Бір заттың екінші бір затқа меншікті, тәуелді, қатысты болуы — тілдегі ақиқат құбылыс. Мұндай заттар арасындағы меншіктілік-тәуелділік қатынас қандай тілде болса да бар. Бірақ ондай ұғымдардың грамматикалық мәні мен сипаты, берілу амал-тәсілдері барлық тілдерде бірдей, біркелкі бола бермейді.
Қазақ тілінде бұл мән (грамматикалық тәуелділік ұғымы) тәуелдік жалғау арқылы (ілік септік пен тәуелдік жалғаулы сөздің тіркесуі арқылы немесе кейде ілік септікті сөздің түсіріліп, тәуелдік жалғаулы сөздің ғана қолданылуы арқылы, өйткені тәуелдік жалғаулы сөз сол жалғау арқылы әрі тәуелдік, әрі жақтық мағынаны білдіріп, өзіне қатысты ілік септікті сөзді де меңзеп тұрады) және меншіктелуші зат атауы мен буын үндестігіне бағынбайтын -нікі, -дікі, -тікі қосымшалары арқылы беріледі.
Осылайша жақ түрлеріне байланысты қарама-қайшы грамматикалық мағыналар мен тектес тәуелділік мағыналарының жиынтығы парадигмалық жүйе құрайды. Ол белгілі грамматикалық формалар жүйесі (әр жаққа байланысты түрлі қосымшалардың болуы) арқылы беріледі. Соның нәтижесінде қазақ тілінде тәуелдік категориясы грамматикалық категория ретінде қалыптасқан.
Тәуелдік мағына белгілі жаққа және иеленуші ілік септіктегі сөздің жекеше не көпше тұлғасына қарай, сондай-ақ тәуелденуші сөздің жекеше не көпше болуына қарай, сөздің соңғы дыбысының дауысты-дауыссыздығына және буынның жуан-жіңішкелігіне байланысты мынадай тұлғалар арқылы беріледі:
I жақ:
• жекеше: -ым, -ім, -м
• көпше: -ымыз, -іміз, -мыз, -міз
II жақ:
• анайы: -ың, -ің, -ң
• сыпайы: -ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз
• көпше (анайы): -ларың, -лерің, -дарың, -дерің, -тарың, -терің
• көпше (сыпайы): -ларыңыз, -леріңіз, -дарыңыз, -деріңіз, -тарыңыз, -теріңіз
III жақ:
• -ы, -і, -сы, -сі
• көпше: -лары, -лері, -дары, -дері, -тары, -тері
Оңаша және ортақ тәуелдеу
Тәуелдеудің оңаша және ортақ түрі тәуелденетін заттың бір немесе бірнеше затқа (адамға) тән болуымен байланысты.
Оңаша тәуелдеу
Оңаша тәуелдеуде бір я бірнеше зат бір ғана иеге қатысты болады. Ие болатын зат (ілік септіктегі сөз) жекеше тұлғада тұрады, ал тәуелденетін зат жекеше де, көпше де бола алады.
Мысал:
Жекеше Көпше
менің бала-м, үй-ім бала-лар-ым, үй-лер-ім
сенің бала-ң, үй-ің бала-лар-ың, үй-лер-ің
сіздің бала-ңыз, үй-іңіз бала-лар-ыңыз, үй-лер-іңіз
оның бала-сы, үй-і бала-лар-ы, үй-лер-і
Ортақ тәуелдеу
Ортақ тәуелдеуде бір немесе бірнеше зат бірнеше иеге ортақ болады. Сондықтан иеленуші сөз (ілік септіктегі сөз) көптік тұлғада тұрады.
Мысал:
Жекеше Көпше
біздің бала-мыз, үй-іміз бала-лар-ымыз, үй-лер-іміз
сендердің бала-лар-ың, үй-лер-ің бала-лар-ың, үй-лер-ің
сіздердің бала-лар-ыңыз, үй-лер-іңіз бала-лар-ыңыз, үй-лер-іңіз
олардың бала-сы, үй-і бала-лар-ы, үй-лер-і
Тәуелдік жалғауда жақтық мағына тәуелдік формалар арқылы беріледі және ол ілік септіктегі сөздің семантикасымен тығыз байланысты. Нәтижесінде тәуелдік, иелік, меншіктілік мағына ілік септікті сөзсіз-ақ тәуелдік тұлғадан байқала береді:
• кітабымды алдым — кітаптың иесі I жақ (мен)
• кітабы үстелде жатыр — III жаққа қатысты
Қазіргі қазақ тілінде ілік септігіндегі сөз біздің, сіздің, өзіміздің сияқты есімдіктер болған жағдайда, кейде тәуелдік жалғауы түсіріліп қолданылады:
• біздің үй
• сіздің ауыл
• өзіміздің жігіттер
Дегенмен толық нұсқалары да қолданылады:
• біздің үйіміз
• сіздің ауылыңыз
• өзіміздің жігіттеріміз
III жақ тәуелдік жалғауының түсіп қалуы кейбір ауыз әдебиеті үлгілерінде және тарихи жазбаларда кездеседі:
• Базарбайдың Төлегені → Базарбайдың Төлеген
• Қобыландының Тайбурылы → Қобыландының Тайбурыл
Орта ғасырлық жазбаларда да ұқсас қолданыстар кездеседі.
Тәуелдік жалғау қазақ тілінде матасу байланысын жүзеге асырады. Ол, бір жағынан, ілік септікті сөздің болуын талап етсе, екінші жағынан, өзі тәуелдік және жақтық мағынаны білдіріп, сөздердің синтаксистік байланысын қамтамасыз етеді.
Кейбір сөздердің құрамында тәуелдік жалғау өз мәнінен айрылып қалғанын көреміз. Сыйлау, еркелету, кішірейту мәнінде қолданылатын немесе сондай қосымшалардың құрамында кездесетін кейбір тұлғалар тарихи жағынан тәуелдік жалғау болған деген пікір бар: көкем, жарығым, Қожеке, Байжеке, апасы-ау, әкесі-ау т.б. Бірақ бұлар қазіргі тілде тәуелдік жалғау ретінде түсінілмейді.
Сондай-ақ «өзінің әуелгі қызметі мен мағынасынан бірте-бірте алыстай келіп, бастапқы жақтық мағынасынан да, оның көрсеткіші болу қабілетінен де біржолата айрылып, тек солардың қалдық-сілімтігі ретінде ғана сақталып, көнеленген формалар есебінде жұмсалып жүрген кейбір сөздер мен тіркестер де осы қағидаға айғақ бола алады» (Ы. А. – ҚҚТ, 55–56).
Мысалы: осы күні, сол күні, осы жолы, сол жолы, бұл жолы, бір күні, ертеңгі күні, кешегі күні, күні кеше, күні бүгін, күні ертең, күндердің бір күні, күндіз-түні сияқты күрделі тіркестер (бұлардың көбі үстеуге ауысқан), сондай-ақ дара және күрделі күйінде қолданылатын қайсысы, бәрі, бәрісі, ең азы, ең көбі тәрізді сөздерде тәуелдік жалғаудың үшінші жағы тарихи жағынан сақталғанымен, қазіргі тілде ол өз мағынасынан айрылған, сөздің бөлінбейтін құрамдас бөлігі ретінде ғана жұмсалады.
Алайда бұл пікірге қайшы көзқарас та бар. Кей зерттеулерде мұндай қосымшалар тәуелдік жалғау емес, үстеу тудыратын немесе үстеулік мәнге ие қосымша ретінде қарастырылады. Бұл сөздерде тәуелділік мағынасы сақталмаған, әрі ілік септігімен байланыс байқалмайды. Олар мағынасы жағынан жатыс септігімен синонимдес болып, мезгілдік мән береді. Осы негізде әрі, әдейі, арнайы, үнемі, ұдайы, кері, тағы сияқты сөздердегі және көне түркі тіліндегі көсемше тұлғаларындағы -ы, -і элементтерімен төркіндес деп түсіндіріледі (И. – ҚӘТД, 123–130).
Меншіктілік мағынаны білдіретін -нікі, -дікі, -тікі қосымшасы қазақ тілінде сингармонизм заңына бағынбайды, жуан дауысты варианты жоқ. Тарихи тұрғыдан бұл қосымша -ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің ілік септік жалғауы мен -кі жұрнағынан қалыптасқан деп көрсетіледі. Соңғы -кі қосымшасы қатыстық мағынамен байланысты болуы мүмкін.
Түркологияда бұл тұлғалы сөздерді сын есім қатарына жатқызу тәжірибесі де бар (Қ. – ГУЯ, 173). Мұндай сөздер өзі меншіктелетін сөзден кейін келіп, предикат қызметін атқарады, ал меншіктелетін сөз субъект ретінде көрінеді. Сондықтан олар атрибутивтік емес, субъектілік-предикаттық қатынаста жұмсалады және осы шақтық мәнде қолданылады: кітап менікі (еді, болған, болар).
Әдетте мұндай құрылымдар арасына басқа сөздер кіріспей, тұтас күйінде қолданылады. Дегенмен кейде мезгілдік немесе мекендік сөздермен байланыса алады: кітап үйде сенікі болғанмен, класта біздікі; үстемдік кеше сенікі болса, бүгін жарлынікі.
Егер бұл қосымшалы сөз сөйлемде басқа тұлғаға ауысып, предикат қызметінен ажыратылса, ол меншіктілікпен бірге тәуелділік мағынасын да білдіре алады және басқа сөз тіркесінің орнына жүреді: Әсеттікіне келдік = Әсеттің үйіне келдік.
Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. Павлодар: С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2010. - 180 б.