрі.

Гунах киши тамухта янадур (тәпсір).

Кейбір түркі тілдерінде III жақтың -ды/-ді, -ты/-ті қосымшасы айтылмайды. Мысалы, татар тілінде барады деудің орнына бара, жазады деудің орнына яза түрінде айтылады. Бұл – -ды/-ді қосымшасының I–II жақтық жіктік жалғауларынан (-мын, -сың) шығу төркіні басқа екендігін дәлелдейді.

Есімше формаларының III жағына жіктік жалғауы жалғанбайды.

Тәуелдік жалғауы арқылы жіктелетін етістік формалары:

тұйық етістік;

қалау рай;

жедел өткен шақ формасы;

шартты рай формасы;

бұйрық рай формасы;

есімше формалары.

Бұл формалардың тәуелдік жалғау арқылы жіктелуі біркелкі емес. Әсіресе бірінші жақ көпше түрі кей формаларға тәуелдік жалғауы түрінде жалғанса, кей формаларға -қ/-к түрінде жалғанады.

Сонымен бірге екінші жақ көпше түрінде көптік жалғауы мен тәуелдік жалғауының орын тәртібі ауысып келе береді. Осындай ерекшеліктеріне қарап, тәуелдік жалғауы арқылы жіктелетін етістік формаларын екі топқа бөлуге болады.

Бірінші топқа тұйық етістік, -ғы тұлғалы қимыл есімі, есімше формалары және ортақ етіс тұлғалы қимыл есімі жатады. Бұл формалардың жіктелуі есім сөздер тәрізді болады.

Екінші топқа жедел өткен шақ, шартты рай және бұйрық рай формалары жатады.

Екінші топқа енетін етістік формаларының бірінші жақ көпше түрі -қ/-к қосымшасы арқылы жасалады.

Сонымен бірге жалғаулардың орын тәртібі бойынша тәуелдік жалғауы көптік жалғауынан кейін келуге тиіс еді. Ал жедел өткен шақ, шартты рай және бұйрық рай формаларының екінші жақ көпше түрінде, керісінше, көптік жалғауы тәуелдік жалғауынан кейін, сөздің ең соңында келіп тұр: алдыңдар, алсаңдар, алыңдар.

Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мəселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.