Күрделі сөздер қазіргі тіл біліміндегі ең күрделі мәселелердің қатарына жатады, олардың анықталмаған қырлары өте көп. Күрделі сөздер жоқ тілді көрсету қиын, алайда олар, әсіресе, неміс, ағылшын, жапон, хинди, орыс тілдерінде кең дамыған.

Күрделі сөздердің тілдер жүйесіндегі орны бірдей емес: олар лексикалық жүйеден әркелкі орын алады. Кейбір тілдерде сөзжасамның бұл түрі қосымша тәсіл ретінде ғана көрініп, оның нәтижесі елеусіз болады да, сөздіктің перифериялық қабатынан орын алады. Ал басқа тілдерде ол өте кең тараған, негізгі құбылыстардың бірі болып саналады. Мұндай тілдерге жапон тілі жатады, сондықтан оны кейде күрделі сөздің тілі деп те атайды.

Күрделі сөз бен дара сөздің ортақ белгісі — екеуінің де лексикалық мағына беруі. Дара сөз қандай лексикалық бірлік болса, күрделі сөз де сондай лексикалық бірлік болып табылады, өйткені әрқайсысының өзіндік лексикалық мағынасы бар. Бұл тұрғыдан күрделі сөз дара сөздің әртүрлі түрлерімен тең дәрежеде қарастырылады. Қазақ тілінде негізгі түбір мен туынды түбір қандай лексикалық бірлік болса, күрделі сөз де сондай лексикалық бірлік болып саналады. Олардың айырмашылығы тек құрылымында ғана. Сөз ретінде дара сөз де, күрделі сөз де дербес лексикалық бірлік қызметін атқарады.

Күрделі сөз өз құрамындағы сыңарлар арқылы жасалады. Оның сыңарлары сөзжасамдық бірлік қызметін атқарады, себебі күрделі сөздің мағынасы осы сыңарлардың мағыналық бірігуі нәтижесінде қалыптасады. Сөзжасамдық негізгі бірлік — сөз. Туынды сөздің барлық түрі тілдегі бар сөздер негізінде жасалады, сөзсіз жаңа сөз жасалмайды.

Қазақ тілінде туынды сөз үш тәсіл арқылы жасалады: синтетикалық, аналитикалық және лексика-семантикалық. Бұл тәсілдердің барлығында да сөз негізгі сөзжасамдық бірлік ретінде қатысады. Аналитикалық және лексика-семантикалық тәсілдерде тек сөз ғана сөзжасамдық бірлік қызметін атқарады, ал синтетикалық тәсілде сөзге қоса жұрнақ та қатысады.

Күрделі сөздің мағынасы біртұтас лексикалық мағына болып табылады. Оның құрамындағы сыңарлардың жеке мағыналары осы тұтас мағынаның қалыптасуына негіз болады. Күрделі сөз мағынасының тұтастығы оның сыңарларының бір ұғымға бірігуімен байланысты.

Қазіргі кезде күрделі сөз құрамындағы сыңарлардың мағыналық қызметін анықтау теориялық тұрғыдан күрделі мәселе болып отыр. Бұған себеп — күрделі сөздердің құрылымдық және типологиялық алуан түрлілігі.

Аналитикалық тәсілдің мынадай түрлері бар:

сөзқосым;
қосарлау;
тіркестіру;
қысқарту.

Сөзқосым тәсілі екіге бөлінеді:
а) біріктіру (шекара, көкжөтел, орынбасар);
ә) кіріктіру (биыл, бүгін, әкел, апар).

Осыған байланысты тілде біріккен және кіріккен сөздер қалыптасқан. Бұл тәсіл көптеген тілдерге тән.

Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде күрделі сөз тек біріктіру арқылы ғана жасалмайды. Оның негізгі ерекшелігі — аналитикалық тәсілдің әртүрлі түрлерінің кең қолданылуы. Қосарлау тәсілі арқылы қос сөздер (үлкен-кіші, жақсы-жаман), ал қысқарту тәсілі арқылы қысқарған сөздер (АлМУ — Алматы мемлекеттік университеті) жасалады.

Осылайша, күрделі сөздер төрт негізгі түрге бөлінеді:

біріккен және кіріккен сөздер;
қос сөздер;
тіркесті күрделі сөздер;
қысқарған сөздер.

Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. - Астана, 2002. - 784 бет.