Аңдатпа. Мақалада қытай тіліндегі ономастикалық атаулардың, оның ішінде антропонимдер мен топонимдердің транслитерацияда түпнұсқаға сай немесе мейлінше жақын келетін ғылыми негізді нұсқалары ұсынылып, нақты мысалдармен дәйектеледі. Алдымен, қарастырылып отырған тақырыптың тарихына шолу жасалады және осы саладағы еңбектер талданады, соның негізінде мәселенің өзектілігі негізделеді. Қытай тіліндегі антропонимдер мен топонимдерді қазақ тілінде дұрыс таңбалау мәселесіне қатысты ұсыныстар жасалады. Автор тарапынан алдымен қытай тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне талдау жасалып, кісі есімдері мен жер-су атауларының қытай тілінің емле ережесіне сай жазылуына қатысты ерекшеліктер көрсетіледі. Содан кейін Қытайда жарық көрген «Қазақ тілінің емле сөздігі» деп аталатын еңбектегі ханзу тілінен енген сөздер мен жер-су, адам аттарының жазылуына қатысты хань ұлтының есімдері, қытайша жер-су атауларын қазақша жазудың алты емле ережесі жеке-жеке талданады. Сонымен қатар, қытай қазақтарының қытай тіліндегі кісі есімдері мен жер-су атауларын төте жазуда таңбалау тәсілдері де қарастырылады. Қытай тіліндегі жер-су және кісі есімдерін қазақ тілінде орыс тілі арқылы қабылдау дәстүрімен емес, тікелей түпнұсқа тілден және сол түпнұсқа қытай тілі мен қазақ тілінің ерекшеліктері ескеріле отырып, транслитерация тәсілімен берудегі тиімді жолдар ұсынылады.

Мақала ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қытай тіліндегі ономастикалық атауларды жаңа ұлттық қазақ латын жазуында таңбалаудың лингвистикалық негіздері» атты гранттық жобасы (ЖСН 0121РК00508) негізінде жарияланды.

Тірек сөздер: қазақ тілі, қытай тілі, жазу, дыбыстау, кирилл жазуы, ономастика, таңбалау, емле ережесі.

 

Кіріспе

Қытай тіліндегі дыбыстар мен дыбыстар тіркесінің (қытайша атауы pinyin) қазақ-кирилл                        әрпімен     таңбалануына                         қатысты   қалыптасқан      белгілі      бір ереженің болмауы бірқатар қиындықтарды туындатып отыр. Бұл, біріншіден, аударма саласында өзекті мәселе. Өйткені қытай тіліндегі ономастикалық атаулардың қазақ-кирилл әрпімен транслитерациялануы күні бүгінге дейін бір жүйеге түспеген. Оларды әркімнің өз қалауынша жазуы атаулардың орфографиясындағы ала-құлалыққа әкеліп отыр. Мәселен, бірқатар еңбек авторлары ономастикалық атауларды орыс тілінің фонетикалық заңдылығы бойынша таңбаласа, қазақтілділер қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына сүйеніп жазады. Сондай-ақ Қытайдағы қазақтілді басылымдарда төте жазу арқылы беріледі, бұл жазуда мүлде басқаша таңбаланады. Бұл аталған жайттар келесі өзекті мәселелермен сабақтасып жатыр. Олар білім беру саласы, оқу үдерісіне, баспа ісіне қатысты болып келеді. Яғни оқулықтарда, оқу құралдарында, сөздіктерде, ғылыми әдебиеттерде антропонимдер мен топонимдер түрлі нұсқада жазылуы қытай тілі мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер мен магистранттарға, жалпы оқырманға қиындық тудыратыны айтпаса да түсінікті.

Еліміз тәуелсіздік алып, ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алса да, қытайдың кісі аттары мен жер-су атаулары қазақтілді БАҚ-та Кеңестік дәуірден бері қолданылып келе жатқан орыс графикасы негізінде жасалған

«Палладий транскрипция жүйесі» бойынша таңбаланады. Мәселен, қытай тіліндегі ng [ŋ] дыбысына қазақ тілінде сәйкес келетін ң дыбысы бар болғанымен, онымен жазылмай, керісінше н әрпімен жазылады, ал н дыбысы нь таңбаларының тіркесі арқылы жазылады. «Палладий транскрипция жүйесінде» r [ʐ] дыбысы ж әрпі арқылы қате таңбаланғанына қарамастан, r дыбысы сол бұрынғыша ж әрпімен жазылып жүр. R мен ж дыбыстары – айтылу жағынан бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі түрлі дыбыс. Сондықтан қазақ тілінде r-ны кәдімгі р әрпімен таңбалаған дұрыс деп санаймыз. Қытай реформаторы邓小平 Deng Xiaoping-нің аты-жөні Дэн Сяопин болып орысша жазылып жүр.

Қытай тіліндегі e [ɣ] дыбысы орыс тіліндегі э дыбысына қарағанда, қазақ тіліндегі ы дыбысына көбірек cәйкес келеді, x [ɕ] дыбысы орыс тіліндегі с дыбысына қарағанда, қазақ тіліндегі ш-ға жақындау, ал ng дыбысы қазақ тіліндегі ң дыбысына толық сәйкес келеді. Сондықтан Deng Xiaoping қазақ тілінде Дың Шяупің болып жазылуы керек еді.

Қытай тіліндегі [ren] (адам) сөзінің орыс тілінде жэнь деп таңбаланып, мүлде басқаша оқылады. Жэнь сөзін қазақша жен деп оқимыз ба? әлде латын графикасында жазылуы бойынша jen деп оқимыз ба? Ал қазақ тілінде рын болып дұрыс жазылады және бұл оқуға да жеңіл.

Орыс тілінде жазылған Чжоу Эньлай (Zhou Enlai), Ли Кэцян (Li Keqiang), Жэнь Чжэнфэй (Ren Zhengfei), Шэньчжэнь (Shenzhen), Шицзячжуан (Shijiazhuang) деген жалқы есімдер қазақ-кирилл графикасында Жоу Ынлай, Ли Кычяң, Рын Жыңфый, Шынжын, Шыжяжуаң болып жазылады.

Бұл талдаулардан орыс-кирилл графикасына қарағанда, қазақ-кирилл графикасы қытай есімдерін бара-бар дәлдікпен таңбалай алатындығын аңғару қиын емес. Бұл әрі көзшалымға оңай танылады, әрі оқылымда қиындық тудырмайды, жазуға да жеңіл. Дәлел ретінде мынадай мысал келтіруге болады: орысшада Zhou Enlai есімін Чжоу Эньлай деп 10 таңбамен жазсақ, қазақ тілінде Жоу Ынлай деп 8 таңбамен жазылады. Чжоу Эньлай сөзін орысша жазылуы бойынша айту да қиындау. 11 таңбамен жазылған Жэнь Чжэнфэй (Ren Zhengfei) есімі қазақшада Рын Жыңфый болып 9-ақ таңбамен беріледі. Shenzhen сөзі орыс тілінде 9 таңбамен жазылса, қазақ тілінде 6 таңбамен қысқа жазылады. Бұл жазуға да, дыбыстауға да жеңіл. Сонымен қатар, қытай тілінің дыбыстарын қазақ-кирилл графикасында таңбалауда “бір дыбыс – бір әріп” қағидатын да ескеруге болады.

«Қытай тілінің фонетикалық дыбыстаңба жобасында» берілген дыбыстар мен дыбыс тіркесімдерін (pinyin) қазақ тілінде транскрипциялаудың ғылымитеориялық негізін жасап, бірізге түсіру – өзекті мәселе. Әсіресе, латын әліпбиіне көшудің алдында қытай тілінің дыбыс тіркесімдерін (pinyin) қазақ тілінде транскрипциялау стандартын жасау, қытай тілінің ономастикалық атауларын қазақ латын графикасында жазудың емле ережелерін жасау – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып саналады.

Британдық дипломат, Оксфорд университетінің профессоры Томас Фрэнсис Уэйд (Thomas Francis Wade) 1867 жылы “文件自迩集 Wen-chien tzu-erh chi” деп аталатын қытай тілі оқу құралын жазып, қытайдың жер-су атауларын латын графикасымен транскрипциялау тәсілдерін ұсынған. Аталмыш транскрипциялау тәсілі “Wade system” деп аталады. “Wade system” сол кезде қытайдың кісі аттары мен жер-су атауларын жазудың стандарты ретінде қолданылды.

1912 жылы Томас Фрэнсис Уэйдтің шәкірті Г.А.Джайлстің (Herbert Allen Giles) «Chinese English Dictionary» сөздігі жарық көреді. Автор сөздікте “Wade system” жобасының транскрипциялау жүйесіне біршама өзгерістер енгізіп, “Wade-Giles” жобасын жасап шығады. “Wade-Giles” жобасы пошта-телеграф саласында, шетелдегі кітапханаларда сақталған қытай әдебиеттерінің каталогын жасауда, шетелдік төлқұжаттағы қытай есімдерін және жер-су атауларын латын графикасында жазуда жаппай қолданыла бастайды.

1906 жылы Шаңхайда өткен “Империялық пошта-телеграф” бірлескен жиналысында (Imperial Postal Joint-Session Conference) Қытайдың жер-су атауларын латын графикасында транскрипциялауды біріздендіру мәселесі талқыланады. Жиында Қытайдың жер-су атауларын транскрипциялауды бір ізге түсіру үшін британдық дипломат Г.А.Джайлстің «Қытайша-ағылшынша сөздігі» басшылыққа алынуы қажет деген келісімге келеді. Бұл жоба “Poctal Spelling System” деп аталды.

Қазір “Poctal Spelling System” мен “Wade-Giles” жобасындағы латын графикасымен таңбаланған қытай тіліндегі ішінара атаулар сол қалпында жазылып жүр: Peking University, Tsinghua University, Soochow University, Nanking University, Hongkong, Kungfu, т.б.

Пекин, Нанкин, Гонконг, конг-фу сөздері “Poctal Spelling System” жобасындағы жазылуы бойынша орыс тіліне енген.

Қытай иероглифтерінің оқылуын латын графикасына негізделген фонетикалық транскрициясын жасап, Қытайдың ортақ тілі путунхуаны бүкіл Қытайға жалпыластыру мақсатында 1958 жылы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысында “Қытай тілінің фонетикалық дыбыстаңба жобасы” ресми түрде қабылданады. 1977 жылы Географиялық атауларды стандарттау жөніндегі БҰҰ-ның конференциясы (UNCSGN) “Қытай тілінің фонетикалық дыбыстаңба жобасын” Қытай тіліндегі ономастикалық атауларды латын графикасында жазудың халықаралық стандарты ретінде қабылдауға шешім шығарады. 1982 жылдың 1 тамызында Халықаралық стандарттау ұйымы (ISO) аталған жобаны қытай тілі дыбыстарын таңбалаудың халықаралық стандарты етіп бекітеді. “Қытай тілінің фонетикалық дыбыстаңба жобасында” қытай тілінің әліпбиі (ағылшын тілінің 26 әрпінен құралған), дыбыс тіркесімдерінің түрлері (қытай тілінде қалыптасқан дәстүр бойынша дыбыстар шыңму мен юнму болып бөлінеді. Шыңмулардың саны – 21, юнмулардың саны – 39) және олардың дыбысталуы мен таңбалануы; дыбыстардың тіркесіп буын құрау заңдылықтары; дыбыстарды тіркестіріп жазудың негізгі емле ережелері қысқаша берілген.

“Қытай тілінің фонетикалық дыбыстаңба жобасының” қазіргі қытай тілінің фонетикасын меңгеру мен меңгертуде, қытай тіліндегі ономастикалық атауларды қазақ тілінде жазуда көмегі зор.

Орыс синологы Архимандрит Палладийдің “Палладий транскрипция жүйесінде” қытай тіліндегі 400-ден астам дыбыс тіркесінің (pinyin) орыс тілінде таңбалануы берілген. Автор қытай тіліндегі дыбыс тіркестерін орыс тілінің фонетикалық заңдылығына икемдеп, орыс тіліндегі дыбысталуы бойынша таңбалағандықтан, оның қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына сай келе бермейтін тұсы көп.

Елімізде қазірге дейін қытай тілінің ономастикалық атауларын қазақ тілінде жазу мәселесі қарастырылмай келеді. Бұл бағытта “Қытай тілінің фонетикалық дыбыстаңба жобасындағы” дыбыс тіркестерін қазақ-кирилл графикасында таңбалау туралы И.Қошқаридің “Қытай тіліндегі кісі және жер-су аттарын қазақша таңбалау ережелерінің жобасы” атты мақаласы жарық көрген. Д.Мәсімханұлы мен А.Әбиденқызының авторлығымен дайындалған “Қытайша-қазақша үлкен сөздік” соңында “Қытай тіліндегі буындардың қазақша транскрипциясы” қосымша ретінде кестемен берілген. Ал, тұтастай алғанда, осы уақытқа дейін қытай тіліндегі кірме сөздер мен ономастикалық атауларды қазақ-латын графикасында таңбалауға арналған еңбек жоқ.

Қытай және қазақ тілдеріндегі дыбыстарды салғастыра отырып, қытай тіліндегі кісі есімдері мен жер-су атауларын кирилл негізді қазақ жазуында таңбалаудың тілтанымдық негіздерін айқындау. Бұл қытай тіліндегі кісі есімдері мен жер-су атауларының қазақ тілінде дыбысталу мен таңбалану тәсілдерін көрсете отырып, қытай тіліндегі антропонимдер мен топонимдердің қазақ тіліндегі орфоэпиясы мен орфографиясын дайындау, яғни емле ережесінің бірізді жүйесін жасау арқылы іске асырылады. Бұл орайда қытай тіліндегі кісі есімдері мен жер-су атауларын қазақ тілінің дыбыстық заңдылығы мен қазақ-кирилл жазуының мүмкіндігіне негіздеп, кісі есімдері мен жер-су атауларын қазақ жазуында дұрыс транскрипциялау мәселесі маңызды болып табылады. Ол үшін қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен қытай тілінің дыбыс жүйесін салғастырмалы аспектіден зерттеу арқылы қазақ тілінде баламасы жоқ қытай тіліндегі дыбыстарды анықтап, оларға қазақ тіліндегі баламасын ұсыну; қытай қазақтарының қытай кісі есімдері мен жер-су атауларын төте жазумен жазудағы тәжірибесімен бөлісе отырып, қытай тілінің дыбыстары мен дыбыс тіркестерін қазақ-кирилл графикасы арқылы транскрипциялау жобасын әзірлеу қажет. 

Зерттеудің деректері мен әдістері

Деректер қытайша-қазақша және қытайша-орысша қос тілді сөздіктерден, қытайша-қазақша-орысша үш тілді салааралық сөздіктерден, қазақ тілінің емле сөздіктерінен, қытай тіліндегі кісі есімдері және жер-су атауларының түсіндірме сөздіктерінен, қазақ және қытай тілді интернет сайттарынан алынды. Қытай есімдерін ресми құжаттарда жазудың мемлекеттік стандарты саналатын «The Chinese phonetic alphabet spelling rules for Chinese names» пайдаланылды.

Қазақ тілінде қытай тіліндегі бірқатар дыбыстардың болуы және буындардың жасалуы, дыбыс тіркестерінің сәйкестігі, дыбысталғанда тіліміздің фонетикалық заңдылығына сәйкес келетіндігіне қарамастан, көптеген сөздер күні бүгінге дейін орыс тіліндегі нұсқа бойынша жазылып келеді. Дегенмен екі тілдің ерекшеліктерін ескеріп, қазақ тілінің дыбыстық заңдылығын сақтай отырып, төмендегідей тәсілдерді қолдану арқылы мәселені шешуге болады деп есептейміз.

Қытай тілінің дыбыстық ерекшеліктері:

1)    қытай тілінде бір иероглиф бір буыннан құралады; 2) қытай тілінің буын құрамында дауыстылардың саны дауыссыздарға қарағанда әлдеқайда көп болады; 3) қытай тілінде дауыссыздар (n мен ng басқасы) ешқашан буынның соңынан келмейді; 4) қытай тілінде екі немесе үш дауыссыз дыбыстың тіркесінен басталатын сөздер мүлде кездеспейді, буынның құрамында екі немесе үш дауыссыз қатар келмейді, дауыссыздар тек буынның басында ғана тұрады (n, ng дыбыстарынан басқасы); 5) қытай тілінде буын үндестігі (сингармонизм) болмайды, иероглифтер тасымалданбайды.

Қытай тілінің осындай төл ерекшеліктеріне қарамастан, біз қазақ тілінің айтылым    және    жазылым    заңдылықтарын    сақтау   мақсатында  мынадай мәселелерге назар аударып, қытай тіліндегі бір буында қатар келетін кейбір екі дыбыс тіркесінің бір дыбысын ғана таңбалау; қытай тілінде екі таңбамен берілген, мағына айыратын дауыссыз дыбыс таңбаларын қазақ тілінде бір ғана   таңбамен   беру   және   т.б   тәсілдер   арқылы   таңбалауға          болатынын негіздейміз.         Нәтижесінде:    біріншіден, қытай тіліндегі  жалқы       есімдерді таңбалаудың   ғылыми          ұстанымдары            қарастырылып,   лингвистикалық негіздері      айқындалды;      екіншіден,      қытай     тіліндегі              ономастикалық атауларды қазақ-кирилл графикасында таңбалаудың тәсілдері ұсынылады. Зерттеу барысында сипаттама жасау, талдау, салғастыру сияқты дәстүрлі әдістер қолданылды. Шеттілдік атауларды таңбалаудың транскрипциялау және транслитерациялау тәсілдері пайдаланылды. Сонымен қатар, қытай тілі дыбыстарын қазақ тілінде таңбалауда “бір дыбыс бір әріп” қағидаты

басшылыққа алынды.

 

Нәтижелер мен олардың талқылануы

ШҰАР Ұлттар тіл-жазу қызметі комитеті ‒ Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр, қырғыз және тағы басқа ұлттардың жазуына арналған орфографиялық ережелерді дайындайтын және бекітетін мекеме. Бұл мекеме «Қазақ тілінің емле сөздігі» деп аталатын көлемді еңбекті құрастырып, баспадан шығарды. Қытайдағы қазақтілді басылымдарда аталған сөздікте жазылған емле ережелер қатаң басшылыққа алынады.

Енді аталған сөздікте бекітілген емле ережелеріне жеке-жеке тоқталайық. Сөздікте            “Ханзу     тілінен          енген       сөздер                  және    жер-су,      адам     аттары мүмкіндігінше     «Қытай                  тілінің    фонетикалық      жазу                  жобасындағы» дыбыстардың өлшемді дыбысталуы бойынша жазылады” [1,670 б.], дей келе, хань ұлтының есімдері, қытайша жер-су атауларын қазақша жазудың төмендегідей емле ережелері ұсынылады. Біз енді осы 6 түрлі ережеге жеке-

жеке тоқталамыз.

1.           Бірінші ережеде zh, j әріптерінің орнына ж әрпі, q, ch әріптерінің орнына ш әрпі, x, sh әріптерінің орнына ч, ал c, s әріптерінің орнына с әрпі жазылатыны көрсетілген [1,670-671 бб.].

Қытай тілінде дауыссыз дыбыстарды таңбалайтын әріптер: b, p, m, f, d, t, n, l, g, k, h, j, q, x, z, c, s, zh, ch, sh, r, ng. Бұлардың құрамындағы қазақ-кирилл әліпбиіндегі дауыссыз дыбыс әріптерімен сәйкес келетіндері: b — б; p — п; m— м; f — ф; d — д; t — т; n — н; l — л; g — г; k — к; h — х, z — з; s — с; ch — ч; sh — ш; r — р; ng — ң. Сәйкес келмейтіндері: q, c, zh.

Жоғарыдағы zh, j, q, ch, x, sh, c, s дыбыстары орыс тілінде жеке-жеке әріптермен немесе әріп тіркестерімен таңбаланады: zh — чж; j — цз; q — ц; ch — ч; x — с; sh — ш; c — ц; s — с [2, 2875-2878 бб.].

Таңбалануы бір-біріне ұқсамайтын жоғарыда көрсетілген 8 дауыссыз дыбыс көне жазуда (төте жазуда) неліктен 4 әріппен ғана таңбаланған деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Мұның себебі – көне жазуда оларға сәйкес келетін, яғни оларды таңбалайтын әріптердің жетіспеуі.

И.Қошқаридің “Қытай тіліндегі кісі және жер-су аттарын қазақша таңбалау ережелерінің жобасы” атты мақаласында z мен zh-ны дз, j-ді дж дыбыс тіркестерімен таңбалайды, q, ch дыбыстарын ч әрпімен береді, ал x, sh дыбыстарын ш арқылы жазады [3,108,114 б.]. Орыс тіліндегі дз мен дж дыбыс тіркестері латын графикасында z және j әріптері арқылы таңбаланатыны белгілі.

Д.Мәсімханұлы мен А.Әбиденқызының «Қытайша-қазақша үлкен сөздігінде» j мен z әрпі цз әріп тіркесімен таңбаланған, s мен x таңбалары бір ғана с әрпімен берілген. Q, ch дыбыстарын ч арқылы таңбалайды. Sh дыбысын ш әрпімен жазады. R дыбысы орыс тіліндегідей ж арқылы таңбаланған [4,1020-1022 бб.]. Біздің пайымдауымызша, r мен ж дыбыстары айтылу жағынан бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі түрлі дыбыс. R-ны қазақ тіліндегі р әрпімен таңбалаған дұрыс. Аталған сөздікте ng әрпі қазақша ң әрпімен таңбаланған. Бұл ешқандай дау тудырмайды. Алайда авторлардың n әрпін қазақ тілінде сәйкес келетін н әрпімен бермей, орыс тіліндегі нь таңбасымен бергенін түсіну қиын.

Біз j, zh дыбыстарын ж әрпімен жазуды ұсынар едік. Q, ch дыбыстарының орнына ч әрпі, ал x, sh дыбыстарының орнына ш әрпі жазылады. C [ tsʰ] дыбысын ц-мен жазамыз. S дыбысының айтылуы қазақ тіліндегі с дыбысына ұқсастау болғандықтан, с әрпімен жазылады. Z дыбысын з арқылы таңбалаймыз.

Сонымен, бірінші ережеде мысал ретінде берілген жер аттарын қазақ-кирилл әрпімен жазсақ:

Guangzhou Гуаңжоу; Changjiang Чаңжяң; Miquan Мичуан ;

Shanxi Шанши; Сai Chang Цай Чаң; Sichuan Січуан.

Ескерту: J тіл алды i дыбысымен немесе i-ден басталатын дыбыс тіркестерімен және ü немесе ü-ден басталатын күрделі юнмулармен (дыбыс тіркестерімен) тіркесіп буын құрайды. Zh тіл арты i дыбысымен тіркеседі, а, е, о, u дыбыстарымен немесе осы дыбыстардан басталатын күрделі юнмулармен (дыбыс тіркестерімен) тіркесіп келіп буын құрайды.

1.  Екінші ережеде а дыбысы а әрпімен, о дыбысы о немесе ұ әрпімен, е [-i] дыбыстары ы әрпімен, u дыбысы ұ әрпімен, і дыбысы и әрпімен, ü дыбысы ү немесе үй әріп тіркесімен жазылатыны айтылған [1,671 б.].

Қытайдың ортақ тіліндегі (putonghua) дауысты дыбыстардың саны 10 ( a, o, e, ê, i, u, ü, – i (тіл алды), – i (тіл арты), er [ɚ]).

А [ɑ] дыбысы сөздің барлық буынында жазылады. А-ны а әрпімен таңбалаймыз. Бұл ешқандай дау тудырмайды.

О [ɔ] дыбысы c, d, g, h, k, l, n, r, s, g, r, t, y, zh дауыссыздары мен ng дауыссызының арасында тұрса, ұ дыбысына жақын дыбысталатындықтан, ұ әрпімен жазылып жүр. Орыс тілінде у арқылы таңбаланып жүр. «Қытайша-қазақша үлкен сөздікте» у арқылы жазылған [4,1020-1022 бб.].

О дыбысы тек b, f, m, p, w, y әріптердің соңынан келеді де, о болып оқылады және о болып жазылады. Бұл ешқандай дау тудырмайды.

Сонымен, біз дыбыс сәйкесімділігін сақтау мақсатында о дыбысын о әрпі арқылы жазуды жөн деп санаймыз.

Е [ɤ] дыбысы қазақ тіліндегі ы дыбысымен сәйкес келетіндіктен, ы

әрпімен жазылады.

«Қытайша-қазақша үлкен сөздікте» e дыбысы жеке тұрғанда ы арқылы таңбаланса, ei, en, er сынды дыбыс тіркестерінің құрамында келгенде орыс тіліндегідей э арқылы таңбаланған: ei – эй; en – энъ; er – эр [4; 1020 б.].

Қытай тілінде ȇ [ɛ] жеке-дара қолданылғанда ȇ болып жазылады, ȇ дыбысының жеке, дара тұрып қолданылуы тым сирек кездеседі. Ол тек iȇ, üȇ дыбыс тіркестерінің құрамында ғана қолданылады. Төбесіндегі (^) белгісі е дыбысымен шатасып кетпеуі үшін қойылған. Iȇ, üȇ дыбыс тіркесінің (қосар юньмулар) құрамында келгенде, төбесіндегі (^) белгісі түсіріліп жазылады (iе, üе), дыбысталуы (айтылуы) өзгермейді. Ê дыбысын қазақша е әрпімен таңбалаймыз.

U [u] дыбысы буынның құрамында екі дауыссыз дыбыстың арасында келсе, ұ әрпімен, ал b, c, g, p, r, s, t, w, z сияқты дауысты әріптердің соңынан тұрса, у әрпімен жазылады.

І [i] дыбысы тіл алды және тіл арты дауысты дыбыс болып екіге бөлінеді. Тіл алды i дыбысы тек с, r, z дыбыстарының соңынан тіркесіп келіп буын құрайды: сі, sі, . Тіл алды i дыбысын қазақ тіліндегі i арқылы таңбалаған дұрыс деп санаймыз: сі — ці; sі — сі; zі — зі. Ал сe, se, re, ze дыбыс тіркестерін цы, сы, ры, зы арқылы таңбалаған жөн.

Орыс тілінде тіл алды i дыбысы ы арқылы жазылып жүр: цы, сы, цзы.

И.Қошқари жоғарыдағы сі, sі, zі дыбыс тіркесімдерін ці, сі, дзі дыбыс тіркестерімен берген [3, 107, 112,114 бб.]. Ал «Қытайша-қазақша үлкен сөздікте» ці, сі, цзы дыбыс тіркестері арқылы таңбаланған [4,1020-1022 бб.].

Тіл арты i дыбысы тек zh, sh, ch, r дыбыстарымен тіркесіп буын құрайды.

И.Қошқари тіл арты i дыбысының қатысуымен жасалған zhі, shі, chі, rі дыбыс тіркесімдерін джі, ші, чі, рі дыбыс тіркестерімен жазады [3,106-114бб.]. «Қытайша-қазақша үлкен сөздікте» чжі, ші, чі, жі арқылы таңбалайды [4, 1020-1022 бб.].

Орыс тілінде zhі, shі, chі, rі дыбыс тіркесімдерін чжи, ши, чи, жи арқылы таңбалап жүр.

Zhі, shі, chі, rі дыбыс тіркесімдерін zhе (жы), shе (шы), chе (чы), rе (ры) дыбыс тіркесімдерімен шатастырмау үшін, оларды жі, ші, чі, рі арқылы таңбалаған дұрыс.

І дыбысы n, ng дыбыстарымен тіркесіп, in, ing мұрын жолды юнмуларын құрайды. In, ing дауыссыздарының құрамындағы i дыбысы жоғарыда аталған еңбектердің барлығында и болып жазылып жүр. Beijing сөзі Бейжің болып жазылады, яғни ing дыбыс тіркесімі ің әріп тіркесімен таңбаланған. In, ing юнмуларынан құралған буындардың құрамындағы і дыбысын қазақ тіліндегі і арқылы жазуды ойластыру керек сияқты.

B, d, j, l, m, n, p, q, t, x дыбыстарының соңынан келген і дыбысы қазақ тіліндегі ій дыбыс тіркесіне ұқсас айтылады және и арқылы жазылады: b — би, ди, —жи, ли, ми, ни, пи, чи, ти, xі — ши.

Ü [y] дауыссыз дыбыстың соңында тұрса, үй әріп тіркесімен, тұйық буынның құрамында (яғни екі дауыссыздың ортасында келсе) ү әрпімен таңбаланады.

А, о е, u, і, ü дыбыстарының орыс кирилл графикасында жазылуы: а — а; о — о; е — э; u — у; і — и (й); ü — юй (ю) [2, 2875-2878 бб.].

Екінші ережеде мысал ретінде келтірген сөздерді қазақ-кирилл графикасымен таңбаласақ:

Bajin — Бажин; Bohai — Бохай; zongli — зоңли; Peng Zhen — Пың Жын; Shisanling — Шысанлің; Zhu De — Жу Ды; Shuji — шужи; Luxün — Лушүн; Xü Teli — Шүй Тыли.

Жоғарыдағы мысалдардағы zongli (премьер-министр) мен shuji (парткомның хатшысы) сөзі қытайдағы қазақ тіліне қытай тілі арқылы енген кірме сөздер.

Екінші ережеде авторлар төмендегідей 3 түрлі ескертуді көрсеткен:

Бірінші ескерту: Ng-ның алдынан келетін о дыбысы ұ болып дыбысталатындықтан, ұ әрпімен жазылады, ал әдеттегі жағдайда о болып жазылады: «Dongfanghong» маркалы — «Дұңфаңхұң» маркалы.

Екінші ескерту: Тұйық буындағы ü дыбысы ү арқылы жазылса, ашық буынның құрамында келген ü дыбысы үй болып жазылады: Lu Xün — Лушүн; Xü Teli — Шүй Тыли.

Үшінші ескерту: N немесе i дыбыстарының алдындағы а дыбысы ә дыбысына жуық дыбысталады: Anhui — Әнхұй; Huaihai — Хуәйхәй [1,671-672 бб.].

1- ескертуге айтар уәжіміз: О дыбысы b, f, m, p, w, y әріптердің соңынан келгенде о болып жазылады. Ng-ның алдынан келетін о дыбысының ұ дыбысына жақындау айтылатыны рас, яғни о дыбысы ng-ның алдынан келіп, оng дыбыс тіркесін құрағанда [uƞ] болып оқылады.

Дыбысты таңбалауда бірізділікті сақтау мақсатында о дыбысын сол қалпында о әрпімен жазған жөн: «Dongfanghong» — «Доңфаңхоң». Оng дыбыс тіркесімі орыс тілінде ун болып таңбаланып жүр: «Дунфанхун».

2- ескертуге  қатысты  ойымыз:  Ü  дыбысы  тек  l,  n,  x,  j,  q,  х,  y

дауыссыздарымен ғана тіркеседі: lü, nü, хü, jü, qü, xü, .

Сонымен, ü дыбысы тұйық буынның құрамында келгенде ү әрпімен, ашық буынның ішінде (яғни j, l, n, x, q, х дыбыстарының соңынан) келгенде үй әріп тіркесімен жазылады, дыбыс тіркесі юй арқылы жазылады: Luxün — Лушүн; Xü Teli — Шүй Тыли; Qü Yuan — Чүй Юан; Yü Mei — Юй Мый.

3- ескертуге қатысты пікіріміз: а дыбысы n, i дыбыстарының алдынан келіп, an, in юнмуларын (дыбыс тіркесімдерін) құрайды. Мұндайда а дыбысы қазақ тіліндегі ә дыбысына жақындау айтылады (естіледі), бірақ, а әрпімен жазылу керек: Anhui — Анхұй; Huaihai — Хуайхай.

Қытай тілінде а дыбысы 4 түрлі оқылады: [A], [a], [ɑ], [ɛ]. Алайда а

дыбысы 4 түрлі оқылады деп, ол 4 түрлі таңбаланбайды ғой.

1.  Үшінші ережеде «Қытай тілінің фонетикалық дыбыстаңба жобасында» буын құрамындағы дауысты дыбыс тіркестерінің (дифтонг немесе трифтонг) жазылуы кесте арқылы көрсетілген.

1- кесте. Дыбыс тіркестерінің (дифтонг немесе трифтонг) жазылуы 2-

Дыбыс тіркестері

Қытайша аталуы

Қазақша жазылуы

ai

Haihe

Хайхы

ei

Lei Feng

Лый Фың

ao

Mao Zedong

Мао Зыдоң

ou

Zhou Enlai

Жоу Ынлай

ia

Jiayüguan

Жяюйгуан

ie

Wang Jie

Уаң Жие

ua

Zhonghua

Жұңхуа

uo

Zhongguo (uo = o)

Жұңго

uai

Huaihe

Хуайхы

uei (ui)

Guangzhou

Гуаңжоу

iao

Jiao Yülu

Жяу Юйлу

iou (iu)

Liu Hulan

Лю Хулан

üe (ue)

daxüe (ue = үе)

дашүе

üan

Miquan (quan) (üan = уән)

Мичуан

ian

Tianjin

Тянжiн

iang

Jiangsu

Жяңсу

iong

Qiongzhou (iong = юң)

Чюңжоу

uan

Bingtuan (uan = уан)

Биңтуан

uang

Huanghe

Хуаңхы [1; 672-673].

 

Ережеде қытай тіліндегі буын құрамында ұшырасатын ai, ei, ao, ou, ia, ie, ua, uo, uai, uei (ui), iao, iou (iu), üe (ue), üan, ian, iang, iong, uan, uang сияқты 19 дауысты дыбыс тіркесінің (юнмулар) көне жазумен (төте жазу) жазылу ережелері нақты мысалдармен көрсетілген. Бұлардың құрамындағы iou, uei, uen дыбыс тіркестері дауыссыздармен тіркескенде, iu, ui, un болып жазылады: diu, cui, sun, т.б.

Ескерту: “Дауысты және дауыссыз дыбыстар жалпы фонетикаға қатысты терминдер болса, шынму мен юньму – қытай фонологиясына тән терминдер. Олар – иероглифтің дыбыстық құрамына (жасалуына) қарай бөлінген түрлері. Бұлай бөлу иероглиф дыбыстардың алдыңғы және соңғы болып орналасуына, яғни дыбыстардың орналасу рет-тәртібіне байланысты: шынму – буынның басында тұратын дыбыс, юньму – буынның соңында тұратын дыбыс” [5, 124б.].

Қытай тіліндегі юнмулардың жалпы саны – 39, олардың ішінде жеке дауысты дыбыстан және екі немесе үш дауысты дыбыс тіркесімінен жасалғандары – 23, мұрын жолды юнмулар – 16. Жоғарыдағы кестеде көрсетілгендері – күрделі юнмулар (复合韵母).

И.Қошқари 19 дауысты дыбыс тіркесін (юнмулар) қазақ-кирилл жазуымен төмендегідей таңбалаған:

Ai ай; ei ей; ao— ау; ou — оу; ia я; ie е; ua уа; uo о; uai

уай; ui — ұй; iao — яу; iu — ю; üe (ue) — ө; üan — уән; ian — ян; iang — яң; iong — юң; uan — уан; uang — уаң [3, 106-114]. Автор üe дыбыс тіркесімін қазақтың төл дыбысы ө арқылы таңбалаған. Мәселен, nüe-ны нө, qüе-ны чө, lüe-ны лө, уüe-ны йө деп мүлде басқаша таңбалайды.

«Қытайша-қазақша үлкен сөздікте» берілуі:

Ai әй, ай; ei эй; ao— ао; ou оу; ia я; ie е; ua уа; uo о;

uai — уай; ui — уй; iao — яо; iu — ю; üe (ue) — юе, уе, уэ; üan — уань, юань; ian — янь, ян; iang — яң; iong — иұң, юң; uan — уан; uang — уаң [4,1020-1022 бб.].

Ai дыбыс тіркесінің дыбысталуы қазақ тіліндегі әй дыбыс тіркесіне жақындау айтылады екен деп, әй деп жазуға болмайды. Қытай тілінде а дыбысы 4 түрлі оқылады: [A], [a], [ɑ], [ɛ]. Аi дыбыс тіркесі [ai] болып оқылады: zhai. Қазақшадағы жай (жәй емес) сөзіне ұқсас оқылады.

Ian [iɛn] дыбыс тіркесінің құрамындағы а дыбысы [ɛ] дыбысына жақын оқылады: jian. Бұнда а дыбысы қазақ тіліндегі ә дыбысына жуықтау айтылады десек ойға қонымды. Сонымен, аi дыбыс тіркесін әй демей, ай деп жазамыз: Shanghai Шаңхай, Anshan Аншан (Әншан емес).

Ei дыбыс тіркесінің құрамындағы е дыбысы 4 түрлі оқылады: [ɤ], [ɛ], [е], [ә]. Е дыбысы жеке тұрғанда [ɤ] болып дыбысталады. Еі дыбыс тіркесі [ei] болып оқылады: hei. Сонымен, біз еі дыбыс тіркесін ый деп жазамыз.

iang

Jiangsu

Жяңсу

iong

Qiongzhou (iong = юң)

Чюңжоу

uan

Bingtuan (uan = уан)

Биңтуан

uang

Huanghe

Хуаңхы [1; 672-673].

 

Ережеде қытай тіліндегі буын құрамында ұшырасатын ai, ei, ao, ou, ia, ie, ua, uo, uai, uei (ui), iao, iou (iu), üe (ue), üan, ian, iang, iong, uan, uang сияқты 19 дауысты дыбыс тіркесінің (юнмулар) көне жазумен (төте жазу) жазылу ережелері нақты мысалдармен көрсетілген. Бұлардың құрамындағы iou, uei, uen дыбыс тіркестері дауыссыздармен тіркескенде, iu, ui, un болып жазылады: diu, cui, sun, т.б.

Ескерту: “Дауысты және дауыссыз дыбыстар жалпы фонетикаға қатысты терминдер болса, шынму мен юньму – қытай фонологиясына тән терминдер. Олар – иероглифтің дыбыстық құрамына (жасалуына) қарай бөлінген түрлері. Бұлай бөлу иероглиф дыбыстардың алдыңғы және соңғы болып орналасуына, яғни дыбыстардың орналасу рет-тәртібіне байланысты: шынму – буынның басында тұратын дыбыс, юньму – буынның соңында тұратын дыбыс” [5, 124б.].

Қытай тіліндегі юнмулардың жалпы саны – 39, олардың ішінде жеке дауысты дыбыстан және екі немесе үш дауысты дыбыс тіркесімінен жасалғандары – 23, мұрын жолды юнмулар – 16. Жоғарыдағы кестеде көрсетілгендері – күрделі юнмулар (复合韵母).

И.Қошқари 19 дауысты дыбыс тіркесін (юнмулар) қазақ-кирилл жазуымен төмендегідей таңбалаған:

Ai ай; ei ей; ao— ау; ou — оу; ia я; ie е; ua уа; uo о; uai

уай; ui — ұй; iao — яу; iu — ю; üe (ue) — ө; üan — уән; ian — ян; iang — яң; iong — юң; uan — уан; uang — уаң [3, 106-114]. Автор üe дыбыс тіркесімін қазақтың төл дыбысы ө арқылы таңбалаған. Мәселен, nüe-ны нө, qüе-ны чө, lüe-ны лө, уüe-ны йө деп мүлде басқаша таңбалайды.

«Қытайша-қазақша үлкен сөздікте» берілуі:

Ai әй, ай; ei эй; ao— ао; ou оу; ia я; ie е; ua уа; uo о;

uai — уай; ui — уй; iao — яо; iu — ю; üe (ue) — юе, уе, уэ; üan — уань, юань; ian — янь, ян; iang — яң; iong — иұң, юң; uan — уан; uang — уаң [4,1020-1022 бб.].

Ai дыбыс тіркесінің дыбысталуы қазақ тіліндегі әй дыбыс тіркесіне жақындау айтылады екен деп, әй деп жазуға болмайды. Қытай тілінде а дыбысы 4 түрлі оқылады: [A], [a], [ɑ], [ɛ]. Аi дыбыс тіркесі [ai] болып оқылады: zhai. Қазақшадағы жай (жәй емес) сөзіне ұқсас оқылады.

Ian [iɛn] дыбыс тіркесінің құрамындағы а дыбысы [ɛ] дыбысына жақын оқылады: jian. Бұнда а дыбысы қазақ тіліндегі ә дыбысына жуықтау айтылады десек ойға қонымды. Сонымен, аi дыбыс тіркесін әй демей, ай деп жазамыз: Shanghai Шаңхай, Anshan Аншан (Әншан емес).

Ei дыбыс тіркесінің құрамындағы е дыбысы 4 түрлі оқылады: [ɤ], [ɛ], [е], [ә]. Е дыбысы жеке тұрғанда [ɤ] болып дыбысталады. Еі дыбыс тіркесі [ei] болып оқылады: hei. Сонымен, біз еі дыбыс тіркесін ый деп жазамыз. Ao [ɑu] дыбыс тіркесінің құрамындағы о дыбысы [u] болып дыбысталады. О дыбысы жеке тұрғанда немесе uo дыбыс тіркесінің құрамында келгенде [o] дыбысымен айтылады. Сонымен, біз ao дыбыс тіркесін ao түрінде жазамыз: Mao Zedong — Мао Зыдоң, Qingdao — Чиңдао.

Ie [іɛ] дыбыс тіркесінің құрамындағы і дыбысы еленбей, ie дыбыс тіркесі е әрпімен жазылады. Ie дыбыс тіркесі жеке тұрып буын құрағанда, і дыбысы у-ге өзгертіліп, YE болып жазылады: Ye Jianying — Е Жяниің, Wang Jie — Уаң Же.

Uo [uo] дыбыс тіркесі сөз құрамында немесе жеке дара келгенде wo болып жазылады. Uo-ның айтылуы қазақ тіліндегі о дыбысымен сәйкес келетіндіктен, о әрпімен таңбаланып жүр. Uo дыбыс тіркесі дауыссыздардың соңынан келіп буын құрағанда, о әрпімен таңбалауға болады: Guo Moruo — Го Моро, Guoli — Голи (жер аты). Uo дыбыс тіркесі жеке тұрып буын құрағанда, u дыбысы w-ға өзгертіліп, wo болып жазылады.

И.Қошқари wo дыбыс тіркесін уо арқылы берген. «Большой китайско-русский словарь» және «Қытайша-қазақша үлкен сөздікте» wo дыбыс тіркесі во арқылы таңбаланған.

Üe [уɛ] орыс тілінде юе (юэ) дыбыс тіркесімімен таңбаланып жүр. Üe дыбыс тіркесімі қазақ тіліндегі үе дыбыс тіркесімен сәйкес келеді: Xüe Qin Шүе Чин. Орыс тілінде Сюэ Цинь болып жазылады.

Iong [yƞ] дыбыс тіркесі қазақ тілінде йұң болып оқылады да, юң болып жазылады: Yongcheng — Юңчың. Орысшасы: Юнчэн.

Біздің таңбалауымыз төмендегідей:

Ai ай; ei ый; ao— ао; ou оу; ia я; ie е (ие); ua уа; uo о;

uai уай; ui ұй; iao яу; iu ю; üe (ue) үе; üan уан; ian ян; iang — яң; iong — иоң (ëң); uan — уан; uang — уаң.

1.  Төртінші ережеде w, wu таңбалары у әрпімен, ал y, yi таңбаларының и әрпімен жазылатыны көрсетіліп, дәлел ретінде төмендегідей мысалдар келтірілген: Wuhan — Ухан; Wang Jie — Уаң Же; Chen Yi — Чын И; Yang Yong — Яң Юұң [1, 673 б.].

Орыс тілінде w таңбасы в арқылы, wu әріп тіркесі у әрпімен жазылады.

«Қытайша-қазақша үлкен сөздікте» орыс тілінің ізімен w таңбасын в арқылы таңбалаған [4,1022 б.].

Біздіңше, қазақ-кирилл жазуында w-ды у әрпімен таңбалаған жөн, өйткені в-ға қарағанда у дыбысын айтқанда дыбыстау мүшелеріне күш көп түспейді, яғни айтуға жеңіл.

Ескеретін жайт: yi мен wu әріп тіркестерінің құрамындағы Y мен W – дыбыс емес, дыбыстарды бір-бірінен бөліп тұратын таңбалар.

Төртінші ереженің ескертуінде кейбір адамдардың фамилиясы екі буыннан (екі иероглифтен) құралатыны айтылғанымен, олардың жазылу емлесі ескерілмеген.

Екі иероглифтен құралған фамилия бірге қосылып жазылады. Фамилия мен аты бас әріппен жазылады: Sima Qian — Сыма Чян; Оuyang Hai — Оуяң Хай; Shangguan Jie — Шаңгуан Же; Ouyang Lijian — Оуяң Лижян; Sima Xiangru — Сыма Шяңру. 

1.   Бесінші ереже бойынша хань ұлтының аты-жөнінің басқы бөлігі тегі болса, соңғы бөлігі өз есімі болады. Қазақша жазғанда тегі мен аты бөлек жазылады: Dong Сunrui (Доң Цұнрұй), Liu Hulan (Лю Хулан), Lei Feng (Ли Фың), Li Bai (Ли Бәй) [1,673 б.].

Кісі есімі Lei Feng-ды жоғарыдағыдай Ли Фың деп жазбай, Лый Фың деп жазған жөн, Li Bai-ды Ли Бай деп жазамыз. Lei мен Li дыбысталуы да, айтылуы да мүлде екі басқа, оларды бірдей таңбаласақ, олардың мағынасына нұқсан келетіні сөзсіз.

Жоғарыдағы кісі есімдері қазақ-кирилл жазуында Доң Цұнрұй, Лю Хулан, Лый Фың, Ли Бай болып жазылады. Dong Сunrui орыс тілінде Дун Цунжуй болып жазылып жүр.

«Қазақ тілінің анықтағышында» хань ұлтының аты-жөнінің жазылуы туралы: “Үш бөлімнен тұратын қытай аттарының бірінші, екінші сөздері бас әріппен бөлек жазылып, үшіншісі екіншісімен қосылып жазылады: Шу Цинчунь, Го Тайци, Фэн Цзицай, Сунь Иминь, Лу Вэньтин. Ал екі бөлімнен құралған қытай аты-жөндерінің әр компоненті бас әріппен дефиссіз жазылады: Ляу Шэ, Чень И, Ван Мэн, Шэнь Жун” [6,57 б.].

Біздің ойымызша, хань ұлтының аты-жөні үш бөлімнен емес, екі бөлімнен ғана тұрады, яғни басқы бөлімі – тегі, соңғы бөлімі – өз есімі, әкесінің есімі жазылмайды. Мысал ретінде келтірілген кісі есімдерінің бірінші бөлімі – тегі, екінші бөлімі – екі буыннан (екі иероглифтен) құралған өз есімі, екі буыннан құралған есім бөлек жазылмайды, міндетті түрде қосылып жазылады, тегі мен аты бас әріппен жазылады.

Қытайда қос фамилиядан тұратын (қатар тұратын фамилия) кісі есімдері де кездеседі. Қос фамилияның арасына дефис қойылып, бас әріппен жазылады: 扬帆 (Liu-Yang Fan), 郑李淑芳 (Zheng-Li Shufang) [7,2 б.]. Қазақша жазылуы: Лю-Яң Фан, Жың-Ли Шуфаң.

Бесінші ережедегі ескертулерге тоқталсақ:

Ереже бойынша фамилиясыз қаламгерлердің бүркеншік есімі бірге жазылатыны көрсетілген: Лушүн (Luхün), Маудұн (Maоdun) [1,673 б.].

Кейін шыққан “Қытай есімдерін қытай тілінің фонетикалық әліпбиі негізінде жазу ережелерінде” (The Chinese phonetic alphabet spelling rules for Chinese names) бүркеншік есімнің бөлек бас әріппен жазылады көрсетілген, мәселен, 鲁迅есімі Lu Xun (Лу Шүн) болып жазылады [7,2 б.]. Сонымен, аталған стандартты ереже бойынша Маудұн (Maо Dun) есімі Мао Дұн болып бас әріппен жазылу керек.

Қытай қаламгерлерінің бүркеншік есімдері орыс тілінде бөлек жазылып жүр: Лу Синь, Мао Дунь.

2.     Алтыншы ережеде қытай тілінен енген жер-су атауларын, хань ұлтының кісі есімдерін қазақша жазғанда, сөз мағынасына әсер ететін жағдайда, буындардың арасына дефис қойылып жазылатыны көрсетілген: Yan’anЯн-ан; ZunyiЗұн-и; GuowuyuanГо-у-юан; Zhang’eЖаң Ы (ى-جاڭ 张娥) [1, 673 б.].

Ескерту: Төте жазуда сөздер бас әріппен жазылмайтындықтан, ى-جاڭ деген кісі есімінің (тегі мен атының) арасына дефис қойылып жазылады, тегі мен атын جاڭى (Жаңы) деп қосып жазсақ, мағынасы мүлде өзгеріп кетеді. Ал қазақ-кирилл жазуында дефис қоймай, тегі мен атын бас әріппен жазамыз: Жаң Ы. Орыс тілінде Чжан Э болып жазылады.

Қазақ-кирилл әрпімен Yan’an-ды Ян-ан деп дефиспен жазған дұрыс, өйткені ол Я-нан болып та айтылуы мүмкін. Zunyi-ды Зұн-и деп дефиспен жазамыз. Zunyi қазақша Зұ-ни болып та оқылуы мүмкін. Го-у-юан Қытайдағы қазақ тіліне қытай тілінен енген кірме сөз. Го-у-юанның арасына дефис қоймасақ, сөз мағынасы өзгеріп кетеді, мәселен, буындарының араларына дефис қоймай, Гоуюан деп жазсақ, гоу-юан болып, айтылады әрі мағынасы өзгеріп, түсініксіз болып шығады. Го-у-юан қазақ тіліне Мемлекеттік кеңес болып аударылады. 淮 安 Huаi’аn орыс тілінде Хуайань болып жазылса, қазақша Хуай-ан деп дефис арқылы жазамыз.

Қытай тілінде буын айыру белгісі a, o, e дыбыстарынан басталатын буындар басқа буындардың соңынан келгенде, буындардың бір-бірімен шатасып кетпеуі үшін, яғни сөз мағынасының өзгеріп кетпеуі мақсатында қойылады: 刘广安Liu Guang’an (Лю Гуаңан), 西安Xi’an (Шиан).

Қытай тілінен енген кірме сөздерге қосымшалардың жалғануы.

Омар Бекбосынның «Қазақ жазуының емлесі» [8,104-105 бб.] деген еңбегінде қытай тілінен енген кірме сөздерге қосымшалардың жалғануы туралы ережелер қысқаша жазылған. Қытай тілінен енген кірме сөздерге қосымшалар қазақ тілінің сингармонизм заңы бойынша жалғанады. Біз төменде қазақ-кирилл әрпімен жазылған қытай тіліндегі жалқы есімдерге қосымшалардың жалғануын мысалдармен түсіндіре кетсек:

1)   Соңғы буындары а, о, e, u дауысты дыбыстары мен ei қосар дауыстыға аяқталған жалқы есімдерге қазақ тілі қосымшалары жуан жалғанады:

QingdaoЧиңдао + лық; 上海 ShanghaiШаңхай + дан; 郭沫若

Guo MoruoГо Моро + ға; 河北HebeiХыбый + ға.

Ескерту: Кейбір басылымдарда Mao Zidong (Мао Зыдоң) есімі кирилл графикасында Мао Цзэдун болып орысша жазылып жүр. Мао Цзэдунның тегі Мао жеке жазылғанда жалғаулар қате жалғанып жүр: “Маоның құдай емес, адам екенін көрсете алсам болды. Мен бала кезімде оны Құдай деп ойладым[9].

Мао   әріп    бойынша    ма-о   деп    айтылмай,    мау   деп                 айтылады             да, қосымшалар болып жуан жалғанады: Маo + дың; Маo + дан; Маo + ға.

2)      Соңғы буындары i, ü,     ê дауысты дыбыстарға аяқталған жалқы есімдерге қазақ тілі қосымшалары жіңішке жалғанады:

广西 Cuangxi → Гуаңши + ге; 东旭 Доң Шүй + ден; 任雪Рын Шуе +

нің.

3)       Жалқы   есімдердің    құрамында   ui   дыбыс    тіркесі    zh,               ch,                sh,                 h

дыбыстарының соңынан келсе, қазақ тілі қосымшалары жуан жалғанады; ui дыбыс тіркесі басқа дауыссыздардың соңынан келсе, қазақ тілі қосымшалары жіңішке жалғанады:

Tianshui Тяншуй + дан; Li Zhui Ли Жұй + ға; Dong hui Доң Хұй +

дың;

Xue Cui Шуе Цуй + ден; Li Kui Ли Куй + дің.

Қазақ-кирилл графикасымен жазылған қытай тіліндегі ономастикалық атауларға қосымшалардың жалғануы – толық шешімін таппаған күрделі мәселе.

 

Қорытынды

Терминолог Ш.Құрманбайұлы: “... біз алдағы уақытта әлем халықтарының тіліндегі жер-су және кісі есімдерін қазақ тілінде ХХ ғасырда қалыптасқан делдал тіл орыс тілі арқылы қабылдау дәстүрімізді жалғастыра береміз бе, әлде оларды түпнұсқа тілден тікелей алуға көшеміз бе? Бізге осы мәселені принципті түрде шешіп, ол шешімімізді ғылыми негіздеп алуға тура келеді”, ‒ деп жазады [10]. Ғалым атап айтып отырған нәрсе мақалада көтерілген мәселені дәл көрсетіп тұр. Қытай тіліндегі хань ұлтының кісі есімдері және жер-су атауларын қазақ тілінде транслитерация тәсілімен беруде орыс тіліндегі таңбалануы негізге алынады. Біз қытай тіліндегі кісі есімдеріне талдау жасай отырып, орыс-кирилл графикасына қарағанда, қазақ-кирилл графикасы қытай есімдерін бара-бар дәлдікпен таңбалай алатындығын аңғардық. Бұл – көзшалымға оңай, оқылымда қиындық тудырмайды, жазуға жеңіл. Жалпы қытай тіліндегі ономастикалық атауларды транслитерация тәсілімен беруде түпнұсқаға жақындатуға қатысты жоғарыда ұсыныстар айтылды. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, қытай тіліндегі дыбыстар мен дыбыс тіркестерін қазақ-кирилл әрпімен таңбаланудың стандартты ережелерін әзірлеп, қытай тіліндегі ономастикалық атауларды транслитерациялаудың ғылыми жүйесін жасау керек. Сондай-ақ, практикалық құралдар мен арнаулы сөздіктер шығарылуы тиіс.

ӘДЕБИЕТ

[1]   ШҰАР Ұлттар тіл-жазу қызметі комитеті. Қазақ тілінің емле сөздігі. – Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы, 1986. – 696 б.

[2]   汉俄大词典(Большой китайско-русский словарь). –Shanghai: Shanghai Foreign Language Education Press, 2009. –2878 с.

[3]     Қошқари И. Қытай тіліндегі кісі және жер-су аттарын қазақша таңбалау ережелерінің жобасы / И.Қошқари // А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының

«Тілтаным журналы» журналы. –Алматы. –2016. –№ 1. –104-114 бб.

[4]        Мәсімханұлы Д., Әбиденқызы А. Қытайша-қазақша үлкен сөздік / Д.Мәсімханұлы, А.Әбиденқызы. –Алматы: Эксклюзив КА, 2017. – 1032 б.

[5]      Қалибекұлы Т. Қытай және қазақ тілдеріндегі фонетикалық бірліктердің салғастырмалы сипаттамасы / Т.Қалибекұлы // Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – Көкшетау. –2019. –№ 2. – 123-130 бб.

[6]  Сыздық Р. Қазақ тілінің анықтағышы / Р.Сыздық. Астана: Елорда, 2000. 532 б.


[7]   中国人名汉语拼音字母拼写规则 (The Chinese phonetic alphabet spelling rules for Chinese names). – Bеijing: Standards Press of China, 2012. – 5 б.

[8]  Бекбосын О. Қазақ жазуының емлесі / О.Бекбосын. – Күйтың: Іле халық баспасы, 1996. – 174 б.

[9]    Мо Янь. Мен кінәлімін / Әдебиет порталы сайты [Электрондық ресурс]. Қолжетімділік тәртібі: https://adebiportal.kz/kz/news/view/20576.

[10]       Құрманбайұлы Ш. Ұлт атауларын қалай жазып жүрміз? / Тіл әлемі сайты [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тәртібі: https://tilalemi.kz/article/1294-.html .