Кіріспе
Қазақстан
Республикасының тіл саясатының негізі – мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін
дамыту мен оны білім беру жүйесінде тиімді пайдалану. Соңғы жылдары жоғары оқу
орындарында қазақ тілінің маңыздылығы артты, себебі мемлекеттік тілді меңгеру –
студенттердің кәсіби біліктілігін арттырудың маңызды шарттарының бірі. Бұл
зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарында қазақ тілінің
орфографиясын модельдеу әдісі арқылы оқытудың тиімділігін анықтау. Модельдеу
әдісі – білім алушылардың тілдік дағдыларын дамытуға бағытталған инновациялық
тәсіл. Оқу үдерісінде модельдеу әдісін қолдану арқылы студенттер қазақ тілінің
жазба нормаларын тереңірек меңгере алады, оларды практикада қолдану дағдыларын
жетілдіреді. Қазіргі заманда қазақ тілін оқыту әдістемесі үнемі жаңарып,
жетіліп келеді. Бұл үдерісте қазақ тілінің орфографиясын дұрыс меңгеру маңызды
рөл атқарады. Жоғары оқу орындарында қазақ тілі орфографиясын тиімді оқыту
жолдарының бірі – модельдеу әдісін қолдану. Бұл әдіс білім алушылардың орфографиялық ережелерді терең түсінуіне, оларды практикада дұрыс қолдана
алуына үлкен көмек көрсетеді. Қазақ
тілі орфографиясын модельдеп оқыту бүгінгі қоғамдық- әлеуметтік сұранысқа сай
болашақ тіл мұғалімдерінің міндетті түрде меңгеріп шығуы тиіс білімі мен
білігінің дамуында маңызды рөл атқарады. Себебі, модельдеп оқыту білім алушының
ойлау, пікір айту, пайымдау қабілеттері мен эстетикалық сезімін өзара бірлікте
дамытуға жол ашады [1, 13-б.]. Білім алушыға қазақ тілі орфографиясын модельдеп
меңгертуде ұлттық әліпби,
емле, орфограмма, грамматология мәселелері өзара сабақтастықта бірізділікпен оқытылуы тиіс.
Сонда ғана болашақ тіл мұғалімдерінің білімі мен біліктілігі заман талабына сай
қалыптастырылатын болады.
Модельдеу әдісі – белгілі
бір үдерісті немесе құбылысты қарапайым немесе көрнекі модельдер арқылы
түсіндіру тәсілі. Бұл әдіс арқылы орфография ережелерін түсіндіру білім
алушыларға күрделі теориялық мәліметтерді жеңіл қабылдауға мүмкіндік береді.
Мысалы, сөздердің дұрыс жазылуын
және ережелердің жүйелілігін арнайы сызбалар, диаграммалар
немесе визуалды
модельдер арқылы көрсету
олардың оқудағы түсінігін
арттырады.
В.П. Беспалько педагогикадағы модельдеудің
айқындық, бұқаралылық, нәтижелілік, дискреттілік сияқты қасиеттеріне арнайы
тоқталады [2, 36-б.].
Модельдеу әдісінің
жоғары оқу орындарында орфографияны оқытудағы бірнеше артықшылығы бар:
1.
Көрнекілік. Теориялық мәліметтерді көрнекі түрде
ұсыну студенттердің ақпаратты тез меңгеруіне көмектеседі. Оқу материалдары
визуалды түрде ұсынылғанда, ақпарат есте жақсы сақталады.
2. Абстракциялық ойлау.
Модельдер арқылы берілген ақпарат студенттердің абстракциялық ойлау қабілетін
дамытады, бұл әсіресе тіл ережелерін меңгеруде маңызды.
3.
Талдау және синтездеу. Модельдеу әдісі арқылы
студенттер орфографияның жалпы заңдылықтарын талдап, оны синтездеу арқылы нақты
ережелерге қолдана алады.
4. Практикалық қолданыс: Модельдеу әдісін қолдана отырып,
студенттер тек ережелерді жаттап қана қоймай, оларды жазба жұмыстарында қолдана
алады. Бұл, әсіресе, орфографиялық қателерді болдырмауға және жазу дағдыларын
жетілдіруге септігін тигізеді [3, 45-б.].
Қазақ тіл
білімінде орфографияны меңгерудің әдістемесі жіті дами қоймаған, әлі де
зерттеуді қажет ететін лингвопедагогикалық үрдіс. Дегенмен, бүгінгі күні
бастауыш сыныптан бастап, яғни жазуды үйрету кезеңінен бастап орфография
заңдылықтары ескерілуі тиіс екені сезіліп отыр [4, 62-б.]. Кіріспе бөлімінде
қазақ тілінің орфографиясын оқытудағы заманауи әдіс-тәсілдердің қажеттілігі мен олардың тиімділігін көрсету мақсатында әдебиетке шолу жүргізілді. Зерттеудің
практикалық бөлігінде студенттердің орфографиялық сауаттылығын арттыру үшін
модельдеу әдісінің қолданылу мүмкіндіктері қарастырылады. Зерттеу нәтижелері
жоғары оқу орындарындағы тілдік пәндерді оқыту сапасын арттыруға, студенттердің
тілдік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Зерттеу әдістері
мен материалдар
Білім алушыларға
қазақ тілінің орфографиясын модельдеп меңгерту үшін олардың ойлау операцияларын
қолдана алу, өзара пікір алмасу, пікір таластыру дағдыларын шыңдайтын
материалдар мол қамтылды. Студенттердің креативті ойлау мәдениетін табиғи
жағдайлар тудыра отырып қалыптастырудың ең шешуші жолы ретінде ұжымдық, топтық
және жұптық жұмыстарды ұйымдастыруға ерекше мән берілді. Мұнда, ең алдымен,
сабақ барысында студенттердің өздігінен әрекет ету, бірлесіп шешім іздеу
дағдыларын дамытуға мән берілді. Сонымен қатар қазақ тілінің табиғатына сай
студенттердің ой жинақтау, талдау, жүйелеу және ауызша сөйлеу дағдыларын
жетілдіруде де осы топтық жұмыстардың үлес салмағының зор екендігі айқындалды.
Әсіресе, жұптық, топтық жұмыстардың студенттердің өмірлік дағдыларына іргетас
қалайтын тілдік, танымдық, тәрбиелік тұрғыдағы мынадай іскерліктердің кешенді
меңгерілуіне мүмкіндік беретіні анықталды.
Зерттеу әдістері
мен материалдарды таңдауда қазіргі білім беру әдістемесіне, сонымен қатар қазақ
тілінің орфографиясын оқытудағы ерекшеліктерге назар аударылды. Зерттеудің
мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келетін тиімді әдістер мен құралдар қолданылды.
Зерттеудің бірінші кезеңінде қазақ тілінің орфографиясына қатысты ғылыми
әдебиеттер, методологиялық материалдар мен нормативтік құжаттар талданды. Бұл
кезеңде тіл білімі, педагогика, психология салаларындағы зерттеулер
қарастырылды, яғни орфографияны оқытудағы әдістемелік тәсілдер мен принциптерді
анықтауға көмектесті.
Модельдеу – оқу
үдерісінде нақты тілдік құбылыстарды көрсету мен талдаудың тиімді әдісі. Бұл
әдіс арқылы студенттер қазақ тілінің орфографиялық ережелерін көрнекі түрде
меңгеріп, олардың қолдану жағдайларын тәжірибеде байқайды. Модельдеу барысында
интербелседі құралдар, визуализация және рөлдік ойындар қолданылды.
Білім алушылардың
қазақ тіліндегі орфографиялық сауаттылығын анықтау мақсатында сауалнама
жүргізілді. Сауалнаманың нәтижелері студенттердің тілдік дағдылары мен олардың
модельдеу әдісіне деген көзқарастарын айқындауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ,
профессор-оқытушылармен сұхбат жүргізіліп, олардың қазақ тілі сабақтарында
орфографияны оқытудағы тәжірибелері мен пікірлері жинақталды.
Оқыту үдерісінде
қазақ тілінің грамматикасы мен орфографиясына арналған оқу құралдары,
жаттығулар мен тапсырмалар жинағы пайдаланылды. Студенттердің дағдыларын дамыту
үшін арнайы әзірленген жұмыс дәптері мен тест тапсырмалары қолданылды. Зерттеу
барысында мультимедиялық материалдар (бейнежазбалар, анимациялар,
презентациялар) және онлайн платформалар (мысалы, Kahoot, Quizlet)
пайдаланылды. Бұл құралдар студенттердің қызығушылығын арттыруға және оқу
материалын терең меңгеруге ықпал етті. Студенттердің оқу мотивациясын және
тілге деген қарым-қатынасын зерттеу үшін психологиялық тестер қолданылды. Бұл
тестердің нәтижелері студенттердің модельдеу әдісіне деген қабылдауын анықтауға
көмектесті. Зерттеу әдістері мен материалдарды тиімді үйлестіре отырып, қазақ
тілінің орфографиясын оқытудағы модельдеу әдісінің
тиімділігі мен қолдану мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде студенттердің орфографиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған жаңа
тәсілдер мен әдістер ұсынылды.
Талдау мен нәтижелер
Зерттеудің бұл бөлімінде
жоғары оқу орындарында қазақ тілінің орфографиясын модельдеу әдісі арқылы
оқытудың тиімділігіне жүргізілген талдау және алынған нәтижелер баяндалады. Зерттеу барысында жиналған мәліметтер студенттердің орфографиялық сауаттылығын арттыруға
ықпал ететін факторларды және модельдеу әдісінің
практикалық маңыздылығын көрсетуге бағытталған. Модельдеу әдісі аясында
студенттерге практикалық тапсырмалар, рөлдік ойындар және топтық жұмыстар ұсынылды. Бұл әдіс арқылы студенттер қазақ тілінің орфографиялық ережелерін визуализациялап, өздерінің
білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алды. Нәтижесінде студенттердің пәнге деген қызығушылығы
артты, сабақтарда белсенділік көрсетіп, өзара пікір алмасу үдерісі жақсарды. Қазақ тілі орфографиясын модельдеп оқыту бойынша жүргізілген эксперимент жұмыстары дәстүрлі жүйе бойынша
үш кезеңге бөлініп
өткізілді. Эксперименттің мақсаты
әр кезеңнің талабы мен міндеттеріне сай қойылды. Бақылау экспериментінің
мақсаты: бақылау тапсырмаларының көмегімен білім алушылардың қазақ
тілінің орфографиялық нормалары мен орфограмма заңдылықтары туралы тілдік білімінің
деңгейін айқындау; оны меңгерту
үдерісі мен жетілдірудің жолдарын анықтау;
модельдеп оқытудың ғылыми-әдістемелік басымдықтарын нақтылау;
зерттеу тақырыбына байланысты қалыптастыру экспериментіне қойылатын оқу
материалдарын жүйелеу мүмкіндіктерін саралау.
Бірінші кезеңде қазақ тілі орфографиясын модельдеп оқытудың жолдарын
анықтау, білім беру саласындағы жаңа талаптарға сай жоғары оқу орнында қазақ тілі орфографиясын оқытудың жайын және зерттеу жұмысындағы жетекші
идеяларды жүзеге асырудың мүмкіндіктерін анықтау қолға алынды [5, 280-б.].
Эксперименттің бірінші сатысында педагог маман даярлайтын жоғары мектептерде қазақ тілі орфографиясының оқытылу жайын,
ондағы дәстүрлі жүйе мен жаңа бағыттағы ізденістердің жүзеге асырылу деңгейін
айқындау үшін студенттер арасында сауалнамалар жүргізілді, оқытушылар қолданып жүрген пән
силлабустары мен оқулықтарға талдау жасалды. Бақылау экспериментінің келесі кезеңінде сауалнама арқылы орфографиялық нормаларды меңгеруге кедергі
келтіретін факторларды анықтау
мақсаты
көзделді (1-сурет).
Сауалнама нәтижесінде орфографиялық норманың бұзылуына әкелетін
мынадай факторлар анықталды:
- жастар арасындағы жазу мәдениетіне немқұрайлылықтың болуы;
- жазу сауаттылығын сақтауға қатысты жағымсыз
көзқарастардың басымдығы;
-
қоғамдағы жазбаша қатынастардың азаюы;
-
БАҚ-ғы жазба мәдениетінің төмендігі;
- қоғамда қазақ тілінің таңба
ауыстыруына байланысты әртүрлі
пікірлердің көбеюі;
- жастардың ғаламтор құралдарында жазу сауаттылығына мән бермеуі және т.б.
Бақылау
экспериментінің қорытындылары бойынша, ең алдымен, филология факультетінде
оқитын студенттердің кәсіби маман ретінде жазбаша тіл сауаттылығын
қалыптастыруға мән беру керектігі анықталды. Ол үшін қазақ тілінің
орфограммалары мен жалпы жазбаша тіл сауаттылығы мен ауызша тіл мәдениетіне
теңдей көңіл бөлу керектігі дәлелденді. Оған қоса филолог студенттердің ел
сауаттылығына жауапты маман екенін ескеріп, қоғамдық ортада жазу жайына, ұлттық әліпбиге қатысты өзекті
мәселелермен ұдайы таныстырып отыру қажеттілігі алға шығарылды [6, 145-б.].
Алдағы қалыптастырушы эксперимент барысында студенттердің тілдік сезгірлігі мен
орфографиялық қырағылығын дамыта отырып, ана тілінің емлелік ережелерін
сауатты, саналы игертудің жолдары сараланды.
Бақылау кезеңіндегі екінші міндет қазақ тілінің орфографиясын модельдеп
меңгертудің бастау көздерін анықтау, білім беру саласындағы жаңа парадигмалар
бойынша фонетика саласын оқытудың жайын айқындау болды.
Бұл кезеңде
жоғары мектептерде қазақ тілі фонетикасының, оның ішінде орфографиялық
нормалардың оқытылу жайын, ондағы студенттерді тіл заңдылықтарын модельдеп
оқытудың жайын айқындау үшін
оқытушылар арасында сауалнамалар жүргізіліп, олардың тәжірибелері сараланды, жоғары мектептегі оқу бағдарламалары мен силлабустарға,
оқулықтарына талдау жасалды [7, 328-б.].
Қалыптастырушы
эксперимент кезеңінде зерттеу жұмысының негізіне алынатын қағидаттар, жетекші
идеялар дәйектелді; студенттерге қазақ тілінің орфографиясын модельдеп меңгерту
жүйесінің жобасы жасалып, ол қалыптастырушы эксперимент материалдары түрінде
дайындалды; қазақ тілінің орфографиясын модельдеп оқытудың жоғары оқу орындарына арналған
мазмұндық-құрылымдық жүйесі жасалды;
«Қазіргі қазақ
тілінің
фонетикасы және орфографиялық практикум» атты электив пәннің силлабусы
әзірленді. Оны оқытуға қойылатын талаптар анықталды, осы курс бойынша
оқу-әдістемелік кешендер дайындалып, тәжірибелік сынақтан өткізілді.
Қалыптастырушы
эксперименттің мақсаты – филолог-студенттердің білімі мен білігін қазақ тілі
орфографиясын модельдеп оқытудың талаптарына сай жетілдірудің тиімді жолдарын
сынақтан өткізіп, оларды ғылыми-әдістемелік тұрғыда дәйектеу [8, 140-б.].
Эксперимент арқылы дербес, жұптық, топтық жұмыстар осы аталған қабілеттерді өз
дәрежесінде қалыптастыруға мүмкіндік берді. Эксперимент нәтижелерін топтап,
жинақтай келе жоғары мектепте оқытылатын қазақ тілінің фонетикасы, орфографиясы
мен орфограммасы бойынша студенттердің білімі мен практикалық дағдыларының
деңгейлері анықталды. Олар тілдік нысандар бойынша жүйеленіп отырды.
Эксперимент
кезінде студенттердің теориялық білімдерімен қатар қатысымдық дағдыларын дамыту
үшін ұсынылған жұмыстардың нәтижесінде мәтінмен жүргізілетін жұмыстардың
тиімділігі ерекше болды. Сондықтан студенттердің мәтінмен жұмыс арқылы жазу
сауаттылығын меңгеруге қатысты деңгейлерi мен игерген дағдылары жүйеленіп,
топтастырылды. Оны төменде берілген кестелерден көруге болады (1–6-кестелер)
[9, 87-б.].
1- кесте – Студенттердің фонетикалық ұғымдарды меңгеру
және модельдеу дағдыларының көрсеткіштері
|
Топтары |
Дұрыс
айту |
Дұрыс
жазу |
Ұғымдарды
салыстыру |
Ұғымдарды талапқа сай жіктеу |
Ұғымдарды
модельдеу |
|
Бақылау
топтары |
31% |
34% |
32% |
31% |
38% |
|
Эксперимент
топтары |
79% |
81% |
85% |
95% |
95% |
2- кесте – Студенттердің орфографиялық
нормаларды түсіну және оны дәйектеп жеткізе білу дағдыларының көрсеткіштері
|
Топтары |
Норманың
мәнін түсінуі |
Норма бойынша жазу дағдылары |
Орфографиялық
нормалдардың ерекшеліктерін таратып айта алуы |
Орфографиялық
нормаларды модельдеу дағдылары |
|
Бақылау топтары |
45% |
44% |
41% |
41% |
|
Эксперимент
топтары |
91% |
92% |
92% |
90% |
3- кесте – Студенттердің модельдеу арқылы өз сөзін
жүйелі, түсінікті айта алу дағдыларының көрсеткіштері
|
Топтары |
Ойын сызба түрінде рәсімдеуі |
Рәсімделген
сөзді жүйелі жеткізуі |
Модель түріндегі ойды таратып түсіндіре алуы |
Сызба
бойынша мәтін құрап айта алуы |
|
Бақылау
топтары |
15% |
17% |
13% |
24% |
|
Эксперимент топтары |
70% |
75% |
79% |
81% |
4- кесте – Студенттердің фонетикалық принциптерді
дәлелдеу, дәйектеу дағдыларының қалыптасу деңгейінің көрсеткіштері
|
Топтары |
Фонетикалық
принципті түсінуі |
Фонетикалық принцип бойынша сөздерді жіктей алуы |
Фонетикалық принцип бойынша сөздерді
модельдей алуы |
|
Бақылау
топтары |
30% |
11% |
10% |
|
Эксперимент топтары |
85% |
68% |
74% |
5- кесте –
Оқу мотивациясы
|
Топтары |
Жоғары |
Орташа |
Төмен |
|
Модельдеу әдісі |
80 % |
15% |
5% |
|
Дәстүрлі әдіс |
60% |
30% |
10% |
6- кесте – Орфографиялық сауаттылық
|
Топтары |
Жақсы |
Қанағаттанарлық |
Төмен |
|
Модельдеу әдісі |
85 % |
10% |
5% |
|
Дәстүрлі әдіс |
65% |
25% |
10% |
Эксперимент
барысында жоғары мектеп сатысында оқытылатын фонетикаға қатысты тілдік нысандар
бойынша дамытылатын, соның ішінде, студенттердің жазылым мәдениетіне қатысты
орфографиялық нормаларды игеру деңгейлері мен оларды модельдеп меңгертудің
маңызы ашып көрсетілді. Эксперимент кезінде студенттің қазақ тілінің
орфографиялық нормалары бойынша меңгеретін білім деңгейлерін арттыру модельдеу
білігімен сабақтастықта жүргізілді. Эксперименттің үшінші кезеңінде зерттеу
нәтижелері бір жүйеге түсіріліп, жинақталды, қорытындыланды.
Сонымен қатар,
психологиялық тесттер арқылы студенттердің оқуға деген мотивациясы мен тілге қатысты қатынастары бағаланды. Модельдеу
әдісі пайдаланылған топтағы студенттердің мотивация
деңгейі 20%-ға артты, ал бірінші
топтағы студенттерде бұл
көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Бұл нәтижелер модельдеу әдісінің оқыту үдерісіндегі
рөлін айқын көрсетеді. Студенттердің оқуға деген мотивациясы білім алу
үдерісінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Психологиялық тесттер – бұл
мотивацияны бағалау және арттыру үшін тиімді құрал. Олар студенттердің жеке
қасиеттерін, мақсаттарын және оқуға деген қарым-қатынасын анықтауға мүмкіндік
береді. Психологиялық тесттер студенттердің оқуға деген мотивациясын түрлі
аспектілерде (ішкі, сыртқы, когнитивтік) бағалауға мүмкіндік береді. Тест
нәтижелері студенттің оқу үдерісіне деген ықыласын, қызығушылығын және ынтасын
анықтауға көмектеседі. Тесттер арқылы студенттер өздерін және оқу мақсаттарын
түсініп, рефлексия жасауда. Нәтижелерді талдай отырып, олар өздерінің күшті
және әлсіз жақтарын, мотивация деңгейін және даму бағыттарын анықтай алады.
Психологиялық
тестер студенттердің оқуға деген мотивациясын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Олар жеке тұлғаның
ерекшеліктерін, мүдделерін және қажеттіліктерін анықтау арқылы оқу үдерісін жақсартуға
мүмкіндік береді. Оқыту әдістерін тест нәтижелерімен үйлестіру, студенттерге
қолдау көрсету және мотивация деңгейін арттыру оқудағы табыстылықты қамтамасыз
етеді. Сонымен, психологиялық тестерді қолдану арқылы төмендегідей нәтижелерге
қол жеткіземіз:
1. Психологиялық тестер
оқу бағдарламасына интеграцияланып, сабақ барысында немесе арнайы сессияларда
қолданылуы мүмкін. Тест нәтижелері оқытушыларға студенттердің мотивация
деңгейін, оқу қажеттіліктерін және проблемаларын анықтауға мүмкіндік береді.
2. Психологиялық тестер
оқу бағдарламасына интеграцияланып, сабақ барысында немесе арнайы сессияларда
қолданылуы мүмкін. Тест нәтижелері оқытушыларға студенттердің мотивация
деңгейін, оқу қажеттіліктерін және проблемаларын анықтауға мүмкіндік береді.
3. Психологиялық тестер
арқылы студенттердің қызығушылықтары мен мүдделері анықталғаннан кейін,
оқытушылар пәндер мен тақырыптарды қызықты етіп көрсету үшін жаңа әдістерді
қолдана алады.
4. Психологиялық тестер
арқылы студенттердің қызығушылықтары мен мүдделері анықталғаннан кейін,
оқытушылар пәндер мен тақырыптарды қызықты етіп көрсету үшін жаңа әдістерді
қолдана алады.
5.
Тест нәтижелерін талқылау барысында студенттер
арасында өзара қолдау, ынтымақтастық және түсіністік қалыптасады. Бұл орта
мотивацияны арттыруға көмектеседі.
6.
Тестер нәтижесінде алынған деректер студенттердің
мотивация деңгейін көтеруге, оларға жеке көзқарас жасауға мүмкіндік береді.
Студенттер өздерінің жетістіктері мен кемшіліктері туралы нақты пікір қалыптастыра
алады.
Қорытынды
Эксперимент
нәтижелері зерттеу болжамын растады. Қазақ тілінің орфографиялық нормаларын
қазіргі таңдағы жаңа талаптармен, уақыт сұранысымен тығыз байланыста меңгерту
білім алушылардың ойлау, сөйлеу, өзара қарым-қатынас мәдениетін, олардың дара
тұлғалық, кәсіби-интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға ықпал ететіні анықталды.
Арнайы әзірленген пән жүйесі проблемалық және шығармашылық сипаттағы
тапсырмалардың кешенді жүзеге асырылуы жоғары оқу орны студенттерінің тілін
ғана дамытып қоймай, олардың интеллектуалдық мәдениетін көтерді. Тілдік
нормалармен байланысты қалыптастырылатын дұрыс сөйлеу дағдыларын дамытып, сөз
шеберлігіне баулудың тиімділігін эксперимент нәтижелері толық көрсетті [10,
205-б.]. Арнайы жасалған элективтік оқу пәні студенттердің жазба сөз мәдениеті
туралы ұғымдарын кеңейте отырып, олардың өз сөздеріне жауапкершілікпен
қарауына, тілдік талғамын жетілдіруге өзек болатыны анықталды.
Жоғары оқу
орындарында қазақ тілінің орфографиясын модельдеу әдісі арқылы оқытудың тиімділігі
мен қолдану мүмкіндіктерін зерттеу барысында бірнеше маңызды нәтижелер мен
қорытындыларға қол жеткізілді:
1. Зерттеу барысында
модельдеу әдісінің қазақ тілінің орфографиясын оқытудағы тиімділігі айқындалды.
Эксперименттік жұмыс нәтижесінде модельдеу әдісін қолданған студенттердің
орфографиялық сауаттылығы мен оқу мотивациясы айтарлықтай артқанын көрсетті.
Тестер мен сауалнамалар нәтижелері көрсеткендей, студенттер модельдеу арқылы
орфографиялық ережелерді тиімді меңгеріп, практикалық дағдыларын жақсартқан.
2.
Модельдеу әдісін оқу үдерісіне интеграциялау,
студенттердің белсенділігін арттыру мен ынтасын жоғарылату үшін тиімді болып
табылады. Студенттерді топтық жұмыстарға, рөлдік ойындарға және интерактивті
жаттығуларға тарту арқылы олардың оқу процесіне қатысу деңгейі жоғарылады. Бұл тәсілдер оқыту сапасын арттырып, тілдік дағдыларды терең меңгеруге ықпал етті.
3. Зерттеу барысында
қолданылған оқу материалдары, интерактивті құралдар мен мультимедиялық контенттің студенттердің қызығушылығын арттырудағы рөлі зор екені
анықталды.
Бұл құралдар студенттердің оқу үдерісіне белсенді қатысуын және өз білімдерін
практикада қолдануға ынталандыруды қамтамасыз етті.
4. Психологиялық
тесттер арқылы студенттердің оқуға деген мотивациясының артуы зерттеу нәтижесінде
байқалды. Студенттердің қызығушылықтарының, мақсаттарының және білім алуға деген
ынтасының анықталуы, оларды қолдау және дамыту үшін маңызды ақпарат берді.
Зерттеу
нәтижелері көрсеткендей, модельдеу әдісі қазақ тілінің орфографиясын оқытуда тиімді әрі пайдалы. Бұл әдісті
болашақта кеңінен қолдану, оқу бағдарламаларына енгізу, сондай-ақ білім беру
жүйесінде қазақ тілін дамытуға оң әсер етеді. Оқытушылар мен студенттердің
арасындағы ынтымақтастық, диалог және тәжірибе алмасу арқылы оқу үдерісін
жақсартуға бағытталған жаңа тәсілдер мен әдістерді дамыту қажет. Жалпы, жоғары
оқу орындарында қазақ тілінің орфографиясын модельдеу әдісі арқылы оқыту – бұл
тиімді, заманауи және студенттердің білім деңгейін арттыруға ықпал ететін әдіс.
Зерттеу нәтижелері мемлекеттік тілдің
мәртебесін көтеруге, студенттердің тілдік дағдыларын жетілдіруге және қазақ
тілінің дамуына үлес қосуға бағытталған жаңа мүмкіндіктерді ұсынады.
Қазақ тілінің
мемлекеттік мәртебеге лайық өз қызметін атқаруы, қолданыс өрісінің кеңеюіне
ықпал ететін маңызды факторлардың бірі – жазу сауаттылығын қамтамасыз ететін
айқын да жүйелі, қабылдауға жеңіл әрі тілдің өз болмысымен толық қабысатын емле
ережелерінің болуы. Ана тіліміздің жазба мәдениетінің тарихы көрсеткендей,
орфография мен орфоэпия арасындағы
сәйкестігі басым тілдің өміршеңдігі бекем болады.
Өйткені жазу – дыбыстың таңбасы, дыбысқа сай әріп таңдаған елдің жазу мәдениеті
жоғары болып, дұрыс қалыптасады. Оның бәрін қамтамасыз ететін нәрсе – дұрыс
әліпби, сол әліпбидің ерекшелігіне бағындырылған түзу емле. Бұл мәселенің
халықтың белгілі бір даму кезеңдерінде кейде белгілі бір саясаттың ықпалымен,
кейде өз даму бағытын айқындауды мұрат еткен елдің өз ықтиярымен әліпби
өзгертуді күн тәртібіне қоюы, сауаттылық проблемаларының мемлекеттік дегейде
көтеріліп отыруы – соның дәлелі.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.
Уәли Н.М. Қазақ графикасы мен
орфографиясының теориялық негіздері. – Алматы: Алматы, 2020. – 261 б.
2. Беспалько В.П. Наглядное моделирование в обучении.
– М.: Педагогика, 1998. – 134 с.
3.
Дыдина И. Педагогическое моделирование
как средство модернизации
образования // Стандарты и мониторинг в образовании. – 2014. – №4. – С. 41–49.
4.
Оразбаева Ф.Ш., Талдыбаева М.Д.
Қазақ орфографиясын оқытуда модельдеу әдісін қолдану // Абай атындағы
ҚазҰПУ-нің хабаршысы. Көптілді білім беру және шетел тілдері филологиясы
сериясы. – 2017. – №3(19). – Б. 58–63.
5.
Taldybaeva М.D., Orazbayeva F.Sh.
Psycholinguistic Aspect of Spelling Modeling Teaching // Ясауи университетінің
хабаршысы. – 2023. – №2 (128). – Б. 277–290. https://doi.org/10.47526/2023-
2/2664-0686.22
6.
Әміржанова Н. Қазақ орфографиясын
алгоритмдер жүйесі арқылы оқытудың жаңалығы мен тиімділігі // Абай ат. ҚазҰПУ
Хабаршысы. – 2017. – №4. – Б. 142–161.
7.
Ayazbayeva S., Junisbek А.,
Taldibaeva М. Adapted transcription symbols for turkic sounds // Journal of
language and literature. – 2016. – Vol. 7. №3. – P. 326–332.
8.
Пономарев А.Б., Пикулева Э.А.
Методология научных исследований: учеб. пособие. – Пермь: Изд-во Перм. нац.
исслед. политехн. ун-та, 2014. – 186 с.
9.
Колмогоров Ю.Н. и др. Методы и
средства научных исследований: учеб. пособие. – Екатеринбург: Изд-во Урал.
ун-та, 2017. – 152 с.
10. Desagulier G. Corpus linguistics and statistics with R. Introduction to quantitative methods
in linguistics (quantitative methods
in the humanities and social sciences). – Springer International Publishing, 2017. – 353 p.