Қазіргі қазақ тілінің грамматикалық құрылысында 7 түрлі септік жалғауы бар. Бұл септік жалғауларының әрқайсысы өзіне тән грамматикалық тұлғалар арқылы белгілі грамматикалық мағына білдіріп, сөйлемде тиісті қызмет атқарады: бір жағынан, сөздерді өзара байланыстырады, екінші жағынан, белгілі синтаксистік қатынастарды білдіру арқылы сөйлем мүшесі қызметін атқарады.

Септік жалғаулары осындай үш түрлі сипат арқылы (грамматикалық тұлға – грамматикалық мағына – грамматикалық қызмет) бір жағынан жеке грамматикалық тұлға ретінде танылады, екінші жағынан олардың жиынтығы парадигмалық жүйе ретінде септік категориясын құрайды.

Сұрақ

Жеті септіктің ішінде атау септігінің ерекшелігі бар ғой. Әсіресе, атау септігінің арнайы грамматикалық тұлғасының болмауы, яғни оның басқа септік түрлерін жасауға негіз болуы оны басқа септіктермен тең қарауға болмайды дегенді білдірмей ме?

Жауап

Түркологияда да, қазақ тіл білімінде де ұзақ уақыт бойы септік парадигмасында атау септігі басқа септіктерге негіз болатын тұлға ретінде қарастырылып келді. Сонымен бірге атау септігінің табиғаты туралы пікірлер біркелкі емес.

Атау септігін дұрыс түсіну үшін оған қатысты негізгі көзқарастарға қысқаша тоқталайық.

XIX ғасырдың ортасынан бастап жарық көрген түркологиялық грамматикаларда зат есімнің септік жүйесіндегі бірінші септік түрі «арнайы тұлғалық көрсеткіші жоқ, басқа септік түрлеріне негіз болатын тұлға» ретінде сипатталды. Сонымен қатар ол кейде ілік пен табыс септіктерінің қызметіне ұқсас қолданылады деген пікірге байланысты атау септігі әртүрлі атаулармен берілді: негізгі (основной), белгісіз (неопределенный), абсолютті, қосымшасыз, түбір (коренной), аморфты септік т.б.

Ал қазақ тіл білімінде атау септігі басқа септіктердің қызметінде қолданылады деген пікірдің дұрыс еместігі баса айтылады. Яғни атау септігінің формасы мен ілік, табыс септіктерінің жасырын тұлғалары сырттай ұқсас болғанымен, олар — әртүрлі грамматикалық формалар, әрқайсысының өзіндік грамматикалық мағынасы мен синтаксистік қызметі бар.

Мысалы, колхоз (дың) малы, кітап (ты) оқыды сияқты қолданыстарда ілік және табыс септік тұлғаларының жасырын қолданылуы олардың мағынасын өзгертпейді: бірінші жағдайда меншіктілік-қатыстық мағына, екінші жағдайда тура объектілік мағына сақталады.

Алайда бұл жасырын тұлғалар мен атау септігін бірдей деп қарауға болмайды. Қазақ тілінде грамматикалық тұлғалардың ашық және жасырын қолданысы жиі кездеседі: кейде жалғау міндетті түрде жалғанса, кейде түсіп қалып қолданылады.

Мысалы, бірыңғай мүшелерде жалғау тек соңғы сөзге ғана жалғануы мүмкін:

Ол – Бөкенші руынан Сүйіндік, Сүгірдің көштері (М. Әуезов).
Байлар қазір тақырға, шөлге, тау мен тасқа қамалған шақ (Ғ. Мүсірепов).
Абай жүрегі де сыр мен жырға толы (М. Әуезов).
Ащы мен тұщыны татқан білер, алыс пен жақынды жортқан білер (мақал).

Бұл мысалдарда септік жалғаулары барлық мүшеге емес, тек соңғысына ғана жалғанып, мағына өзгермей сақталып тұр.

Атау септігінің арнайы грамматикалық формасының болмауы оның грамматикалық мағынасын, қызметін және септік жүйесіндегі орнын анықтауда кейбір қиындықтар тудырған. Сондықтан да оның септік жүйесіндегі орны әр кезеңде әртүрлі түсіндіріліп келген.

«Сырт қарағанда, септік жалғауы қатарында аталып отырғанымен, атау септігінің арнайы жалғауы жоқ. Негізінде атау септік деп отырғанымыз – сөздің септік жалғауын қабылдамай тұрғандағы күйі. Оны септік жүйесінің басына қою – басқа септік түрлерінің табиғатын түсіну үшін қажет, өйткені барлық септік жалғауларына негіз болатын тұлға – осы атау тұлғасы» (ҚТГ, 57).
 «Атау септік формасы, бір жағынан, басқа септік формалары мен мағыналарын салыстырып, ажырату үшін қабылданған негізгі форма болса, екінші жағынан, ол тек белгілі затты атау үшін ғана емес, одан әлдеқайда кең грамматикалық қызмет атқаратындықтан, арнайы талдауды қажет ететін негізгі форма ретінде қаралады. Осыған орай ол негізгі септік деп аталады» (Ы. А. – ҚҚТ, 62).

Сөйтіп, қазақ тіл білімінде атау септік тұлғасы септік жүйесінде басқа септік түрлерімен тең деңгейде емес, оларға негіз болатын тұлға ретінде қарастырылады. Демек, ол зат есімнің түбір (негізгі және туынды түбір) тұлғасымен тығыз байланысты деген пікір қалыптасқан.

Атау септігінің қолданылу аясы да осыны дәлелдейді: атау септіктегі сөз

бастауыш қызметін атқарады;
баяндауыш қызметінде жұмсалады (мысалы: ол – мұғалім);
анықтауыш қызметінде изафеттік құрылымда қолданылады (қол сағат сатып алдым);
сондай-ақ үшін, арқылы, туралы, сияқты, жөнінде, бойы, бойынша сияқты септеулік шылаулармен тіркеседі.

Ең алдымен, егер атау септігі басқа септік түрлеріне тек «негіз болатын форма» ретінде ғана қаралса, онда ол септік жүйесінің бір мүшесі ретінде қарастырылмауы керек деген қорытынды шығады. Себебі белгілі бір парадигмалық түрлену жүйесіне негіз болатын тұлға әдетте сол жүйенің құрамына кірмейді. Мысалы, тәуелдік категориясына негіз болатын зат есімнің түбір тұлғасы (бала, білім) тәуелдену парадигмасының бір мүшесі болып саналмайды. Сол сияқты жіктелу, көптелу жүйелерінде де негіз болатын түбір тұлға жүйенің бөлігі ретінде емес, оның базасы ретінде танылады.

Екіншіден, атау септігін «басқа септіктерге негіз болатын тұлға» деп түсіндіру оны тек септік жүйесімен ғана емес, жалпы зат есімнің барлық түрлену жүйесімен (көптелу, тәуелдену, жіктелу) байланыстырады. Мұндай жағдайда атау септік ұғымы зат есімнің түбір тұлғасымен теңесіп кетеді. Ал бұл оны септік жүйесінің ішкі мүшесі ретінде қарауға қайшы келеді.

Рас, атау септігінің басқа септіктер сияқты арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ. Сондықтан сырттай ол зат есімнің түбір тұлғасымен ұқсас келеді. Бірақ бұл екеуі бір ұғым емес.

Атау септігінің арнайы формасы болмағанымен, оның өзіне тән грамматикалық мағынасы және синтаксистік қызметі бар. Сол арқылы ол сөз бен сөзді байланыстыруға да қатысады. Осы белгілері негізінде атау септігі қазақ тіліндегі септік жүйесінің бір мүшесі ретінде қарастырылады.

Атау септігінде тұрған сөздің баяндауыш, анықтауыш қызметтерін атқаруы кейде оны түбір тұлғамен шатастыруға әкеледі. Шын мәнінде, баяндауыш қызметіндегі зат есім көбіне жіктелген формада (нөлдік тұлғада) қолданылады және ол атау септігі емес. Мысалы, мен мұғаліммін, ол – мұғалім. Мұнда мұғалім сөзі атау септікте тұрғандықтан емес, жіктелу жүйесі арқылы предикаттық мәнге ие болып тұр.

Сол сияқты сын есім мен сан есім де баяндауыш қызметінде жұмсалып, жіктік жалғауларын қабылдай алады: мен үлкенмін, сен жақсысың, ол – бесеу, біз – үшеуміз. Бұл қолданыстарды да атау септігімен теңестіруге болмайды, өйткені олардың грамматикалық табиғаты бөлек.

Осылайша, атау септігі мен түбір тұлғаны теңестіру ғылыми тұрғыдан дұрыс емес. Атау септігі – арнайы формасыз болса да, септік жүйесінің бір мүшесі, ал түбір тұлға – грамматикалық түрленуге негіз болатын базалық форма болып табылады. Зат есімнің түрлену жүйелері, әсіресе септік жүйесі, оның тұлғалары заттық мағынаны білдіретін сөздерге (зат есімдерге) жалғанып, оларға әртүрлі грамматикалық мағына үстейді. Ал басқа сөз таптарына жалғанса, оларды субстантивтендіріп (заттық мән үстеп), сөйлемде зат есімнің қызметін атқартады:
Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез (Абай).
Көргеннің көзі жаман, айтқанның сөзі жаман (Мақал).

Бұл сөйлемдерде білімді, талапты сын есімдері, көрген, айтқан есімшелері -ден, -ға, -нің, -ның сияқты септік жалғаулары арқылы адам мағынасында қолданылған.

Міне, осындай субстантивтендіру қасиеті атау септігіне де тән:
Бітер істің басына жақсы келер қасына (Мақал).
Малқарға тақау отырған төрт бұрышты қара – Жәнібек (Ғ. Мүсірепов).
Шешінген судан тайынбас (Мақал).
Принцип үшін күресу – арыз қуу емес (З. Шашкин).

Бұл сөйлемдердегі жақсы, қара сын есімдері, шешінген есімшесі, күресу тұйық етістігі атау септік тұлғасында қолданылып, сөйлемнің бастауыш қызметін атқарып тұр. Баяндауыштармен (келер, Жәнібек, тайынбас, емес) жіктік жалғаудың III жақ нөлдік формасы арқылы қиыса байланысқан. Сонымен қатар олар заттық мән алып, субстантивтенген: жақсы адам, қара адам, шешінген адам. Ал күресу – қимыл атауы.

Дегенмен, мұндай субстантивтену тек осы қолданыста ғана байқалады. Анықтауыштық қатынаста немесе септеулік шылаулармен (үшін, арқылы, жөнінде, жайында, туралы, бойы т.б.) тіркескен зат есімдер атау септігінде емес, зат есімнің түбір тұлғасында тұрады. Түбір тұлға сөйлемде өз бетімен қолданыла алады және әртүрлі синтаксистік қызмет атқарады.

Сөйтіп, атау септігі сыртқы тұлғасы жағынан зат есімнің түбір тұлғасымен ұқсас болғанымен, олар бір емес. Атау септігі – арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ, бірақ грамматикалық мағынасы мен синтаксистік қызметі бар септік түрі. Ол зат есімнің септелу парадигмасындағы нөлдік тұлға болып табылады.

Осыған байланысты барлық септік жалғаулары, соның ішінде атау септігі де, зат есімнің түбір тұлғасына жалғанады. Сондықтан атау септігі нөлдік форма (∅) ретінде танылады және септік жүйесінің толық мүшесі болып есептеледі. Ілік септік жалғауы кейде түсіріліп (жасырын түрде) қолданылады: колхоз малы, ақын өлеңдері, қала жастары, кітап беті, адам баласы, жер шары, жыл басы т.б. Мұндай тіркестерде меншіктілік мағынадан гөрі қатыстық, жалпы атаулық, абстрактілік иелік мағына басым болады.

Мысалы, колхоз малы тіркесі малдың колхозға қатысты екенін білдіреді (орысша колхозный скот сияқты). Ал колхоздың малы нақты бір колхоздың меншігін білдіреді (скот колхоза). Сол сияқты ақын өлеңдері жалпы ақынға қатысты өлеңдер болса (поэтические стихи, стихи поэта), ақынның өлеңдері нақты бір ақынның өлеңдері екенін білдіреді.

Қала жастары – жалпы қалада тұратын жастар (городская молодежь), ал қаланың жастары – нақты бір қаланың жастары (молодежь города).

Осыдан байқалатыны: ілік септік жалғауынсыз жасалған тіркестер нақты меншіктіліктен гөрі қатыстық, абстрактілік, атаулық мәнді білдіреді. Олар көбіне тұрақты тіркеске, терминге, атаулық конструкцияға айналып қалыптасады: тап күресі, космос кеңістігі, Абай көшесі, Алматы қаласы, күкірт қышқылы, жер шары, күн сәулесі, тауар айналымы т.б.

Қазақ тілінде зат есім мен көмекші есім көбіне ілік септік (жиі түсірілген түрі) пен тәуелдік жалғау арқылы байланысады: ауылдың маңы, үйдің іші, үстел үсті, аспан асты, үйдің жаны т.б.

Түркологияда мұндай байланыстар:

изафет I – жалғаусыз тіркес (қол сағат, тас жол, жібек орамал, ағаш үй);
изафет II – ілік + тәуелдік (колхоздың малы);
изафет III – іліксіз, тәуелдік жалғаулы құрылым (колхоз малы) деп қарастырылады.

Барыс септігі

Барыс септігінің негізгі грамматикалық мағынасы – қимылдың, іс-әрекеттің бағытталған орнын, мақсатын, шегін, жанама объектісін білдіру. Ол мынадай қатынастарды көрсетеді:

бағыт: қалаға барды, үйге келді
адресат: кісіге берді, қонаққа ұсынды
мақсат: көруге кетті, оқуға келді
шек: екі метрге созылды, жазға жетті
сындық қатынас: малға бай, сөзге сараң

Барыс септік дейін, шейін, қарай, таман, тарта сияқты септеулік шылаулармен тіркесіп, мекендік, мезгілдік шекті білдіреді: ауылға дейін барды, күзге дейін отырды, қалаға қарай жүрді.

Кейде барыс септік жалғауы түсіріліп те қолданылады: Мәскеу(-ге) бардым. Сонымен қатар тұрақты тіркестерде тарихи барыс формасы сақталған: ер жету, бой жету (ерге жету, бойға жету тұлғаларынан қалыптасқан).

Барыс септіктегі кейбір сөздер адвербиалданып, үстеуге айналған: алға, артқа, кешке, бірге, жатқа, текке т.б.

Табыс септігі

Табыс септігінің негізгі грамматикалық мағынасы – қимылдың тура объектісін білдіру. Ол сабақты етістікпен меңгеріле байланысып, тура толықтауыш қызметін атқарады.

Табыс септігі кейде түсіп қалуы мүмкін: кітап оқыдым, жеміс сатып алдым. Мұнда жалпы, белгісіз мағына басым.

Ал нақты, белгілілік мән болғанда немесе анықтауыш болса, табыс септігі сақталады: кітапты мен оқыдым, кешегі кітапты оқыдым, осы жемісті сатып алдым.

Табыс септігі атау, ілік септіктері сияқты септеулік шылаулармен тіркеспейді.

Жатыс септігі

Жатыс септігінің білдіретін басты мағынасы – қимылдың, істің болу орнын, мекенін, мезгілін, көлемін және тұрағын білдіру.

Жатыс септігінің мағынасы көбіне мекен, мезгіл ұғымдарымен байланысты болғандықтан, кей жағдайда оның үстіне функционалдық сипаттағы -ғы, -гі қосымшасы да жалғанып қолданылады: ауыл-да-ғы үй, кісі-де-гі дүние.

Жатыс септіктегі сөз әдетте мекен, мезгіл пысықтауышы немесе жанама толықтауыш қызметін атқарады. Сонымен қатар ол жіктеліп келіп баяндауыш та бола алады: Мен қазір үй-де-мін; қызым үй-де, қылығы түз-де.

Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы да жатыс септігінде келе алады: мен келген-де, ол үйде екен.

Жатыс септіктегі кейбір сөздер адвербиалданып, үстеуге айналған: кейде, жазда, іңірде, осында, ақыр аяғында, аңдаусызда, атам заманда, оқта-текте, лезде, қаға берісте, қапыда т.б.

Жатыс септік жалғауы, буын үндестігін есептемегенде, екі вариантта ғана қолданылады: -да, -де және -та, -те. Қазақ тіліндегі кейбір оқулықтарда 3-жақ тәуелдік тұлғасынан кейінгі -нда, -нде формалары да беріледі. Алайда бұл құрамдағы -н тарихи жағынан жатыс септіктің жеке көрсеткіші емес, басқа морфологиялық тұлғалар құрамында да кездесетін элемент.

Тарихи тұрғыдан жатыс септік – көне септіктердің бірі. Көне түркі жазба ескерткіштерінде оның мағыналық және қызметтік аясы қазіргі тілмен салыстырғанда кең болған: ол тек мекен мен мезгілді емес, жалпы бағыттық және көлемдік мәндерді де білдіріп, қазіргі барыс және шығыс септіктерінің қызметін де атқарған. Сондықтан қазіргі тілдегі кейбір ортақ қолданыстар (мысалы, осында, мұнда, сонда) көне жүйенің қалдығы болып табылады.

Жатыс септік жалғауы септеулік шылаулармен тіркеспейді.

Шығыс септігі

Шығыс септігінің негізгі мағынасы – қимылдың, іс-әрекеттің қайдан, неден басталғанын білдіру. Ол мағынасы жағынан барыс септігіне қарама-қарсы.

Сонымен қатар шығыс септігі мынадай мағыналарды білдіреді:

қимылдың объекті шеңберін: бетінен сүйді, басынан сипады
себеп: айғайдан шошып кетті
бағыт/өту: аяқтан аттады, таудан асты
салыстыру: бетегеден биік, адамнан ақылды
тегін білдіру: атадан алтау, анадан төртеу
мөлшер, мезгіл: бес жасынан бастап, былтырғы жаздан бері
жанама объект: досынан түңілді, жақсыдан шарапат
бөлшектік мән: топтан бөлінді, жұбынан жазбай

Шығыс септіктегі сөз сөйлемде пысықтауыш (ауылдан келді), толықтауыш (жақсыдан көмек күт), баяндауыш (біз ауылданбыз, олар қаладан) қызметін атқара алады. Сондай-ақ бағыныңқы сөйлем баяндауышы бола алады: ол барғаннан соң, жол түзелді.

Шығыс септігі кейбір септеулік шылаулармен тіркеседі: соң, кейін, бері.

Кейбір сөздер адвербиалданып, үстеуге айналған: алдан, аяқ астынан, баяғыдан, кенеттен.

Кейде шығыс септік жалғауы түсіріліп те қолданылады: Тескен тау(-дан) өтті, бел(-ден) асты.

Көмектес септігі

Көмектес септігі – қазақ тіліндегі септік жүйесіне ғана тән ерекшелік, себебі басқа түркі тілдерінде бұл септік жеке грамматикалық тұлға ретінде кездеспейді.

Көмектес септік жалғауы да ерекше: ол буын үндестігіне бағынбайды және тарихи тұрғыдан септеулік шылаудан (білән, бірлән, менен) қалыптасқан.

Негізгі мағыналары:

құралдық мән: балтамен шабу, таяқпен ұру
ортақтық: жолдасымен кездесті
амал: бар зейінімен тыңдау
мақсат: бір оймен келді
мекен, мезгіл: жолмен жүрді, күнімен отырды
себеп: сөйлеумен естімей қалды

Сонымен қатар қарсылықты мәнде бағыныңқы сөйлем баяндауышы бола алады: мен барғанмен, ол келмейді.

Көмектес септік жалғауын жалғаулық шылаулармен (мен, бен, пен) шатастырмау керек. Егер сөз тіркесіндегі мен/бен/пен орнына және, да, де қойылса, ол – жалғаулық шылау; ал ондай алмастыру мүмкін болмаса, бұл – көмектес септік жалғауы:
Қасым мен келдім (бөлуге болмайды) – көмектес септік;
Қасым мен баласы келді → Қасым және баласы келді – шылау.

Көмектес септік есімдіктерге тікелей жалғанбай, тарихи түрде ілік септік негізінде қалыптасқан формалар арқылы қолданылады: менімен (меніңмен < менің билән), бұнымен (бұныңмен < бұның билән) т.б.

Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. Павлодар: С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2010. - 180 б.