Лингвоэкология тілдегі қате қолданыстарды, соның ішінде жазудағы кемшіліктерді қарастырады. Тілде экология болуының басты себептерінің бірі – әліпбиіміздің дұрыс болмауы, яғни әріптің көп болуы. Қазақ тілінде 9 дауысты, 19 дауыссыз, барлығы 28 дыбыс болуы керек. Жалпы дұрыс әліпбиде барлығы 28 әріп болу керек, ал қазіргі қазақ әліпбиінде 42 әріп бар. Әліпбиімізде орыс тілінің әріптері көп, 42 әріптің тек 28-і ғана қазақ тіліне қатысты. Біздің латынға көшеміз деуіміздің де бір себебі осы, экологияның алдын алу, өзге тіл дыбыстарын әліпбиден шығару. Осындай мәселелер тілді экологиялық жағдайға жеткізді. Сондықтан сауатты жазу әрқашан да маңызды.

Жазу – адамзаттың ұлы мәдени құндылықтарының қатарына жататын, өркениет дамуының құрамдас бөлігi. Адамзат мәдениетiнің өркениетке аяқ басуы дыбыстық жазу типiнің пайда болуынан басталса, өркениеттің әлемиетке ұласуы жазба коммуникацияның, жазба тiлдің жоғары даму сатысына жеткенiнен хабар бередi. Жазу кеңістiгi ұлғайғаны соншалық оны жазу және мәдениет, жазу - өркениет, жазу - қоғам, жазу мен ойлау, жазу мен тiл, жазу және коммуникация сияқты iргелi ұғымдар оппозициясында қарауға болады. Жазба мәдениетi дамыған ареалдардың жазу тарихында үш кезең болды: 1) әркім өз қалауынша жазған шығармашылық кезең; 2) жазба коммуникацияның ұлғаюымен байланысты жазу узусы болған кезең; 3) жазу нормасы, орфографиясы пайда болған кезең [1,7]. Сонда ХХ ғ. жазу нормаларын қалыптастыру, негiздеу дәуірi болса, ХХI ғ. жазудың таңбалық, код болу сипаты күшейетiн, әлеуметтік коммуникацияны өзгертiп, қайта құратын, ауызша тiлдi игеретiн кезеңi болады.

Әр жазу кезеңінде оқу мен жазуда бәрі жақсы бола бермеген, тілдік экология сол тұстардан бастау алып келе жатыр. Мысалы, арабша жазғанда тілді араб сөзімен араластырып сөйлеу басталған, тіпті сол мәселені Абай да текке айтып кетпеген: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы». Латынмен жазғанымызда да барлық әріп таза латын болмай, мысалы, «ы» дыбысына орыстың жіңішкелік белгісін қолданып, әліпбиді дұрыс құрастырмағанымыз рас. Ал кириллица кезіндегі орыс сөздері қазақ тіліне тасқын судай ағылды. Тіл мәдениеті талаптары бұзылды.

«Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді негізінен үш топқа біріктіріп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тартады, бұл «қиындықтарды» мемлекетіміз шеше алатынына сеніміміз мол, екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі артықшылықтарын алға тартады, «латын жазуының артықшылықтарын» айтпай-ақ ел біліп, көріп отыр, ал үшінші бір топ, латын әріптерін қазақ әліпбиіне үйлестіру және кирилл әріптеріне иек артқан бұрынғы емле-ережелерімізге реформа жасауды ұсынып отыр» [10, 32].


Жалпы тiл бiлiмiнде жазуды зерттейтiн грамматология, графемика (графема мен дыбыс, әріп қатынасы), графикалық лингвистика салалары айқындалғанмен, бұл бағыттағы зерттеулер тапшы болып отыр.

Ал қазақ тiл бiлiмiнде жазу нормативтi сипатта орфография ережелерi, анықтағыштар, емле сөздiктерi, оларға берiлген түсiндiрмелер негiзiнде сөз болып келдi. Жазу ұғымы орфография ұғымына парапарланып, жазудың нормалылығы, оның кодификациялануы туралы жиi айтылды. Мысалы, Г.Жеркешова, Ғ.Ермековтердің бiрiккен сөз тақырыбындағы еңбектерi лексикология, семасиология тұрғысынан жазылды [2, 23].

Қазiргi қазақ жазуының әліпбиi мен орфографиясының фонологиялық негiздерiн iздеген алғашқы грамматологиялық зерттеу Н.Уәлиұлының еңбегiнен басталады [1, 18]. Н.Уәлиұлының бұл бастамасы бiрге, бөлек жазылатын сөздердің орфограммасын кодификациялаудың негiздерiн және араб жазулы қазақ жазбаларының графикалық- орфографиялық ерекшелiктерiн анықтаған шәкiрттерiнің диссертациялық зерттеулерiнде жалғасын тапты.

Ал қазақ жазуы теориясын оның даму кезеңдерi мен тарихы негiзiнде тұжырымдау кажеттiлiгi алғаш Н.Уәлиұлының мақаласында сөз болды [3, 38]. Осыған байланысты қазақ жазуының көне түркі руникасынан берi қарайғы онтогенездiк дамуын көрсету, жазу теориясына қатысты ұғымдарды саралау, жүйелеу қажеттiлiгi, қазақ жазба мәдениетiнде қолданылған әліпби түрлерінің сипатын айқындау тақырыптың өзектiлiгiн танытады.

Қазақ жазуының қалыптасу, даму жолдарының көшбасында тілдің жаңа жүйесінің бағдарын айқындайтын екі мектеп тұрды. Бірі А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Т.Шонанұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Аймауытұлы, Х.Досмұхамбетұлы ұстанымдары үйлескен сингармониялық жазу мектебі болса, екіншісі Қ.Жұбанов бастаған қазақ жазуы дамуының жаңа кезеңі өкілдерінің (С.Аманжолов, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев) қалыптандыру мектебі болды [4, 58].

Дүниеге келген әрбір жаңалық сол күйінде қатып қалмайтынын ескерсек, ертедегі сурет жазуы да сол пайда болған күйінде қалып қойған жоқ, ол өмірге икемделіп, өзгеріп өрістей түсті. Осы жазудың негізінде ұғымды білдіретін жазу, символикалық немесе идеографиялық жазудағы ой мен ұғымның жұмбағын шешу дәл бүгінгі таңда оңай болмағанымен, оның сол кездегі қауымдық құрылыспен баяғы замандағы адамдардың өмір тіршілігінің дамуына лайық екенін көреміз.

Бұл жазу түрінің Қазақстан жерінде ұзақ сақталып, оның символдық көрініс нұсқалары келе-келе қазақтың рулық ен-таңбаларына да айналып, тіпті кейіннен меншікті көрсетерлік белгі болып кеткенін де байқай аламыз.

Алтай мен Тарбағатай жоталары, Сарыарқаның дарқан өңірі мен Алатау шатқалдарында қазірде бізге мәлім болған осындай жазу үлгілері бар. Түптеп келгенде түркі тайпалары арасында соншама кең тараған идеографиялық жазулар түркі тайпаларының «руникалық» тұңғыш әріптік жазуының шығуына да белгілі мөлшерде ықпал етіп, әсерін тигізді.

Жазу түрлерінің ғұмыры өркениетінің ғұмырымен өлшенедi. Тiл-тілдің барлығында бiр буынды түбірлердің көптігі сөз жазудан дыбыс жазуға өту сатысын растайды. Ойжазу, суретжазу, буынжазу, сөзжазу, дыбысжазу терминдерi пиктографиялық, семасиографиялық, силлабографиялық, фонемографиялық жазу түрлерiне сәйкес келедi [5, 49].

Бiз қазақ халқының қолданған жазу типтерiн семасиографиялық және фонемаграфиялық деп бөле отырып, зерттеуге фонемаграфиялық жазу түрлерiн нысан етемiз. Өйткенi, пиктографиялық жазу мен дыбыстық жазу жазудың екi басқа типiне жатады. Екiншiден, ғалымдар арасында сурет жазуды жазу түріне санамайтын көзқарастар басым, үшiншiден, пиктографиялық жазу өз алдына кең масштабтағы зерттеуге нысан бола алады. Және қазіргi қазақ жазуының бейнесiн, болашақ “кескiнiн” тану үшін қазақ жазуы тарихындағы дыбыстық жазу түрлерінің сипатын, әліпбиi мен емлесiн анықтау қажеттiгi бар.

Қазақ халқының пайдаланған дыбыстық жазу түріне көне түркі жазуы, ұйғыр, араб жазуы және А.Байтұрсынұлының төте жазу (ТЖ) үлгісi, латын графикасына негiзделген қазақ жазуы (ЛГнҚЖ), орыс графикасына негiзделген қазақ жазуы (ОГнКЖ) жатады.


Алғашқы әріп жазуының бір тармағы – руникалық көне түркі алфавиті болып табылады. Бұл алфавитпен жазылған ескерткіштер – көне түркі тайпаларының жоғары тіл мәдениеті мен білім өресінің көрсеткіші.

Талас, Енисей, Орхон жазуларының табылуы, оқылуы, этногенезі, түркі халықтарының тарихына, әдебиетіне, мәдениетіне қатысы, графикасы мен грамматикасы, лексикасы, қазіргі түркі тілдерімен сабақтастығы туралы еңбектер аз емес. Көне замандағы ауызша сөйлеу жүйесі беймәлім жазу таңбаларын қазіргі тіл дамуының тұтынушысы бола отырып, аршу, дүдәмал дыбыстық тілге кодтау, код таңбаларының мәнін көрсету, кодтың (әліпбидің) кілтін түзу қаншалықты қиын екенін ескерсек, көне түркі жазуына “барған” ғалымдардың еңбегі өлшеусіз екенін көреміз. Сондықтан көне түркі жазуы туралы қазақ тіл білімінде бірыңғай пікір қалыптастырған Ғ.Айдаров, А.Аманжолов, Ә.Қайдар, Ғ.Мұсабаев, Ә.Құрышжанов сынды ғалымдардың зерттеулерін жоғары бағалай келе, зерттеушілердің көне түркі жазуының әліпбиін құрастырып, ондағы әріп таңбаларының мәнін, берілу тәсілдерін, дыбыстық заңдылықтары туралы жазған еңбектерін пайдалана отырып, көне түркі жазуындағы дауысты дыбыстардың таңбалану жүйесі мен ішінара дауыссыз дыбыстардың емлесі туралы сөз қозғағымыз келеді [5, 112].

Араб жазуының түркі тілдерінде қолданылуы, негізінен, ІХ-ХІ ғасырлардан басталады. Мұндай түркі тілдес ескерткіштердің қазірде мәлім болған тұңғыш нұсқасының бірі

«Құдатғу біліг» (1069 жыл) дастаны. Бұл дастанның араб әрпімен жазылған Наманган және Каир қолжазба нұсқалары шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырларда көшірілген.Сонымен қатар ХІ ғасырдың мұрасы «Диуани луғат ат-түрік» еңбегі де, ХІІ-ХІҮ ғасырларға жататын «Ақиқат сыйы», «Әулие-әмбиелер қиссасы т.б. еңбектер де араб әліппесімен жазылған.

Араб графикасындағы <е> фонемасының ашық-қысаңдығы айырылмағандықтан екi әріппен де берiлдi. Сонда <а>, <ә>, <е> фонемалары бiр графемаға ұйымдасқанмен төрт түрлі позициялық әріп-вариантта қолданылды. Оларды графема-әріп қатынасында көрсетсек, мысалы, фонема: 1 графема; 1 графема: 4 әріп болады [20, 88 б.). Г.Мамырбекованың зерттеуi бойынша, дауыстылардың өзіндік таңбаланатын жүйесi болған. Сөз басында <е> фонемасы мiндеттi түрде иа-мен берiлген, ал сөз ортасы мен аяғында <а>, <0>-лермен бiрге һа арқылы таңбаланған. Бiздің ойымызша, мұндағы сөз басындағы <е>-нің дифтонг реңкi жазуда ескерiлген. Ал сөз ортасы мен аяғында ашық езулiктердің позициялық реңкi нейтрализацияланып берiлген деймiз. Дауысты дыбыстардың бiр инвариант таңбасының (харакат) қойылмай кету ерекшелiгi жазудың кодтық қасиетiн бiлдiрдi.

Араб жазуының емлесiндегi бiр ерекшелiк ерiн үндестігiнің басым берiлуi, тiптi қосымшаларда да таңбалануы болды. Мысалы, болұс, мүйүз, тұрғұн, ұзұнлқ, үстүнен [6, 466.]. Яғни, ерiн үндесімi позициялық өзгерiстi бейнелеген фонетикалық принциптен де шықты, сонымен бiрге оғыз-қарлұқ архаикалық элементiнің де дәстүрін сақтады, мысалы: оқұт, бірақ барұб, келүб.

Проф. Р.Сыздық К. Жалайырдың еңбегiнде лабиалды үндесім тұрақты таңбаланбайтынын, ал қосымшалардың ерiндiк варианты мүлде кездеспейтiнiн айтады.

Бұл тенденцияны орта түркі шағатай тiлiнің орфографиялық нормасынан қазақ тiлiнің өз емле нормасы бөлінiп шыға бастағаны деп түсiндiруге болады [7, 23].

Қосымшалардың түбірге үйлесiмсiз бірыңғай вариантпен жазылуын Г.Мамырбекова инвариант-вариант принципi бойынша ұяң нұсқасы инвариант болып табылған да, ауызша тілде үйлесiм варианттарымен дыбысталғаны деп көрсетедi.

Жалпы, мұнда қосымшалардың мазмұн межесi (мысалы, көптiк жалғауының қазақ ауызша тілінде 9 варианты бар) бiр тұрпат межесiне сай келген қосымшаның таңбалық сипатын көруге болады: <лар, лер, дар, дер> / <лар>.

Сөз болып отырған жазу емлесi морфологиялық ұстанымға негiзделдi. Дегенмен, ерiн үндестiгiнің позициялық түрленiмiнің таңбалануы, орнына, халқыңыз, көңлүме сияқты сөздерде қысаң езулiктердің айтылуы бойынша түсiрiлiп жазылуы, интервокал позициядағы

<қ>  фонемасының  <х>  әрпімен  (йахшы,  йарылханыб,  ахыры,  ахшар)  берiлуi,  /қ/,  /ғ/


әріптерiнің жуан дауыстылармен iргелес жазылуы араб жазу дәстүрінен қазақ тiлiнің өзiне тән жазу жүйесi түзілiп келе жатқанынан хабар бердi.

Араб графикасының қазақ тiлiнің дыбыстық жүйесiн берудегi қолайсыздығы, омографтардың көбейiп кетуiнен мәтін мағынасын түсiну қиындығы жазудың демократиялануына кедергi келтiрдi. Бірақ генетикалық жағынан туыс емес тiлдің жазу жүйесiн жазу дәстүріне енгiзу қиындығынан ол дәстүрден бас тарту қиындығы басым болды. Сондықтан А.Байтұрсынұлы қазақ халқы үшін жазуды жөндеудің бiр ғана жолын көрдi, ол графиканы өзгертпей, әлiпбидi жетiлдiру жағы болғаны белгiлi. Бұл қазақ жұртының өзге елдің саясатына мойынсынбай, өз тiлiнің төл жазуын ойлап тапқанмен бiрдей болды. А.Байтұрсынұлы әліпбиiнің түзілiп, ұсынылғанынан бастап, қолданыста қолдау тапқанына дейiн үлкен күш, табанды бәсекелестiк қажет болды. әліпбидің iшкi құрылымы бәсекелестiкке төтеп бере алатындай жағдайда болса да, бiрiншiден, жалпы араб графикасынан бас тартуды ұсынғандар қатары көп болды, екiншiден, “сол кезеңдегi Ресей үкiметi саясатының есебiнен орыс жазуына көшу бағыты шығып қалып едi. 1876 жылы қазақ жазуын орыс графикасына көшіру туралы мәселе үкіметтің ресми саясаты дәрежесiнде мықтап қолға алынады” [8, 25].

Орыс графикасына негiзделген ең алғашқы қазақ әліпбиi жобасын Н.И.Ильминский жасады. Н.И. Ильминский әліпбиiндегi қазақ тiлiнің өзiне тән дыбыс дауыстылардың таңбалары мынадай болды: ǎ – <ә>, ǒ – <ө>, у – < ү>, i – і, – ы – <ы>, н – <ң>, к – <қ>, г – <ғ>. Сөйтіп, зерттеушi он шақты қосымша белгi алғанымен, орыс әліпбиiндегi е, в, и, ф, ц, х, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я таңбаларын (қазақ тiлi дыбыстық құрамына тән емес дыбыс таңбаларын) қолданбады.

Өз бастауын ІХ-ХІ ғасырлардан-ақ алып келе жатқан араб графикасы кейінгі ғасырларда қазақ тіліне қанша икемделгенмен, кемшіліктен арыла алмады. Тіліміздегі дауысты дыбыстарды таңбалауда араб алфавитінің олақтығынан қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық беру мүмкін болмады. Дауысты дыбыстардың сөз мағынасын ажыратуда айырықша маңызды қызмет атқаратынын айтып жатудың да қажеті шамалы. Ал араб әліппесіндегі небәрі үш қана дауысты дыбыс қазақ тілінің вокалдық ерекшеліктерін бере алмады.

Мұндай кемшіліктер сол кезеңдегі баспасөз беттерінде жарияланып, араб әліппесінен басқа бір алфавит ойлап табуды мәселе етіп көтерді.

Бұл мәселені шешуге қазақ халқының ағартушысы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, қазақ халқының «рухани көсемі» А. Байтұрсынұлының қосқан үлесі айырықша. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен оны таңбалайтын әріптер туралы пікірлерін ғалым 1912 жылдан бастап

«Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттерінде білдіре бастайды. «Айқаптың» 1912 жылғы 9-10 нөмірлерінде «Шаһзаман мырзаға» атты көлемді мақала жазып, онда қазақ дыбыстарын білдірмейтін араб таңбаларын қазақ алфавитіне енгізбеу керектігін, сөздің тұтас жіңішкелігін білдіру үшін оның алдына дәйікші дейтін таңба қою қажеттілігін дәлелдейді.

«Қазақ» газетінің 1913 жылғы 34-інші және әрі қарайғы сандарында «Жазу мәселесі» деген үлкен мақала жарияланып, онда кейбір дауысты дыбыстарды таңбалау жайындағы өзінің пікірлерін айтады.

А.Байтұрсынұлының әліпбиін 1913ж. Стамбулда өткен кеңесте түрік, араб, иран жазуы үлгі етуге уағдаласып, қазақ жазуы ресми түрде 1924ж. бекіткенімен, әліпбиге берілген жоғары бағаға қарамастан түркі халықтарынан әзербайжан жазуы 1922ж. көшкеннен бастап басқа түркі жазулары да әр-сәрі күйде қалды. Сөйтіп, 1926 жылы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында Бакуде өткен түркітанушылардың съезінен кейін 6 наурызда қазақ жазуын латын графикасына көшіруді қолға алу тапсырылады.

А.Байтұрсынұлының әліпбиi ресми түрде тек 1924 жылы қабылданғанымен, бұл графиканы 1913 ж. Стамбулда өткен кеңесте түрік, араб, иран жазуының бәрi үлгі етуге пәтуаласқанмен, Қ.Жұбанов: бас тартып латын алфавитiн қабылдауымызға ұйтқы болған Қазақстан емес, Бүкілодақтық орталық жаңа Алфавит комитетi Ғылыми кеңесiнің қысымы... Бұл жүйе қазақ тiлiнің ерекшелiгiне әбден лайықты (тегiнде жалғыз қазаққа ғана тән деп қарауға болмайды), қазіргi алған жаңа әліпбиiмiзге де өте қолайлы, өйткені араб жазуын таңбалау табиғатына мұның еш қатысы жоқ және дәл сондай-ақ алфавит бiткенге бiрдей


үйлесiмдi” дегенмен, бәрiнен бұрын профессор Е.Д.Поливановтың Байтұрсын әліпбиiне берген: “Эту последнюю форму, которую приняла казах-киргизская графика в 1924 году, я во всяком случае считаю уже не нуждающейся в исправлениях и представляющей последний шаг в историческом формировании национальной графики, котором с полным правом могут гордиться киргизские деятели просвещения — сөздатели реформы, как крупным культурным завоеванием” деген бағасына қарамастан, 1926 жылы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында Бакуде өткен түркітанушылардың съезiнен кейiн 6 наурызда қазақ жазуын латын графикасына көшiрудi қоса алу тапсырылады [9, 54 ].

Жалпы, латын жазуына көшу Орта Азия түркі халықтарында, әсіресе татар халқы мен қазақ даласында бірауыздан қолдау тапқан жоқ. Процесс өте баяу, жай өрбіді. Сондықтан 1928 жылы 18-23 желтоқсан аралығында Қазанда жаңа түркі әліпбиінің бүкілодақтық орталық комитетінің ІІІ пленумы шақырылады. Қазақстаннан Асфендияров, О.Жандосов, Нұрмақов, Т.Шонанұлы, Тоғжанов, Т.Рысқұлов сынды білімпаздар қатынасады. Пленумда көтерілген мәселелер негізінен латын әліпбиіне көшу баяулығы, әзірбайжан жазуы қабылданған әліпби негізінде өзге түркі халықтарының әліпбиін бірдейлестіру, жазу тарихындағы сол дәуірді мұрағат ретінде сақтау, бас әріп мәселесі, емле принципі, фонетикалық пен морфологиялық принципті қатар ұстау деген мәселелер төңірегінде болды. Н.Ф.Яковлев унификацияның графикалық, фонетикалық, орфографиялық түрлері болады. Негізгі бірлестіру фонетикалық болып табылады, ол әр таңбаның ортақ дыбыстық мағынасы бар болу деген сөз деді. О.Жандосов Қазақстан латын жазуына көшуді кешеуілдетіп отырса да, бірлестіру жағынан Әзірбайжаннан алда тұр, бірлестіру негізіне бір жазуды алу деген дұрыс емес, өйткенде әр халық өз жазуының дұрыстығын дәлелдейді. Сөйтіп, 1929 жылы қазақ жазуының араб әліпбиінен латын графикасына түпкілікті көшкенін хабарлайтын “Жаңа алфавит туралы қаулы” шықты. Мұндағы әліпбиде 29 әріп болады. Әліпбиде қазақ тілінің өзіне тән 9 дауыстысы мен 20 дауыссыз фонемасына әріп арналды. <қ>, <ғ>, <к>, <г> дыбыстарының жеке таңбасы болды. ь <ы> таңбасы орыс алфавитінен алынды, ƣ <ғ>, č<ж>, ŋ<ң> таңбалары болды және одағайларда ғана қолданылатын шығыс кірме сөздерінде жазы-латын һ <һ> дыбысының әрпі бар. Алфавитте бұдан басқа кірме сөздерде кездесетін әріп қатары болған жоқ [1, 86].

Тілдің ілгері басып өсуі үшін оның емлесі мен термин мәселесі дұрыс шешілмей болмайды. Болмайтын себебі сол: өркендеп алға барған тілдің түрлі тарауының бәрі де сол емле, терминологиямен сабақтасады да отырады. Тілдің әліппиінен бастап, жоғары сатысына жеткенше ілім-техниканың не бар игілігін сөзбен айтып, ашып бере аларлық дәрежеге жетудің өзі де емле мен терминологиядан аулақ болмақ емес. Емле мен терминологияның қызметі сол қалың еңбекшінің қолын мәдениетке жеткізу болады да, ондай кезде емле мен терминологияның мәні әсіресе зор болады.

Осы орайда терминдерді қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына бағындырып жазғаннан гөрі, түбірін цитаталық, қосымшасын фонетикалық принциппен жазғанды ұсыну Қ.Жұбанов тарапынан шыққанын айта кеткеніміз жөн. Бұл кірме сөздер қазақ тіліне сай орфограммалаудың қиындығынан, жазудағы ала-құлалыққа тосқауыл қоюды ойластырған ниетінен шықты дейміз.

Қазақтың өз сөздерінің жазуында да ол емленің кемшілігі аз емес екенін жаңа көрсетіп өттік. Міне, cондықтан, осы күнгі емленің ережесінің аз болуы – тілдің шын қалпын аз ережеге сыйғызып, түгел қорытып шығарғаннан емес, тек есіне түскен қалыптарын ғана ереже қылып шығарып, ең керектерін ұмытып кеткендігінен, елеусіз қалдырғанынан болған соң, емлеге кірген ережелердің бәрі жиылғанда да тілдің емлеге керек мәселелерінің бәрін түгелімен ішіне ала алмайтын болған соң, қазірде емле бір көрмеге оп-оңай сияқтанғанмен, өзі шын емле бола алмай, жазуды мүлде шатастырып, анархия шығарып отыр. Шынында, емле жеңіл болу үшін ереженің саны да, ережеге көнбейтін одағай қалыптардың саны да құр аз болып шығу ғана шарт емес, тілде бар емлеге керек қалыптардың бәрінің түгел тексеріліп, ереже боп, қорып шығуы шарт. Міне, солай қорып шыққан ереже өзі барынша аз болып,


емлеге керек мәселелердің бәрін де ішіне алатын болса, емле сонда ғана шын емле болады. Жазудағы басты мақсат - ойды дәл жеткізу ғана емес, тілдің тазалығы да басты міндет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Күдеринова Қ.Б. Қазақ жазуының тарихы мен теориясы. Оқу құралы. Алматы:

«Елтаным баспасы», 2013. 242 б.

2.     А.Байтұрсынұлы. Тіл тағылымы. Алматы: Арыс, 1992.

3.     Күдеринова Қ. Қазақ жазуының териялық негіздері. А., 2010.- 377 б.

4.     Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. Алматы, Мектеп,1986.-180 б.

5.     Уәлиұлы Н. А.Байтұрсынұлы жене қазақ жазуының онтогенездiк дамуы // Ұлттық рухтың ұлы тiнi. Алматы: Ғылым, 1999. -566 б.

6.     Уәлиев Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негiздерi: фил. ғыл. канд.         автореф. Алматы, 1993.—162 б.

7.     Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. Алматы: Ғылым, 1988. – 113 б.

8.     Сыздық Р. Қазақ тілінің анықтағышы. А., 2001.

9.     Уәлиев Н. Қазақ әліпбиі мен орфографиясының фонологиялық негіздері Алматы, 1993. дисс. Қолжазба

10. Сәдуақас Н.А. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің болашағы. 32 б. // «Қазақстан- 2050» стратегиясы: мемлекеттік тіл және көптілді білім беруді дамыту мәселелері, 2013