Қазақ тіліндегі қысқарған зат есімдер – сөзжасамның бір тәсіліне жататын, өзіндік грамматикалық құрылымы және семантикалық ерекшеліктері бар тілдік құбылыс.

Қазақ тіліндегі қысқарған зат есімдер екі немесе одан да көп сыңарлардан тұратын күрделі атаулардың ықшамдалған тұлғалары, екіншілік аталымы (номинациясы). Яғни тіркесіп келген ұғымның атаулары қысқарымдарға негіз болады да, тілдік құрылымы өзгеріске ұшырап, бастапқы қалпын сақтай алмайды. Бұл – басқа күрделі зат есімдерге қарағанда қысқарымдардың ерекшелігі.

Сөзжасамның бір амалы ретінде қалыптасқан қысқарымдар (қысқарған зат есімдер) лексикалық бірлік болып танылады. Бұлар да белгілі бір ұғымның жинақталған, ықшамдалған атаулары. Мысалы, медбибі – емдеу орындарындағы кіші медициналық қызметкерлердің атауы, зоопарк – түрлі хайуанаттар топтастырылатын орынның атауы, зоотехник – мал өсіру маманының атауы т.б.

1. Басқы дыбыстық немесе әріптік қысқарымдар

Бірнеше сөздердің тіркесімінен тұратын күрделі атаулардың ықшамдалуынан жасалған басқы дыбыстық я әріптік қысқарымдар: АҚ, ҚР, ААҚ, АЭС, БҰҰ, БАҚ, ЖШС, ЖАҚ, ҚСЭ, ҰҚК, ПҰАЖ, ЕҚЫҰ, КИМЭП, ЮНЕСКО т.б.

Бұрын бұл қысқарымдардың орыс тілінде қалыптасқан үлгісі басым болса, бүгінгі таңда қазақша баламасы да жиі қолданылады. Осы қысқарымдардың кейбірі толық таратылып айтылса, кейбірі тілде жеке сөз сияқты қолданылып кеткен. Мысалы: Басқару мақсаты – КИМЭП-ті әлемдік деңгейдегі институт дәрежесіне көтеру...

Түсініксіздік тудыратын қысқарымдардың жақша ішінде толық нұсқасы беріледі: ҰҚК (Ұлттық қауіпсіздік комитеті), ІІМ (Ішкі істер министрлігі), ҚТП (қалааралық телефон пункті), ПМЗ (Павлодар мұнай зауыты) т.б.

2. Басқы буындық және аралас қысқарымдар

ҚазТАТ, ҚазМҰУ, АлМУ, ҚазМЗУ т.б.

3. Буындық қысқарымдар

Ұжымшар, кеңшар, военком, Кармет, Сеймар, Санур, Ономком, терминком, Алтеба, санбат, басбух т.б.

4. Буындық қысқарымдар мен толық сөздердің бірігуі

Биоөріс, медбике, зоодүкен, зоопарк, Қазэксимбанк, Қазбаспасөз, меммүлік, Еуразия т.б.

Бұл келтірілген мысалдар қазіргі жаңа қолданыстағы жасалымдар болып саналады. Мысалы: “Қазақтелекомның” басшылығы бірқатар халықаралық байланыс желілері бағытына сөйлесу бағасын төмендетті...

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.