Аңдатпа. Бұл баяндамада қазіргі түркі тілдерінің жазуын, әліпбиін бір-біріне жақындату жолдары, фонологиялық мәселелері талқыланады. Жалпы бұл мәселе өткен ғасырлардан бері көтеріліп келе жатқанмен, түрлі кедергілерге тап болып, өз шешімін таппай келеді. Қазіргі ғылым мен техника дамыған, ақпараттар ағымының кеңейген кезінде туыстас халықтардың жазуын ұқсата отырып, бірін-бірі аудармашысыз түсінуге жақындату заман талабы болып отыр. Баяндамада туыстас түркі тілдерінің әліпбилері кестеге түсіріліп, ұқсасығы мен айырмашылығы сараланады. Ортақ әліпбидің жобасы беріліп, ғылыми тұжырымдар жасалады.

Түркі тілдері көптеген жылдар бойы дамып, жетіліп, өзара және өзге тілдермен қарым-қатынаста бола отырып қалыптасты. Барлық тілдердің қалыптасу жолына қарай туыстық деңгейі де әртүрлі болып келеді. Қаратеңіз, Кавказдан басталып, батысында Еділге дейін, Орталық Азия арқылы Сібірге, шығысында Тибетке дейінгі кең аумақта мекендеген қазіргі түркі халықтары тілі мен мәдениетінің ортақтығымен ерекшеленеді.

Кеңестік дәуір ыдырағаннан кейін түркі тілдерінің арасында қатынас құралы болған орыс тілі өзектілігін жоғалтудың алдында тұр. Ағылшын тілі әлемдік тіл болғанмен, түркі тілдері арасында ортақ тіл бола алмайды. Жалпы түркі тілдеріне ортақ коммуникация жасауға мүмкіндік жасайтын жазу болуы керек. Болмаса түркі тілдерінің арасындағы алшақтық арта беретіні сөзсіз.

Қазіргі жаңа технологиялық прогресс, ғылыми-техниканың дамуы, ақпарат тасқыны қашықтық пен түрлі кедергілерге қарамастан тілдік коммуникацияның артуына алып келді. Өткен ғасырлардан бері түркі тілдерін бір арнаға тоғыстыру мәселесі қанша рет қозғалғанымен өз нәтижесін берген жоқ. Оның басты себебі – жазу графикасының әртүрлілігі. Түркі тілдерінің бір тобы латын, бір тобы кирил қарпін қолданса, қытайдағы қазақ, ұйғыр, ирандағы әзербайжан диаспоралары араб графикасын қолданады. Бұл кедергі туыстас тілдер арасындағы коммуникацияның әлсіреуіне алып келді. Бүгінгі ақпараттар заманындағы тілді жазусыз елестете алмаймыз, сондықтан алдымен аралары алшақтаған түркі тіліндегі ақпараттарды ортақ жазумен сөйлету – заман талабы.

Кілт сөздер: түркі тілдері, әліпби; фонология, фонема, унификация, графика.

Қазіргі түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі де ғасырлар бойы қалыптасу және даму процесін басынан өткеріп, ортақ белгілерін сақтай отырып, өзіндік ерекшеліктерін де қалыптастырды. Туыстас түркі тілдеріне тән ортақ заңдылықтарды салыстырмалы-тарихи тұрғыдан зерттемейінше, кейбір өзекті ғылыми мәселелердің басын ашу оңай емес.

Түркі тілдері ұзақ жылдар бойы дамып, жетіліп, өзара және өзге тілдермен қарым-қатынаста бола отырып қалыптасты. Барлық тілдердің қалыптасу жолына қарай туыстық деңгейі де әртүрлі болып келеді. Қаратеңіз, Кавказдан басталып, батысында Еділге дейін, Орталық Азия арқылы Сібірге, шығысында Тибетке дейінгі кең аумақта мекендеген қазіргі түркі халықтары тілі мен мәдениетінің ортақтығымен ерекшеленеді.

Кеңестік дәуір ыдырағаннан кейін түркі тілдерінің арасында қатынас құралы болған орыс тілі өзектілігін жоғалтып барады. Ағылшын тілі әлемдік тіл болғанмен, түркі тілдері арасында ортақ тіл бола алмайды. Жалпы түркі тілдеріне ортақ коммуникация жасауға мүмкіндік жасайтын жазу болуы керек. Болмаса түркі тілдерінің арасындағы алшақтық арта беретіні сөзсіз.

Қазіргі жаңа технологиялық прогресс, ғылыми-техниканың дамуы, ақпарат тасқыны қашықтық пен түрлі кедергілерге қарамастан тілдік коммуникацияның артуына алып келді. Өткен ғасырлардан бері түркі тілдерін бір арнаға тоғыстыру мәселесі қанша рет қозғалғанымен өз нәтижесін берген жоқ. Оның басты себебі – жазу графикасының әртүрлілігі. Түркі тілдерінің бір тобы латын, бір тобы кирил қарпін қолданса, қытайдағы қазақ, ұйғыр, ирандағы әзербайжан диаспоралары араб графикасын қолданады. Бұл кедергі туыстас тілдер арасындағы коммуникацияның әлсіреуіне алып келді. Бүгінгі ақпараттар заманындағы тілді жазусыз елестете алмаймыз, сондықтан алдымен аралары алшақтаған түркі тіліндегі ақпараттарды ортақ жазумен сөйлету – заман талабы.

Кез келген туыстас тілдер үшін жазудың негізгі қызметі – ақпарат беру. Ақпарат кеңістігінің күшеюі ауызша тіл мен жазба тілдің артуына алып келді. Ауызша тілмен ақпарат толық алынбайды, себебі ауызша сөйлеу уақыт пен кеңістікке байланысты өзгеріп отырады. Оған дыбыстық ықпалдар, қысқартулар әсер етеді. Жазусыз ешбір қоғам өркениетке жете алмайды. А.Байтұрсынұлы «Біздің заман – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» [1, 11 б.] деп жазудың маңыздылығына ерекше тоқталған.

Туыстас халықтардың ойлауы, тілдік санасы, тілдік бейнесі бір. Осындай діңгегі, тарихы, танымы бір тілдер бір-бірінің ғылым мен мәдениет, өркениет саласындағы жаңалықтарына неге аударма арқылы қолжеткізеді? Туыстас халық өкілдері түрлі саладағы жаңалықтарын бір-біріне тарату үшін неге орыс немесе ағылшын тіліне аудару қажет? Негізінде түркі тілдері – бір-біріне ұқсас, жақын тілдер. XX ғ. басында көрнекті қайраткер Н.Төреқұлов  «Түркі жазуларына унификация керек. Өйткені бәрі бірдей сөйлейді, бірақ әртүрлі жазады» [2, 117 б.] – деп атап өткен.

Бұрынырақ солай болатын, түркі халықтары бір-бірін аудармашысыз-ақ оңай түсінетін. Қазір жағдай басқаша, туыс тілдер бүгінде бір-бірін түсінуден қалып бара жатыр. Оның себебі, кеңес құрамында болған түркі тілдері орыс тілінің, ал түрік тілі ағылшын тілінің ықпалына түсіп, орфоэпиялық нормасын бұзып алды. Содан түркі халықтары, ауызша сөйленгенде бір-бірін түсіне алмайтын дәрежеге жетті. Болашақта бұл жағдай одан сайын күрделене түседі, себебі түркі сингармонизмін жоғалтып жатырмыз.

Түркі тілдерінің қыпшақ тобына кіретін тілдердің өзі бір фонеманы түрлі таңбалағаннан бірінің жазғанын бірі оқуда кедергілерге тап болуда. Оның себебі әліпби құрамын бекітуде унификацияланған ортақ графиканы сақтамай, бір дыбысты әр тіл өзгеше әліпбимен беруінен болып отыр.

Бір әріппен белгілеуге болатынына қарамастан, ноғай және құмық жазуларында [ä], [ü], [ö] фонемалары аь, оь, уь тіркесті әріптермен белгіленеді. Қарашай-балқар әліпбиінде орыс тілінен енген е, ю әріптері [о], [у], [ө], [ү] таңбасымен берілген. Бұл дыбыстарға басқа әліпбидегі ә, ү, ө таңбалары сәйкес болатын. Қазақ, өзбек жазуындағы қ, к, ғ, г әріптері қырғыз, татар, түркімен әліпбилерінде /к/, /г/ деп берілген. Қарашай, балқар, құмық әліпбилерінде: к, къ, г, гъ диграфтарымен көрнекіленген. К.Мусаев [ŋ] дыбысын білдіретін н, нг, нь нъ таңбаларының орнына ң әрпін, у, уь, ю/у әріптерінің орнына ү таңбасын, [γ] дыбысы үшін /ғ/ таңбасын, [дж] дыбысы үшін /җ/ таңбасын; [q] дыбысы үшін

/қ/ таңбасын; [j] фонемасы үшін /й/ таңбасын; [w] дыбысы үшін /ў/ таңбасын алуға мүмкіндік бар екенін айтады [3, 30 б.].

Кирил графикасына негізделген өзбек әліпбиінде төл дыбыстарының 4 таңбасы: қ, ғ, х, нг қырғыз жазуында 3 таңбасы болған еді – ң, ө, ү. Өзбек әліпбиінде жуан дауыссыздар таңбаларын маркер етсе, қырғыз графикасы әріп таңбаларын азайтуда жіңішке дауыстыларын маркер етті. Мақсат тілдегі жуан-жіңішкелікті айыру еді, бірақ унификация ескерілместен екі түрлі жол таңдалып кетті.

Келешекте туыстас түркі халықтары латын графикасына өтетін болса, жазу таңбаларын бір-біріне жақындатып, унификациялауымыз керек.

1922 жылы әзербайжан елі түркі халықтарынан алғашқылардың бірі болып латын графикасын қабылдаған кезде өзге тілдерге әзербайжан әліпбиін басшылыққа алып, өз жазуын соған үйлестіру міндеті тұрды. 

Көрнекті қайраткер Н.Төреқұлов жасаған унификацияланған әліпби түркітанушылардың талқысына түскенде Жирков: «Н.Төреқұлов әліпбиі өте салмақты, санасуға тура келетін әліпби. Әрине, ол әзербайжан қателігі негізінде жасалған. Әттең, кеш. Егер Н.Төреқұлов әліпбиі әзербайжан қателігіне дейін айтылса ғой. Н.Төреқұлов алфавитінде жазып көру керек, көптеген мәтіндер жазу керек. Бұл жоқ сияқты. Әзербайжан әліпбиі әлсіз, онда емле де жоқ. Н.Төреқұлов алфавиті әлсіз, онда мәтін жоқ. Енді осы екеуін унификация жасау керек» [2, 122 б.] деген болатын. Бірақ бұл идея сол күйі соңына жетпей қалды.

Латын графикасын қабылдаған қазіргі түркі елдерінің әліпбиінен түрік тілі мен әзербайжан тілдерінде әріптер біршама сәйкес келеді. Ал өзбек әліпибиі ағылшын-латын стандартына сай кей фонемаларды 2 таңбамен бергендіктен, өзгеше тұстары көп (1-кесте). Кестеде берілгендей, әзербайжан әріптері түрік әріптерінен q, x, ә таңбаларының артықтығымен ерекшеленетінін байқаймыз, дегенмен әліпби реті ұқсас. Өзбек жазуының бағыты басқаша. [ч], [ш] фонемаларын беруде әріп тіркесін, [ғ], [ө] фонемаларына апостроф қолданған [1, 35 б.]. Бұл түркі жазуын унификациялауда кедергі болары сөзсіз.

1- кесте. Түрік, әзірбайжан, өзбек әліпбилерінің әріп таңбалары

түрік əліпбиі

əзірбайжан

əліпбиі

өзбек əліпбиі

фонема

1

а

а

а

а

2

в

в

в

б

3

d

d

d

д

4

e

e

e

e

5

f

f

f

ф

6

g

g

g

г

7

h

h

h

һ

8

i

i

i

и

9

j

j

j

й

10

k

k

k

к

11

l

l

l

л

12

m

m

m

м

13

n

n

n

н

14

o

o

o

о

15

p

p

p

п

16

 

q

q

қ

17

r

r

r

р

18

s

s

s

с

19

t

t

t

т

20

u

u

u

у

21

v

v

v

в

22

 

x

x

х

23

y

y

у

й

24

z

z

z

з

25

ç

ç

ch

ч

26

ğ

ğ

ғ

27

ı

ı

 

ы

28

ö

ö

ө

29

ş

ş

sh

ш

30

ü

ü

 

ү

31

 

ә

 

ә

Түркі елдері тәуелсіздік алған жылдары бірдей жазу үлгісіне көшу мәселесі қозғалған болатан. Бүгінде түркі халықтарына ортақ жазу мәселесі орындалуы қиын, күрделі іс болып тұр. Туыс тілдердің бірі-бірінен алшақтағаны соншалықты жазылғандарды аударып қана түсінеді. Бір-бірінің жазғандарын оқу, әдебиеттерін аудару тым сылбыр. Біз қазақ, қырғыз, башқұрт, татар, ноғай, түрікмен, қарашай-балқар хылықтары латын графикасына өтер болса, мына ортақ әліпби жүйесін негізге алуға болады деп есептейміз.

1- кесте. Латыннегізді ортақ әліпби (Қ.Күдеринова жобасы)

 

фонема

əріп

фонема

əріп

фонема

əріп

1

Аа

Аа

12

Зз

Zz

23

Рр

Rr

2

Әә

Ä ä

13

Ии

І

24

Сс

Ss

3

Бб

Bb

14

Йй

Yy

25

Тт

Tt

4

Вв

Vv

15

Кк

Kk

26

Уу, Ұұ

Uu

5

Гг

Gg

16

Ққ

Qq

27

Ш ш

Ş ş

6

Ғғ

Ğğ

17

Мм

Mm

28

Үү

Üü

7

Дд

Dd

18

Нн

Nn

29

Фф

Ff

8

Ее

Ee

19

Ңң

ŋ

30

Һ

Hh

9

Ҙҙ

Žž

20

Оо

Oo

31

Ҫҫ

Ҫҫ

10

Жж

Jj

21

Өө

Öö

32

Ыы

11

Җҗ

Ĵ

22

Пп

Pp

 

 

 

Мұнда башқұрт және түркімен тілдеріндегі тісаралық [ҙ], [ҫ] және тіларты җ фонемалары үшін Žž, Ҫҫ және ĵ таңбалары бар. Ҫҫ әрпі түрік, әзербайжан тілдеріндегі [ч] фонемасын береді [1, 37 б.].

Түркі халықтары үшін ортақ әліпби жасалса, араб немесе кирил графикасы  емес,  латын  графикасы  таңдалатыны  2011  жылдың  11 желтоқсанында түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясында ресми түрде жарияланды.

Туыстас халықтардың ортақ жазу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. ХХ ғасырдың басында латын графикасы басты назарға алынды. Әліпбиді дайындау профессор Н.Ф.Яковлевке табысталды. 1929-1939 жылдары латын графикасы негізіндегі түркі әліпбилері сол жобаның жемісі болатын.

Түркі тілдеріне ортақ графика жасап, қарым-қатынасты жеңілдету; ортақ әліпби жасау өзекті мәселеге айналып отыр. Ол үшін туыстас түркі тілдердің түрлі топтарға жататынына қарамастан фонемалар жүйесін, дыбыстық құрамын салыстыру қажет. Әрбір тілдің әліпби құрамына назар аударып, тілдердің инвариант фонемалар санын анықтап алу тиімді. Сонда берілген әріптердің фонеманы, дыбысты, дыбыс тіркесін немесе графикалық таңбаны белгілеп тұрған қызметтері көрінеді.

ХХ ғ. басында түркі тілдерінің барлығында 19 төл дауыссыз дыбыс, 5 кірме дауыссыз (орыс тілінен) бар екені нақтыланған. Башқұрт, татар және түркімен тілдерінде екі дыбыс қана өзгеше болғандығы белгілі. Дауысты дыбыстар саны сол кезде 9, 10, 12 болып келген. Егер созылыңқы дауыстыларды қоссақ, кейбірінде дауыстылар16-ға жетеді.

Татар тілінің жазуы казан татарларының сөйлеуіне негізде қалыптасқан. Татар тілінде 9 қысқа дауысты фонема бар: [а], [о], [у], [ы] – [ә], [ө], [ү]. [е], [и]. Алғашқы буында, көпбуынды сөздің бірінші буынында [a] дыбысы еріндік [а°] болып келеді: [ºalmá], көп буынды сөздердің соңғы жағында езулік болып айтылады. алғашқы буындағы [о], [ө], [е] дауыстылары түркілік [у], [ү], [i] дыбыстарының орнына, [у], [ү] дауыстылары түркілік [о], [ө], [е] дауысты дыбыстарының орнына жүреді. Сөйлеу кезінде қысқа езуліктер түсіп қалады: кеше («кісі») деп жазылып, айтқанда [kʃe] делінеді. [О], [е], [ы] дауыстылары да – қысқа айтылады.

Қазіргі татар тілінде 12 дауысты фонема бар, оның 9-ы татардың төл дыбыстары: а-ә, у-ү, о-ө, ы-е, и. Сонымен бірге кірме 3 фонема бар: о, ы, э [4, 17 б.].

Татар жазуында 28 дауыссыз кездеседі. П, б, т, д, к, г-ғ (г түрінде жазылады), к-q (к болып белгіленеді), ъ, э, ь, м, н, ң, ф, в, с, з, ш, ч, ж, җ, х, h, р, в, у (сөздің басында в, сөз соңында у түрінде жазылады), й, л.

Тіл заңдылықтары: сингармонизм заңы, соңғы буынның анық дыбысталуы; фонетикалық алмасулар өзге туыстас тілдермен сәйкес келеді. Татар тіліндегі тіл үндестігі байырғы төл сөздерін түгел қамтиды. Ал ерін үндестігі кейінгі буындарда қазақ тіліндегі секілді сөйлегенде байқалғанымен, жазуда көрсетілмейді. Мысалы: [бөтөнлөк] деп айтылғанмен, жазуда бөтенлек деп беріледі, [болотло] деп айтылса, болытлы формасында жазылады.

Түрікмен тілінде басқа түркі тілдерден мынадай ерекшеліктері бар: сөздің мағынасын айыратын дауысты дыбыстардың созылыңқы болуы (ōt «от» – ot «шөп», ata «әке» – atā «әкеге»); s, z дыбыстары – тісаралық θ және ð болып дыбысталады; сөз жуан еріндікпен басталса, езулік жазылғанмен еріндік дыбыспен аяқталады [1, 40 б.].

Қырғыз тілінде 8 қысқа дауысты дыбыстары бар: а, э, ы, и, о, ө, у, ү. Созылыңқы дауысты - 6. Жазуда берілмейтін, бірақ сөйлеуде кездесетін [дж], [қ], [к] деген фонемалар бар. [У] деген дауыссыз дыбыс жоқ. К, г дыбыстарынан кейін а әрпі келсе, [ә] болып оқылады. [І] дыбысы сөздің басында келсе ғана [и] болып айтылады (инсон), сөздің соңы мен ортасында келсе, қысқа [і] болып оқылады (bizlarni). [Б] дыбысы дауыстыаралық болса, жуысыңқы түрде дабасталады: ооба, сабак, аба, убак, кебез т.б. [Ж] дыбысы жіңішке тоғысыңқы болып дыбысталады [5, 48 б.].

Ф фонемасы сөз ортасында және сөз соңында [п] болып дыбысталады. Сөздің соңында кейде t кездескенмен, айтылмайды: past,daraxt. К, г дыбыстарынан кейін у әрпі келсе, [ü] болып айтылады. B, v, g, d, z дыбыстары сөздің соңында келсе, қатаң дыбысталады.

Башқұрт тілінде өзіне тән 9 дыбыс бар. Олар: ғ, ҡ, тісаралық фрикативтер ҙ, ҫ, мұрынжолды веляр ң, фарингал һ; тілалды, ашық ә, тілортасы тар еріндік ө, ү. Дауысты дыбыстар саны – 9: а-ә, о-ө, е, и-ы, ү-у. <А> дыбысы б, у дауыссыз дыбыстардан басталған кезде еріндік болып дыбысталады: балалар (болалар), балык (болык) т.б. Қазіргі башқұрт тілінде 9 дауысты болса, 27 дауыссыз дыбыс бар [6, 14 б.].

Башқұрт тілі ерін үндестігін жүйелі бейнелейді. Қыпшақ тілдер тобынан ч> с дыбыстарының алмасуымен ерекшеленеді: өс «үш», саң «шаң». Кей кезде

«с» мен «ч» алмасып келе береді: сибәр, чибәр (щибәр), «й» мен «җ» дыбыстары бірдей қолданылады: йауын (яуын), җауын (жауын). Көптік жалғауының ішінде -лар, -нар нұсқалары қолданылады: атлар «кони», болоннар «луга».

Өзбек тілінде 6 дауысты дыбыс бар: i,e,a,u,o’,o. Тілдің жоғары-төмен орналасуына қарай дауысты дыбыстар 3-ке бөлінеді: жоғары тар дауысты: i, e; орта дауысты: e, o’; төменгі, кең дауысты: а, о. Тілдің ілгерінді-кейінді орналасуына қарай: тілалды (i, е, a) және тіларты дауыстылар: u, o`, o болып бөлінеді. Көріп отырғанымыздай, е дыбысы қысаң да болып, ашық та болып дыбысталады.

Өзбек тілінде 24 дауыссыз дыбыс бар: b, d, sh, g, h, j (dj-jo`ra), j (mujda),

k, l, m, n, p, q, r, s, t, v,x, y, z, g`, sh, ch, ng.

Дауыссыз дыбыстар жасалу орнына қарай 3-ке бөлінеді: 1) ерін дауыссыздары: b, p, v, m, f ; 2) тіл дауыссыздары: t, d, n, l, s, z, r, sh, j, ch (тілдің алды), y (тілдің ортасы), k, g, ng (тілдің арты), q, g`, x (терең тіл арты); 3) көмей: һ [7, 24 б.].

Өзбек тілінде тәжік тілінің әсері байқалады. 1934 жылы жасалған орфографиялық реформа бұл өзгерісті бекітті. Дауысты дыбыстар саны қысқарды. [ö], [ü] және [ı] дыбыстарын беретін әріптер жойылды. 1937 жылы иран-тәшкен стилі өзбек әдеби тілінің нормасына айналды. Өзбек тілінің фонологиялық ерекшелігі дауыстылар үндесімі байқалмайды. Өзбек тілінде [o] мен [ö] – o-ға, [u] мен [ü] – u-ға, [ı] мен [i] – i-ге айналған. Сол үшін қосымшалар да бірыңғай болып келеді. [Ф] мен [в] дыбыстары ерін-ерін болса, варианттары ерін-тіс болып дыбысталады. Көрнекті ғалым Е.Д.Поливанов көне түркі тіліндегі көмей [q] фонемасы өзбектің хорезм диалектісінде жұмсақ айтылатынын, оңтүстіктен солтүстікке қарай [q], [g] дыбыстары қатаңдана, жуандана түсетінін айтқан.

Қарақалпақ тілінде дауысты дыбыстар саны 9: а, о, ы, у, ə, е, ө, и, ү.

Дауысты [ә] дыбысы басқаларға қарағанда ашық айтылып, сирек (араб, парсы тілінен енген сөздерде ғана) кездеседі. Ы, и, у, ү дауыстылары жартылай ашық дыбыстар болып табылады.

Ерін үндестігі екінші екінші буында, сирек жағдайда үшінші буында қысаң дауысты дабастармен ғана шектеледі.

Кирил жазуына негізделген әліпбиде 9 дауысты, 26 дауыссыз дыбыс болған болса, 1994 жылы қабылданған латын графикасына негізделген әліпбиде 34 әріп бар. Қазіргі кезде кирил және латын жазуы қатар қолданылады [8, 12 б.].

Әзербайжан тілінің фонетикалық сипатына келсек, ы дыбысы сөздің басында кездеспейді. Ә дыбысы буын талғамайды (дәвә «түйе», әт «ет»), сол үшін бұл дыбыс қосымшаларда да кездеседі (учлүкдә «үшеуміз»). Е дыбысы қосымшада кездеспесе,  h дыбысы буын талғамайды (гәhвә «кофе», hеjва

«айва»). Әзербайжан тілінде ұяң дауыссыз дыбыстардың басымдығы байқалады: галпаг (қалпақ), гамыш (қамыс), гыз (қыз), диз (тізе), дик (тік) [1, 42 б.].

Түрік тілінде жуан және жіңішке жұпты құрайтын 8 дауысты дыбыс кездеседі: a, ı, u, o және e, i, ü, ö . Дауыссыз дыбыстар саны 24: p, b, f, v, t, d, s, ş, z, j, ç, c, m, n, l, (l’), r, y, k, (k’), g, (g’), h, ğ. Көне түркі тіліндегі көмей [q] дыбысы тілортасы [к] фонемасына айналып кеткен.

1978 жылы жарық көрген «Түрік грамматикасында» түрік тілінде 49 дыбыстың бар екені, оның 18-і дауысты, 31-і дауыссыз дыбыс екені көрсетіледі [9, 20 б.].

Қазақ тілінің фонетико-фонологиялық сипаты. Қазақ әліпбиінің алғашқы нұсқасы В.В.Радловтың топтастыруымен берілген. Онда 9 дауысты, 19 дауыссыз дыбыс көрсетілген. Ал қазіргі қазақ тілінде 12 дауысты, 25 дауыссыз бар. Фонемалар санының көбеюіне орыс тілі арқылы енген кірме сөздерді жазуға арналған орыс тілі әріптері (в, ф, э, щ, х, ч, ц, я, ю, и, ъ, ь) әсер етті. Бұл таңбалар тек орыс тілінен енген сөздерде жазылып, орыс тілінің орфоэпиясының сақталуына жұмыс жасады.

Қазақ тіліндегі дыбыстар жайлы сөз болғанда сингарминизм құбылысын айналып өте алмаймыз: жуан әуез, жіңішке әуез, еріндік әуез және езулік әуез болып төрт әуезден құралады.

-                                     жуан әуезді дауыстылар: [a], [ɪ], [u], [o];

-                                     жіңішке әуезді дауыстылар: [ä], [i], [ü], [ö], [e];

-                                     еріндік әуезді дауыстылар: [u], [ü], [o], [ö];

-                                     езулік әуезді дауыстылар: [a], [ä], [ɪ], [i], [e] [10, 39 б.].

Айта кететін жайт, қазақ тілінің құрамында үндесім әуездер таза күйінде кездеспейді, яғни тілдің ілгерінді/кейінді қалпы мен еріннің еріндік/езулік қалпы арласып, күрделі әуез түрінде болады. Сондықтан дыбыстар әрі қарай тағы жіктеле береді.

Қазіргі қазақ тіліндегі дыбыстардың жіктелімі дауыс желбезегінің қатысына қарай қарастырылады. Дауыс желбезегі толықтай тербелсе – дауысты дыбыстар, көбірек тербелсе – үнді дауыссыздар, жарты тербелістен – ұяң дауыссыздар, мүлде тербелмесе – қатаң дауыссыздар жасалады деген тұжырым қалыптасты. Ерін қатысына, іргелес дыбыстардың әсеріне қарай дауыссыз дыбыстардың да түрленімі әртүрлі болды. «Тілдегі дыбыстардың бір саласы тонмен байланысты: бұлар – дауыстылар. Енді бір саласы салдырмен байланысты: олар – дауыссыздар. Дыбыс тонмен байланысты болса, музыкалы болып келеді де, салдырмен байланысты дыбыстарда (дауыссыздарда) бұл қасиет болмайды», - дейді І.Кеңесбаев [11, 223 б.]. І.Кеңесбаев жиырма бес дауыссыз дыбысты (б, в, г, ғ, д, ж, з, й, к, л, м, н, п, р, с, т, (у), һ, ф, х, ц, ч, ш, щ, қ, ң) көрсетіп, в, ф, х, ц, ч орыс тілінен енген фонемалар екенін айтады [11, 241 б.]. І.Кеңесбаев дауыссыз дыбыстарды дауыс қатысына қарай үш топқа (қатаң, ұяң, үнді) бөлген: «Ұяң мен қатаң екеуі қосылып үнсіздер деп аталады. Үнділерді айтқанда дауыс басым болады да, салдыр кем болады, ұяңдарды айтқанда, керісінше, дауыстан салдыр басым болады, ал қатаң дыбыстарды айтқанда дауыстың қатысы (демек дауыс шымылдығының вибрациясы) болмайды. Үнділер: м, н, ң, р, л, (у, и).

Ұяңдар: б, в, г, ғ, д, ж, з.

Қатаңдар: п, т, к, қ, ф, с, ш, ч, щ, ц, х, һ», - дейді [11, 256 б.].

Алдағы уақыттарда туыстас түркі тілдерін фонетикалық, фонологиялық, сингармониялық белгілеріне қарай топтастырып, латын және кирил графикасы негізінде жазуды біркелкі ету үшін біраз мәліметтерді салыстыру қажет. Мысалы, қазақ, өзбек, қырғыз, татар, ноғай, түрікмен, түрік, әзербайжан, башқұрт, қарашай тілдеріндегі:

-        фонема, дыбыс саны, фонемалардың варианттары және вариациялары;

-        дауысты және дауыссыз дыбыстардың жасалым жүйесі;

-        дыбыс жасайтын сөйлеу мүшелерінің орны;

-        орфография принципі;

-        емле проблемалары;

-        әліпбидің жетілдіретін тұстары;

-        әліпбидегі төл және кірме дыбыстардың таңбалануы.

Осы мәселелер бойынша толық мәлімет алынса, туыстас түркі тілдерінің әліпбилеріндегі сәйкес әріптер, сәйкес емес әріптер екшеледі, сөйтіп жазудағы алшақтықтарды жақындастырудың жолдары айқындалады. Сол кезде жалпытүркілік әліпбидің жобасын да жасауға болады.

Сондай-ақ, түркі тілдерінің орфографиямен қатар орфоэпиялық нормасының заңдылықтарын анықтау қажет. Тілдегі үндесім заңы, ерін мен тіл үндесімі, дыбыстардың ықпал сипаты, сөйлеу тілінің әсерінен орын алған өзгерістер мәліметтерін салыстыру жалпытүркілік сөйлеу тілінің қай бағытта екенін анықтауға мүмкіндік береді. Туыстас тілдердің орфографиялық және орфоэпиялық нормаларының бір-біріне сәйкес келетін және сәйкес келмейтін тұстарын айқындап, салыстырмалы теориясын жасау – тілдерді жақындастырудың бір жолы.

Түркі тілдерінің бірегей фонологиялық транскрипциясын қабылдау ендігі бір үлкен мәселе болып отыр. Бұл түркі тектес туыстас елдерге тарайтын басылымдар мен кітаптардың оқылуын оңайлатады, бір-бірінің тілдерін оқыпүйренуді жеңілдетеді. Түркі халықтарына ендігі кезекте тілдің ортақтықтығын танытатын зерттеулер қажет.

Әдебиеттер:

1.     Күдеринова Қ. Түркі тілдерінің әліпбиі мен емле тарихы. Алматы, 2016. 335 б.

2.     Стенографический отчет І пленума ВЦКНТА (Баку, 3-7/VI, 27).– М, 1927.- 175 б.

3.     Мусаев К. Достижения и проблемы в усовершенствовании алфавитов и орфографии современных тюркских языков // Опыт совершенствования орфографии тюркских языков М: Наука, 1982. С.29.

4.     Түймебаев Ж., Сағидолла Г. Қазақ және татар тілдерінің салыстырмалы-сипаттамалы грамматикасы. – Алматы, 2017. – 240 б.

5.     Садыков Т. Основы киргизской фонологии и морфонологии. Бишкек,1992.-156 б.

6.     Түймебаев Ж., Ескеева М., Усманова М. Қазақ және башқұрт тілдерінің салыстырмалы грамматикасы. – Алматы, 2018. – 272 б.

7.     Умурқулов Б.У. Ҳозирги ўзбек тили. Термиз, 2012.

8.     Түймебаев Ж., Ескеева М., Абдиназимов Ш. Қазақ және қарақалпақ тілдерінің салыстырмалы грамматикасы. – Алматы, 2018. – 248 б.

9.     Түймебаев Ж., Сағидолла Г. Қазақ және түрік тілдерінің салыстырмалы-сипаттамалы грамматикасы. – Алматы, 2016. – 324 б.

10.  Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. – Алматы, 2009. 312 б.

11.  Кеңесбаев       І.,       Мұсабаев       Ғ.       Қазіргі      қазақ      тілі.                        Лексика,                  фонетика. – Алматы: Ғылым, 1975. -304 б.